1,7 МИЛЛИАРД АДАМ АУЫЗ БЕКІТЕДІ

Руханият
591 Views

Санаулы күндерден соң қасиетті Рамазан айы басталады. Исі мұсылман қауымы үшін Аллаға құлшылықты күшейтіп, ішіп-жемнен ғана емес, барша күнә нәрселерден тыйылатын, қайырымдылық пен қамқорлықты көбейтетін биылғы ораза 30 күнге созылады.

Алдағы сенбі күні басталатын қасиетті Рамазан айына орай біз әлемде қанша мұсылман ауыз бекітеді? Олардың ас-судан тыйылу уақыты қанша екені туралы деректерді жинастырдық.

23 САҒАТ ОРАЗА ҰСТАЙТЫНДАР БАР

Әлемде жыл сайын шамамен 1,7 миллиард адам ораза ұстайды. Бұл әлем халықтарының 22%-ы. Оның арасында тәуліктегі 24 сағаттың 1 сағатында ғана ауыз ашып және ауыз бекітіп үлгеруге тиіс елдер де бар.

Мысалы, Лапландия, Финляндия және Швецияда күн үнемі шығып тұруы мүмкін. Кейде күн ұясына 1 сағатқа ғана батады. Әсіресе Финляндияда тұратын мұсылмандар үшін оңай емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ұлыбританияның «The Independent» деп аталатын газетіне Мохаммед есімді тұрғын: «Біздің оразамыз таңғы 1:35-те басталып, түнгі 12:48-де бітеді. Осылайша, ораза 23 сағат 5 минутке созылады», — деп сұхбат берген екен.

Лапландияда да жағдай осыған жетеғабыл. Бұл, әрине, жергілікті мұсылмандар үшін ауыр тиетіні сөзсіз. Дегенмен ондағы мұсылмандар осындай жағдайларға бейімделіп алған. Лапландияда тұратын мұсылмандар бүгінде өздеріне жақын орналасқан мұсылман елі – Түркияның ораза ұстау уақытымен жүреді екен.

Деректер жер шарының әрбір төртінші тұрғыны – мұсылман екенін көрсетеді. Яғни мұсылмандар әлем халқының 24,86 пайызын құрайды – бүгінде әлемде 2 миллиардқа жуық мұсылман бар. Ақыры дерек келтірген соң, жеке мемлекеттерге де тоқтала кетсек, мұсылман тұрғыны көп елдер көшін Индонезия бастайды. Онда ислам дінін ұстанған 231 миллион тұрғын бар. Тізімді Пәкістан (195 млн), Үндістан (191 млн.), Бангладеш (150 млн), Нигерия (100 млн), Египет (89 млн), Иран (80 млн), Түркия (80 млн), Алжир (42 млн) жалғастырады. Алжир елдерінде оразаның орташа уақыты 16,5-17,5 сағат. Қытай елі де осы шамалас.

Қандай жағдайда ораза бұзылмайды?

Биылғы ораза Қазақстан жұртшылығы үшін ыстық та емес, салқын да емес, өте қолайлы уақытқа сай келіп тұр. Сәуірдің басында – сенбі күні басталады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары — наиб мүфти Ершат қажы Оңғар ауыз бекітуге ниет еткен жандарға қандай жағдайда ораза бұзылмайтынын құлаққағыс етті.

«Ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды. Бірақ ұмытқан адам есіне түскен кезде жеуді дереу тоқтатуы керек. Құлаққа су кіру, темекі түтіні немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары тамаққа еріксіз кірсе, ораза бұзылмайды. Ауыз бен мұрынға су алып шайқау да оразаны бұзбайды. Алайда оның тамаққа кетпеуін қадағалау қажет.

Душқа жуыну, теңізге, көлге түсу оразаны бұзбайды. Бірақ су жұтып қоюдан сақтану керек.

Қан алдыру немесе сүлік салдыру, көзге, құлаққа дәрі тамызу, мисуак немесе тіс пастасын қолдану оразаны бұзбайды», дейді наиб мүфти.

«Тіс пастасы ішке кетіп қалса, онда ораза бұзылады. Ең абзалы таң намазы кірмей тұрып тіс жуу. Ал тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды яки дәріні жұтпау шарт», — деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары.

БИЫЛҒЫ ПІТІР-САДАҚА МӨЛШЕРІ ҚАНША?

Айта кетейік, биыл пітір мөлшері 500 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды.

Пітір садақаның мақсаты не? Пітір – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа. Пітір садақа Рамазан айы кіргеннен бастап, Ораза айт намазына дейін беріледі. Уақытында бере алмаған жағдайда кейін берсе де болады, бірақ оның сауабы азаяды.

Кімдерге берілуі тиіс? Пітір садақаны Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінің 60-аятында айтылған жағдайы жоқ жандарға, ештеңесі жоқ міскінге, зекет жинауға тағайындалған белгілі адамдарға, қарызға батқандарға, Алла жолында қызмет етіп жүрген азаматтарға, қаржылары бітіп, жолда қалған жолаушыларға берсе құба-құп.

Әке-шешесіне, ата-әжесіне, әйеліне, өзінің ұл-қыздарына, олардан туған немерелеріне садақа беру дұрыс емес. Пітір садақаны алдымен бауырларына, туыстарына, ағайындарына, көршілеріне берген абзал («Әл-фәтауа әл-һиндия», 1/252).

Одан артылып жатса немесе беретін жері болмаса, мешітке апарып берсе де болады. Бұл үрдіс бізде бұрыннан қалыптасқан. Мешіт оны мұқтаж жандарға үлестіреді және дін жолында пайдаланады.

…Айта кетейік, биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. Ораза 30 күн болмақ. 2 мамыр – Ораза айт күні. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн – Қадір түні.

Зерек ДҮЙСЕМБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *