ШЫНДЫҚТЫ БІЛГІҢІЗ КЕЛСЕ, БАЛАЛАРҒА ШЫҒАРМА ЖАЗДЫРЫҢЫЗ

Әдебиет
238 Views

Ой да, сөз де бейне бір сиқыр тәрізді. Келіп, кетіп жүреді. Кейде ұстайсың, кейде ұзақ уақыт жалынан сипатпай кетеді. Дейтұрғанменде, оңашадағы ойлардың қағазға түскен мына нұсқасы бірде арық, бірде семізшыққан түрі. Бұл да бір «жалқау» не «жедел» жанр түріне жата ма, кім білсін?! Оқып көріңіз.

Алаш ардақтыларына, көсемдеріне қайран қаламын. Қазақ үшін шын қуану, шын қайғыру осылардан соң тоқтап қалғандай, аялдап тұрғандай көрінеді.

* * *

Сырттағы боран басылар, іштегі боранды айтсайшы.

* * *

Бұл елге ояну үшін міндетті түрде ойран жасауы керек пе?

* * *

Ақыл айту, басу айту әркімнің де қолынан келеді, ал ақиқатты айту қиын әрине.

* * *

Өзге елдің тілінде сөйлейтін елде ешқашан өзгеріс болмайды.

* * *

Адам болып қалыптасу үшін көп тағдыр кешу керек.

* * *

«Қойшы бірдеңесі болар, бірдеңе ғып көрерміз. Бас аман болсын».

Осы сөз болмаса қайтер едік? Қазақты өсірмейтін де, өлтіретін де осы шексіз шүкірлік қой.

* * *

Темекі тартып тұрып, денешынықтыру жасайтындар бар.

* * *

«Мен жындыларды ойнаймын. Сондықтан мені бар жерде туысындай қарсы алады» (Савелий Крамаров).

* * *

Ұдайы темекі сұрап тартатын біреуге «ерніңнің барына шүкір де» деп едім, сөзге еш селт етпеді.

* * *

Рух не үшін керек? Соғыс үшін керек пе? Мына өмірдегі күрестерде рухсыз, жалаңаш батыр болсақ жете ме?

* * *

Қандай соғыста болсын жеңіс емес, тек жеңіліс болады. Десек те рухы мықты, тарихын терең білетін елді ешкім жеңе алмайды. Әділет те солар жағында болады.

* * *

Қан жалаған қаншықтай қызғаншақ деген кесір бар. Қансыратып кетеді.

* * *

Өнер кісінің өмірін өзгертуі, ойландыруы, толғандырып, күрсіндіруі керек. Олай болмаған күнде ол өнер емес, жай ғана әркім тұтына беретін тауар болып қалады.

* * *

Исі жоқ гүл де болады.

* * *

Шындықты білгіңіз келсе, балаларға шығарма жаздырыңыз.

ТӨЗІМДІ ЕЛДІ БАСҚАРУ ОҢАЙ

* * *

Сол бір жігіт азғантай танымалдылығымнан айырылып қаламын ба деп, ғазиз басын тауға да, тасқа да соғып бітті. «Ай мен Күн айқайламай-ақ шығады ғой» (Ғ.Мүсірепов). Тіпті әкім-қаралар оны көрсе, құйрығын бұтына қысып қашатын жағдайға жеткен.

* * *

«Депутаттарды халық аса тани бермейді» деді Мемлекет басшысы. Дұрыс. Депутатты тану, танымауды білмеймін, ал тұлғаны тану – міндетің.

* * *

Моншадамыз. Жарты сағат болды. Ыстық су жоқ. Бір үлкен кісі «шыдайық беріп қалар» деді. Неткен төзімділік! Уақыт өтіп барады. Тіпті моншада да төзімді мұндай елді басқарып отырған басшылар қандай бақытты! Бір орыс келіп шу шығарып еді, бес минуттан кейін ыстық су келді.

* * *

Мәдениет кісінің сөз қолданысынан да көрініп тұрады. Бұрынғының адамдары «түзге шығып келейін» деуші еді. Қазіргілер бір жерге барса, «туалет қайда?» деп тақылдап тұрады. Ал енді иманжүзді біреулер » патшалар жаяу баратын жерді нұсқап жібермейсіз бе?» деп тұспалдап сөйлейді.

Сөз. Сөйлеу мәдениеті. Ұлттың ұлы мінезі – ұяңдық, ибалық та архаизмге айналып барады.

ӘКІМ «ИДИОТ» ЕМЕС, ИДЕОЛОГ БОЛУЫ КЕРЕК

Өзің айтпасаң, өзі білмейтіндермен жұмыс істеу қандай азап.

* * *

Ешкімге, ештеңе айтпауға дағдыланыңыз. Тек күн райы жөнінде айтыңыз, сонда жаныңыз тыныш болады. Өйткені бізде ауа райынан басқа ештеңе көп өзгере қоймайды ғой.

* * *

Қазір түрлі айла-тәсілді қолданып, жоғарыға жетіп алғандар «Қызыл кітапқа» еніп кеткен қасиеттерін қайтарып ала алмай жүр.

* * *

Қолдан жасалған тұлғалардан тау тұрғызып алып, енді соның тауқыметін тартып, азабын арқалап жүрген халықпыз.

* * *

Жүйенің жүйкеге тиюі, жақсының жағасынан алу жалғасып жатыр.

* * *

Ұзақ жылдардан соң тағы бір кісіні мадақтап, ескерткіш орната бастадық. Оның да қолы таза емес. Не деген ойланбайтын халықпыз. Жүзшілдік, рушылдық көзқарастың әлі де жаны сірі.

* * *

Шерағаң шындықты ғана айтты.Тіпті өзінің жеке өмірінің де шындығын жасырмады.

* * *

Ғылым өтірік айтатын адамдардың аурушаң болатынын әлдеқашан дәлелдеген. Сөйте тұра өтірік айту, жалған сөйлеуді қоймаймыз, ол біреулер үшін күнкөріс көзіне, тіпті, творчествоға айналып кеткен.

* * *

Серікболсын Әбділдинді (3.91.20) филармониядан қала жұртшылығы соңғы сапарға шығарып салды. Кісі аз болмады. Қала билігінен, жоғары жақтан ақ жағалылар көрінбеді. Б.Тұрсынбаев, Ғ.Алдамжаров, Ш.Жәнібеков сөйледі. Аса бір тебіреністі өткен жоқ. Елдің сөзін сөйлеп өткен тұлға ғой. Қоштасуды парыз көріп, бардым. Шығарып салу дәл осылай болады деп ойламап едім. Билік филармонияның өзін зорға қиғанға ұқсайды.

Баяғыда Қадыр өмірден озғанда бір үлкен ақын «Қадырды халық қалай шығарып салады екен, соны көру үшін келдім» дегенде жағамызды ұстап едік. Бұл жолы да сондай оймен келгендер болмасына кім кепіл?

Қоштасуға таң бозынан такси ұстап бардым. Таксист егделеу қазақ екен. Әбділдинді білмейді. Надан қазақ қой. Мұндай ел қалай өседі?

* * *

Заңы көп елде заңсыздық күшейе береді.

* * *

Әкім «идиот» емес, идеолог болуы керек.

* * *

Аса танымал кісі туралы бір жас адамның аузынан қамқор сөз шығып, елге тарап кетті. Соған ағамыз шала бүлініп, тіпті, кектеніп, тістеніп сөйледі. Дегенмен бұл кісі өз деңгейінде биік болып қалып, үлкен сөз айтуы керек еді.

Мәселен былай: «айналайындар мен бала-шағамның ортасындамын, мені алақанына салып отыр. Әсіресе, мен дегенде әйелімнің шығарға жаны бөлек. Алаң көңілдеріңізге рақмет » десе, әлгі жас адамның да көңілі орнына түсіп, беті қызармай ма? Ол жаман ниетпен айтқан жоқ қой. Жоқ, біз бас салып, сотқа беремін деп шыға келеміз. Сот бір қолбала сияқты. Тіпті күлімсіреп отырып та жауап беруге болады ғой. Жоқ, біз кектеніп, тістеніп сөйлеуіміз керек. Үлкеннің жауабы үлкен болмаушы ма еді?

Конфуций: «мені халқымның түсінбегеніне қапаланбаймын, мен неге оларды түсінбедім деп қапаланамын» депті. Біздің ел бетіне қараған кейбір тұлғалар осылай ойлау деңгейіне қашан жетеді? Бірдеңе дей қалсаң, сызданып, сұрланып шыға келеді. Жатқан бір міндет. Мен осы бір кісінің соңғы бір жылдар мұғдарында бір күлімсірегенін көрмеппін. Құдайдың құдіреті, әлгі бір кісі де сондай. Не жазса да, не айтса да кекшіл, сұрланып жазуы басым. Әзірге оның қаламынан сау шыққандар сирек.

Біздің шалдар: адамды екі нәрсе қартайтпайды, бірі – жақсы мінез, бірі – жақсы сөз деп отырушы еді.

Осы қасиеттің әжептәуір адамдарды айналып өтетініне таңмын.

* * *

Даналық дарымаған адам даңғой келеді.

* * *

Он екі мүшесі сау адамның жарлымын деуі күпірлік.

* * *

Сыйлықсыз да сыйлы, атақсыз да атақтысың. Ол сенің бойыңдағы – мәдениетің, рухани тазалығың, адамшылық арың.

* * *

Жасы жиырма беске де толмаған қызметкерімді бір кісіге жұмсап едім «мен ол кісімен жақсы емес едім» деді. Өмірі енді басталған бозбаланың жауабына таңдандым да қойдым.

* * *

Адамды өз орнына отырғызбау – обалдың, қиянаттың көкесі.

* * *

Оқып бітпейтін, таусылмайтын, бас-аяғына жетпейтін бір кітап бар, ол – өмір.

* * *

Бізде жақсының жағасынан алу қайталанып тұрады.

* * *

Жалғыз келе жатып көп болып көрінетін кісі бар. Көптің ішінде жалғыз көрінетін кісі бар.

* * *

Сөзі жақсы кісінің өзі де жақсы.

* * *

Қазақстан жер көлемінен дүние жүзінде 9-шы орын алады, көлік қоятын жер жоқ.

* * *

Көңіл-күйім болмаса, жақсы жұмыс істеймін.

* * *

Бар жерден шыққан адамдар жұмыс істемейді.

* * *

Елбасыға арналған жиынды біреу жылап жібере жаздап ашты.

* * *

Қазір шайқап жүретін емес, байқап жүретін заман.

* * *

Лапылдап жазғанмен сөзінде сәуле, жалын жоқ, лақылдап жазғанмен лағылы жоқ, лағуы басымдар көбейді.

* * *

Мәдениетті кісінің (оқыған, тоқылған адам деп түсініңіз) қазақ болуы қиын.

Қали СӘРСЕНБАЙ,

Қазақстан Республикасының еңбек

сіңірген қайраткері,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *