АНА ӨСИЕТІ

Руханият Өмір-өзен
2 783 Views

Қайран, жалған дүние! Бәріміз пендешілікпен ата-анамыз жанымызда мәңгілік жүретіндей ғұмыр кешеміз. Тағдыр жазуымен олардан айырылғанда аһ ұрамыз. Ендігі әрбір күн екі дүние арасындағы тылсымға байланады. Сағынасыз, еске аласыз, тебіренесіз, толғанасыз. Алла аясындағы ана рухы, аруағы осыны сезінетінін санаңызбен қабылдағандай боласыз.

Ата-анаға деген сағыныш – ғаламдық сағыныштың ең үлкені деп ойлаймын. Әкенің жөні бір бөлек, анаңыздың нәрі мен бары бойыңызда, тәлім-тәрбиеңізде тұрғанын сәт сайын түсінесіз.

Осы 2020 жылдың 13 мамыры еді. Әдеттегідей фейсбукты шолып отырып, Оңал Азаматованың орындауындағы Түймебай Өмірзақовтың «Ананың өсиеті» атты термесіне көзім түсті. Аштым. Қостым. Ә дегеннен терменің әр жолы, әр сөзі асыл анам – Сәнім Ерғалиқызын көз алдыма әкеле берді. Жанарымда сағыныштың жасы парлады. Әп-сәтте құлдыраңдаған балалық дәуренім, талаптың тұлпарын мінген оқушы кезім, ана ақылы мен кеңесіне қаныққан жігіттік шағым көз алдыма келді.

Енді ойласам, ана ақылы – адамдық ар-намыстың бастауы, ана тәлімі – дәстүр қамалына қаланған берік кірпіш екен-ау.

Ұмытпасам, 1995 жылы шуақты көктемнің бір күні өзім жетекшілік ететін топ студенттеріне кураторлық сағат өткізіп отырдым. Ол кезде бұрынғы АлИИТ, қазіргі М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясының жоғары математика кафедрасында қызмет істейтінмін. Кенет топтағы бір қыз бала: «Ағай, сіздің өмірлік ұстанымыңыз қандай?» деп сұрақ қойды. Шынымды айтсам, сол уақытқа дейін еш жерде өмірлік ұстанымымды жария етпеппін. Сауал да дәл осылай төтеннен қойылатынын аңғармасам керек. Ойыма бірден бала жастан анам жиі қайталап айтатын «Біреуге пайдаң тимесе де, зияныңды келтірме!» деген өсиеті келді. Сол жерде, білім мен тәлімге шөлдеген студенттердің алдында Құдай ауызыма анамның нақылын – афоризмін салды. Ал, бұл сөздің тарихы мың жылдарға кететіні сөзсіз еді.

«Пайдаң тимесе» деген – «пайда тигізбе!» деген сөз емес, «тигіздіруге тырыс, бірақ болмаған жағдайда» деген сөз. Яғни бұл да – адамшылық арқауы. Ал, «зияныңды келтірме!» – гуманизм мен ақ тілектің нақ өзі. Бір ұғымға сыйдырылған екі түйіннен шығатын қорытынды: «Әр сөзіңді ойланып сөйле, әр ісіңді ақылмен жаса!» – дегенге саяды.

Шынымен де сол сәттен бастап «өмірлік ұстанымым осылай болу керек» деген тоқтамға келдім. Осы ойымнан ешқашан айныған емеспін. Және де осы уақытқа дейін жүрген жерімде, ортамда осыны басшылыққа алып келемін. Мысалы, қарапайым іс – автокөлігімді қандайда бір орынға қоярда алдымен басқа адамдарға кедергім болмаса екен деп ойлаймын. Бұл өсиет ұялы телефонымның статусында жазулы тұр. Талай таныстарым осы сөздің мағынасын түсіндіріп беруімді сұрап хабарласқан кезі де болды. Олардың барлығы жоғары білімді азаматтар еді… Ал, мұны айтқан анамның жеті кластық білімі ғана бар болатын.

Әр кез «Шешем жарықтық бұл сөзді қайдан білді? Оған кім айтты екен?» деп ойлайтынмын. Кейін егемен ел болып, дінге бет бұра бастаған кезде оқып-білгенім: анамның көп айтатын сөзі – Пайғамбар хадисіндегі туған бауырға қатысты үш ұстанымның бірі екен. Олар:

«1) Пайда келтіре алмасаң, зиян тигізбе.

2) Қуандыра алмасаң, ренжітпе.

3) Мақтай алмасаң, сөкпе» (Яхия ибн Муаз жеткізген).

Бірде осы сабақтастықты айтқанымда, әдебиетші-ғалым досым: «Құдайдың құдыреті, дәл осы ұстаным заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбайұлында да бар еді. Ол кісі мұны бір сұхбатында айтты» деді. Бұған да ойланып қалдым. Қазақтың елдік, тәрбиелік даналығы қарапайым, алайда Рысқұл Ойнарұлындай академик-математикті дүниеге әкелген ананың санасында да, әлемге танымал мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, Еңбек ері Әбіш Кекілбайұлының санасында да жатталып қалыпты. Мүмкін марқұм Әбекеңе бұл ұстанымды бала кезінен сіңірткен – анасы Айсәуле Жұмабайқызы шығар!.. Бәрі де мүмкін.

Қазір ойлап қарасам, анамның оқығаны аз болғанмен, көкірегіне тоқығаны көп еді. Ол кісі он екі құрсақ көтеріпті. Алланың жазуымен алтауы ертерек шетінепті. Жаратқанның алқалауымен қалған алтауымызды өсіріп жетілдірді. Үлкен апайымыздан басқамыз жоғарғы білім алып шықтық. Бірақ бәріміздің де бойымызға адамгершілік дәнін сепкен, адалдықты ту қылып көтеріп жүруімізге себепші – анамыздың тәрбиесі еді. Қандай білім алсақ та, қандай биікке көтерілсек те, қандай жетістікке жетсек те соның қайнар бұлағы – анамыздың тәлімі мен тілегі, білігі мен ниеті-тін. Әл‑Фараби айтқандай, қашанда «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Білім саласында ұстаздық қызметте жүрген қазақтың 6 ұл-қызының тәрбиелі азамат болып қалыптасуының негізі – асыл анамыздың өлшеусіз еңбегінде деп білеміз.

Әке – асқар тау болса, мөлдір бұлағымыз – анамыздың бізге айтқан, жас кезімізден құлағымызға сіңіріп, санамызға мектеп кірпішіндей қалаған ақыл сөздері мен қалдырған өсиеті бір кітапқа жүк болғандай.

Ол кісі «Ешкімнің ала жібін аттама», «Өтірік өрге баспайды», «Кісі ақысын жеген адам оңбайды», «Жеті рет өлшеп, бір рет кес», «Бір адамға қадірің жүрмесе, екі адамға күлкі боларсың», «Атаңа не қылсаң, алдыңнан сол шығар», «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмас», «Жығылсаң, нардан жығыл», «Қанағат қарын тойғызады», «Алға қарап пікір ет, артқа қарап шүкір ет», «Көп сөз – көмір, аз сөз – алтын», тағы басқа.

Балалық-шалалық кезімізде осы сөздерді жиі естіп, кейде байыбына бармай жақтырмай қабылдайтын шағымыз да болды. Бірақ ана жүрегі мұны бала түбі қабылдайтынын біліп, түрлі жағдайда қайталағандықтан, есте қалды. Енді қарасақ, бұл ақыл-кеңес біздің адам болып қалыптасуымызға үлкен рөл атқарған екен.

Қазір өзіміз де бала-шаға тәрбилеп отырған уақытта ресми аз білім алған ол кісілердің көкірек көзінің ояу болғанына қайран қалып, рухына бас имеміз. Ал, біз бүгінгі балаларды қандай сөзбен тәрбиелеуді білмей қиналып жатамыз. Бәлкім, бұл сөз бен істің арасы ажыраған қазіргі күрделі қоғамның сипатына жауап та шығар.

Әрбір баланың адам болып қалыптасуына жанұяда алған тәрбиесі негіз болатындықтан, анамыздың да адамгершілігі мол жақсы адам болып қалыптасуына өсіп-өнген отбасынан алған өнегесі болар.

Анамыздың әкесі, біздің нағашы атамыз Ерғали елге сыйлы, ел басқарған, ал анасы Әсем әжеміз ауылында ауызы дуалы сөзін тыңдата білген адамдар болыпты. Ерғали атамыз Қазалы ауданына қарасты Көларық ауылдық аймағының ауылнайы болғандықтан, атамыздың шаңырағында сол өңірдің жақсы-жайсаңдары жиылып әңгіме дүкен құрады екен.

Жастайынан ел ағаларының нәрлі әңгімелерін тыңдап, көңіліне тоқып өскен анамызда ағайын қамын, туысқандардың ауыз бірлігін, көрші-көлемнің татулығын және балаларының бауырмашылығын ойлап отыратын жан болып қалыптасты. Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің демекші, анамызда қонақ күте білетін, ерін құрметтей білетін, ауылға сыйлы, ағайынға қадірлі адам болған.

Бәрімізді кішкантайымыздан бауырмал мейірімді және бір-бірімізге қамқор болуға тәрбиеледі. Сондай тәрбиенің арқасында 1975 жылы әкеміз, яғни Байарыстанов Ойнар дүниеден өткесін үйде үйелмелі-сүйелмелі үшеуміз қалдық. Мен ол кезде төртінші классты бітірген болсам, қарындасым Жанатты үшінші, ал үйдің кенжесі Жаңбырбай бірінші класс бітірген болатын. Анамыз үй шаруасымен айналысқан адам болғандықтан зейнет ақы алмайтын.

Асыраушысынан айырылғанан кейін берілетін жәрдем ақымен қалған қиын-қыстау кездерде үшеумізге ауылдағы үлкен апамыз Күләш пен жездеміз Сансызбайдың (ол кісіні бәріміз папа деп өстік) өз балаларындай қарап көмек беріп тұрғандары, ал мектеп бітіріп жоғары оқу орынына барғанда біздерге дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, қолдан келген көмектерін беріп (қазір де көмектесіп келеді) қала мәдениетін үйреткен үлкен ағамыз Рысқұл мен жеңгеміз Майяның (ол кісіні бәріміз тәте дейміз) іс әрекеттері дәлел бола алады деп ойлаймын. Жездемізді папа деп, ал жеңгемізді тәте деп атауымыздың төркінінде де анамыздың ақылы жатыр. Үлкен апамыз тұрмысқа шыққан соң көпке дейін бөпелі бола алмай жүріпті, сондықтан сол кісілер бөпелі болсын деген ырыммен Талайлы апамыздан бастап жездемізді папа деп атап өстік. Ал, жеңгемізді тәте деп ататуы балаларының бауырмалдығымен татулығын ойлағаннан туындаса керек. Сол тәтеміз қазір анамыздай барлық бауырларыма қамқорлық жасап отыр. Осындай анамыздың отбасының ынтымағын арытруының арқасында ағайындылар тату-тәті араласып, өмірдің ащысымен-тұщысын бір бөлісіп келе жатқан жайымыз бар.

Нағашы атамыз өз ортасында адам танығыштығымен және балаларының болашағын болжай білетіндігімен танымал адам болыпты. Ол кісінің сол қасиеті анамызғада дарыған болса керек, оқушы кезімізде үйге келген жама ағайындар анамызға Алматыдағы балаңа кел деп айтпайсың ба, осындай кезде көмегін бермей ме деп айтып жатқанда оларды «иә» деп шығарып салатын да, сол балаларының аманшылығын және бақытын тілеп отыратын. Қазір ойласам недеген көріп келдік, бір күндік тіршілік үшін ағамызды шақырмай, барлық балаларының болашағын ойлапты ғой.

Анамыз бізді жастайымыздан еңбек сүйгіштікке үйретті. Ол кісі үйдегі жұмысты ұлдың немесе қыздың жұмысы деп бөлмейтін. Соның арқасында біздің үйдің балаларының бәрі су тасып, отын жарып, күл шығарып, мал сауып, тары түйіп, дирмен тартып, күбі пісіп, алаша тоқып, тамақ істеп, мал бағып өстік. Осындай жұмыстарды істеп өскендіктен, өмірдегі қиындықтарды жеңе отырып, жұмыс жасау барлық бауырларымның бойында қалыптасқан.

Анам ылғи да «Бір Алла жар болсын!», «Жалғыздың жары құдай» деп отыратын. Сөйтсем ол кісі осы сөздерімен балаларының амандығын, өмір жолын бақытын тілеп отырады екен. Қазіргі ата-аналар балаларын сағат сайын телефонмен жағдайын сұрап отыратын болса, ол кісі бізді бір Аллаға тапсырып жұмсай беретін. Оған себеп менің 6-7 жасымнан бастап, сиыр туған кезде үш литрлік котелекпен (топатай деп те аталады) көрші поселкада тұратын үлкен апамыздың үйіне уыз апарып беруге жұмсайтын. Екі орта 9 км жаяу жүріп бару керек. Бірақ, барған сайын қуанып қайтатынмын. Оған себеп Күләш апам үлкен енесінен (Шыға әжеміз өте қатты адам болды) жасырып бір бүтін колбаса беріп артқы есіктен шығарып салатын. Сонымен барып келуім 18 км жол.

Айдала, жалғыз өзің. Мен бала болғасын қорықпаған шығармын. Бірақ баласын осындай жолға жұмсап, аман-есен келуін күтіп отыратын ананың жүрегі қандай мықты болуы керек. Ия, шыныменде менің АНАМ сүйегі асыл, ең мықты адам болған деп толық айта аламын. Оған себеп, дүниеге әкелген 12 баласының алтауы шетінеп кеткенде де, мұқалмай, ұн-жұрғасы түспей қалған алты перзенті үшін өмірдің барлық қиыншылығын жеңіп, басын көтеріп, тіршілік қамын жасап, ішкі шерменін сыртқа білдірмеу екі адамның бірінің қолынан келмейтін тірілік еді.

Әңгімеміздің басында айтылған студенттерімен өтіп жатқан тәрбие сағатында екінші тосын сұрақта қойылды.

– Ағай ең алғаш қатты қуанған кезіңіз.

Тағыда ойланып тұруға уақыт жоқ. Бұл сұрақтанда құтқарған анам екен.

Жауабым:

– Анамның алып берген қар тартатын құралы (гривек) дедім.

Студенттер аң таң, адам жұмыс істейтін құралға қуана ма екен депте қосымша сұрап жатыр. Бірақ шыныменде сол кезде, әкеміз ауырғасын Сольтрест поселкасына көшіп келген кезіміз. Желтоқсан айы аулаға түскен қарды тазалау керек. Әкеміз қайтыс болғасын, анама салмақ салмайын деп ауладағы қарды жалпақ (сопковый) күрекпен тазалап жүрмін. Бірақ ол жұмыс өндіріп болар емес. Көрші үйдің ересек балалары ауладағы қарларын қар тартатын құралмен тазартып жатыр. Қатты қызығып тұрмын. Бізде ондай құрал жоқ. Кешкі шайда анама өтініш жасадым. Қарама-қарсы үйде анама ағайын болып келетін Сақтаған ағамыз ағаш ұстасы болатын. Сол кісіге өтініш айтуын сұрадым. Сонымен не керек, Сақтаған інісіне жағдайын айтып жүріп бір қар күрейтін құралды жасатып әкеліпті. Мектептен келіп, үйге кіретін есіктің жанында тұрған сол құралды көргенде менің қуанышымда шек болған жоқ. Бұл қуаныш мен үшін ең үлкен қуаныш еді. Қалайша қуанбайсың жұмысың жеңілдеп, өнімді болатын болды. Міне ойлап отырсам ең алғаш қаты қуануымның себепкеріде анам болыпты.

Мектеп қабырғасында жүргенде балалықпен жіберген кемшілігімізді көрсе «Әкеңнің атына кір келтірме» – деп айтып отыратын. Мұның өзі біздің әкемізді пір тұтып өсуімізге септігін тигізді. Әкеміз соғыстан келгесін Арал ауданында колхоздар мен совхоздар ұйымдастыруға атсалысқан, еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болған. Бұл күндері әкеміздің ерен еңбектері еленіп, аудан орталығынан 2017 жылы Байарыстанов Ойнар көшесі берілді. Әлі күнге дейін сол анамыздың айтқан сөздерін естен шығармай, әкеміздің әруағын сыйлап, сол кісінің атына кір келтірмейік деп, табан-ақы маңдай-термен адал еңбек етіп келе жатырмыз.

«Алыстағы ағайыннан, жақындағы көршің артық» демекші, көршілермен жақын арласуды да анамыз үйретіп кетті. Ауылда біздің көршілеріміздің бәрі көп балалы отбастары болды. Бала болсақ та әлі күнге дейін есімізде үйдегі нан‑сүтті, үйге келген сый-сыйапатты яғни аға-апаларымыздан келетін тәтілерді көршілермен бөлісіп отыратын. Осындай анамыздың жомарт көңілі мен ақ жарқын мінезінің арқасында барлық ауыл адамдары Сәнім апа деп ерекше құрметтейтін.

Анамыз, 2007 жылы 18 сәуірде 85 жасында дүние салды. Ананың еңбегін үш рет Меккеге арқалап барсаңда қайтара алмайсың деген халық арасында сөз бар. Ия, өте дұрыс айтылған сөз, сондықтан анамыздың айтқан ақыл сөздері мен қалдырған өсиеттерін ұстап, сол кісілердің атына жаман сөз келтірмей өмір сүре білу ана алдындағы көп борышымыздың бірі. Күйбің тірлікпен жүріп анамды бірде-бір шипажайға немесе демалыс орындарына апара алмаппын. Сол үшінде әр аптаның жұмасында анама құран бағыштап, сондай кемшіліктерім үшін Алладан кешірім сұрап отырамын. Өзім жіберген қателіктерді ұлдарым жібермесе екен деп, оларға аналарын құрметтеп ең кемінде жылына бір рет шипажайға немесе сауықтыру орындарына жіберулерін тапсырып келемін.

Құдайға шүкір, әкеміз Байарыстанов Ойнар мен анамыз Ерғалиева Сәнім тәрбиелеп өсірген алты бала, бұл күндері үйлі-баранды болып, өсіп-өніп жатырмыз.

Үлкен қызы Күләш пен күйеу баласы Сансызбайдан (2002 жылы қайтты) тараған Қуатжан (2019 жылы қайтты), Сақытжан, Сақтар, Үкісұлу, Болат жиендер оқып-жетіліп, өз алдына отбасы болды.

Үлкен ұлы – ел білетін академик-математик Рысқұл мен келіні, білім саласының қайраткері Майядан тараған Азамат және Ғалымжан атты немерелері – халық танитын азаматтар. Алды – вице-министр болып қызмет атқарды.

Ортаншы қызы Талайлы мен күйеу баласы Әлқуаттан (2009 жылы қайтты) өрбіген Бекет, Бек, Әлмұхан, Индира, Әзихат, Әсет, Қази жиендері – бақытын еңбекпен тапқан еңбекқор жандар. Аналарының ұстаздық шапағаты әрбірінің ісінен көрінеді.

Ортаншы келіні Светлана екеумізден өңген Дарын, Дархан, Гүлжанар немерелері – әжесінің батасын алған өрендер. Мен де ұстаздық жолында қызмет жасап келемін.

Кіші қызы Жанатты мен күйеу баласы Қанат Нұркен, Мирас, Гауһар, Гүлдана есімді жиендерді Тәуелсіздік ұландары, азат елдің қырандары етіп тәрбиелеп жүр. Бұл қарындасымыз әрі спорттық, әрі рухани бапкер.

Кенже ұлы Жаңбырбай мен Ғалия келін әулетімізге Данагүл, Гүлбақыт, Батыр азаматтарды сыйлап, өз қуаныштарын елдің көз қуанышына айналдырып отыр. Бұл ініміз – Елордадағы «Экотон» зауытының бас маманы.

Кіндік қанымыз тамған, ата-бабалар сүйегі қалған Арал – алыста емес, жүрегімізде. Кейде жылда, кейде жыл тастап туған өлкемізге барып, мауқымызды басып қайтамыз. Ауыл сапары бізді өсіреді, рухымызды серпілтеді. Біз әрқашан әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ болып қалатынын сезінеміз.

Асқар БАЙАРЫСТАНОВ,

Еуразия ұлттық университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *