АЗАТТЫҚТЫҢ АЛТЫН АРҚАУЫ

Заң Қоғам
1 164 Views

Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғанына биыл 25 жыл толып отыр. Бұл – егемен елдің ұлы мерекесі. 1995 жылғы 30 тамызда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданып, ел тарихында өшпес орын қалдырды.Конституция еліміздің істерінің қайнар бастауына айналып, жарқын болашағымыздыңкепілі ретінде танылды. Ол мемлекеттілік тетік, қоғамдық, саяси институттарретінде қызметтің негізі боларлық принциптерін орнықтырды, адам мен азаматтыңконституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерінайқындады.

Бұл Тәуелсіз Қазақстанның екінші Конституциясы. Тұңғыш Конституция 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданып, екі жылдай қолданылып, өз күшін жойған болатын. Ол жаңа заман талаптарына сәйкес бағыт бере алмайтынын көрсетті. Сондықтан да бүкілхалықтық референдум арқылы қазіргі қолданыстағы Ата заңымыз – Конституцияны қабылдадық.

Осы орайда мереке қарсаңында Қазақстанның Құрметті Судьясы, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткер, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау қайырымдылық қорының» төрағасы, «Барыс» төсбелгісімен марапатталған Заң саласына еселі еңбегі сіңген азамат – Бекет Тұрғараұлы Тұрғараев мырза ойымен бөлісті. Өз сөзінде Құрметті Судья қазақстандықтарды Конституция мейрамымен құттықтап, қазіргі таңда өзекті болған пікірін ортаға салды:

«Биыл ел тарихында елеулі орын алған, жарқын болашаққа бастау болған Ата Заңымыз Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығын атап өткелі отырмыз. Елімізде егемендік алғаннан соң екі Конституция қабылданды. Бірі – 1993 жылы, ал екіншісі – 1995 жылы 30 тамызда қабылданған заң. Ол заң бойынша біздің еліміз Президенттік басқару жүйесіне көшкен еді. Бірақ осы заңның негізін қалаған, осы заңды Парламентте баяндаған, осы Конституцияны қабылдауға тікелей атсалысқан академик Сұлтан Сартаев сол кезде Елбасымен болған әңгімесін жуырда Facebook-та жариялады. Тақырыбы – «Арылу». Сонда айтады: «Кезінде басқару жүйесін қабылдайтын уақытта Президенттік басқару жүйесінің дұрыс екенін қолдадым, ал Елбасы Парламенттік басқаруды ұсынып еді. Кейіннен мен осылай айтқаннан кейін,ол кісі ойланып барып, Сіздікі дұрыс екен деп президенттік сайлау жүйесіне тоқтады. Ал, бірақ кейінгі кезде ел басқару жүйесінде кетіп жатқан көптеген қателіктерді көріп, жеке адамның билікте істеуінен гөрі, парламенттік сайлау болғанда қателіктер мүмкін болмас еді деген өкінішімді білдірдім», – деген жазбасында. Шындығында «Алатау қанша биік болса да ай астында, адамзат қанша биік болса да заң астында» дегендей жеке адам қанша дегенмен пендешілік жасап, заңның шеңберінен шығып, заң деген – «менмін» деген сияқты көптеген өктемдік шешімдер қабылдауға ықпал еткен жағдайлар болды. Сондықтан да ол кісінің өкініш білдіріп отырғаны сол болуы керек. Бүгінде біз де елімізде парламенттік басқару жүйесінің қалыптасқанын қалаған болар едік. Қазіргі ел дамуында сол жүйенің негізді екеніне көзіміз жетті. Президенттік басқару жүйесі өзіне жүктелген міндетін кезінде атқарды. Оның тиген пайдасын жасырмаймыз. Ал енді қазіргі демократиялық даму кезеңінде парламенттік басқару дұрыс деп есептеймін. Өйткені бір адамның бар мәселені өзі шешуіне, қалған жүйедегілерді формальді сол адамға бағытталып, соның ыңғайына қарай заң қабылдайтын жағдайлар соңғы кезде белгілі болды. Оны көптеген заңгерлер де, еліміздің саяси тұлғалары да бүгінгі күнде ойдағыдай болды деп есептемей жатыр. Мен де сол пікірдегі адаммын», – деп пікір білдірді судья.

Осы орайда «Әділет. Рухани жаңғыру» республикалық газеті Бекет Тұрғараевтың осыдан 15 жыл бұрын жазылса да, ауқымы мен мән-мағынасы жойылмаған «Азаттықтың алтын арқауы» атты мақаласын жариялауды жөн көрдік.

Арғы тарихқа жүгінер болсақ, өз мәдениеті бар дала өркениетінде де белгіленген заң ережелері болған. “Есім ханның ескі жолы”, “Қасым ханның қасқа жолы”, әз Тәукеннің “Жеті жарғысы”, дау-дамайды бір ауыз кесімді сөз, кесікті шешіммен реттеп отырған билер институты… Осының бәрінде демократиялық принциптегі Конституциялық негіз болмады деп кім айта алады.

Бергі тарихқа көз салсақ, Қазақстанның бүкіл тарихында 5 Конституция қабылданғаны, олардың бәрі де ұлттық автономиядан бастап, мемлекеттік тәуелсіздік пен егемендікке дейінгі мемлекетіміздің белгілі бір даму кезеңдерін белгілегені хақ.

Осы орайда, Қазақстан Республикасын тәуелсіз мемлекет ретіндегі 1993 жылғы қабылданған тұңғыш Конституциясының тарихи маңызы болғандығын атап өткіміз келеді. Қазақстанды демократиялық, зайырлы және біртұтас мемлекет деп жариялаған бұл Конституция демократиялық бағыт ұстанған жаңару кезеңінің Конституциясы болды. Алайда бұл Конституцияда Қазақстан Республика екені көрсетілмеген еді және республика қызметінің түбегейлі принциптері айқындалмаған болатын. Ол тұста Қазақстанда президенттік те, парламенттік те республиканың белгілері болды. Оған қоса нарық экономикасына байланысты күнделікті туындап отырған талаптарға, оны іске асыру мақсаттарына, мемлекет ұстануға тиіс жаңа ағымдағы стратегиялық бағыт-бағдарына толық жауап бере алмады.

Мемлекеттік билік тармақтары арасындағы қайшылықтарды реттеу тетіктері де нақтыланбаған болатын. Қысқасы, жүйелі әлеуметтік — экономикалық және саяси өзгерістерге негіз болуға осалдық танытты.

Конституцияның осы және басқа да кемшін тұстарын толықтырып, негізгі принциптерді айқын етіп белгілеу мақсатында өмір өзі алға жаңа, толыққанды Конституция қабылдау керегін ұсынды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен осы бір кезек күттірмес күрделі мәселеге тез арада бел шешіп кірісу міндеті тұрды. Әбден сарапталып, сұрыпталған Конституция жобасы халық сүзгісіне шығарылды. Конституция жобасын талқылауға бүкіл халық бар ынта-ықыласымен қызығушылық танытып, атсалысқаны есімізде. Өйткені, Негізгі Заң – әрбір жекелеген азаматтың өмірдегі қарым-қатынасының, күнделікті іс-әрекетінің негізі, ол бүкіл еліміздің бітім-болмысы. Конституцияның 1-бабында “Мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары”, – деп атап көрсетілген. Конституция жобасының бүкіл халықтық талқылаудан өтуінің өзі әрбір адамның жеке құқығына берілген еркіндік деп сезінген ел, жаңа Конституцияны қанағаттанғандық сезіммен қабылдағаны да жадымызға. Осыған орай жаңа Конституцияға Адам құқығы жөніндегі Бүкіләлемдік декларацияға сәйкестендіріліп отыз баптан тұратын “Адам және азамат” атты жаңа бөлім қосылғанын, ал, бұл, Конституциямыздың қай салада да белгіленгенін көрсететінін риза сезіммен айта кеткіміз келеді.

Расында, 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған, бүгінге дейін ел игілігіне мүлтіксіз қызмет етіп келе жатқан Конституцияны тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ең үлкен жетістігіміз деп бағаласақ артық айтқандық емес. Бұл Конституцияда жоғарыда айтылған және басқа да кемшіліктер түгел реттелді.

Біріншіден, Конституцияның 2-бабы айқын белгілеп бергендей Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет боп танылды. Яки, Қазақстан президенттік республика болып жарияланып, президенттік басқару жүйесі нақтыланды. Бұл дер кезінде қабылданған өте дұрыс шешім болды. Өйткені, тап сол тұста қоғамды саяси және әлеуметтік-экономикалық дағдарыстан алып шығу үшін күшті әрі топтасқан билік жүйесі аса қажет еді.

Екіншіден, жаңа Конституция бойынша мемлекеттік біртұтас билік заң шығарушы, атқарушы және сот билігі боп үш тармаққа бөлінді. Ата заңымызда осы үш билік тармағының өзара және мемлекет басшысының билік тармақтарымен арақатынасы нақтыланды.

Үшіншіден, көппартиялық негізде саяси жүйе қалыптасты, парламентаризмнің негізі қаланып, қос палаталы Парламент дүниеге келді. Соның нәтижесінде бүгінде тиісті тәжірибеден өтіп, кәсіби шеберлігі шыңдалған Парламентте қоғам игілігіне қызмет етіп жатқан жүздеген жарқын із қалдырар жаңа заңдар қабылдануда.

Төртіншіден, Конституцияға жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару бөлімінің енгізілуі де Халықаралық үрдістерге сай келеді. Бұл бұрынғы Конституцияда жоқ болатын. Жергілікті өзін-өзі басқару институтының танылуы, әрбір азаматтың өз ой-жоспарларын жүзеге асыру, азаматтық бастамашылдығын көрсету мүмкіндігі болуын, жергілікті маңыздағы мәселелерді халықтың дербес шешуін қамтамасыз ету деген сөз. Бұл жаңа Конституцияның жетістігі. Алайда әлі күнге дейін жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңның қабылданбауы өкінішті.

Бесіншіден, сот жүйесін қалыптастырудың айқын ережелері белгіленді. Соттар мен судьялардың мәртебесі заңнама тұрғысында анықталып, ол сот төрелігін жүзеге асырудың құқықтық кепілдіктерін нығайтты. Елімізде қарқынды түрде сот реформасы жүріп жатыр. Соның нәтижесінде бүгінде озық елдер үрдісі мен үлгісіне бой ұрған тәуелсіз сот билігі, сондай-ақ, сот төрелігін жүзеге асырудың өркениетті жүйесі қалыптасты. Айталық, сотта көпе-көрінеу қылмыс туралы қылмыстық істерді тергеу мен қарау тәртібін бұрынғыдан да оңайлату мақсатында Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексіне тиісті өзгертулер енгізіліп, Жоғарғы соттың нормативтік қаулысы қабылданды. Сот өндірісін оңтайландыру және сот қаулыларын орындаушы органның құрылымдық жүйесі жетілдіріліп. “Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы” Заңына өзгертулер енгізілді. Соттар жұмысын халық үшін барынша ашық және ұғынықты ету жолында Жоғарғы сот пен барлық облыстық соттарда бұқаралық ақпарат тығыз кәсіби байланыс орнатып отырған баспасөз қызметі құрылды. Бұқаралық ақпарат құралдырының өкілдері, сондай-ақ жекелеген тұлғалар да сот қаулыларымен, және соттар іс тәжірибесінің қорытылған жиынтығымен Жоғарғы соттың вебсайты арқылы танысуға мүмкіндіктері бар. Жоғарғы сот пен Судьялар одағының “Тураби”, “Заңгер” секілді мерзімді басылымдарында сот саласының жетістіктері мен кемшіліктері ашық жазылып тұрады. Алқа билер институтының тиімді түрін енгізудің жолдары ғылыми талдаудан өтіп, арнайы заң жобасы әзірлену үстінде. Мамандандырылған соттар орнықтырылып республикамызда қазір мамандандырылған экономикалық және әкімшілік соттар жұмыс істеуде. Дауларды шешудің баламалы әдістерін енгізудің мүмкіндіктері жан-жақты зерттеле келе, “Аралық соттар туралы” заңдар қабылданды. Республика соттары тергеу ісіне сот бақылауын ендірудің шетелдік тәжірибесін терең зерттеп осы әдістің дұрыстығына көз жеткізіп отыр. Президент алдыңғы Жолдауында “Конституцияға сәйкес қылмыстық қудалау органдарының іс жүргізу қызметіне деген сот бақылауын күшейте түсу керек, ол үшін тұтқындауға соттың санкциясын шығару институтын енгізуге дейін бару керек” деген болатын. Таяуда ғана Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық комиссиясының отырысында осы мәселе қаралып, нәтижесінде тұтқындауға санкция беру құзіретін соттарға жүктеу жөніндегі ұсыныс қабылданды. Көп ұзамай бұл туралы заңды шешім қабылдануы тиіс. Сот кадрларын даярлау мен біліктілігін арттырудың тиімді жүйесін қолдану бағытында сот реформасының аясында Сот Академиясы ашылды. Бүгінде ол “Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының кадрларын даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыруды одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы” Президент Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына қосылып жұмыс істей бастады. Осы және басқа да бағыттағы сот жүйесін жетілдіре түсу жолында жасалып жатқан барлық игі шаралардың бастауы сот реформасының өзекті бағыттарын айқындап берген Ата заңымыздың арқауында жатқанын айту ләзім.

Жуырда Қазақстан Республикасы судьяларының 4-съезі өтті. Съезд жұмысына Президент Н.Ә.Назарбаев қатысып сөз сөйледі. Сот реформасын дамыта түсуге қатысты баяндамада айтылған ұсыныс, пікірлер Елбасы тарапынан негізінен қолдау тапты. Сонымен бірге Нұрсұлтан Әбішұлы республика соттарына маңызды міндеттер жүктеді.

Судьялыққа кандидатты конкурстық іріктеу үрдісін демократияландыру жөнінде шаралар кабылдау қажеттігін, осыған байланысты Жоғары Сот Кеңесі мен судья кадрларын іріктеу жөніндегі Әділет біліктілік алқасы жұмысының тиімділігін, келісімі мен үйлесімділігін арттыруды, судьялықтан үміткерлердің моральдық қасиетіне айырықша көңіл бөле отырып, оларға қойылатын талаптарды ерекше қатаңдандыру керегін және тәртіптік біліктілік алқасының қызметін ұйымдастыруға деген көзқарасты қайта қарау қажеттігін де баса айтты.

Сот беделін төмендетер жәйттің бірі, сот шешімдерінің уақтылы орындалмауы екенін барша жұрт жақсы біледі. Осыған орай Елбасы сот қаулыларын орындау жөніндегі жұмыстың деңгейін көтеру қажеттігін, бұл бағытта жекеменшік сот орындаушылары институтын енгізудің әлдеқайда түбегейлі шара екенін атап көрсетті. Кәмелетке толмағандардың істері бойынша соттар және басқа мамандандырылған соттар құру туралы ойлануды тапсырды. Ал, Елбасының сот төрелігіне қолжетімділік, сотқа қайырылу мүмкіндігі, түптеп келгенде бюрократияға бірден-бір айқын ықпал етуі тиіс. Тек қана сот шағын және орта бизнес үшін ірі қаржы-өнеркәсіптік топтармен адал бәсеке ережелерінің сақталуына қол жеткізетін орын болуы тиіс дегені қалың көпшіліктің көңілінен шыққаны анық.

Өйткені бұл, қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартудағы демократиялық, құқықтық; мемлекеттің негізді де негізгі ұстанымы. Бұның да түп төркіні 26-бапта “Әркімнің кәсіпкерлік кызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар.

Монополистік қызмет заңмен реттеледі әрі шектеледі. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады” деп атап көрсеткен Ата заңымыздан тамыр тартады.

Негізгі Заңымызда алғаш рет Конституциялық кеңес секілді мемлекеттік орган белгіленді. Бұл да өте құптарлық жай. Өйткені Конституциялық кеңес Конституцияның тұрақтылығын қамтамасыз етумен бірге, қабылданатын заңдардың Ата заңға сәйкестігін бақылайды және оның сапасына да кепіл бола алады.

Қолданыстағы Конституцияда мемлекеттік тіл мәртебесі де айқындалды. Бірақ, екі бірдей Конституцияда да мемлекеттік мәртебеге ие болған тілдің әлі де өзінің лайықты тұғырына қона алмағанын айта кеткіміз келеді. Бұл түйткілді түйінің шешімі 7-баптың екінші тармағында тұрған секілді. Конституция нормаларына кейбір өзгертулер, толықтырулар енгізілетін жағдайда осы баптың екінші тармағын қайта қараса жөн болар еді. Біз тіл мәселесіне қатысты баспасөз беттерінде бірнеше рет пікір айтқан болатынбыз. Сондықтан өз саламызға ғана қатысты бірер сөз.

Шындығы керек, дәйекті түрде жүргізілген сот реформасының арқасында халық бүгінде бұрынғы үркектігінен арылып, сотқа деген сенімі күннен күнге нығайып келеді. Әйтсе де сот және құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтірер елеулі жәйттің бірі, мемлекеттік тілді қолдану аясының тарлығы. Рас, сот саласында кеңсе құжаттары мен іс, қатынас қағаздары, нұсқау, өкім секілді құжаттар мемлекеттік тілде атқарылады. Ал, іс қарау заң белгілеген норма бойынша, арыз шағым қай тілде берілсе, сол тілде жүретіні белгілі. Жасыратыны жоқ, сотқа кеп түсетін шағым бірен-саран болмаса негізінен тек ресми тілде жазылады. Және сол шағымданушының бәрі сол тілге жетік болса бір сәрі, арасында ол тілді білмек тұрмақ түсінбейтіндері де кездеседі. Ал, арыздары ресми тілде. Оның мәнісі не десек, ауылдық жерде тұратын қарт адам, не елге енді келген оралман адвокаттан арыз жазып беруді өтінеді, мемлекеттік тілді білмейтін ол, арызды ресми тілде жазып береді. Заңға сәйкес, ресми тілде жүрген процесс енді оған түсініксіз. Осыдан барып, әлгі тіл білмейтін шағымданушы істі түсінікті тілде жүргізбеді деп сотты кінәлайды. Ал, кінәнің басы адвокатта болып түр ғой. Дәлірек айтсақ, адвокаттың аздығында, ауылдық жерлерде мүлдем жоқтығында, барының өзінің басым көпшілігінің мемлекеттік тілді білмейтінінде жатыр. Мемлекеттік тілді меңгерген тергеушілер де аз. Осындай және басқа да көп кедергілерден кейін жұрт сотқа, құқық қорғау органдарына баруға беттен басқандай болады, барса лажсыздан барады және нәтиже шығарына сенімсіз. Сонда жоғарыда айтқан, Ата заңымыз айқындап берген “мемлекеттің ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары” қайда қалды? Міне, біз адам құқығын қалай қорғап жүрміз. Тоқетері, адамдармен күнделікті тығыз қарым — қатынаста болатын сот, прокуратура, ішкі істер министрлігі, құқық қорғау органдарының барлық саласы мемлекеттік тілді толық меңгеретін мезгіл жетті деп білемін. Ата заңымызды, Ата заң аясынан шыққан “Мемлекеттік тіл туралы” заңды алдымен біз, заңгерлер өзіміз құрметтеп, өзіміз үлгі болуымыз керек деп білемін. Біз болашағымызды ойласақ, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың “Қазақстанның келешегі қазақ тілінде” деген сөзін жадымызда жаттап, іс жүзіне асыруымыз керек.

Бүгінде халық қоғамның барлық тыныс-тіршілігі заңмен ғана реттеліп, заң арқылы ғана шешілетінін түсінді. Сөйте тұра, өз өмірін, құқығы мен бостандығын қорғайтын заңды меңгеруге құлықсыз. Содан келіп, заңды білмеуінен, дәлірек айтсақ заң жүзіндегі сауатсыздығынан Конституциялық құқығын да пайдалана алмайды. Тіпті қарапайым азаматтық, құқықтық қарым — қатынасты заң бойынша реттестіре білмейді. Осыдан барып заң бұзушылық шығады. Мен қалың жұртшылықтың, тіпті жастардың өзінің басым көпшілігің Конституцияны оқымағандығына сенімдімін. Сонда, Конституцияны білмейтін, оны оқымаған адамда оған деген құрмет бола ма? Ал, ел мен жерге, мемлекетке, мемлекет басшысына, тіпті өзіңе деген құрмет Ата заңға деген құрметтен, Ата заңға деген мақтаныш сезімінен бастау алмай ма? Өйткені тәуелсіздігіңді нығайтып, тұрмысыңды жақсартып, жарқын болашағыңа жағдай жасап жатқан, елімізді айдай әлемге танытқан Ата заң емес пе?

Осындайда, “көрмес түйені де көрмес” дегендей Ата заңымыздың көптеген бағыттары бойынша ТМД мемлекеттердің алдында келе жатқаның, тіпті халықаралық стандарттарға сай келетіні елегісі келмей, Конституцияны өзгерту керек деп өрекпіп жүргендерге таңым бар. Конституцияны өзгерту дегеніміз, Конституциялық нормалар негізінде қалыптасқан құқықтық-заңнамалық жүйенің бәрін жоққа шығару деген сөз. Бұл ешқандай ақылға да, ұғымға да сыймайды.

Халықаралық қауымдастық мойындап отырған Қазақстандағы батыл жүргізіліп жатқан демократиялық реформалардың негізінде қол жеткізіп отырған саяси, әлеуметтік-экономикалық жетістіктердің бәрінің қайнар көзі Конституциялық нормалардың дәлдігінде жатқан жоқ па?

Кейбір мәселелер жөнінде одан әрі жетілдіре түсу керектігі де байқалмайды емес. Мәселен, билік тармақтары арасында өкілеттілік пен жауапкершілікті нақтылай түссе орынды болар еді. Ал, парламентаризмнің рөлін арттырып, заң шығарушы биліктің саяси беделін күшейте түсу қажеттігі саяси жаңару процесінің талабы екенін Елбасының өзі ұсынған жаңашыл бастама.

Заманның озып, заңның тозуы уақыт еншісіндегі заңдық құбылыс. Уақыт эрозиясына ұшыраған кез келген құқықтық құжат секілді бүл Конституцияны да қайта қарауды қажет етер кез болуын да жоққа шығаруға болмайды. Өтпелі кезеңде жиі болып тұратын өзгерістер серпіні Негізгі Заңды жетілдірудің жолдарын қарастыруды алға тартпай тұрмайды. Бірақ, әл-әзір ондай қажеттілік туындап отырған жоқ. Қолданыстағы Ата заң – қоғамдағы әлеуметтік теңдік пен ұлттар арасындағы татулықты орнықтырудағы, саяси-экономикалық тұрақтылықты нығайтудағы, дамудың демократиялық жолына батыл түскен Қазақстанның әлемдік өркениетке қарай қарыштай қадам басуының алғы шарттарын жасап берген жасампаз да өміршең құжат.

“ЕҚ”, 11.08.2005 ж.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *