Таш КЕНЖЕБЕК: «ЕҢБЕК ПЕН ІЗДЕНІС — ҚОС ҚАНАТЫМ»

Қоғам
341 Views

«Түркістан облысы – еліміздегі халық ең тығыз қоныстанған аймақ. Мұнда 2 миллионнан астам адам тұрады. Әлеуметтік саладағы бастамалар әр азаматтың тұрмысына өзгеріс әкеледі. Өңірде шағын және орта бизнесті дамыту арқылы жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылуда. Мысалы, «Еңбек» бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 67 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылып, жылдық жоспар 96,8 пайызға орындалды. Облыста жыл басынан бері жеке бастамалар бойынша 11 773 жұмыс орны ашылған. Жұмыспен қамту бойынша аудандарда да ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Осындай мүмкіндікке қарамастан, дені сау азаматтардың арасында жұмыссыз жүргендері қаншама? Ал, мүмкіндігі шектеулі жандарға екі қолға бір күрек табу әсте оңайға соқпайды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жолдамасымен жұмысқа орналасқан азаматтардың арасында сарыағаштық Таш Кенжебек бар. Денсаулығында ақауы бар азамат бірер ай бұрын аудандағы жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз болып тіркелген. Жуырда ол Сарыағаш аудандық әкімшілігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөліміне статист болып жұмысқа қабылданды.

Мүмкіндігі шектеулі болса да өмір сынағына сынбай бар ауыртпашылықты еңбекпен жеңуді көздеген жастың бұл алғашқы жұмыс орны, алғашқы еңбек ұжымы. Бірнеше айдан бері Таш осында барын салып еғбек етіп, ұжыммен, халықпен жұмыс істеуді үйреніп келеді. Мемлекеттік жұмысқа пісіп, білген-түйгенін арттырып отыр. Еліміздегі осындай санаттардағы жастарды қолдау мақсатында «Кедергісіз келешек» жобасы қолға алынды. Бұл жоба қазір мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қабілетті әрі дарынды жастарды қанаттандыруға, өмірден өз орнын табуына көмектеседі.

– Қызметім өзіме өте ұнайды дейді ол. Еңбекқор жан ешқандай қиын көрмейді. Қайта жұмысым, өте қызықты дейді. Техниканың тілін білетін ол компьютермен жұмысты жаны сүйетінін айтады. Жауапкершілігі жүгін де жақсы бағамдай біледі.

Реттілікті, жүйелікті, тазалықты жақсы көретін жігіттің мұндағы міндетіне азаматтардың түрлі мәліметтерін компьютер арқылы арнайы деректер базасына енгізіп, жүйелеу және енгізілген ақпараттарды өңдеу кіреді. Ауданның өркендеуіне елеулі үлес қосып отырған маңызды бөлімдердің бірінен саналатын тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықпен айналысатын құрылымда кейіпкеріміз түрлі статистикалық құжаттамаларды сараптап, жинақтап, нәтижесін шығарып, көрсеткіштер бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Статистикалық мағлұматтарды сұрыптай отырып, басшылықтың түрлі тапсырмаларын орындайды. Оның жүйелі, жолға қойылған сапалы жұмысына қызметкерлер де басшылықта сүйсінеді. Жас та болса, ісіне тиянақты, білікті маманды ұжым да бағалай біледі.

Тумысынан көпшіл, ешкімді жатырқамайтын ол ұжымға тез үйреніп кеткенін айтады. Әрине, бұрын көпшілікпен жұмыс істеп көрмегендіктен, оған әубаста оғай соққан жоқ. Алайда, елгезек, кез-келген адамға жаны ашып, көмек қолын созуға әзір тұратын қызметкер бұл ортамен тез тіл табыса кетті.

Ұжым мені жатсынбай жақсы қарсы алды, бауырларына тартты дейді ол. Ұжымдағы қызметкерлер өте кішіпейіл, ізетті болғандықтан, мұндағы атмосфера да жайлы. Әрбір қызметкер өзінің жұмысын жақсы біледі. Кілең білікті мамандардан жасақталыпты. Бұл ұжымға жағадан келген жігіттің жұмысты да тез игеріп, қызметкерлермен де тез түсінісіп кетуіне ықпал етіпті. Түсіністік орнаған жерде жұмыс та өнімді жүреді дейді қызметкер. Әрбір жұмыс күнін үлкен жауапкершілікпен атқаратын жігіт « бөлімге келген, қызметтерге жүгінген азаматтарға пайда тигізетін іспен айналысып жатқанымды ойласам, көңілімді қуаныш кернейді, мақтаныш сезімі мен өз-өзіне сенімі арта түсетінін айтады. Жұмысқа тұрғалы ол өз бетінше өмір сүруге дағдыланып, өзін қоғамның толық мүшесі ретінде сезіне бастағанын жасырмайды. Басшылықтан түскен әрбір тапсырманы тап-тұйнақтай етіп, дер кезінде сапалы орындауға барын салатынын айтады. Ол тек жұмыс істеп қана қоймай, білім алуды да жалғастыруда. Келешекте білікті әрі сұранысқа ие маман болғым келеді, – дейді тағдыр тауқыметін төккен термен, еткен еңбекпен жеңемін деп ұмтылып жүрген батыл жігіт. Осылайша ол қоғамның толыққанды бір мүшесі ретінде халықтың тұрмысының жақсарып, ауданның дамып, өркендеуіне өз үлесін қоспақ. Бұл жолда ешқашан аянып та қалмақ емес. Еңбек пен ізденіс оны асқақ арманға жетелеп, мақсатына қол жеткізуде қос қанат болмақ.

Айта кетейік, Сарыағаш ауданында халықты жұмыспен қамтуда атқарылар іс те аз емес. Бұл бағыттағы жоспарлар жіті орындалып, тиісті бөлім қызметкерлері аудан халқын әлеуметтік қолдауда түрлі бағдарламалардың тетігін тиімді пайдаланып келеді.

Жалпы, жоспар бойынша Сарыағаш ауданында биыл 4 190 адамды жаңа жұмысқа орналастыру көзделген. Аудандық жұмыспен қамту орталығының басшылығының дерегіне қарағанда жыл басында аталмыш орталыққа сұраныс хат жолдаған 383 жұмыс берушіге 2 908 азамат жұмысқа жолданған. Оның ішінде 1 004 адам еңбекке тартылды. Атап айтқанда, 428-і тұрақты, 576-сы уақытша жұмысқа орналастырылды. Ал, жаңа жұмыс орындарына 1 904 адам тағы жіберілді. Оның 1 198-і түбегейлі жұмыс тапса, 709-ы уақытша еңбекке жұмылдырылған.

Enbek kz платформасы негізінде 150 сарыағаштық жұмыссыз сұранысқа ие мамандықтар бойынша онлайн оқуда екен. Ал, жыл басынан 86 адам оқыған. Ал, енді әлеуметтік жұмыс орындарына келетін болсақ, өтініш берген 33 жұмыс берушіге он ай мерзімге 300 жұмыссыз жолданыпты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *