БАЛАЛАР – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

Қоғам Құқық
20 Views

кеңейтілген аппараттық кеңесте балалар қауіпсіздігі мұқият талданды

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте балалардың көшелер мен жолдардағы қауіпсіздігін арттыру және профилактикалық жұмыстың тиімділігі, сондай-ақ, 2026 жылғы өңірлік жұмыспен қамту картасының іске асырылу барысы қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды.

Жиын барысында күн тәртібіне енгізілген мәселелер бойынша облыстық полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бауыржан Омаров, балалар құқықтарын қорғау басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Қуаныш Әбілдаев, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мерей Байырхан мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жетекшісі Айман Нұрлыбек баяндама жасады.

Ресми мәліметтерге сәйкес, жыл басынан бергі бес ай ішінде өңірде 253 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның 65 жағдайында кәмелетке толмағандар зардап шеккен немесе оқиғаға қатысқан. Облыс аумағындағы жол бойында орналасқан 331 білім беру мекемесінің 283-і жол қауіпсіздігіне қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған.

Балалардың құқықтарын қорғау және олардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл арнайы басқарма жұмысын бастады. Аталған мекеме мектептер мен өзге де білім беру ұйымдарында жол қозғалысы ережелерін түсіндіру бағытында жүйелі профилактикалық шаралар өткізуде. Атап айтқанда, «Жол қауіпсіздігін білейік», «Қауіпсіз мектеп автобусы», «Жол қозғалысын, қауіпсіздігін сақтайық!» тақырыптарында тәрбие сағаттары ұйымдастырылып, «Адал азамат» бағдарламасы шеңберінде қауіпсіздік сабақтары өткізілуде. Сонымен бірге полиция қызметкерлерінің қатысуымен кездесулер мен түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ұсынған деректерге қарағанда, 2024-2025 жылдары балалардың жолдағы қауіпсіздігін күшейту мақсатында облыс көлемінде 944 жаңа жол белгісі қойылып, 380 белгі жаңартылған. Бұдан бөлек, ұзындығы 294 метр болатын жасанды жол кедергілері орнатылып, 7 бағдаршам іске қосылды. Сондай-ақ 300 метр жаяу жүргіншілер жолы салынды. Биыл да осы бағыттағы жұмыстар жалғасып, қосымша жол белгілерін орналастыру, көшелерді жарықтандыру және жаңа жаяу жүргіншілер өткелдерін салу көзделген.

Кеңесте сөз сөйлеген облыс әкімі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісі барлық мемлекеттік құрылымдардың бірлескен жауапкершілігі екенін ерекше атап өтті: «Бұл мәселе тек полиция немесе білім беру мекемелерінің құзырындағы жұмыс емес. Балалардың амандығы үшін мемлекеттік органдар, қала мен аудан әкімдіктері және ата-аналар бірдей жауапты. Сондықтан профилактикалық шаралардың санына емес, оның нақты нәтижесіне мән берілуі қажет. Әрбір елді мекенде балалар қатысатын жол-көлік оқиғаларының себептері мұқият сараланып, олардың алдын алуға бағытталған тиімді шешімдер қабылдануы тиіс», – деді Берік Уәли.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпаратына сәйкес, 2026 жылғы 3 маусымдағы жағдай бойынша облыста 6201 азамат еңбекпен қамтылған. Оның ішінде 3664 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 2537 тұрғын уақытша жұмыс орындарына тартылған. Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында жүзеге асырылып жатқан 46 инфрақұрылымдық жоба шеңберінде 374 адам жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар субсидияланатын жұмыс орындарына 2184 азамат жолданды.

Президенттің әрбір 10 мың тұрғынға шаққанда 100 жаңа жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында жаңадан ашылған кәсіпорындарға 1425 адам жұмысқа қабылданған. Бұдан бөлек, түрлі мекемелер мен ұйымдардағы бос жұмыс орындарына 2218 тұрғын орналасқан.

Аймақ басшысы жұмыспен қамту саласындағы көрсеткіштердің артында халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасы тұрғанын атап өтті. «Әрбір санның артында нақты адамның тағдыры мен әлеуметтік жағдайы бар екенін естен шығармауымыз керек. Сондықтан әкімдер мен жауапты мемлекеттік органдар бұл бағыттағы жұмысты тұрақты бақылауда ұстап, жұмыспен қамту жоспарының орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Нақты нәтиже беретін, тиімді жұмыс талап етіледі», – деді облыс әкімі.

Кеңес соңында Берік Уәли балалардың қауіпсіздігін арттыру және тұрғындарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды одан әрі жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар барлық жоспарланған көрсеткіштердің сапалы әрі толық орындалуын қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер жүктеді.

Мәселенің ұсақ-түйегі жоқ демекші, облыс басшысының балалардың қауіпсіздігін арттыру және тұрғындарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды жүйелендіру жөніндегі тапсырмалары, мәселені нақты көтеріп, оны шешуге екпін түсіруі ел қамынан туған іскерлік қадам екені сөзсіз.

 

Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі

материалдары бойынша әзірлеген

 Нұрдәулет Алекул