МЫҢ АЙДАН ҚАЙЫРЛЫ РАМАЗАН ҚАБЫЛБОЛСЫН!

Руханият
1 266 Views

Бақдәулет қажы АБДРАХМАНОВ, ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша бас имамы:

«ШЫМКЕНТТЕГІ 33 МЕШІТТЕ ТАРАУИХ НАМАЗЫ ОҚЫЛАДЫ»

«Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде кім бауырының қажетін өтесе, Алла оның қажетінде болады. Кімде кім мұсылманның қайғысын сейілтсе, Алла оның да қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді» деген.

Барша мұсылман қауымы, қасиетті Рамазан айында игі істің бастамашысы болып, жақсылық жасап жарысайық.

Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес, биыл Рамазан айы 2 сәуірден басталып, 1 мамырда аяқталады. Шымкент қаласындағы тіркелген 88 мешіттің 33-інде 1 сәуірде алғашқы Тарауих намазы оқылады.

Сондай-ақ, еліміздің түкпір-түкпіріндегі мешіттердегі пәтуа бөлімдерінің ортақ шешіміне сәйкес, пітір садақаның ең төменгі шегі 500 теңге болып бекітілді. Нисап мөлшері жеткілікті, яғни зекет беруге мүмкіндігі бар азаматтар 500 теңгеден жоғары мөлшерде пітір садақасын бере алады.

Ал денсаулығына байланысты ораза ұстай алмайтын азаматтар көмекке мұқтаж жанға беретін фидия садақасының мөлшері — күніне 3000 теңге. Оған сәресі және ауызашар асына қажетті қаржы белгіленіп отыр. Ал фидияны бұл көлемде бере алмайтын жандар пітір садақа мөлшерімен беруіне болады.

Мұқтаж жандардың қолын құр қайтармау үшін мүмкіндігінше көмектесеміз. Алайда мұны «кәсіпке» айналдырып, әр мешіттен көмек алатын жандар да кездесіп жатады. Осындай олқылықтарды болдырмау үшін биыл тізім бойынша үлестіріп, белгілеп отырамыз.

Мұхамеджан ЕСТЕМІРҰЛЫ, ҚМДБ Шымкент қаласы бас имамының орынбасары:

«САДАҚАНЫ МӨРЛІ ЖӘШІКТЕРГЕ САЛҒАН ЖӨН!»

— Өткен жылы Рамазан айында кәсіпкерлердің, ірі демеушілердің есебінен 75 мың отбасыға азық-түлік, материалдық, қаржылық жағынан әлеуметтік көмек берген болатынбыз. Биыл да «Зекет» қайырымдылық қоры атынан «Рамазан қоржыны», «Рамазан тәбәрігі», «Рамазан тәттісі» деген акциялар ұйымдастырмақпыз. Акцияның мақсаты – ораза айында балаларды, мұсылман қауымын қуанту.

Тағы бір айта кетер мәселе, бұл күндері аттап бассаңыз дүкендерде қаптаған садақа қорапшалары самсап тұр. Олардың аты да, заты белгісіз. Көптің берген садақасы діттеген жеріне жетті ме, жоқ па, ол жағы да белгісіз. Беріліп жатқан есебі жоқ. Сондықтан арнайы діни басқарма бекіткен мөрленген «Зекет» қорының жәшіктеріне немесе мешіттерде орналасқан садақа орындарына садақа салу – әлдеқайда сенімді.

Шымкент қаласында 88 мешіт бар, оның 60-тан астамында ауыз ашу шаралары өткізіледі. Биылғы жылы 500-ден аса еріктілер ораза айында қайырымдылық шараларын өткізбекші.

Оразаларыныз қабыл болсын, жамағат!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *