«Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі – социалистік идеология мен солшыл идеяларды қолдайтын Қазақстан Республикасы азаматтарының ерікті бірлестігі.
ҚХП жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекеттік биліктің өкілетті және орындаушы органдарының жұмысына қатысу арқылы әлеуметтік әділдік пен саяси теңдікке жетуге пейілді халық мүддесіне өкіл болу мақсатында еңбекшілердің, жұмыссыздардың, зейнеткерлер және жастардың саяси еркін білдіреді.
Қазақстан Халық партиясы әлеуметтік әділетті қоғам құру стратегиясына адалдық танытады.
Партия өзін-өзі басқаратын үйлесімді құрылым ретінде Қазақстан Республикасының барлық аумағында Конституция талаптарына, «Саяси партиялар туралы» Заңға, мемлекеттің саяси партияларының әрекетіне қатысты өзге де нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес әрекет етеді.
ҚХП демократия мен әлеуметтік әділдік, гендерлік теңдік ұстанымын ұстанған, өз күшін халық өмірін жақсартуға, еңбекшілердің бауырластық және ынтымақтастығын нығайтуға бағыттаған барлық қоғамдық бірлестіктермен ниеттес. Партия халықаралық заңнамалық актілерге сәйкес халықаралық қатынас орнатуға бейілді.
Қазақстан Халық партиясының мақсаты – шынайы халық үкіметі, әлеуметтік әділеттік, рухани бостандық пен ғылыми-техникалық ілгерілеу және ғылыми-техникалық қағидаттар негізінде өркендеген экономика қоғамына ұмтылу.
Алға қойылған мақсаттарға жету үшін партия мүшелері келесі мәселелерді шешу қажет деп санайды. Олар:
Саясатта – Қазақстан Республикасында демократия үшін күресу, демократиялық сайлаулар арқылы билікке жету, әлеуметтік әділетті қоғам құру, Қазақстан Республикасын халық билігімен қамтамасыз ету.
Адам эксплуатациясына жол бермейтін жеке меншік формаларын тану, атап айтқанда: мемлекеттік, ұжымдық, жеке, акционерлік, кооперативті деп тану.
Экономикалық салада – экономика дамуындағы шикізаттық бағыттан арылу, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу, экономиканың негізгі салаларында мемлекеттік иелікті қалпына келтіру;
Әлеуметтік салада – халық үшін, елдің экономикалық әлеуетіне сүйене отырып, әлеуметтік кепілдіктер көлемін бекіту әрі кеңейту;
Халықаралық қатынастарда – республиканың ТМД халықтарымен шоғырлану үдерістерін қолдау, лаңкестікпен күрес, кең халықаралық ынтымақтастық.
Міне, «Қазақстан Халық партиясының» ұстанған бағыты осындай.
Көпшілікке мәлім, осы жылдың наурыз айында Қазақстан Халық партиясының XIX кезектен тыс съезінде партия басшылығының құрамы өзгерді. ҚХП төрағасы болып Ермұхамет Ертісбаев сайланды.
«Қазақстан Халық Партиясы әр адамның көзқарасын құрметтейді және өздерінің көзқарастарына мәжбүрлемейді. Егер сіз біздің партияның мүшесі болғыңыз келсе, біздің сайттың әр парағында «Партияға кіру» батырмасы бар әрі қажетті ақпаратты жылдам алуға мүмкіндік беретін кері байланыс жүйесі жұмыс істейді», — дейді партия төрағасы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың партиялар арасындағы теңсіздікті жойғанына қуандық. Расын айту керек, «билік партиясы» деген қасаң қағидаға сына қағылды. Бұл ұстаным былтырғы сайлауда бақ сынаған 5 партияның төртеуінің «кең арқанына тұсау» болып еді.
Партиялық бюрократия мен популизм жолының кесілгені біз үшін де, жасап жатқан жұмысымыз үшін де тиімді. Президент жолдауы үкілеген үмітіміздің шоғын маздата түсті. Мемлекеттік маңызы бар құжаттың төртінші қадамы осы жүйенің даму мүмкіндігін кеңейтуге бағытталды.
Қазақстан Халық партиясы Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың Жолдауын толық қолдайды және саяси жүйені реформалау шаралары ел дамуының жаңа кезеңін бағамдауға бастау болады деп санайды.
Президенттің Жолдауында биліктің барлық жүйесінің ашықтығы мен бақылауда болуының және тиімділігін қамтамасыз етудің негізгі қадамдары белгіленген.
Президенттің саяси ерік-жігері мен қаңтардағы қайғылы оқиғалардың себебін терең түсінуі ғалымдар мен сарапшылардың, азаматтық белсенділер мен Ұлттық Қоғамдық Сенім Кеңесі мүшелерінің, сондай-ақ Қазақстанның болашағына атүсті қарамайтын азаматтардың мүддесі мен мұратын бір арнаға тоғыстырды. Бұрын-соңды болмаған ауқымды, әрі жаңа реформа іс жүзінде барлық негізгі саяси және қоғамдық институттарды қамтыды. Қазақстан суперпрезиденттік республикадан қуатты Парламенті мен дамыған азаматтық қоғамы бар президенттік республикаға көшуді бастап кетті.
Біз саяси партия өкілі ретінде Парламенттің өкілеттілігі мен жауапкершілігін күшейту және заңнамалық функцияларды Мәжілісте шоғырландыру қажеттігін толық қолдаймыз. Пропорционалды-мажоритарлық жүйені енгізуді жоғарғы палатадан бастап, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарға енгізу таптырмас тәсіл.
Атап көрсетерлігі, былтырғы сайлауда ҚХП сайлаушылардың 9,1% дауысына ие болып, кезекті рет Парламенттің төрінен табылды. Осы тұрғыдан алғанда біз партиялар арасында бәсекелестіктің күшейгенін қолдаймыз.
Осы орайда Қазақстан Халық партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракциясы қажетті заңдарды қабылдау үшін бар күшін салатынын, ал партия мүшелері барлық өңірлерде олардың жүзеге асырылуына атсалысатынын айтқым келеді.
Біздің партия жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілеттігін кеңейтуге, облыс әкімдерін тағайындау кезіндегі баламалылыққа, сот және құқық қорғау жүйелерінің ашықтығы мен кәсібилігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқығын қорғауға қатысты және БАҚ-тың тәуелсіздігіне тиесілі бастамаларды толық қолдайды. Біз Конституциялық Соттың қайта құрылуы тарихқа енетініне сенеміз және «Ұлттық құрылтай» қоғамдық диалогтың ең жарқын үлгісіне айналады деп үміттенеміз.
Нұрлан ҚАДЫРҚҰЛОВ,
ҚХП Шымкент қалалық филиалының төрағасы