ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРГЕН ҚҰЖАТ…

Білім Мәселе
678 Views

Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтеновтің,

Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқановтың,

Шымкент қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Шаттық Өтеевтің,

Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның назарына!

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРГЕН ҚҰЖАТ…

Мемлекеттік қызметші – мемлекет пен халық алдындағы жоғары жауапкершілікті сезінетін тұлға. Ол сенім мен ар-ұжданның айнасы. Мемлекеттік қызметші қызметке қабылданар алдында елге адал, әрі әділ қызмет атқаруға ант береді!

Алайда, мемқызмет тізгінін ұстаған кейбір азаматтар бұл күнде сол антына берік пе?

Қазақта «антұрған» деген заһардай улы сөз бар, түсінген жанға бұл адам тағдырын талқандап кететін өте ауыр қарғыс. Өкінішке қарай, біздің қоғамда берген анты айдалада қалып, ел мүддесінен гөрі бас пайдасын ойлаймын деп сан соғып қалатын лауазым иелері көбейіп кетіп тұр. Ресми мәлімет бойынша, былтыр 2021 жылы сегіз жүзден аса мемлекеттік қызметтегі тұлғалар үстінен қылмыстық іс қозғалып, істі болып сотталған екен. Темір торға тоғытылғандардың дені мемлекет қаржысына қол сұғып, талан-таражға салғандар… ақыр түбі жемқорлыққа жол бергендер!

Мәселен, мұнан бірер жыл бұрын Шымкент қаласы білім басқармасында заңсыз жұмсалған қаражаттарға қатысты қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру процесі жүріп жатыр. Яғни, 2018 жылы еліміздің білім саласына енгізілген реформаларға сай оқу сапасын арттыру мақсатында жекеменшік мектептерге мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, қомақты қаржыландыру қолға алынған болатын. Мақсат – балалардың білімін тереңдете отырып, келешекте білікті кадрларды даярлап шығару. Осы орайда, 2019-20 жылдары Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаева, басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Гүлнар Дарыбаева ханымдардың жетекшілігімен жекеменшік мектептерге қаржы бөліне бастайды. Соның ішінде «Риана» жекеменшік мектебіне 2019-2020 оқу жылында мемлекет тарапынан 774 миллионнан аса қаржы қаралған. Бұл қаржылар расында өз орнымен әу бастағы білім сапасына жұмсалса жақсы ғой, жоқ, жеке қалтаға «ұрылған».

Шымкент қаласы Ішкі мемлекеттік аудит департаменті «Риана» мектебіне қатысты 350 миллион қаржының заңсыз жұмсалғанын анықтады. Бұл іс Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаментіне жолданып, бюджет қаржысын талан-таражға салғаны үшін бұрынғы басқарма басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаеваның, «Риана» мектебінің құрылтайшысы Эльмира Дүйсенқызының, басқарманың бұрынғы маманы Марат Айкөзовтің, сондай-ақ, «Риана» мектебінің директоры Тұрар Қосмағанбетовтің үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша қамауға алынды.

Бұл төртеуі тергеуде. Ал, бесіншісі неге бостандықта? Сол кездегі басқарма басшының орынбасары міндетін атқарушы Г.Дарыбаева ҚР Білім және ғылым министрлігіне, Ақпараттық талдау орталығына барлық жұмыстың жоспарға сай орындалып жатқаны туралы есеп беріп отырған. Яғни, «Риана» мектебіне бөлінген қаржылар да, ондағы мектепке қабылданған оқушылар құжаттарында ешқандай заңсыздықтар жоқ екені туралы бір емес, бірнеше мәрте мәлімдеген.

Нақтырақ айтсақ, Шымкент қалалық білім басқармасының 2020 жылғы 19 қыркүйектегі №10-06-03/1409/2 шығыс хатына сәйкес Г.Дарыбаева «Ақпараттық талдау орталығының» АҚ президентінің міндетін атқарушы М.Атанаеваға оқушылардың жеке құжаттарында сәйкессіздіктер анықталмағаны туралы ақпар береді.

Алайда, бұл көпе-көрінеу жалған мәлімет. Гүлнар Дарыбаева көз алдында жең ұшынан жалғасқан сыбайластық пен жемқорлықтың жібін көріп, сезіп тұра біле, неге көз жұмбайлыққа салынды? Бұл мемлекеттік қызметшінің, қадірлі педагогтың арына сын емес пе? Әлде әлгі қаржыларды қарпып қалу «операциясына» қатысқандардың қалтарысында жүргендердің бірі емес пе деген ой қылаң береді.

Өйткені, журналистік зерттеу барысында біз «Риана» жекеменшік мектебіне 2020 жылы Түркістан облысы мен Шымкент қаласының басқа мектептерінен келіп тіркелген оқушылар санын анықтадық. Нақты айтқанда мыңнан аса оқушы құжат түрінде тіркелгенмен, «Рианада» мүлде оқымайтын болып шықты. Ол аз болса, «Риана» мектебіне 0-4 жастағы 139 бала мен 18-20 жас аралығындағы 182 «бала» тіркелгені анықталды. О заман да бұ заман бесіктен белі шықпаған бөбекті мектепке «тоғышарлық» үшін тіркеп қою біздің елде ғана бар шығар?!

Гүлнар Дарыбаева шын мәнінде сыбайластыққа еш қатысы жоқ болса, ҚР Мемлекеттік қызметі туралы Заңының 52-бабы бойынша «мемлекеттік қызметші басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан жасалатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілерінің жолын кесуі тиіс» болатын!Сонымен қатар, егер мемлекеттік қызметшіде дайындалып жатқан, жасалатын немесе жасалған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы ақпарат болса, ол мұндай құқық бұзушылықты болғызбау және тоқтату жөніндегі қажетті шараларды қабылдауға, оның ішінде жоғары тұрған басшыға және өзі жұмыс істейтін мемлекеттік органның басшылығына және уәкілетті мемлекеттік органдарға жазбаша нысанда дереу ақпарат беруге тиіс еді. Мемлекеттік қызметші өзін басқа адамдардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға көндіру жағдайлары туралы да аталған адамдар мен органдарға жазбаша нысанда дереу хабар беруге міндетті.

Алайда, Гүлнар жұмған аузын ашпайды. Жемқорлыққа жол берген әріптестеріне болысқандай ма?

Дегенмен, ҚР Қылмыстық Кодексінің 419-бабы бойынша жауапкершілікке тартылатын жайы бар. Мұнда қылмыстық топтың мүдделеріне орай жасалған іс-әрекеттер 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады делінген.

Елдің болашағы – білімді жастардың қолында. Ал білімді ұрпақты тәрбиелеу, білікті етіп шығару – педагогтардың парызы. Білім саласының өзі былыққа белшесінен батып жатса, ел қалай өсіп-өркендемек! Біз алдымен білімдегі жемқорлықты, жүгенсіздікті жоюымыз керек!

Мұндай «үрдіс» жең ұшынан жалғасып кете берсе, ел дамымайды, біз үміт еткен жаңа Қазақстанды қалай құрмақпыз? Әрі қарай қоғам болып бірігіп, жемқорлыққа жол бермеуіміз керек!

Н. ЕРҒАРА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *