ЖЕР ЖҮРЕГІ

Әдебиет
577 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

– Варвара! Варваражан айтшы, Ғалеке өмірі қандай болады?

Білегіндегі тамырын Варвара саусағымен басып тұрып-тұрып:

– Көңілі де, өмірі де биікте, аспанда! – деп тез жауап беріп, тұрып кетті.

– Келер жаз басталған тұста мамырдың аяғына қарай мені еліңе алып кет, – деді Вася ағай. – Мына картаны ала барып, біржола саған беремін.

Тоқсан бірдегі шал әлі жүз жылдық ғұмыры бар секілді болашағына нық сенімді сөйледі.

Батпақ-батпақ болған БТР-ға отырарда қапсыра құшақтап:

– Вася ағай, сізге мәңгілік қарызбын. Не тілек тілесеңіз, бәрін орындаймын, – дегенде, бұрынғы тапсырғандарын тағы нығыздап:

– Картаны менен алғаныңды және мен жайында ешкімге айтпа! Аман-сау бол! Сен енді бақыт баспалдақтарымен өрлей бересің, биіктей бересің. Бақыттан басың айналып, құлап кетпе! Әрқашан сабыр сақта, жүрегің тыныш соқсын! – деп бүкіл кенші-геологтардың атасы атанған данышпан шал арқасынан қағып, шығарып салды.

БТР кабинасында жанында отырған ауғандық-десантшы аузы тыным таппай әңгіме соқты, Ғалымжан оның бірін де тыңдамай құлағынан асырып жіберіп, өз ойымен, қиял әлеміне шарықтап, болып-толып, еліне тезірек жетуге алып-ұшты.

***

Жартыбаев экспедициясы Қаратауды қиялап қазып, зерттеп шықты, талай кен орындарын бірінен кейін бірін тауып, аты дүркіреп кетті. Бұл өңірдің күнгей, теріскейі, даласы мен құм қойнауы қатпар-қатпар асыл қазынаға тұнып тұр, тек ықтияттап сол кенді ала біл. Әсіресе шетел баспасөзі дүрлікті, мына уран қайда кетеді, кім өңдейді, кім сатып алады? Көп мемлекет басшылары бұл өте қат, зәру кенді сатып алуға ұсыныстар түсіріп, келісімшартқа отыруға ұмтылды.

Қыс түсе Ғалымжан экспедициясын Алатауға алып келді. Негізінде жерге қар түсе бастағанда көп геологтар жұмысын доғарады. Ал, бұл өзі ғана білетін әулие шал-Бобровтан көшіріп алған карта бойынша ақ қар, көк мұзға оранған тау бөктерін тінткілеп қазып, өте мол қорын тауып, абыройы асқақтады. Құм ішіндегі өнеркәсіп ұлғайып, қауырт түрде бірнеше ғимараттар салынды. Премьер-министр келіп көріп, аса қатты риза болды. Президент қабылдап, бұған мемлекеттік сыйлық тапсырды.

Мәскеуге барып кандидаттығын қорғап, өңкей ақбас әлем таныған оқымыстылар мұның диссертациясын докторлық дәреже деп, ғылымдағы бүгінгі ғасырлық еңбегін бағалап, Ғылым Академиясының Алтын белгі атағын берді. Жетекшісі ғылыми докторлығын келер күзде қорғатуға уәде беріп, мұның ашқан кен орындарын «Ғылымдағы таңғажайып ірі құбылыс» деп бағалады.

Алатауды сонау Хан тәңіріне дейін зерттеп, кен орындарын тауып, белгілеп, жариялап бітем деп жүргенде күтпеген үлкен жаңалық болды. Бұлардың көкесі болып жүрген вице-министр министр болып тағайындалып, Жақан Сарбасов оның орынбасары болып шыға келді.

Ғалымжанды екеуі Астанаға шақырып, АО компаниясының президенттігіне ұсынды.

Жақан екеуі оңашада көп сөйлесіп, сырласты.

– Сен енді осы барысыңмен компания жанынан жаңа мекеме аш, оны орыстар «дочерный предприятия» дейді. Оның құрылтайшысы – өзің, мен және жаңа министріміз болады. Компанияға президент және мына мекемеге директор деген бұйрықты министр қолымен алып беремін. «Кен-ну» атты бұл мекеме жекеше болады, еліміздегі кен орындарын зерттейтін геологиялық бірден-бір мекемеге қаржы науаша құйылады. Сол түскен қаржыны үшке бөліп, офшор аймағына жіберіп тұрасың. Ол жақта шот ашып, құжатын дұрыстап, қолыңа береміз. Мұны жан адам білмеуі тиіс. Бұл министрдің тапсырмасы, – деп жаңа вице-министр Жақан Сарбасов таптап-таптап, талдап тұрып түсіндірді. Ертесінде қолына АО президенті және «Кен-ну» атты геологиялық партия құруға рұқсат деген қос бұйрықты алып, Шымкентке ұшты.

Шыркөбелек айналған қызметтің сан түрлі тірлігімен робот сияқты қалың жиналыстарға қатысып, Шымкент, Алматы, Астанаға барып, сан түрлі кеңселерге кіріп, мәселелер шешетін дөкей бастыққа айналды.

***

– Арқаны аралайық. Шилі, Болатты, Бүркітті деген тауларды көреміз, сол жерлерде белгілеп кеткен нүктелер бар, – деді Ғалымжанға Бобров картаны жазып, қарап отырып. Геологтардың әулие шалы – оның айтқаны бұған заң. Ол жай бір зерттеуші – Каширин деген біреу болып келді, қасында толысқан Варвара.

– Мені ешкімге таныстырып әуре болма. Екеуміз жай ғана барып қайтамыз. Сенің ісіңмен танысамын, – деген Вася ағайға зерттеу жұмыстарын көрсетті, Қаратау мен Алатаудан тапқан кен орындарының жай-жапсарын айтып берді. Вася ағай разы болып бұл арнайы тіктірген киіз үйге бір қонып асықтыра бастады.

– Күн өте қапырық, ыстық екен. Бұл кісіге ауыр болып жүрмесін, – деп Варвара ескертті.

Үш машинамен жолға шықты. Құс ұшпас, құлан жортпас Бетпақдала шілдеде қара тастары күйіп, шыжып тұр. Ішінде мұздатқышы бар жаңа джипте шал мен әйелі, алдыңғы көлікте өзі, үшінші машинаға қажетті ас-суларын тиеп алған.

Аспан айналып жерге түсердей ыстықтан Бетпақдаланың бәкене таулары, қатпар-қатпар жартасты сай-жыраларындағы жақпар тастар қап-қара боп күйіп кеткен. Аспанда ұшқан құс, жүгірген аң көрінбейді, мына лапылдаған өрт ыстықтан бәрі безіп кеткен.

Ғалымжан көңілді. Бобров баяғы картаны өзімен бірге ала келіпті. Тек бүгін мына жазғы жан шыдамас күйіп тұрған шақта баяғыда өзі сан жүріп өткен жолмен бір сапарлап, көріп қайтсам деп жолға шыққан беті. Варвара да Вася ағайдың денсаулығына алаңдап, ертерек қайтсақ деп бұған қайта-қайта айтып қояды.

Бетпақдаланы кесіп салған жаңа жолдан жырақ солға қарай бұрылып, шөбі күйген тозығы жеткен құрым киіздей тақыр жоталардың бірінен кейін бірін асып, шөп өсіп, су шайып бірде көрініп, бірде жоғалып кететін ескі сүрлеумен қалың жартасты тауларға кірді.

Бір белден асып еді, сай табанында есік-терезелері алынған, төбесі опырылып құлаған, аңғал-саңғал тозып, қираған үйлер сұлбалары сорайып көрінді. Арт жағындағы машина бипілдетіп, бәрі тоқтап, Бобров ақ шәпкесін киіп, сыртқа шықты.

– Міне, мына жер кезінде үлкен шахта болған. Анау таулардан туннель қазып, ішінен өте сирек кездесетін аса бағалы кен орнын ашқанбыз. Шахтерлер поселкасында бес жүзге жуық адам үш сменмен жұмыс істеп, бұл ара өте құпия күзетілді. Алғашқы өнімді өндірер шақта СССР тарап, Мәскеуге қараған бұл шахта талан-таражға түсіп, жабылып қалыпты деп естігем.

– Уран белгісі жоқ қой, – деп Ғалымжан дозаметріне қарап бас шайқай берді.

– Өте қымбат, сирек кен орнын осы жерден кездейсоқ тапқан едім. Жүріңдер, мына үйлердің арғы бетіндегі сайға түсейік, – деп Бобров жан-жағына сұқтана, қомағайлана қарап, қабағы түсіп кетті.

Қос қабағы қызыл жартас сай ішінде жалпиған жалғыз ағаш өсіп тұр. Жақындап келгенде байқады: тасты жарып тамшылаған жетім бұлақ суы үй орнындай жерді көгертіп, сазға сіңіп жатыр.

– Міне, бұлақ та орнында екен. – Мұның суында түрлі қоспа кен элементтері бар. Жуынуға болады, ішпей-ақ қойыңдар, – деп еді Варвара күйеуіне тіпті бет аузын да жуындырмады.

– Мына ағаш сол кезде бар болатын, бұл қасиетті ағаш, – деп осында тұратын шахтерлар, кенші-геологтар бір жапырағына тиіспейтін. Міне, әлі өсіп тұр, тек қартайыпты, қабығын қарашы, қурай бастағанын, – деп Вася ағай діңі жуан ағашты сипалап, күбірлеп кетті.

Кенет Варвара шар ете қалды, не болды деп селк етіп оған қараса әйел құлаған үйлер жаққа саусағын шошайтып, шошынып, күйеуінің артына тығылып жасырына қалды.

Сай ернеуінен жабайы адамдар бұларға қарай түсіп келе жатты. О дүниеден келген әруақтардай тыриған арық, жартылай жалаңаш, шаштары алба-жұлба, адами ұсқыны мүлде кетіп қалған жеті жан төмен бұларға жақындап келіп:

– Вы кто? – деп орысша тіл қатты.

– Геологтармыз, – деп көпті көрген Бобров жауап берді.

– Біз шахтерлармыз, – деді әлгілер мысықтабандап жақындап келіп.

Әлгілердің бүкіл денесі білеу-білеу ақ, сары, көк дақтар. Сонау Африкадағы зебра секілді, матростардың майкісін кигендей адам шошитын бет-ауыз, аяқтарына дейін тарғыл-тарғыл, қызыл ала жолақтар. Мына быт-шыт болған айдалада қаңсыған үйлерден шыққан ақтаңдақ-ақтаңдақ денелері білеуленген алапес тіршілік иелері ме деп Ғалымжан да қатты тіксінді. Мылтығы да жаңа машинада қалыпты, мыналар тарпа бас салса не болады? Жүрегі суылдап, есі шықты.

– Қай партия, кімнің шахтасында болдыңдар? – деп Бобров әлгілерден жөн сұрады.

– Сергеевтің шахтасынанбыз. Ол кейін Мәскеуге кетіп қалды.

– Бұл кен орнын кім тапқанын білесіңдер ме?

– Сергеев, – деді бірі.

– Жоқ, Сергеев айтатын менің ұстазым Бобров деген геологтардың атасы тапқан деп. Ол көзін жұмып глобусқа қарап отырып-ақ қаламұшымен міне мына жерде мынандай қазба байлық бар деп көрсете алатын әулие ғұлама болыпты. Сол кісі қайтыс болғаннан кейін шахта тарады, бұл ара ешкімге керек болмай қаңырап қалды.

– Бүкіл поселка тас-талқан болды. Ресейге, Украинаға, Новосибирге өтіп кетті. Мұнда әйелдер тұрмайды, мына суды ішкен қыз-келіншектер құтырып, қылықтанып кетеді. Еркектер ана құдық үңгірге бір ай кіріп жұмыс істесе әйелге жарамай қалады. Бәрі безіп кетті.

– Анау шахта үңгірінің қақпасын неге жауып, бекітіп кетпеген?

– Кім бекітеді. Ресейге, Мәскеуге қараған бұл шахта иесіз, ешкімге қажет болмай қалғанда бәрін тонап, ұрлап алып басшылар алдымен тайды. Артынан түгелін қалдырмай бәрін сындырып, кесіп, тасып әкетті, ешкім қалмай бытырап жан-жаққа көшті де кетті. Міне, жұртта мына біздер ғана қалдық. Барар жер, басар тауымыз жоқ. Ана бұзылған үйлердің подвалында тұрып жатырмыз, – деп түк басқан жалбыр бурыл шашты быртық шал кетік тісі ырсиып, жағдайын тізіп айта жөнелді.

– Кезінде бұлақ басында талай қонақ күтілген шығар?

– Бұл №35 рудникке Мәскеуден вертолетпен талай дөкейлер келіп-кетіп жатты… Оларда біздің шаруамыз жоқ, ақшаны күреп тапқанымызға мәз болып жүрдік қой! – деп кетік шал ағаш көлеңкесіне келіп тізе бүкті.

– Ғалеке, мына кісілерге дастархан жай енді, – деп Бобров бұған иек қақты. Бұл лып көтеріліп шоферларына тапсырма беріп, машина артына тиеп әкелгендерді дереу жеткізді. Кетік шал темекісін бұрқыратып әлі сөйлеп отыр:

– Мыналар көрден шыққан албастылар ма деп шошымаңыздар. Бұл бейбақтар жабайы ма, алапес ауруы бар ма деп ойламаңыздар. Мына үсті-басымыз, бет әлпетіміз түгел жолақ-жолақ болып кеткені – осы шахтаның кесірі. Отыз жыл бұрын бұл шахта жабылды, үш-төрт жыл қайта ашылады екен деп үміттеніп жүрдік. Инвестор келіп көреді деп біреулер шахтаны, поселкені қарап кетіп жүрді. Ақыры жан адамға керек болмай, қу мекиен айдалада қаңғып қалдық. Кеудесінде жаны бардың бәрі безіп жоғалды, қопарыла көшті. Мына қаңыраған үйіндіге айналған жұртта жеті тірі жан қалдық. Барар жер, басар тауымыз жоқ. Қайтеміз енді? – деп көзін сығырайтып, темекісін өшірді.

– Әр күні рудникке кіріп, қытайларға керек кенді қолмен жинаймыз. Содан үсті-басымыз осылай ала-құла болып, теріміз де, түріміз де бұзылып кетті, – деп төртбақ бәкене кісі әңгімеге араласты.

– Бәрің орыстарсың ба? – деп Бобров бәріне жағалай қарап шықты.

Варвара самаурын тұтатып, үрке қарап қояды.

– Қазір осында жеті жанбыз, төртеуіміз орыс, бір-бірден украин, беларус және бір шуваш бар.

– Қалай күн көріп, айдалада жан бағып жүрсіңдер?

– Қалай дерің бар ма? Әр айдың бірінде осында қытайлар келеді. Біз оларға рудниктен қажетті қазбаларды жинап, қаптарға салып дайындап қоямыз. Олар бізге азық-түлік, қажетті заттар әкеп беріп кетеді… Баяғыдай қорғануға, маскамен жүретін дәурен жоқ, жаяу жалаңаш ұңғыманың терең шатқалына барып қашап болғанша бес келілік шот балғамен ұрып, жинап, теріп аламыз. Шахта ішіне кіріп шыққаннан кейін екі күндей есеңгіреп, мәңгіріп, жынданған жандай берекеміз кетеді. Қайтеміз, кезек-кезек қаптарды арқалап, жантірлік үшін ішіне кіруге мәжбүр боламыз, – деп кетік шал тіршіліктерінің жай-жапсарын ортаға жайып салды.

Арнайы дайындап әкелген тамақ, сусындардан дастарханға сықастырып қойып, қуырылған майлы қуырдақты қазанға ысытып ортаға қойды.

– Қане, дастарханға келіңіздер, – деп Ғалымжан асқа шақырды. Ала-ала таңбалы, алба-жұлба жандар тастан сүмектеп аққан суға қолы-бастарын жуды, Варвара сабын мен әппақ сүлгі ұсынды.

– Тойға әзірлегендей дастарханды толтырыпсыздар ғой, – деп кетік шал төрге отырды. Вася ағайда жиркеніш, менсінбеу деген жоқ, сол кісінің жанына жайғасты. Варвара шәй құйып беріп, Ғалымжан шыны әперіп тұрды.

– Мынау бағланның басы, бұл тамақты қазақтар сірне дейді, – деп Ғалымжан балбырап тұрған қойдың басын Вася ағайдың алдына қойып еді, ол кісі:

– Біз кездейсоқ жүрген жолаушылармыз. Мына жердің иесі – Сізге беремін, – деп аузы-басын түк басқан кетік шалға ұсынды. – Аналарыңды әкел, кездесу үшін жүз грамнан ішейік, – деп құмыраларға қарай иек қақты.

Екі қайтара ішкеннен кейін:

– Шахтерлар мен геологтардың ата салты бойынша екі жүз грамнан артық ішуге болмайды. Жұмыс бар, артық кетсең жол жабылады деген дәстүр бар. Болды бұларыңды ары жинастырып қой, – деп қалған арақтарды дастарханнан алдырып тастады.

Бобров мына ұсқыны кеткен кеншілермен екі мәрте арақты тартып алып, әңгімелері жарасып кетті. Өзі шикіл сары кісі қызара бөртіп отыр.

– Біз осы партияда қалғандар арақ ішпейміз, ішетіндер болған, олар күйіп кетті, маскүнем болып қаңғып өлді. Осылардың қазіргі үлкені мен, бәрі мені тыңдайды. Кезектесіп, шахтаға түсеміз, кезектесіп ас дайындаймыз, қысқа қам жасаймыз, отын әзірлейміз. Әйтеуір тыным таппаймыз. Құр жата берсек, сүйегіміз шашылып, баяғыда қаңқаларымыз қалар еді.

– Қытайлар келіп тұрады дейсің бе?

– Иә, олар осы аймақты зерттеп жүріп, бізге жолықты ғой. Олар өте бейімделгіш, бәрін алдын ала жобалап, жоспармен іске кірісетін шаруақой жандар. Міне, осы тау-тасты кезіп картаға түсіріп, жердің асты-үстінде не бар бәріне геологиялық барлау жүргізіп жүрген қазір солар. Осы елдің кейін бар байлық-қазынасы түгел солардың қолында кетеді-ау деп ойлаймын. Міне, қазір де әр айдың бірінші күні үлкен Камаз машинамен келеді де біз жинаған қап-қап руданы тиеп алып кетеді.

– Сендерге не береді сонда?

– Бұзылмайтын азық-түлік, қажетті заттарды қағазға жазып береміз.

Келесі келгенде соларды әкеп тастайды. Басқа жан баласы бұл төңірекке жоламайды. «№35 партия тұрған жерде алапес жұқпалы ауруы бар бір топ адам бар, үсті-басы шұбар ала, «Жолағандарға індет жұғып, қырылып қалады» – деген қауесет тарап, ел-жұрт біткен алты қырдың ар жағында жоламай, айналып өтеді. Біз ешбір есепте, санатта жоқ жандармыз.

– Кен бар ма бұл өңірде?

– Әрине, бар. Мына тау Болатты, арғы жағы Күмістау. Қазақтар ертеден осылай атап келген, алтын қиыршықтары жердің үстінде шашылып жатады дейтін геологтар. Мына шахтада да мол қор бар. Техника, күш болса, ұңғышылар қазып қараса тау жынысында қатпар-қатпар қазына толып тұр. Баяғыда орыстар тауып, тау-тасын қопарып, бүкіл кенді біраз жыл Ресейге тасыды. Қазақтар өте қонақжай, жайбырақат, берекелі халық. Бірақ ол өздеріне сор болуы мүмкін. Түбі осы қазба байлықтың бәрін қопарып, сыпырып-сиырып қытайлар алып кете ме деп ойлаймын, – деп кетік шал біраз нәрсенің басын қылтитты.

Тамаққа мелдектеп тойған шұбарала жандар анадай жердегі бастау сумен қолы-бастарын шайды.

Көлеңке болса да күн тастөбеде тесіп жіберердей шыжғырып, бәрі қара терге көміліп, ауа жетпей үсті-бастарына су құйып, қайтуға жинала бастады.

Кетік шал қоштасарда:

– Сіздерді Құдай айдап әкелген шығар. Сіздерге аманат-өтінішім бар. Бізді апарып, ауруханаға жатқызса мына ақтаңдақ-ақтаңдақ алабажақ түріміз жазылар еді. Бұл қанның бұзыла бастаған тері ауруы, ешқандай жұқпалы емес. Емдесе жазылып кетер едік. Мына қалпымызда ешқайда шыға алмаймыз да, бара алмаймыз. Бұл түрімізден шошып, бізді айдалада атып тастауы да мүмкін. Сондықтан осы араны паналап, қытайларға жем болып жүріп жатырмыз, – деп, Бобров пен бұған көзіне жас үйіріліп, жалына қарады. – Біз де тірі пенде-адамбыз ғой. Анамыздан тудық, туған жер, туыстарымыз бар. Жазылсақ қалған ғұмырымызды ел секілді өткізсек деп армандаймыз. «Ассалаумағалейкум десең алты батпан өтініш айтады» деген қазақта мақал бар. Ішіміздегі мұң-зар, арманымызды Сіздерге айтып қалайық дегеніміз ғой. Бізді пенде деп, ас беріп, әңгімелескендеріңіздің өзі неге тұрады! Жан сырымызды, запыран тіршілігімізді жиырма бес жылда бір кездескен Сіздерге айтпағанда кімге айтар едік. Міне, үстімізге мына алақ-жұлақ шыққалы ширек ғасыр өтті, әлгі қытайлардан басқа тырс еткен тірі жанды көрмедік, – бәрі бізден қашады. Ешқандай жұғатын ауру-сырқау емес, шахтадағы рудадан теріміз осылай өзгеріп кетті. Ұңғыма-скважина іші шөккен уран. Міне, мынау соның әсері!..

Үсті-бастары, денелері түгел тарғыл-тарғыл, алба-жұлба жеті бейбақ пенде бұлар қайтарында қолдарын шошайтып, айдалада селтиіп қала берді.

***

Ертесіне кешке Шымкенттегі «Қайсар» мейрамханасында Вася ағаймен оңаша сөйлесіп, талай сырды бөлісті. Варвара самолетке жолға дайындала бастады.

– Енді бұл елге қайтып келе алмаспын. Саған міне, картаны табыс етемін. Бұл мына жер астында жасырынып жатқан уран кенінің елу-алпыс пайызы ғана. Сен ары қарай зертте. Бірақ лақ еткізіп бәрін тапсаң да жоғары жаққа айта берме. Белгілеп, жасырып картаңа түртіп қой. Бізден кейінгі ұрпаққа да керек. Тағы да айтамын, мені зор қазба-байлықты тапқан деп ешуақыт еш жерде атамай-ақ қой. Өзің ие бол, – деп данышпан геолог шабаданындағы бүктелген картаны алып, бүктеуін жазып, қай жерде қандай кен жатқаны жөнінде тәптіштеп түсіндіріп берді.

– Біз бәріміз Жер-Ананың перзентіміз. Жер жаратылғалы 4-6 миллиард жыл болып, іріктеліп, сұрыпталып, осыншама дәуірлерді өткізіп, қазіргі жағдайға жетті. Ал, адамзат қашан пайда болды, ол жөнінде бірнеше гипотеза бар. Қазақ геологы Байбатша деген алғашқы адамдар бүгінгі қазақ даласында екі-үш миллион жыл бұрын пайда болған деп жазып жүр. Өйткені, бұл дала сол дәуірде гүлжазиралы аймақ болған. Жыл бойы өмір сүруге өте қолайлы, мәңгі жазиралы, жып-жылы мекен екен. Міне, миллиондаған, миллиардтаған жылдар жер ядросына жабысқан, жиналған сан түрлі қоспалар, жиынтық дүниелер, шөккен шірінді бәрі-бәрі қыртыс-қыртыс, қатпар-қатпар болып жинала келе адамзатқа қолайлы гүлденген Жер-Ана – бүкіл жан-жануар, тіршілік иелеріне ғана пана болды. Ал, жер астындағы тізілген, жинақталған түрлі қоспалар сан түрге ауысып, қабат-қабат болып текшеленіп, кенге айналған. Оны өзің жақсы білесің, міне қазақ елінде – Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі бар бай ел. Жеріңнің үсті де бай, асты да толған қазына. Бұл Құдайдың жаратуы бойынша Жер-Ананың берген үлкен сыйы. Осыншама кен орындарын қазақ деген ақкөңіл, жомарт халықпен бірге жүріп, таптым. Менің экспедициямның бәрі дерлік қазақтар болды, осы даладай кең ғажап жандардың арқасында осындай табысқа ие болдық. Қазақстандағы бар кен орындарын ресейліктер тапқан, солар ашып берген деген сыңаржақ пікір қалыптасқан. Бұл қате, әдейі ойлап тапқан амалы. Қазақтар арасында керемет геологтар болды, тек аталмай, кезінде атақ, даңқ алмай, ел есінде қалмай барады.

Вася ағай біраз үндемей отырып қалды. Бұған кірпігі сиреп, қасы ағарған көзін қадай ұзақ қарап, әңгімесін әрі жалғады:

– Сен әлі талай биікке шығасың, оған мінезің де, ісің де сай. Саған бір-екі нәрсені айтып табыстайын деп отырмын. Бірінші: Дубек Дүйсенбеков деген ғажап геолог болды, осы өңірді жаяу аралап, әр тасты шұқып, әр шөбін иіскеп, жүзге жуық алтын кен орнын тапты. Міне, осы геолог-барлаушының алтын бар жерді сезетін ерекше қасиеті болған. Бүкіл Бетпақдаланы, Шудан Жезқазғанға дейінгі аралықты еңбектеп жүріп, бар алқапты түгел қалдырмай зерттеген. Сол кісі тапқан «Ақбақай» деген алтын кеніші істеп тұр. Бұл кісі нағыз ғұлама геолог, интуициясы керемет талантты тұлға еді. Міне сол геологқа не Еңбек Ері, не академик атағы берілмеді. Осы кісі жөнінде ойланып, үлкен қалада ескерткіш орнатып, бір көшеге атын бергіз, кітабын шығар. Ал, уранды зерттеуде кезінде Лениндік сыйлықты құпия түрде алған Халел Әубәкіров деген ағаңның тапқан жаңалық, зерттеулерін ары қарай дамытқын. Қытай, басқа елдердің геологтары қазақ даласын шарлап, уран сияқты баға жетпес қазба байлықтар қорын іздеп, зерттеуге құлшына кірісіп кетті. Олар ен байлықты иемденіп кетпес үшін, өздерің ие болыңдар. Байлық-қазынаға бәрі жанталаса ұмтылады. Бірақ ел сенікі, жер сенікі – ендеше байлық та сендердікі. Түсіңдің бе?!

Ендігі аманат – ана Бетпақдаланың бір қуысында қалған кезінде үлкен шахта болған жердегі кеше өзің көрген жеті адамды Астанаға апарып, емдет. Бұлар – кенші, шахтерлер ғой, не жазығы бар ен далада қаңғып қалған ит секілді жан баласына керегі болмай қалған. Теңбіл-теңбіл болып кеткен рудниктегі кейбір кеншілерді баяғыда бірлі-жарым болса да көретінбіз. Оларды дереу самолетпен Мәскеуге апарып емдеп жазып, пенсия тағайындап, басқа жұмыс тауып беретін. Сол рудникті зерттеңдер, онда сирек кездесетін әлемде өте қат саналатын өте қымбат қоспалар бар. Бір-бірінен ажырата алатын кәсіпорын ашу керек. Алтын өте қымбат дейміз ғой, оның бір грамы 35-40 доллар, ал осмий деген металдың бір грамы – 120 мың доллар. Осындай бағалы металдар өте көп қазақ жерінде.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру»

газеті редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *