АНА ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ

Уақыт Өмір-өзен
1 568 Views

Әке – асқар тауың болса, ана – қайнар бұлағың. Бүкіл ауыл Құлхан деп атап кеткені болмаса, апамның азан шақырып қойған есімі – Гүлжан болып келеді. Мен кішкентай кезімнен анама жақын болып өстім. Қолы ашық, ақжарқын, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, өзіңнің аты озғанша, көршінің тайы озсын дейтін кең пейіл жан болатын. Қыз кезінде латынша әріп танып, кейінірек орыс жазуына ауысқанда әрі қарай оқуға мүмкіндік болмапты. Оқымаса да, көңілге тоқығаны көп анашым мақалдатып-мәтелдетіп сөйлегенде аузымызды ашып тыңдаудан бір жалықпаушы едік. Ойы терең, тілі шешен, жыр-дастандар мен ертегілер айтудың хас шебері еді. Қызжібек пен Төлеген, Қозы-Көрпеш және Баян сұлу, Алпамыс, Қобланды туралы жыр-дастандарды тұңғыш рет анамыздың аузынан естідік. Домалақ-Ана туралы аңызды да тұңғыш рет айтқан анамыз болатын.

Осыдан біраз жыл бұрын дүниеден озған ағам – Бектұрсын әкем мен шешемнің тұңғышы. Менен кейін Тұраркүл, Құраркүл, Райкүл есімді үш қарындасым бар. Әкеміз Тұрлыбек Ұлы Отан соғысына қатысып, жарадар болып келген кісі. Жарымжан болса да, өмірі бітпейтін колхоздың шаруасынан бір қалмайды. Өмірден көргені мен түйгені көп, қазақтың айшықты бай тілін қастерлеп, інжу-маржанға толы қазақтың ауыз әдебиетін, жыр-дастандарын жадында сақтай білген анашымның қасиетті ақ сүтінен дарыған болу керек, Бектұрсын ағам екеуміз сөз өнерін қуып, біріміз ақын, екінші біріміз жазушы атандық. Өмірден өз орындарын тауып, бүгінде өнегелі ұрпақ өсіріп, ардақты әже атанған үш қарындасым: Тұраркүл, Құраркүл, Райкүл де сөз сөйлеуге келгенде шешендіктен құралақан емес. Үшеуі апамша мақалдатып, мәтелдетіп сөйлегенде бәріміз ұйып тыңдап қаламыз. Осындайда мына жалған дүниеден ерте озған, небәрі 55 жасында мәңгілік дүниеге кете барған анашымды көз алдыма елестетіп, жанарыма жас үйіріледі. Ең өкініштісі, біздің қызығымызды көре алмай кетті. Жасым жетпістен асып, ата атансам да дүниедегі ең жақын адамымды осы күнге дейін қатты сағынамын. Елге барғанда көшеден ақ жаулықты ананы көрсем, анашымды жолықтырғандай хәл кешемін.

Үйдің бар шаруасы, біздің тәрбиеміз анамның мойнында. Менен екі жас үлкендігі бар ағам Бектұрсын еркелеу өсті, оның үстіне үйдің шаруасына онша қыры жоқ. Үйелмелі-сүйелмелі өсіп келе жатқан үш қарындасым әлі кішкентай. Сабақтан қолым босай қалса, апамның жанынан қалмай қолқабыс етемін: үй тазалаймын, су әкелемін, отын жарамын, қорадағы ұсақ малдарға қарауда менің міндетіме жатады. Анашым атқарған ісіме риза болып: «Сен болмасаң мен қайтер едім, өгіз арбам менің!» деп емірене маңдайымнан сүйетін. Менің анашым Дулаттан тарайтын Шымырдың қызы. Атақты Бауыржан Момышұлының есімін бірінші рет сол кісінің аузынан естідік. «Жуалыдан ұшқан сұңқарымыз ғой, ол менің бауырым!» – деп үнемі үлкен мақтанышпен айтып отыратын. Анам қыз кезінде қымыз дайындаудың шебері атанып, атағы бүкіл Жуалы мен Түлкібасқа белгілі болса керек. Қарасы бар, сарысы бар үйде үнемі бие ұстаймыз. Мамыр айынан қазанға дейін ата-анама да, бізге де бір тыным жоқ. Бие күніне екі рет сауылатын сиыр малы емес. Ол кем дегенде бір жарым сағат сайын үзбей сауылады. Қымыз дайындаудың да қияметі көп. Алма ағашынан жасалған күбіні күнде таңертең мұқият жуып-тазалап, киіктің отымен ыстау қажет. Сауылған бие сүтін күбіге үлбірек мата арқылы сүзіп құйып, жиі-жиі піспесең, қымыз нағыз бабына келмейді.

Апамның қатал бақылауымен күндіз әрқайсымыз бес жүзден, ал кешке мыңнан пісеміз. Әшейінде жұмыс десе зытып беретін Бектұрсын ағам да күбі пісуге келгенде тырп ете алмай қалады. Ертесіне әкем мен шешем екеулеп жүріп, бетіне қара майы қалқып шыға келген, жағымды иісі мұрын қытықтайтын әбден бабына келген қымызды сиыр терісінен жасалған меске құйып, дәл үйдің жанындағы бұлақ көзіне салып қояды. Таңертеңгі шайдан соң, көрші тұратын туысқандар біздің үйге қарай ағыла бастайды. «Құлхан, сенің қолың алтын ғой, дайындаған қымызың бал татиды-ау, бал татиды! Ауыл ғана емес, бүкіл Жуалы ауданында сенен асқан қымыз дайындаудың шебері жоқ», – деп туыстарымыз мақтап-мақтап бір мес қымызды түгесіп ішіп кетеді. Мұндайда тостаған жалап, біз құр ауыз қаламыз. Арбакүл, апам, Дулатбай атам бастаған қымыз ішкіштер кеткен соң, «Көбелек келіп, көбігін ішіп ол кетті, сауысқан келіп, сарқып ішіп ол кетті» деп апам жымия күліп дастарханды жинастыра бастайды. Ол кезде баламын, анашымның әлгі сөздерінің астарын онша түсіне бермейтінмін. Өсе келе оның мағынасын түсініп, таңқалушы едім. Қандай астарлы, бейнелі сөз десеңші!

Содан бері қанша уақыт өтті, заман, адамдар өзгерді. Бүгінде өзім де белгілі жазушымын, аға буынды, одан кейінгі қаламгерлердің шығармасын мұқият оқып отырамын. Бірақ, осы күнге дейін анашымның аузынан шыққан бейнелі теңеуді кездестірген емеспін. Сөздің небір інжу-маржаны халықтың арасынан шығады ғой.

Жоғарыда айтып өткендей, менің анам Гүлжан қалың Дулаттың ішіндегі Шымырдың қызы, Баукеңдермен қыз алыспайтын жақын туысқандығы бар. Бектұрсын ағам екеумізге үнемі Бауыржан Момышұлы туралы: «Елдің атын ер шығарады» деп ата-бабаларың тегін айтпаған. От пен оқтың ішінде жүріп, соғыстан аман-есен келді, ерлік көрсетіп, қол бастаған батыр атанды. Ағала-рыңды баһадүр және жазушы ретінде бір қазақ халқы ғана емес, бүкіл Кеңестер одағы біледі. Менің ағам сияқты батыр, алғыр, әділ болып өсіңдер. Баукеңнің кітабын оқысаңдар, көп нәрсені ұғасыңдар», – деп айтып отыратын. Әкем Тұрлыбек те Бауыржанды жас кезінде талай рет көріпті.

– Сонау алыстап кеткен 1929 жылдарда Бауыржанның Жуалы ауданында біршама уақыт милиция бастығы болғаны бар, – деді әкем бірде қызық әңгіме бастап. – Бір жақын туысыма жазықсыз жала жабылып, Бауыржанға бардым. Жиырмадан енді асқан от көзді, қалың қайратты шашты жалындап тұрған жас жігіт екен. Сөзімді мұқият тыңдады да, інімнің еш кінәсі жоқ екеніне көзі жетіп, босатып жіберді. Қайран, Бауыржан Момышұлы сияқты әділ, адал жандар аз болды. Қазақ қынадай қырылып қалған ашаршылық жылдары 4 қадақ масақ жинаймын деп 12 жылға сотталып кете бардым. Сонда ел басында Баукеңдей азаматтар отырса, мұндай әділетсіздікке жол берер ме еді?

Әкем сол бір ауыр күндерді есіне алып, бір күрсініп алды.

– Құлхан, естіген боларсың, Бауыржан көкең біздің совхозда партком хатшысы болып қызмет атқаратын немере інісі Әбілданың үйіне мейман болып келіпті. Естуімше, әлі бір аптадай болатын құсайды. Бүгінде Әбекеңнің үйіне келіп-кетіп жатқан қонақ көп. Бір қой сойып, бір мес қымыз дайындап, Баукеңе сәлем беріп қайтайық, – деді әкем таңертеңгі шай үстінде.

– Айтқаның дұрыс. Мен де осы жайында ойлап отыр едім. Үлкен кісіні үйге шақырып, қадірлі қонақ еткенге не жетсін! Бірақ, көкемнің қолы тие бермейді, өткен жолы келгенде уақыты тығыз болып, келе алмағанын өзің де жақсы білесің, – деп апам қоштай кетті.

Апамның өзіндік технологиясы бойынша бір мес қымыз дайындалып, үйітіліп сойылған үлкен қойдың етін арбаға салып әкем, шешем үшеуміз орталық көшедегі Әбілда көкемнің үйіне тартып кеттік. Баукең оншақты ауыл қарияларымен үйдің алдындағы нар үстінде шай ішіп отыр екен. Берген сәлемімізді жылы қабылдап, әкем мен анам қонақтардың жанына жайғасты. Біз әкелген сәлемдемелер арбадан түсіріліп жатқанда сары местегі қымыздың иісі бұрқырап қоя берді.

– Пай-пай, мына қымыздың иісі танауымды жарып барады. Мынау нағыз Жуалының қымызы ғой! – деді төрде отырған Баукең сүйсініп. – Келін, құйшы анау местегі қымыздан! Әбілданың жұбайы үлкен күміс шараға қымыз құйып, қонақтар тамсана дәм татысты.

– Міне, қымыз деп осыны айт! – деді бір тостақан қымызды төңкеріп тастаған Баукең. – Жас кезімде ауылда ішкен қымыздың дәмі осы күнге дейін аузымнан кетпейді. Гүлжан деген бір қарындасым бар еді, оның дайындаған қымызы бабы жөнінен жеңгелерінен асып түсетін. Қымызды бабына келтіре дайындаушы еді сол қарындасым!

– Сіз тамсанып, мақтап ішіп отырған қымызды дайындаған сол қарындасыңыз – Гүлжан, – деді әңгімеге үй иесі Әбілда көкем араласып. – Тұрлыбек ақсақал екеуі сізге арнайы дайындалған бір месі қымыз әкеліп отыр.

– Гүлжан дейсің бе, Әбілда? Ой, айналайын, ол қарындасымның өзі қайда?

– Жаныңыздағы қара шалдың жанына жайғасқан әпкеміз сіздің қарындасыңыз болады.

– Солай ма?

Баукең орнынан тұрып, анашыммен қайта амандасып: «Айналып кетейін, бар екенсің ғой! – деп емірене үн қатты. Онсыз да әрең отырған анам: «Көке, амансыз ба? Сізді де көретін күн бар екен-ау!» – деп қуаныштан жылап жіберді.

«Ұлық болсаң, кішік бол» демекші, атақты батыр көптен бері көрмеген жақын қарындасының жағдайын сұрастырып, айналайын деп маңдайынан сүйгенде отырған үлкен мен кіші сүйсіне қарасып қалды.

Дастархан үстінде жарасымды әңгіме өрбіп жүре берді. Мен ол кезде 6-сыныпта оқитын бала болсам да, Бауыржан ағамның аузынан шыққан әрбір сөзін қалт жібермей тыңдап отырмын. Талай елді шарлаған тұлғалы батырдың, атағынан ат үркетін жазушының кәдімгі қымыз туралы айтқан сөздері есімде сайрап қалды.

– Нағыз қымыз көңіл тербейді, содан соң ойды тербейді, атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қымыз жарықтықты әр жерде әртүрлі дәрежеде дайындайтын өзіндік дәстүрі бар. Арқада күбіні тобылғымен ыстайды. Сыр өңірінде сабанмен ыстайды екен деп естимін, ал, біздің Жуалыда киіктің отымен ысталады. Бір ғажабы – бұл қасиетті шөп кез келген жерде өсе бермейді, ол Меркінің, Түлкібастың және біздің Жуалының тауларында ғана өседі. Содан соң Бауыржан Момышұлы кәнігі қымыз дайындаушы сияқты қымыз дайындаудың технологиясын жан-жақты шешіле әңгімелеп кетті. Осы бір жарасымды әңгімені біреу қуғандай болып, жүгіре кірген отыздардағы жігіт бұзып, үлкендерді аттап өтіп: «Бауке, ассалаумағалейкүм!» – деп қолын соза берді. Оған жақтырмай қараған Бауыржан қолын бермеді.

– Ортамызда менен де жасы үлкен кісілер отыр емес пе, неге оларға бірінші сәлем бермейсің, көргенсіз?! – деді ол мұрты тікірейіп.

– Бауке, Бауке… сасқалақтаған жігіт дастарханның бір шетіне сылқ етіп отыра кетті.

– Встать! – Батырдың дауысы қаһарлы шықты. Ауылдық Кеңесте хатшы болып істейтін, жасына жетпей тым семіріп кеткен жігіт жалма-жан орнынан ұшып тұрды.

– Шагом марш! – деді Баукең қолын сілтеп. Ұяттан өрттей қызарған хатшы домаланған күйі жылыстай берді. Сәл орнай қалған үнсіздікті төрде отырған қария бұзды.

– Бауыржан шырағым, мына баланы танушы ма едің? – деп Баукеңе қарады.

– Жоқ, ақсақал, – деді Бауыржан. – Бірақ сұйықтау жігіт екені айтпаса да көрініп тұр емес пе?

– «Малдың аласы сыртында, адамның аласы ішінде» деп халық бекер айтпаған ғой, – деді қария ақ сақалын сипап қойып. – Бұл бала біздің ауылдағы ауылдық Кеңесте хатшы болып қызмет атқарады. Өзі жұмыртқадан жүн қырқатын сүйкімсіз жігіт. Мал базарына бару үшін ауылдық Кеңестен жекеменшік малдың иесі деген бір жапырақ анықтама алуың керек, онсыз сені базарға аяқ бастырмайды. Жаңа ғана өзің «шагом марш!» деп қуып шыққан жігіт анау-мынау деп, алдап-сулап, біздің 4-5 сомымызды қағып алушы еді. Өшімізді сен алып бердің, Бауыржан. Рахмет саған, адам таниды екенсің. Отырғандар ақсақалдың сөзіне ду күлісті.

Арада он жыл өте шықты. Ұмытпасам, 1974 жылдың жазы болатын. Ол кезде мен Жамбыл облысына қарасты Свердлов ауданындағы «Село жаңалығы» газетінде әдеби қызметкер болып қызмет атқарып жүргенмін. Бір демалыс күні ауылға келсем, Әбілда көкемнің үлкен ұлы Берік үйленіп, кешке тойы болайын деп жатыр екен. Тойға Алматыдан Бауыржан Момышұлы ағамыз арнайы келіпті.

Бір шеті Алматыдан, енді бір шеті Шымкенттен келген құда-жекжат, туыс-туған, дос-жаран қатысқан Беріктің үйлену тойы дүркіреп өтті.

Сол тойда Баукең:

– Айқабақ, алтын кірпік, қызыл ерін,

Кел десе, неге аяйын аттың терін.

Сары ағаш сазға біткен секілденіп,

Қай жерде отыр екен бұраң белім? – деп әндетті.

Даусы сан құбылып, әдемі әнді жүрегімен айтты. Ән аяқталғанда көпшілік ду қол соқты.

– Ойпырмай, батырдың әншілік дарыны анау-мынау әншіні жолға тастап кетеді екен! – деді жанымда тұрған егде кісі сүйсініп.

Үзіліс кезінде темекісін құшырлана тартып тұрған Баукеңе сәлем бердік. Менің досым Тілеу-қабыл Бауыржанға жиен болып келеді. Жиендігіне салып, нағашы атасымен еркін сөйлесті:

– Ата, менің жанымдағы жігіттің аты Доқтырхан, менің досым. Бұл да сіз сияқты жазушы боламын деп жүр, – деп мені Бауыржанмен таныстырды.

Маған сынай көз тастаған Бауыржан жөнімді сұрады. Мен қайда жұмыс істейтінімді айттым.

– Солай, журналиспін де. Кім болсаң, сол бол. Бірақ, халтурщик болма, айналайын! – деді Баукең темекісін қайта тұтатып.

…Содан бері арада 48 жыл өтіпті. Ол кезде жалындаған 25 жастағы тепсе темір үзетін жас жігіт едім, бүгінде мен де 70-тің асқарына шығыппын.

Бұл жылдар босқа өткен жоқ. Талай биіктерден, белестерден астым. Журналист-жазушы ретінде қаламымды тастаған жоқпын, нанымды адал жеп жүрмін. Ең бастысы, Бауыржан Момышұлының Беріктің тойындағы айтқан сөзін өмір бойы есімнен шығарған жоқпын. Оны Баукеңнің аманатындай бойтұмар етіп сақтап келемін.

Қылышынан қан тамған Коммунистік партияның қолдан жасаған аштық зобалаңды, қынадай қырылған қазақты анам да, әкем де көріпті. Бір Алла жар болып, екеуі де аман қалыпты. Аштықтан анасы, бес-алты бауыры өлген анам нанды ерекше қадірлейтін еді. Жеп отырған нанымыздың бір қиқымы жерге түсіп кетсе, орнынан ұшып тұрып, обал болады деп дастарханның үстіне қоятын.

Ұмытпасам, 1960 жылдың басы болатын. Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінде «Большевик» колхозының озат жылқышысы бір әйел туралы мақала жазып, суретін басыпты. Оны көрген апам жағасын ұстап: «Ойбай-ау, мына ант ұрған оңбағанды қалайша мақтап, газетке шығарып жүр?» – деп отырған орнынан тұрып кетті.

Анашым өсек-аяңнан, біреудің сыртынан жаман сөз айтудан аулақ жүретін жан. Газетке шыққан жылқышы әйелдің көп адам біле бермейтін бір кінәсі бар екендігін бала болсам да іштей сезіп отырмын. Апам сабасына түскен соң, бізге жан түршігерлік оқиғаны айтып берді.

– Бүкіл қазақ жерінде, әсіресе, ауылдық жерлерде ажал болып жалаңдаған аштықтың күшейіп тұрған кезі, – деді апам ауыр күрсініп қойып – бұл нәубеттен анам, бес бірдей бауырым жер жастанып, әкем Көбей екеуміз ғана аман қалдық. Біздің бір көршіміз болды, менімен қатар баласы, әйелі үшеуі бірге тұрады. «Апама жездем сай» демекші, әлгі ерлі-зайыптылар ауылға жұғымы жоқ, сараң, мейірімсіз кісілер еді. Жасым онға толған естияр қызбын, менің бір байқағаным: түскі және кешкі астың алдында көрші бала шырылдап жылай бастайды, дауысы сүйегіңнен өтеді. Бір күн емес, екі күн емес, баланың осылайша құлынша шырқырап жылағаны бір айға ұласты. Бір күні әлгі баланың: «Апа! Көке!» – деп қатты шырылдап жылағаны бәріміздің жанымызды түршіктірді. Әкем жанына көрші жігітті ертіп, әлгі үйге асығыс бет алды, соңдарынан мен де ердім. Үйге кірсек, жастары әлі қырыққа іліне қоймаған еркек пен әйел жайбарақат тамақ ішіп отыр. Көрші бөлмедегі жертөледен жанұшырып айқайлап жылаған баланың дауысы сай-сүйегіңді сырқыратады. Кенет, бала жылағанын тиып, тым-тырыс бола қалды. Әкем мен көрші жігіт бөлмеге жүгіре кіріп, жабық тұрған жертөлені ашқанда атжалмандар жан-жаққа тұра қашты. Кішкентай баланың жартылай желінген өлі денесін көргенде шошып кеттік.

Ел естімеген, жұрт көрмеген бұл оқиға бүкіл ауылды дүрліктірді. Үлкендер қарғыс айтып, әйел біткен әлгі екі қарабеттің жүздеріне түкіріп жатты. Екі-үш күннен соң, ерлі-зайыптылар басқа жаққа көшіп кетті. Жүзі қаралар қалайша ғана тірі жер басып жүр екен, тозақта жанғырлар!

Аштық жылдарында болған осы бір жан түршігерлік оқиғаны есіне алып, апам үнсіз орнынан тұрып кетті. Сол күні анашымның ыстығы көтеріліп, ауырып қалды.

Аналарын туған күнімен немесе 8 наурыз мерекесімен құттықтап, әртүрлі сыйлықтар мен гүл сыйлап жататын достарыма қызыға қараймын. Осындай бақытты, қуанышты сәт маған өмірімде бір-ақ рет бұйырыпты. Сонау алыстап кеткен 1970 жылдардың басында қазіргі Байзақ ауданында «Ауыл жаңалығы» газетінде қызмет атқарып жүргенімде анашымды туған күнімен құттықтап, сыйлыққа әдемі комзол, ақ жібек орамал, әміркен мәсі сыйлағаным бар. Сондағы анашымның қуанғанын көрсеңіз! «Ниетіңнен, көңіліңнен айналайын! Мені сыйласаң, сені жаратқан Иеміз қолдасын! Бақытты бол!» – деп бетімнен сүйіп жатты.

Сол күні жақсы көретін екі-үш абысынын қонаққа шақырып, кішігірім бастаңғыға ұласты. Апам жібек орамалын тағып, комзолын киіп алыпты. Аяғында жылтырап, көздің жауын алатын әміркен мәсі. Бәрі де талдырмаш бойына жарасып тұр.

– Қыз-ау! – дейді анашымның жақын абысыны Дәне апай – бүгін жаңа түскен келіндей әдемі болып, құлпырып кеттің ғой!

– Балаң сыйлаған киімдер өзіңе жараса кетіпті. Дәне айтпақшы, бүгін ерекше ажарланып кетіпсің, – деп Сайракүл апам абысынына байғазы ұсынып жатты. Сол күні анам бақытты еді. Дүниедегі ең жақын, асыл адамыңды қуантқанға не жетсін!

Ортаншы қарындасым Құраркүл ұзақ жылдар бойы Алматыдағы қарттар үйінде қызмет атқарып, еңбек демалысына шықты. Бірде үйіне барсам, екі көзі боталап жылап отыр.

– Құратай, саған не болды? – деп шошып кеттім.

– Көке, – деді қарындасым көзінің жасын сүртіп. – Қарттар үйінде қызмет атқару өте қиын. Соңғы кезде қартайған әкесі мен шешесін көздерін жаутаңдатып тастап кеткен қазақтар көбейіп кетті. Мына заман не болып барады? Қатыгездік пен мейірімсіздік бізге жат нәрсе еді ғой, көке?! Анасын қарттар үйіне тастап кеткен бір азаматты білемін, әжептәуір қызметте. Не деген тас жүрек еді, туған анасын іздеп келмегеніне бір жыл болды. Анасы байқұс ішқұса болып, оны күтіп, есікке жалтақ-жалтақ қараумен күн өткізіп жүрді. Жалғыз ұлы ит құрлы болмаса да, оған шаң жуытпайды, құлыным, жалғызым деп еміреніп отырады. Баласы болып, өз-өзіне хат жазатындығын, оны құрбыларына оқып беретіндігін бәріміз жақсы білетінбіз. Бүгін сол кейуана дүниеден озды. Әлгі қаныпезер ұл туған анасының жаназасына келмеді, өзіміз соңғы сапарға шығарып салдық…

Сөзін кемсеңдей аяқтаған қарындасым ернін тістей берді. Менің жан дүнием бір төңкеріліп түсіп, туған бауырымды қалай жұбатарымды білмедім, жанарыма жас келді.

Әй, опасыз дүние-ай! Біз жүрміз дүниеден ерте озған анамыздың бір ауыз сөзіне зар болып, сағыныштан сарғайып. Анау ит болса, туған анасының жаназасына келуге жарамады. Не деген сұмдық, қатыгездік! Бүйтіп тірі жер басып жүргенше, отқа түсіп өліп кетпей ме?! Шынында да, мына заман не болып барады? Біз қайда кетіп барамыз?!

Осы оқиғаны айтқанымда достарым жағасын ұстады. Қасиетті Құранның өзінде «Анаңды сыйла, анаңды сыйла, анаңды сыйла» деп үш рет айтылады. Туған анаңды Меккеге үш рет жаяу арқалап барсаң да перзенттік парызыңнан құтыла алмайсың.

Қарындасымның үйіндегі жүрек ауыртатын әңгімеден соң, үш күндей біртүрлі болып, есеңгіреп жүрдім. Аптаның соңына қарай Жуалыға аттанып, туған ауылымның сыртындағы ескі бейітке барып, «Байқамай сені ренжітіп алған болсам кешір, анашым!» деп анамнан іштей кешірім сұрап, әкем мен анамның басына құран бағыштадым…

Менің Серік деген досым бар, жасы менен сәл кішілеу, жетпіске жақында ғана толды. Сол жолдасымның аузын ашса көмейі көрінетін мейірімді анасы бар. Екі ғасырдың куәсі болған кейуананың жасы 95-те. Нағыз асылдың сынығы, текті жан. Мені туған баласындай жақсы көреді, айналып-толғанып тұрады. Сөзі де жылы, жаны жайма шуақ, тап-тұйнақтай болып, мұнтаздай таза жүретін кейуананы мен де туған анамдай құрмет тұтып, ол кісіні жақсы көремін. Серік досым жетпіске келсе де, кейде анасына еркелейтіні бар. Асыл ана тұңғышын «Қаратентегім менің!» деп маңдайынан сүйеді.

Осындай сәттерде жүрегім елжіреп, туған анамды есіме алып, қатты сағынамын.

Ұмытпасам, 1974 жылдың желтоқсаны еді. Ол кезде Жамбыл қаласына іргелес жатқан Свердлов аудандық «Село жаңалығы» газетінде тілші бо-лып қызмет атқаратынмын. Сол жылы ауданның әр саласында еңбек ететін ұжымдар, жеке озаттар кезекті бесжылдықтың жоспарын бір жыл бұрын орындап, ауданда үлкен слет жиналысы болатын болды. Айтулы жиынға аудан басшылары ерекше назар аударып, алдын-ала жан-жақты жоспар жасалды, арнайы сценарий жазылды. Ол кезде аудан орталығы – Михаиловка селосында жөні түзу Мәдениет үйі жоқ болатын. Озаттар слеті атақты Александр Нахманович басқаратын «Трудовой – пахарь» колхозындағы бес жүз адам сиятын үлкен мәдениет ошағында өтетін болып, дайындық қызу басталып кетті. Аудандық газетте бірге қызмет атқаратын Валентина Мекшунова екеуміз слетті қазақ және орыс тілінде жүргізетін болып бекітілдік. Үлкен жиын еңбек озаттарын мадақтап, сый-құрмет көрсетумен шектелмейді, әртүрлі мәдени шараларға, әсіресе, концерттік бағдарламаға айрықша көңіл бөлінеді. Слетке белгілі әншілер, ерекше көзге түсіп жүрген көркемөнерпаздар үйірмелерінің өнерпаздары шақырылды. Барлық дайындыққа аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Нілзия Рақышева басшылық жасап жүрді. Слетқа бір күн қалғанда әкем дүниеден озғаны туралы жеделхат келіп, жағдайымды айтпақ болып, хатшыға кірдім.

– Әрине, әкеңнің қазасына барып қайт. Арты қайырлы болсын! – деп маған көңіл айтқан Нілзия Алғазқызы сәл үнсіз, ойланып қалды.

Хатшыны не мазалап отырғанын айтпаса да іштей сезіп отырмын. Слет ертең сағат онда басталмақ. Осындай аз уақыттың ішінде жүргізуші таба қою қиын сұрақ еді. Көше жақтағы үлкен терезеге көз тастаған аудандық партия комитетінің хатшысы алдындағы қоңырауды басуы сол-ақ екен, жас хатшы қыз асығыс кіре берді.

– Шырағым, райкомның алдына аудандық газеттің жауапты хатшысы Зейнолла Қаржасов кетіп бара жатыр. Артынан жүгіріп, маған ертіп келші.

Көп ұзамай-ақ бірге қызмет атқаратын әріптесім Зейнолла кіріп, бізбен амандасып, маған көңіл айтты.

– Зейнолла, слетті Доқтырхан жүргізуі тиіс еді, жағдайды естіп отырсың. Сенің еңбек демалысында жүргеніңді білемін, бірақ, оны уақытша үзуге тура келіп тұр. Сенен басқа лайықты адамды көре алмай отырмын, слетті саған жүргізуге тура келіп тұр. Түс қайта соңғы дайындық өтеді, осында кел. Буденовкаға бірге барамыз, – деді хатшы шақырған мәселесіне тікелей көшіп.

– Жарайды, Нілзия Алғазиева, – деді Зейнолла келісімін беріп.

Қаржасов екеуміз райкомнан бірге шықтық. Түс қайта мен Жуалыдағы ауылыма асығыс аттанып кеттім.

Үйге күн қарая жеттім. Туған-туысқан, көрші-қолаң әкемді соңғы сапарға шығарып салуға кірісіп кетіпті. Ағайындармен көрісіп, анама көңіл айтпақ болып, төргі бөлмеге басымды сұққанымда, басына қол орамалын жайып, өзімен-өзі күбірлеп сөйлесіп отырған әкемді көріп, анамның дүниеден озғанын біліп, аңырап жылап жібердім…

Екі-үш күннен соң, менің жұмыс орнымнан әкемнің атына «Сіздің ұлыңыз, журналист Доқтырхан Тұрлыбеков жол апатынан қайтыс болды. Шұғыл жетіңіздер!» деген жеделхат келіп, тұла бойым түршігіп кетті. Ішім бір сұмдықты сезіп, сол күні жолға шықтым. Газеттің редакторы Ғани Әлиев жақсы кісі еді. Мен кабинетке кіріп, амандаса бергенімде, ол орнынан ұшып тұрып, қарсы жүрді. Мені құшақтап: «Шырағым, тірі екенсің ғой!» – деп иегі кемсеңдеп қоя берді. Мен көрмеген екі-үш күннің ішінде күрт қартайып кеткен Ғанекең көкірегі қарс айырылып, болған жайды айтып берді.

…«Трудовой – пахарь» колхозының орталығында болатын бесжылдық озаттарына қатысатын бір топ аудандық партия комитетінің, аудандық газеттің, мәдениет бөлімінің қызметкерлері және үш-төрт мектеп оқушысы «Кубинка» деп аталатын шағын автобусқа отырып, Буденаевкаға қарай бет алады. Үлкен шаруашылыққа жете берісте Талас өзені ағып жатады. Сол күні қырсыққанда көктайғақ, тұманды болып, жол анық көрінбейді. Өзенге жақындай бергенде «Кубань» автобусы бір жолаушы таситын көлікпен соғысып, жүргізуші рулге ие бола алмай, жолдың сол жағына аударылып түсіп, есігі ашылмай, көліктегі лық тола жолаушылар тысқа шыға алмай жанталаса арпалысады. Көп ұзамай, жанармай құйылған бак жарылып, ішіндегі адамдар тірідей жана бастайды. Жолда әрі-бері өтіп жатқан адамдар көмекке келіп, есікті ашқанда тым кеш еді… Әртүрлі жарақат алған, күйікке шалынған жеті-сегіз адамды құтқарып, қалғандары тірідей жанып кетеді.

– Қайтыс болғандардың арасында менің бірінші орынбасарым Қабылбек Құлиясов, газеттің жауапты хатшысы Зейнолла Қаржасов бар. Денесінің 70 пайызы күйік шалған тілшіміз Валентина Мекшунованың жағдайы өте қиын жағдайда, – деді редактор ауыр күрсініп. – Абыр-сабыр болып, есіміз шығып жүргенде сенің анаң қайтыс болып, сұранып кеткеніңді мүлдем ұмытып кетіппіз. Біреулер қайтыс болған бір жас жігітті сенімен шатастырып, әкеңнің атына жеделхат жіберіпті… Өте қиын болды, шырағым, әлі есімізді жинай алмай жүрміз.

Содан бері арада 48 жыл өтсе де, сол оқиғаны ойласам, жаным түршігеді. Менің орныма кеткен журналист Зейнолла Қаржасов небәрі 25 жаста еді. Соңында жары, үш перзенті қалды.

Анам жарықтық: «Өлім деген жаман, шырақтарым! Аштық нәубетінен анам, бес бірдей бауырым өлді. Жақын адамдарымның аман-есен жүргендерін Алладан жалынып-жалбарынып сұраймын. Сендердің аяқтарыңа кірген тікенек менің маңдайыма кірсін! Сендердің жолдарыңда өліп кетсем арманым жоқ!», – деп отырушы еді анашым. Мейірімге толы ана жүрегі сезді ме екен, ол өзінің өлімімен мені аман алып қалды. Бұл кездейсоқтық емес екендігін іштей сезіп, жаратқан Иеміздің құдіретіне, анашымның маған деген шексіз махаббатына таңқалып, бас иемін.

Қасиетті Рамазан айы аяқталып, бүгін – Айт күні. Ертерек тұрып, Орталық мешітке барып, дүниеден өткен ата-бабаларыма, аналарыма, бауырларыма арнап Құран бағыштадым. О дүниеліктер бізден Құран дәметеді, одан басқа оларға ештеңенің керегі жоқ. Жақындарымызды еске алып, Құран бағыштап жатсақ, аруақтардың рухы риза болып, бізді қолдап-қорғап жүреді…

Дүниедегі ең асылың да, жақының да, қамқоршың мен тілекшің де – туған анаң! Анамды есіме түсіріп, бірге айттаған еш мұңсыз, бақытты балалық күндерімді көз алдыма елестеттім. Алматы жасыл желек жамылып, гүлге көмкеріліп, мамыр айы басталса да, айналам сап-сары, сағынышқа бөленіп жүре берді…

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Алматы қаласы,

1 мамыр, 2022 жыл.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *