БЕТОРАМАЛ (Әңгіме)

Әдебиет
511 Views

– Ертең саған барып жолықсам, өте тығыз әңгімем бар. Бір сағаттай уақытыңды қи, – деді баяғыдағы университеттегі ұстазым. Дауысы зілді.

– Келіңіз, аға, күтемін – деп елп ете түстім.

– Сағат он бірде сенде боламын, – деді де телефонын өшіре салды.

Бектасов дегенде бүкіл студенттер жым болушы еді, керемет қатал, ешкімге иілмейді. Сымының қыры пышақтай, аппақ жейде, жалтыраған туфлиі қандай еді, шіркін! Кезінде ірі қызметтердің тізгінін ұстаған бұл ағамыз ректор да болған, одан министрге дейін өскенінде бір шатаққа іліксе керек. Бәрінен тұттай айырылып, әйтеуір әзер-әзер аман қалып, біздің университетке профессор болып орналасқан шағы екен.

Кішкентай ғана мекеменің кішкентай басшысымын, әйтеуір жеке кабинетім бар.Дәл айтқан уақытында кабинетіме кіріп келді. Амандасып, хал-жағдай сұрасып жатырмыз.

Сұңғақ бойлы сымбатты жігіт еді уақыт қоя ма кішірейіп, еңкіш тартыпты. Толқын-толқын қап-қара шашын артқа сілкіп тастап, сөйлеп бір кеткенде бүкіл аудитория тым-тырыс, ұшқан шыбынның ызыңы естілмейтін. Міне, қазір сол бұйра шаштан жұлым да жоқ, күздегі жел жыққан шөмеледей сиреген, түгел ағарып кеткен басына қарап кәрілік бұл кісіге де жеткен екен-ау деп ойладым.

Иә, одан бері бақандай қырық жыл зуылдап өте шығыпты-ау…

Хатшы қызға шәй алдырдым.

– Сенімен амандасайын деп арнайы келдім. Ішім толған шер мен зар. Сен зейінді шәкіртімсің ғой. Айтпасам жарылып кетермін – деп кеудесін кере аһ ұра күрсінгенде бетіне быжылаған өрмекшінің торындай әжімдер қаптап кетті. Қос қолдап басын сығымдап ұстап отырды да, маған тесірейе қарады кеп.

– Тоқетерін айтайыншы… сен мені қарттар үйіне өткіз! Қолың ұзын, дәреже – беделің бар, таныстарың жетеді. Саған айтар тілек-аманатым осы.

Айтқанына сенер-сенбесімді білмей ақсақалға бақырая қарап қалдым.

Дүркіреген ректор, министр, кейінгі кездегі аптап шілдеде қаһарланса қар жаудыратын күркіреген профессор Бектасов қалай ғана қарттар үйіне бармақшы?

– Мен сексен тоғыздамын. Ұзақ жас – ұзақ жол секілді адамды әбден қажытады екен. Қазір сыртым бүтін болғаныммен, әшейін қаушиып құр сүлдем жүр. Бұл дүниенің адамы емес, жәй жүрген саяхатшы секілді мең-зең мәңгіріп қалдым. Қатарымның бәрі кетті, тілдесер, сырласар жан жоқ. Өткен өмірімді еске алсам ішім удай ашиды. Тәтті өмірдің сұрауы қатты. Желмен жарысып, өз көлеңкеңді қуып жете алмайсың!.. Солай қарағым…

– Аға, шынымен дом престарелыхқа бармақшымысыз? – деп орысша араластырып қайта сұрадым.

– Некуда идти! Бәрін өзім құрттым!..– дегенде байқадым профессордың екі-үш тісі жоқ, жағы қушиып, өлген тауықтың жүніндей қасы түп-түгел аппақ.

– Жүріңіз, аға бір жерге барып шәй ішіп отырып асықпай әңгімелесейікші, — дедім.

Баяғыдағы офицер секілді тіп-тік, сарт-сұрт жүретін сырбаз жігіт ағасын енді сүйемелдеп әзер түрегелттім.

Даңғұр-дұңғыры басылмайтын Алматыда тойхана, асхана дегенің соңғы жылдары қаптап кетті. Өзбектің «Киш-миш» деген кафесіне кіріп, жеке бөлме алдым.

– Қанағат шырағым, басыңды қатырып қайтем. Тәтті дәурен атқан оқтай зу етіп өте шығыпты. Көрікті, келбетті болу да адамды бұзады екен. Әйтеуір қыз-келіншектердің жанында суға жүзген балықтай емін-еркін болып, айдарымнан жел есіп, қылымсыған небір сұлулар құшағыма құлап түсетін. Әп-әдемі әйелім – медик, бір ұл, екі қыз тауып берді. Бірақ мен дуаланған бейбақпын, қыз-келіншек қуып кеттім. Қайран әйелім, талай мәрте ұстап алса да балаларымыз үшін кешіре-кешіре, жүрек талмасы ұстайтын дімкәс болды. Адам ес-түстен адаспасын де, өзім құралас ойнақтаған бір жәдігөй бәле жатып жабысып, бала-шағамды тастап қалай соның қолына кіріп алғанымды білмей қалдым. Ол кезде шалқыған ректормын, жаңағы албастыға орталықтан үш бөлме үй алып бердім. Бұрынғы байларынан қалған екі қызы бар, соның үлкенінің атына жаздырып алды. Одан әрі өсіп айхай министр болғанымда жәдігөй бәле «ажырасамын» деп дігір салды. Зұлымдық – сұрқияның досы, оның бар арманы – үйлі болу екен. Сымпитып дипломатыммен ғана қуып шықты-ау…

Ақшалы еркек қартаймайды, одан кейін бұл ағаң екі мәрте үйленді, қаншама у-ду сылқымдарға буда-буда жиған-тергенімді шаштым десеңші!.. Өстіп жүргенде алғашқы бәйбішем қайтыс болып кетіпті. Естідім, бірақ жерлеуіне бара алмадым, барғым келмеді. Мейірімін жоғалтқан жан – кісілігінен де тұттай айырылады. Қайран асыл жарым-ай!..

Балаларына «Әкеңе қараңдар, әкеңді сыйлаңдар, оған өкпелемеңдер…» деп айта-айта аманаттап кетіпті ғой…

«Көп асқанға бір тосқан», демекші арақ деген жындысуға үйір болып, қызметімнен қуылдым, тіпті бір қағаздарға қызулықпен қарамай қол қойып жіберіп, сотталып кете жаздап, әзер құтылдым. Университетке профессор болып орналастым, біраз жыл сыбай-салтаң бойдақ боп жүріп қалдым. Жас келіп қалғанда бұлықсыған отызға жетпеген алтындай сары шашты, сазандай топ-толық, дөңгеленген орыс келіншегімен әмпей-жәмпей болып, ақыры соның бір бөлмелі үйіне кіріп алдым. Алты жасар сарыүрпек ұлы бар, күйеуі сотталып кетіпті.

Жазғы демалысымда әйелімнің төркініне Волгоградқа артынып-тартынып барып қайттық. Ескі ағаш үйде тұратын кәрі әке-шешесі мен бауырларымен танысып, самогон, брага іштік, дидарына көз жетпейтін шалқыған Волгаға шомылып, бау-бақшасына көмектесіп, күнге күйіп, қараторланып шыға келдік. Әшейін ішерге тамағын әзер тауып отырған бейшараларға барынша көмектестім, мебель, тоңазытқыш, телевизор сыйладым, әрқайсысына сауып сүтін ішіңдер деп базардан сиыр сатып әпердім.

Мәз-мейрам боп: «Лида, мына профессор күйеуіңнен айырылма. Молодец ол!» деді бәрі қайтарымызда келіншегіме табыстап, мені сілекейлеп жағалай сүйіп шығарып салды.

– Аға, тамақтан алсаңызшы… – Тағы не заказ берейік? – дедім. Бектасов толқып, дауысы дірілдей әңгімесін әрі жалғай түсті.

– Қойынымда сары алтын емес, сары ала бас улы жылан жатқанын қайдан білейін… «Жаным, жаңа үй алайық, мына жалғыз бөлме тар ғой бізге» деп айналдырған соң орталықтан жаңа салынған биік ғимараттан төрт бөлме үйді келіншегімнің атына сатып әпердім. Сөйтіп жүргенде жүрегімнің талмасы ұстап, кардиология ауруханасынан бірақ шықтым. Инфаркт, жүрекше қалақшасы жөнді істемейді деп төсімді айырып, операция жасады. Наркоз беріп, кеудемді тілгілеп тастаған, есімді жисам аузы-мұрныма түтікшелер тығып қойған.

Кеше ғана тұлпардай секіріп жүрген Бектасов ауруханадан кәужіреген мүгедек болып шықтым. Екі ай санаторийге жіберді. Одан қайта ауруханаға жатқызды. Күнде азанда алдымен дәрі ішемін. Түйір дәрі жұтпасам жатқанда ұйықтай да алмайтын халге жеттім. Екінші топтағы мүгедек болып, дәріхана мен ауруханадан шықпайтын болдым. Келіншегім Дубайға демалып, құлпырып келді.

Ең соңғы жиған-тергеніме төрт бөлме үй әпердім емес пе? Баяғыдай шалқып жүрер ақшам жоқ, дәрі-дәрмегіме жетер-жетпес қалт-құлт етіп жүргенде Лидам сойқанды салды. «Түрмедегі күйеуім шығып келді, сонымен қайта қосыламын, бала да соныкі» – деп үйден сүмірейтіп қуып шықты. Не деген сұрқия, қанышер десеңші! Төрт бөлмелі үйді сықырлатып толтырып қойдым, астына су жаңа машина да әпердім емес пе!..

Барар жер, басар тау жоқ, бас мәңгіріп, көшеде қаңғырып қалдым. Қаладағы арзанқолдау қонақүйде бір айға әзер шыдадым, ас-су ішу керек, қасыма өңкей кебеже қарын алқаштар түнейді, түні бойы жын-ойнақ. Есеңгіреп, есім кетіп жүргенде тұңғыш қызым Балқия іздеп келіп, тауып алды.

Екеуміз ұйғыр асханасынан лағман жеп, көк шәй ішіп отырып кезек-кезек көзімізді сығып, өксіп алысамыз. Қыз дегеннен айналайын – нағыз жанашыр солар ғой. Қызметімнің буына ісіп, кеуіп жүргенімде бұларды мүлде естен шығарып, ұмытып кеттім емес пе?..

Қызым шабаданымды көтеріп, Кеген ауданында тұратын үйіне алып қайтпақ болды. Қара қатқақ қақылдаған әзірейілдей қақылдаған қара күз, бұлыңғыр дала, қарабураша қабат-қабат түнерген бұлттар да толғақ қысқан әйелдей теңселеді. Қалтырап, дірілдеп, денемді суық қармап автобуста да жылына алмай-ақ қойдым. Кегенге жеткенше жылбысқы жаңбыр жылады да тұрды. Ары қарай тау ішіндегі ауылына тағы автобус күттік, кеш түскен сәтте ғана қоңыз секілді ескі автобусқа мініп, иір-қиыр жолмен қиядан қияға өрге қарай ызылдап көтеріле бердік.

Екі белдің ортасындағы дөңесте орналасқан шағын ғана ауыл. Жауынға малшынып шет көшедегі шаңырағына малмандай су болып ентігіп, сан тоқтап әзер жеттім-ау…

Екі бөлмелі саман ескі үй, төрт баласы шешесін бас салды. Күйеубала жекеменшік сиыр бағады екен, ол да су-су болып киімдерін ортадағы темір пешке кептіруде.

Шыжылдатып, быжылдатып қызым ас әзірледі. Аласа дөңгелек үстелге қойған дастархандағы тағамды жауша жапырып, кеспе қуырдақты сыпырып-сиырып жеп тауыстық.

– Балаларым ашығып қалыпты ғой! – деді қызым қысылып. Күйеубаланың қабағы ашылмайды, көп сөзге жоқ, терлеп-тепшіп шәй ішісімен қисая кетіп, қорылдап ұйқыға басты.

Түнде қызуым көтерілді, төрт бала кезек-кезек жылайды, бұрышта үйді көшірердей ысқырып, пысқырып барып, жуан қорылға ұласатын күйеубала былқ етпейді. Таңға дейін көз іле алмадым, күйіп-жанып барам, қалшылдап, дірілдеп бірде өлердей жаураймын да, сәлден кейін қайта пысынап бүкіл тұла бойым оттай жанып, ыстықтап алаурап кетемін.

Ақыры шыдай алмай далаға шықтым, бүкіл әлем – бозаң тартқан, үлпілдеп аппақ қар жауып тұр.

Үйге қайта кіре бере құласам керек, есімді түк білмеймін. Жедел жәрдем шақырыпты, ол келгенше сандырақтап күйіп-жанып, қызуым қырыққа жетіп аласұрып жатыппын. Ертесіне кешке келген жедел жәрдем аудандағы ауруханаға әкеп салды. Ақыры, несін айтайын екі өкпе қабынып, суық тиген, күркілдеп жөтеліп табандатқан жиырма күн тапжылмай жатып, дертім әзер қайтқандай болды. Балқия хабар берсе керек ұлым Темір мен кіші қызым Жібек келіп қайтты. Мен не дейін? Көз жасыма ерік беріп, еңкілдеп жылап есейіп кеткен балаларымды құшақтап жылай бердім. Соңғы кездері сәл нәрсеге көңілім босап, жылауық болып алдым. Әкелік мейірім көрмеген тірі жетім боп өскен балаларым енесін тапқан бұзаудай құшағыма кіре береді. Бәрінің иықтары бүлкілдеп, қыстыға боздағанда қара жерге кіріп кете сақтадым ғой. Ешқайсымыз ашылып ештеңе айта алмадық. Тек қайтар кездерінде ұлым:

– Мамам «Әкеңе қарсы сөйлемеңдер. Әкелеріңді кешіріңдер, іздеп тауып алыңдар. Әкелеріңнен артық бұл әлемде жан жоқ, соны түсініңдер» деп кетті ғой – дегенде тірідей өлдім ғой. Тұлып боп, тілім күрмеліп, екі қызым мен ұлыма тік қарай алмай жер боп қалдым ғой мен бейбақ.

Балқия ауруханадан үйіне шығарып алып еді, ентігу басталды, жүрегім атқақтап соғып, бір үрей кеудемді кеулей өртеп, түн баласы шоқиып отырып шығатын жаман әдет пайда болды.

Қайта ауруханаға түстім, енді қан қысымым көтеріліп кетіпті, жүректе ақау бар. Бұл таулы жер маған мүлде жақпайды, Алматыға барып емделуге қағаз беріп, шығарып салды.

Кардиология ауруханасында жатып шыққан соң, ұлым үйіне алып кетпек болды. Балқияныкі тауда жүрек шыдамайды, кіші қыз Астанада.

Темір демекші бәрі Тимур деп кеткен балам қабадай сақал-мұрт өсіріп алған, жұмыстан қолы босаса болды мешітте болады. Үйі қала шетінде, баяғыда өзім соққам, әкемнің қарашаңырағының орынында. Ұлым төрт немереммен бірге азан-қазан ғып намаз оқиды, бастарын шайқап зікір салады.

Мен атеист-коммунистпін, біртүрлі жат. Балам қанша уағыз айтып, үгіттесе де көндіре алмады. Сақал-мұрты қауғадай, қысқа шалбар кигендер келіп жатады, бәрі бірігіп азан шақырады.

Темір өзі ғана емес төрт ұлын да соңынан ертіп мешіттен қалдырмайды, сақалдылардың үйіне барып, түні бойы сонда болып қайтады. Келінімді де тұмшалап киіндіріп қойған, қап-қара қалың хиджабын қысы-жазы бүркеніп киіп жүргені.

Есік алдындағы шошалада төсегім, сонда жеке жатамын. Қайта-қайта аурухана, санаторийге апарып салады. Балам мен немерелерім кітап, газет оқымайды, телевизор көрмейді. Мен газетсіз өмір сүре алмаймын, күнде ыңқылдап барып киоскіден газет-журнал сатып аламын. Он екі жыл сол шошалада ғұмырым өтті, ешкімге керек емеспін, ешкім мені іздемейді.

Өрттей едім, өзімнің теріме өзім симай, бықсып жанып, мүлде сөніп, суық күлге айналып бара жаттым ғой.

Темірім дертке шалынды, азып-шөгіп, құр сүйегі саудырап қалды. Дәрігер дегеннен өлердей қашады, өзіне де немерелеріме де ине салдырмайтын, дәрі ішкізбейтін қисық мінезі морт. Ақыры төсекке таңылды. Үйге шақырып көрсеткен таныс дәрігерім жеке сөйлесіп: «Балаңыз жаман ауруға шалдыққан, енді емдеуге кеш, асқынып кеткен» – деп айтқанда маңдайымнан балғамен ұрғандай есеңгіреп қалдым.

Алпамсадай ірі денелі Темірім жүдеп-жадап шөмиіп, құр сүйегі саудырап содан кейін алты ай бойы құр сүлдесі қалып, жатты да қойды. Өз ауруымды ұмытып, жалғыз тал ұлымның асты-үстіне түсіп қараумен болдым. Түк дәрі ішпейді, укол салдырмайды. Қуарып, сазарып қара су ғана ұрттап екі көзі жәутеңдеп сұлқ жатқанын көргенде, жүрегім парша-парша болады-ау…

– Балам, қалайсың? – деймін.

– Жақсы папа – дейді кезерген ернін әзер қимылдатып.

Құр жаңқа қу сүйек боп, өз қолымда жан тапсырды.

Бүкіл қаба сақалдылар қаптап, ай-шайға қарамай жүгіре көтеріп, сол күні-ақ жерлеп тастады. Үйге жан адам кіргізбейді, ас дайындатпайды, тек құран оқытады.

Жалғыз тал ұлымнан да айырылдым. Енді бәйбішем мен балам жатқан қос бейітке жұма сайын барып, торығып, толғанып, зарланып ішкі запыранымды ақтарамын. Бәріне өзім кінәлімін, міне енді олар тып-тыныш мәңгілік мекенінде жатыр. Ал, мен сүмелек аш тазыдай әлі сүйретіліп жүрмін, әдейі қорлықтың бар азабын тарт деп тастап кеткендей, мәңгіріп жүрдім де қойдым.

Астафралла, десеңші содан кейін бар ғой мен бар ауру-дерттен құлантаза жазылып шыға келдім. Мендегі барлық сырқатты балам алып кеткен екен ғой…

Айлар алмасып, жылдар жылжып өтіп жатты.

Өз қанымнан туылған ұрпағым – немерелерім мүлде жат, бөтен. Зіңгіттей боп өсіп, сақал-мұрттары едірейген олар менімен мүлде сөйлеспейді, тасбиықтарын сылдырлатып басқа әлемде жүр. Бүгінгі күнге қанша айтып, жалынсам да мойындарын бұрғыза алмай зарландым ғой. Олар – зындандағы заһар тіршілікке дуаланған пенделер, ештеңеге селт етпейді. Баламның қырқын да, асын да бергізбеді, бірде-біреуі бейітке де бармады-ау, шіркіндер!

Екі үлкен немерем қабат үйленіп, үйге хиджаб киген екі келін түсірді. Тар шалбар киген сақалдылардың қыздары екен.

Шошаладан кетуіме тура келді, жас жұбайлардың бірі соған кіріп алған соң мен Астанаға кенже қызымдікіне тарттым.

Жібек жанұшырып қарсы алғанымен, күйеубалам жақтырмады. Екі бөлмелі үйінде енесі, күйеуі, үш баласы және күйеубаламның байдан қайтып келген қарындасы бір ұлымен тұрып жатыр екен. Бұл қаланың жазы аптап қапырық, бармақтай қалың масасы түн баласы шабуылдап маза бермейді, қысы үскірік боран. Көшеге шықсаң боздаған қара желі сүйегіңнен өтеді. Бір жылдай у-шу еткен шаңыраққа әзер шыдап, келер жазда Алматыма қайттым.

Барар жер, басар тауым жоқ, баяғы ұлымдікіне келдім, сүмірейіп. Төсек салып сыртқы сарайға орналастырды. Сарайдың бір бұрышында тоқал тарғыл сиыр малжаңдап бұзауымен байлаулы тұрады, екінші шетінде мен жатамын. Әйтеуір пенсиям бар, өзіме жетеді. Ешқайсы мені жақтырмайды, мен бір жатқан алжыған кәрі төбет секілді, анда-санда келіндерім тамақ әкеп береді. Ортақ үйдегі дастарханына да шақырмайды.

Сарайдың бір шетін реттеп, жөндеп, картонмен бөліп қысқа қарай электр пеш қойдыртып алдым.

Құдай-ай, неге мені алмайсың деп қарғанамын. Неге мені осынша ит қорлыққа салып қойдың? Бәйбішем мен ұлымның қос бейітіне барып жалынып, жалбарынамын, бүкіл шерімді айтып, тарқатамын…

– Аға, тамақтан алмадыңыз ғой. Мына науатпен көк шәй ішіңізші, – деп шынысына шәй құйдым. Ол бір ұрттады да, меңірейіп бір қауым уақыт сілейіп отырып қалды.

– Қанағат қарағым, жалықтырып, шошытып алған жоқпын ба?

Алжыған шалдың мылжыңы демессің… Енді ақырына дейін тыңда. Заман бұзылды ма, адам бұзылды ма? Тірі жүре берген соң, небір сойқан сорақыны көре береді екенсің.

Бір күні төрт немерем мен жатқан сарайға кіріп кеп тізіліп тұра қалды.

Тұңғыш немерем бірден сөз бастады.

– Ата, өзіңіз білесіз, менің де, мына інімнің де үш-үштен баласы бар. Енді мына соңғы екі інімді үйлендірмекшіміз. Мына сарайды бұзып, тез арада екі бөлмелі там салып алуымыз керек – деді қауғадай аузы-мұрынын басқан сапсиған сақалын сипап.

– Мен қайтемін? – дедім немерелеріме жәутеңдей қарап.

– Оны да ойластырдық. Сізді қарттар үйіне өткіземіз – дегенде тастөбемнен таспен ұрғандай тілім аузыма симай шөкиіп отыра қалдым.

Атаңа нәлет, осы босағада неге өліп қалмадым. Ендігі өмірім не болмақ? Баяғы Болатбай бидің ұрпағы Бектасов деген ректор, министр болған дөкей ел-жұртына, бала-шағасына симай қарттар үйінде жатыр дейтін болды ғой. Қарабет болдым, қасірет қой бұл.

– Ата, құжаттарыңызды дайындаңыз. Алхамдулла, келесі аптада апарып тастаймыз, – деді де төртеуі тізілген қалпы шығып кетті.

Амал жоқ, Алматыдағы Момышұлы көшесіндегі қарттар үйін барып көрдім. Екі адамға бір бөлме, дәрі-дәрмегін көтерген медиктер жүгіріп жүр. Тап-таза. Тек бұл жерге жатуға кезекке тұрады екенсің, осында жатуға арыз жазған кемпір-шалдар көп, үш-төрт жылсыз мүлде орналаса алмайтынымды айтып бастығы сөзбен сылап-сипап шығарып салды.

Талғар қаласындағы қарттар үйіне барып көрсем, бұл жекеменшіктікі, ақша төлейсің. Ескі барак үйлерде бір бөлмесінде бес-алты кәужіреген кәрілер ыңқылдап жатыр.

Астана түбіндегі төрт қабатты қарттар үйінде қазақтар аз. Көбісі басқа ұлт. Ұсқынсыз алқаш, бомждар шетінен.

Не істеймін? Тұңғышым Балқияның жеті баласы бар, кенже қызым әлі үйін кеңейте алмай жүр. Күйеубала араққа салынып, жұмыстан шығып қалыпты.

Сордан арылмаған тайқы маңдайымы тоқпақтап не істерімді білмеймін. Қайда, кімге барамын?

Қанағат, шәкірттерімнің ішінде зейіндісі едің. Ойлап-ойлап саған келуді жөн санадым. Сен горсобестің бастығына мені алып кір, Алматыдағы дом престарелхқа орналастыр, шырағым. Осы тілегім, аманат саған!

Даяшымен еспешот айрылысып далаға шығысымен горсобестің бастығына қалта телефонмен хабарластым.

Жұмысында отыр екен, келіңіз, – деді.

Қазір кез-келген мекемеге кіру – қияметтің қыл көпірінен өтуден әрмен қиын. Сыртқы есіктегі полицейден өтіп, үшінші қабаттағы күзетші тергеп, бастыққа әзер кірдік. Өз-өзінен шаршап отырған, жасына жетпей кемпір боп кеткен бастық әйел көзілдірігінің астымен сүзіле қарап, әңгімемді тоқтатып тастап:

– Ол жерге жатуға мыңнан астам кезекте тұр. Әр тоқсан сайын арнайы комиссия кезек бойынша кімді жатқызатынын шешеді. Қарттар үйіндегі өлген, кеткендердің орнына соларды жатқызамыз, – деді әңгіме бітті дегендей қос алақанын жайып.

Пушкин көшесімен төмен қарай жүріп келеміз.

Ойы, сөзі бұзылмаған, құлағы да естиді. Бұл бейбақ сормаңдай қарияға әбден қиын болды-ау…

– Кәужереп құр сүйегі қаңсыған қақсаған тірі өлік мен сілімтік кімге керекпін, а? Жүрегім өртеніп тұр. Өзімнің қаным ғой дейтіндер тасжүрек, қатыгез боп кетіпті. Зауал ғой бұл. Бәріне өзім кінәлімін! Тек қана өзім! Әттең шіркін, өмірімді қайта бастасам ғой… Әттең-ай!.. Торығып, өкінемін, бәрі кеш!.. деп – ол кеудесін жара күрсінді.

Автовокзалға апарып, таскисге ақшасын төлеп, үйіне дейін жеткізіп салуын тапсырдым.

– Қарағым, Қанағат, айып етпе! Сені шаршатып жібердім бе? Атаңның назары жығылғанымен, сен сияқты асыл інімнің базары тарқамасын. Мә, мына беторамалды алшы. Қанша қауқиып жүрем дейсің, сыртым бүтін, ішім шер. Олай-бұлай боп кетсем кім маған жыртыс таратады. Мынау сол жыртысым, – дегенде Бектасов ағайдың көзі суланып, дауысы дірілдеп кетті.

Біздің елде пайғамбар жасынан асқан кісі қайтқанда қойғаннан кейін бейіті басында құлаш кездеме жыртып, жыртыс деп тарататын. Кейінгі жылдары жыртыс деп осындай беторамал үлестіретін салтқа айналды.

Қалтамдағы бар ақшамды беріп:

– Аға, қош боп тұрыңыз. Хабарласамын, телефон шалып іздеп тауып аламын Сізді – дедім жүрегім қан жылап.

Қайран ұстазым-ай, десеңізші! Тамағыма ыстық өксік тығылды. Зар илеп, запыран құсып жүрген қария мінген такси көзден таса болғанша сілейіп қарадым да тұрдым.

Заман апалаң-топалаң болып, індет жайлап, карантинге қамалып үйде жатқанда мұрттай ұшып ауырып, ауруханаға түстім.

Ілдалдалап жазылып үйге шығып келген соң, жиналып қалған газеттерді ақтарып қарап отырып селк ете түстім.

Кезінде ректор, министр болған профессор Хамит Бектасовтың қайтыс болғанына орай көңіл айту беріліпті.

Сөмкеме салып қойған әлі бүктеуі жазылмаған сол кезде жыртысым деп берген беторамалды «Иманды бол, аға!» деп бетіме баса бердім, иіскей бердім…

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті

редакциясының алқа төрағасы

Шілде, 2023 жыл.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *