ҚЫРҒЫЗ СОМЫНЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ

Саясат Экономика
496 Views

немесе теңге неге ондай емес?

Сіз де өзіңізге осы сұрақты талай қойған боларсыз.

1993 жылдан бері қырғыз сомы долларға шаққанда 21 есеге, ал теңге 99 есеге арзандады. 1993 жылы Бішкекте доллар 4 сом, ал Алматыда доллар 4,75 теңге деп бекітілген еді. Қазір бір доллар Бішкекте 85 сом, ал Алматыда 465 теңге тұрады.

Ол екі елдің экономикалық құрылымы мен соған сәйкес таңдалған валюталық режиміне байланысты. Мұны тереңірек түсіндіре кетейін.

Қазақстан мен Қырғызстанның экономикасын абсолютты цифрлармен салыстыру әділетсіз болар еді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша бізде ішкі жалпы өнім 197 миллиард доллар, ал Қырғызстанда 8,5 миллиард доллар болды. Біздің экономикамыз көрші елден 23 есе үлкен. Сондықтан барлық салыстыруларды ІЖӨ-дегі үлес бойынша қараған дұрыс. Қырғызстанның сыртқы қарызы ІЖӨ-сінің 60%-ын құрайды. Бізде ол 24% деңгейде. Қырғызстанда сыртқы сауда балансы минуста, бізде плюсте.

Сонымен теңге мен сом неге түрлі жолдармен жүрді?

Барлығы сауда балансына байланысты. 2021 жылы Қырғызстан 5,4 миллиард доллардың тауарын импорттады. Яғни, сатып алды. Ал экспорты 1,6 миллиард долларды құрады. Әлеммен тауар айналымының 77 пайызын импорт құрап отыр. Демек, сом құлдыраса, Қырғызстанда бәрі автоматты түрде қымбаттайды.

Мұндай жағдайда, халықтың кем дегенде орташа жағдайын қамтамасыз ету үшін сомның курсын қатаң ұстап тұру керек. Неге? Қырғыз Ұлттық банкі мен Үкіметінің алдында екі таңдау тұрды:

Біріншісі. Сомды еркін айналымға жіберу (теңге сияқты). Барлық тәуекелдерді мойынға алып, курсты ұстап тұруға ақша жақпау. Бірақ курс бәрібір өсетіндіктен, жалақы, пенсия, стипендияларды көтеру.

Екіншісі. Курсты қолдан ұстап тұру. Халықаралық резервтерді осы мақсатқа жұмсау.

Есептей келгенде Қырғызстан үшін екінші жол анағұрлым арзан және оңай болып шықты. Қазір Қырғызстан сом курсын ұстауға шамамен жылына 600 миллион доллар құртады. Ол долларды биржада алтын сатып табады. Қажетті алтынды олар Құмтөр кен орнынан өндіріп, «Қара балта» фабрикасында өңдеп, слитка қылып жасайды. Экономика импорттық болғандықтан, олар үшін ұлттық валюта курсы өте маңызды.

Ал Қазақстанда ше? Қырғыз экономикасы жағдайында ең дұрыс жол тапқан олардың реттеушісі сияқты, біздің Ұлттық Банк кезінде жағдайымызға сай ең ұтымды шешім қабылдаған болатын. Бас банкир Қадыржан Дамитовтың дәуірінде, 1998 жылғы Ресей дефолтынан кейін Қазақстан 1999 жылы «еркін теңге» бағамын енгізді. 85 теңге тұратын доллар 160 долларға бірден секірген еді. Одан кейін Марченко мен Келімбетов те өз девальвацияларын өткізді. Барлық девальвациялар әлемдік биржаларда мұнай бағасының құлдырауымен тұспа-тұс келіп отырды.

Парадокс. Теңге курсы тым жоғары болса, Қазақстан жиған-тергенінен айрылып қалады. Қалайша?

Біз экспортты елміз. Экспортымыз импорттан кәдімгідей артық. Сондықтан экономикалық ауқым үлкен. Теңгенің валюталық биржадағы сауда-саттығы сом операцияларынан 20 есе көп. Демек, сомды ұстауға жылына 600 миллион доллар керек болса, теңгені ұстап тұру үшін жылына 10 миллиард доллардың резервін жағу керек.

Бірақ, ең маңыздысы басқада. Біз жыл сайын пенсия төлеуге керек 2 триллион теңгені Ұлттық қордан, яғни мұнайдан түскен доллардан аламыз. Сонда қазіргі курспен 4,3 миллиард доллар жұмсаймыз. Егер доллар 120 теңге тұрса не болар еді? Бізге онда тек пенсияға жылына 16,6 миллиард доллар қажет болады. Біздің бюджет те, Ұлттық қор да тез сарқылып, мемлекет дефолт жариялар еді. Қазір еркін теңгенің курсын Forex пен KASE-дегі сауда-саттық нәтижесі, яғни нарық шешеді. Мемлекет ақша құртпайды, резервтерін жақпайды.

Қорыта келгенде, Қырғызстанға мемлекеттің құлап қалмауы үшін сом бағамын тұрақты жоғары ұстап тұру ауадай қажет. Ал бізге керісінше нарыққа араласпай, теңгенің сәл арзандау болғаны тиімді. Сол себепті, екі ел көрші болса да, валюталық режимдері мүлде бөлек жолдармен кетті.

Айбар ОЛЖАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *