ЗАМАНА ЛЕБІН ЖҮРЕКПЕН СЕЗІНГЕН ЖАН

Руханият Әдебиет
1 241 Views

Шымкенттегі Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты №1 кітапхана бөлімшесінде жазушы, журналист, драматург, баспагер, республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің директоры-бас редакторы Захардин Қыстаубаевтың 70 жасқа толған мерейтойына арналған «Қаламы қарымды қаламгер» атты әдеби кеш өткізілді. Оны аталмыш кітапхананың меңгерушісі Зухра Үсенова қысқаша кіріспе сөзбен ашты. Осы кітапхана жанындағы бұрынғы «Бастау», бүгінгі «Дастан» атты шығармашылық клубының жетекшісі, ақын, аудармашы, драматург, актер Әсет Омартегі құттықтау сөз сөйледі. Әдеби кештің тізгінін қолына алған аталмыш клубтың мүшесі Сандуғаш Қожабек одан әрі жүргізіп отырды.

Кітапханашы Әлия Дәулетова «Замана лебін аңдаған» деген тақырыпта баяндама жасап, мерейтой иесінің өмірі мен шығармашылық жолына тоқталып өтті:

– Захардин Қыстаубаевтың есімі күншуақты Оңтүстік өңірі, шырайлы Шымкент шаһарына ғана емес, егемен елімізге етене таныс. Оның қаламынан туған әңгіме, хикаяттарды айтпағанның өзінде, баспасөз бетінде жарық көрген публицистикалық сарындағы мақалаларын көпшілік іздеп жүріп оқиды. Баспадан шыққан кітаптарын құмарлана парақтайды. Спектакльдерін қызыға тамашалайды, – деді.

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті филология факультетінің І курс студенті Арайлым Дәнеш жазушының «Сүйріктің махаббаты» атты хикаятынан үзінді, сондай-ақ орыс тілінен аударылған және арнау өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқып, көпшілікті тәнті етті. Оңтүстік Қазақстан жоғарғы педагогикалық колледжінің IV курс студенті Айгерім Арманқызы жазушының бірқатар туындысына шолу жасады.

Журналист, ақын, аудармашы, республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің жауапты хатшысы Әбдісаттар Әліп:

– Жетпістің жотасына шығып отырған Захардин Қыстаубаев – бәріміздің ақылшы ұстазымыз. Қылышынан қан тамып тұрған кешегі Кеңес Одағының кезінде, Алматыда Мәдениет министрлігінде, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде, «Жас Алаш» газеті мен баспаларда қызмет істеген. Шымкентке қайта оралғалы бері де бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарына жетекшілік жасап келеді. Қай жерде және кім болса соның алдында бетің бар, жүзің бар демей, шындықты шыжғырып тұрып айтатын, солардың бәрін өзінің мақалаларында майын тамызып жазатын әріптесімізден үйренеріміз көп, – деді.

Талғат Шәріпбаев өзінің мерейтой иесіне арнаған «Қаламыңнан ел тілегі тамшылаған…» деп аталатын өлеңін оқып берді. Шымкенттегі Экология орталығының педагог маманы Шолпан Таскетбаева құттықтау сөз сөйледі. Осы орталыққа мүше болып табылатын шымкенттік мектеп оқушылары кеш иесіне көркем әдебиет, журналистика, драматургия жайында сан алуан сауал қойып, оған тұшымды жауап алды.

Кітапхана меңгерушісі Зухра Үсенова қаламгердің кітаптарына библиографиялық шолу жасады. Жақында ғана баспа бетін көрген «Жүректің сөзі» атты жинағына негізінен оның соңғы жылдары жергілікті баспасөз беттерінде жарияланған публицистикалық шығармалары мен «Айтбай – Мария» атты деректі пьесасы енген. Екі бөлімнен тұратын кітаптың алғашқы бөлімінде «Боямасыз портрет» айдарымен «Менің Президентім» атты толғанысы берілген. Осылардың ішінен, әсіресе, кезінде Қазақ Автономиялық Республикасы Халық Комиссарлар Кеңесінің Төрағасы лауазымын атқарған Нығмет Нұрмақов жайында жазылған сұхбаты әсерлі оқылатынын айрықша атап өтті.

ОККЖ директорының орынбасары Гүлнар Ендібаева құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесіне ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тіледі. Естелік ретінде қабырға сағатын сыйға тартты. Сонымен қатар аталмыш іс-шараға белсене қатысушыларды Алғыс хатпен марапаттады. Өз кезегінде Захардин Қыстаубаев әдеби кешті ұйымдастырушыларға деген шынайы ризашылық сезімін жеткізді.

Раушан СҰЛТАНБЕК,

Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі әдістеме бөлімінің меңгерушісі.

Шымкент қаласы.

ҚАЛАМЫҢНАН ЕЛ ТІЛЕГІ ТАМШЫЛАҒАН…

Жазушы Захардин Қыстаубаевқа

Киелі елдің рухы әл беріпті,

Жиып-теріп бойыңа бар көрікті.

Себелеп тұңғиығы тұнығынан,

Сезімің мен сеніміңе нәр беріпті.

Сабырлық пен төзімің қорған болған,

Киелі орын – тұғырлы ордаң болған.

Құрметпенен өзіңді қарсы алды,

Кішігірім болса да киелі ордам.

Өксік буып өткенге төзе алдың ба?

Әлі күнге елестер көз алдыңда.

Мұңын шертіп, ашылып айта алмаған

Желтоқсанның зарлы үні өз алдына.

Намысыңды ар-ождан қамшылаған,

Қаламыңнан ел тілегі тамшылаған.

Күмбірлетіп сырсандық кеудеңізді,

Көп шығар-ау сырыңыз ашылмаған.

Талғат ШӘРІПБАЕВ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *