БОЛАТТЫҢ «ТІРКЕМЕСІ»

Әдебиет
438 Views

(Жалғасы. Басы өткен санда).

Сүрінбейтін тұяқ жоқ, жаңылыспайтын жақ болмайды. Болат деген серілеу бауырым бip әдеміше келген көзілдірікті келіншекпен байланысып, сау басына сақина тілеп алғанын бәріміз де жақсы білеміз. Елдің құлағы елу демекші, бұл сөз үйдегі келіншегіне де жетіп, ол күйеуінің шаңын қағып-қағып алады. «Саяси» сенімсіздікке ұшыраған Болат осы оқиғадан соң баратын жеріне еркін бара алмай, соңынан үнемі «тipкeмeciн» ертіп жүруге мәжбүр болды.

Ал, «тіркемесі» әлi мектепке бара қоймаған кішкентай ұлы. Бірде күн ұясынан көтеріле кеткен Болат пен баласы ымырт жабыла бipaқ оралды. Kүйeyi мәшинесін гаражға қоймақ болып, тысқа шығып кеткенде жас келіншек баласын сөзге айналдырып, әкeci eкeyi қайда болғандықтарын сұрастыра бастады.

– Ботақаным, бүгін папаң екеуің қайда болдыңдар? Соны айтып бepшi, мамаңа. Екеуің көзіне көзілдірік киген әпкейдің үйіне бардыңдар ма? Ол cipә, саған кәмпит берген болар?

– Жоқ, – деді ұлы. – Папам екеуміз Бораш көкемнің үйіне бардық. Ол маған кәмпит емес, қауын-қарбыз берді. Сондай тәтті екен.

– Содан соң қайда бардыңдар, көзілдірікті әпкейдің үйіне coқтыңдар ма? Папаң оны құшақтап, бетінен сүйді ме? – деді мамасы ұлының басынан сипап – менің құлыншағым нағыз жігіт, қазір бәрін айтып береді-ақ мамасына.

– Көкемнің үйінен шыққан соң атамның үйіне бардық, – деді ұлы мұрнын бip тартып қалып, – әжем маған қымыз берді, мен атқа міндім. Ой, сондай қызық болды, мама.

– Ал, папаң не істеді? – деді шeшeci елеңдеп, – сені алдап тастап, көзілдірікті ғашығына тайып тұрған болар? Соны айта қойшы, балам.

– Жоқ, папам ешқайда барған жоқ, ол қой қырқып, атама көмектесті. Менің папам күшті. Жалғыз өзi бip қойды көтеріп алып, лақтырып кеп жіберді, – деді Болаттың «тipкeмeci».

– Сонан соң қайда бардыңдар?

– Тағы бip ағаның үйіне бардық. Папам екі-үш көкемен карта соқты, ал мен балалармен асық ойнадым. Білесің бе, мама, мен бақандай он асық ұтып алдым, көрсетейін бе?

– Өзің де құры, асығың да құрысын! Ycтi-басыңды әбден ластапсың, бар қолыңды жу, – деді көзілдірікті келіншек туралы «донос» ала алмаған шешесі ыза болып – бармақтай болып алып, өліп бара жатса да әкeci туралы тic жармайды-ау, тic жармайды, айнымаған Болаттың өзі…

«МАЙОР»

Алматының жібермейтін құрты бар ма, жоқ әлде Тәлтіш көкем айтпақшы тым пысықсынып, жұмыс басты болып кеттім бе, небәрі жарты тәуліктік қашықтықта жатқан туған ауылыма ат басын бұрмағанға үш жылдың жүзі толған екен. Балаларды енеме тастап, Сәлима екеуміз Ыстықкөлге демалысқа жүрейін деп жатқанымызда әкемнен түгімді қалдырмай боқтап жазған хат алдым. Енді ауылға бармай көр. Әкемнің мінезі өзіме жақсы мәлім, жынына тисең осында келіп сабап кетуден тайынбайды. Сәлимашты әке-көке деп, қысқа қарай шетелдік тон алып беремін деп әрең көндіріп, жолға да шықтық-ау, әйтеуір. Үй-іші бізді Меккеден келгендей қарсы алды. Шалғы мұртты, тақыр басты әкем мені келістіріп тұрып боқтап жазған хатын ұмытып кетсе керек. «Өңшең қара тентектерім, келдіңдер ме?» – деп біресе жаман немерелерін, біресе мені сүйіп жатыр. Шешемнің де қуаныштан есі шығып кеткен, қара шаңырақ лезде-ақ берекеге толды да қалды.

Шай ішіп болған соң әкем мұртын шиырып қойып, жанынан тастамайтын үлкен қара бәкісін байыппен қайрай бастады. Маңырап тұрған ісекті сойып, амандық болса бүгін бүкіл туысқандардың басын қоспақ. Келетін қонақтардың қамымен апам зыр жүгіріп жүр.

– Әй, Балташ, анау тентек суларды ұмытпа. Бөдештің дүкенші қатыны керіліп бермей жүрмесін. Алматыдағы ағам келіп жатыр деп жақсылап түсіндіріп айт.

Қапан, мені жақсылап тыңдап ал. Сексенбай, Тоқсанбай, Жүзбай, Мыңбай аталарыңа бар. Бүгін кешке кемпірлерімен біздің үйге келсін, айтпақшы «майор» көкеңді де ұмытып кетіп жүрме.

– Апа, «майор» көкем аман-есен бе? Не шаруа істеп жүр? – дедім апамның сөзін бөліп.

– Көкеңнің мұртын балта шаппайды. Баяғыша малда. Естіген боларсың, бірінен соң бірі, екі қызы бірдей күйеуге қашып кеткен.

– Қалай, «майорлығын» қойды ма, апа, көкем?

– Ішіп алғанда әлі де баяғыдай «майор» болып, қоқаңдап қояды. Әйтпесе Құлтай – Құлтай бола ма? – дейді апам күліп.

Сонау елуінші жылдардың аяқ шенінде бүкіл ауылды шулатқан сол бір оқиғаны есіме түсіріп, еріксіз жымидым. Тау етегінде бұйығып тыныш жатқан кішкентай ауылды «Әскер қатарынан Құлтай келе жатыр екен. Ойпырмай, құдайдың құдіреті шығар, тентек Құлтай адам болып, жақсы қызмет еткені үшін майор шенін алыпты!» – деген хабар дүр сілкіндірді.

Бүкіл ауылдың үлкен-кішісі болып, Құлтай көкемді қарсы алуға шықтық. Ол кезде колхоздың орталығы – «Трудовой пахарь», ал біздің ауылда кілең қазақтар тұрса да «Красный пахарь» болып аталушы еді.

Әскерден майор болып келе жатқан туысымызды «Трудовой пахарьдан» шыға берістегі жол үстінде жолықтырдық. Ол кезде көліктің төресі болып саналатын тачанка арбасының жанында мұздай болып киінген Құлтай тұр. Ауылдық Кеңестің бастығы Қайып та, ауылымыздың бригадирі Қалып та, басқа да атқа мінерлер майор көкеміздің нөкерлеріне айналған. Құлтай әлде масандау ма, әлде тым маңғаздау ма, аман-саулығын жамырап сұрап жатқан ауылдастарын жанына жолатар емес, дәл патшаның нағыз өзі. Сонан соң бригадир Қалыпты қолын шошайтып шақырып алып: «Где здесь «Красный пахарская дорога?» – деді әмірлі үн қатып. Үйіріліп тұрған кемпір-шалдар: «Қайтсін, ауылдан үш жылдай бойы жырақ жүріп, туған тілін ұмытып қалғанда. Біреуден қалған жалғыз тұяқ еді, енді міне, елінің атын шығарып, аман-есен оралып отыр, айналайын-ай десеңші!» – деп көңілдері босап, көздеріне жас алып жатты.

Бәріміз сығандарша шұбаған күйі ауылға бет алдық. Ортамызда – Құлтай майор.

Тачанка арба жапырайған қазақы тамның жанына келіп тоқтағанда, Құлтайдың шешесі Ұлмекен жүгіріп шықты. Шүйкедей кішкентай кемпір: «Жалғызым, құлыным, аман-есен оралдың ба?» – деп баласын құшақтай алды. Құлтай болса, селт ететін емес. «Здравствуй, бабушка» деп анасының арқасынан қағып-қағып қояды. Әскерге кетерде ғана қосылған келіншегі Шайкүлге көзінің қырын да салған жоқ. Майор төргі бөлмеге кіре бере гүрс етіп құлап түсті. Ұлмекен шошып, қорқып кетті. Шәйкүл жеңешем: «Құлтайжан, бір жеріңді ауыртып алған жоқсың ба?» – деп асты-үстіне түсіп, бәйек болып жатыр. Құлтай көкем болса: «Валя, Валя дай воды?» – деп қорылдап ұйықыға басты.

Ертеңіне ауылдың бала біткені түгел әскерден келген көкеміздің үйінің жанына жиналдық. Майор белуарына дейін шешініп тастаған, қол аяғын сермеп денешынықтырудың небір түрлерін жасай бастағанда, бәріміз қызыға қарап қалдық. Сонан соң Құлтай үйдің жанындағы бұлақтың тастай суық суына жуына бастады. «Алты жасар бала келсе, алпыс жастағы қарт сәлем береді» демекші, ауылдастары Құлтайды пайғамбардай көтеріп, сыйлаудан кенде қалдырған жоқ. Күнде біреуі қой сойып, сыйлы қонақ етіп шақырады. Алтын түстес пагоны жарқыраған көкем алдына қойылған етті тек тарелкаға салып, шанышқымен жейді. Арақ құйылған айғыр стақанды анда-санда төңкеріп қойып, тек орысша сөйлейді. Бүкіл ауылдың әңгімесі тек Құлтай жайында.

– Ағайындар-ау, біздің Құлтай бастауыш мектепті әрең бітірді емес пе? Майор болу үшін ең құрығанда әскери училищені бітіру керек, – дейді есепші Бөдеш сәл сауаты бар екендігін білдіріп.

– Тәйт, тыныш отыр, – деді оған Сексенбай ақсақал кейіп тастап. Майор Құлтайдың өзі айтты емес пе, аса қауіпті қылмыскерлерді ұстағаны үшін офицер атағын берді деп.

– Ішің күйсе түз жала. Ауылымыздан бір майордың шыққанын көре алмай отырсың ба? Сенің батыр атаң әліпті таяқ деп білмесе де, патша ағзам кезінде поручик болған. Жақсы қызмет етсең, өкімет жерге тастамайды, білдің бе? – деп Тоқсанбай ақсақал да оны қоштай кетті. Батырға да жан керек, Бөдеш тілін тістей қойды. Бұдан соң Құлтай көкемнің майорлығына ешкім де күмән келтірмейтін болды.

Арада бір жұма өткен соң Құлтай майор Байкелді көлінің жағасындағы нағашыларына сәлем бермек болып, жолға жинала бастады. Ағайындардың ұйғарымы бойынша онымен бірге әкем еріп баратын болды да, жирен қасқаның артына мені мінгестіріп алды. Қос атты болып, Құлтай көкемнің нағашылары қайдасың деп тартып келеміз. Бір қырды аса бере, көрші колхоздағы жылқылы ауылдың дәл үстінен түстік. Біз аттан түсіп, жирен қасқа су іше бастаған кезде, Құлтай майор жылқышыны өзіне шақырып алып. «Как фамилия?» – деді ол түйеден түскендей дүңк еткізіп.

– Көшербаев, – деді жылқышы сасқалақтап.

– Давай, Көшербаев, тез бригадирді шақыр. Майор Тұрғанбаев приказывает деп айт. Шекарашыларға ат қараймыз. Понятно ма? Онда тез бар, шагом марш! Жылқышыда жан қалмай, атын тебініп шаба жөнелді. Әкей бірдеңені сезді ғой деймін: «Құлтай, шырағым, жолдан қалмайық», – деп еді. «Молчать! Шекарашыларға ат қараймыз. Майор Тұрғанбаев айтты. Все!» – деп кесіп айтты.

Құлтай ешкімге бет қаратар емес. Не болып қалды дегендей, бригадирдің өзі шауып келді. Мұздай киінген, жүзі суық майорды көргенде қорқып кетті.

– Жайшылық па, қарағым? – деді ол қалбалақтап.

– Што, не понятно? Шекарашыларға ат қараймыз.

Шай қайнатым уақыт өтпей жатып, жылқышы жігіттер небір асауларға құрық салып, әскерге жарайды деген сәйгүліктерді көрсете бастады. Қолтығында құс жастық, қолында қымыз құйылған зерделі кесе ұстаған Құлтай айналасына өте маңызды жүзбен қарап қояды. Сонан соң «Так, так!» – деп хром етігінің қонышына салып қойған «Правда» газетін суырып алып, оқи бастады.

– Шырағым, әлемде не болып жатыр екен? Бізге де айта отыр, әңгіме болсын, – деді бригадир қымыз құйып жатып.

– Ей, ақсақал, саған политика не керек? Одан да жылқыны жақсы бақпайсың ба? Шетінен нашар, армияға жарамайды, – деп майор ашу шақырғанда, бригадир сасқалақтап қайда тығыларын білмеді.

Дастархан басына буы бұрқыраған қуырдақ келді. Ас қамдап жүрген кемпір Құлтайға тесіле қарап: «Сонша шіренген кім десем, «Красный пахардағы» әлгі Тұрғынбайдың тентек баласы Құлтай екенсің ғой. Өзінше майор болып қырып барады ғой жүдә, әдірем қалғыр, – деді ернін сылп еткізіп.

Құлтай орнынан атып тұрды.

– Әй, кемпір молчать! Совет офицерін оскарблять етуге саған кім право берді? Под трибунал пойдешь!

Дастарханның берекесі кетіп, дайын тұрған қуырдақ желінбей қалды.

– Айналайын, майор, ашуыңды бас! Оқымаған ауылдың кемпірі не демейді, көңіліңе алма! – деп бригадир де, жылқышы да бәйек болып зыр жүгіруде. Сабасына әрең түскен Құлтай көкем: «Ну, контра» деп атына мінді. Қойшы, әйтеуір, «майордың» нағашыларына әрең жеттік-ау. Ойын баласы емеспін бе, бұл хикаяның соңын толық біле бермеймін. Ой, «майор» Құлтайдың сондағы көрсеткен концерті-ай! Ондайды бүгінде кинодан да көре алмайсың, – деп әкем осы күнге дейін көзінің жасы аққанша күліп, аңыз қылып айтып отырады. Иә, Құлтай көкем қарап жүрген бе? «Бояушы, бояушы десе сақалын бояйды» демекші, нағашыларының ауылында да талай нәрсені бүлдірсе керек. Оның әрқайсысы өз алдына бір-бір күлкілі хикая. «Майор» ең соңында облыс орталығындағы әскери комендатурадан бір-ақ шығып, сотталайын деп тұрғанда, ел болып әрең аман алып қалыпты. Ал, майордың тек мереке күндері киетін бір киер формасын қайдан алғанын Құлтай осы күнге дейін ешкімге тіс жарып айтпайды, ол біздер үшін құпия болып қала берді. Құлтай көкемнің мойны ырғайдай, биті торғайдай болып, ауылға азып-тозып оралғаны әлі көз алдымда. Ертесіне колхоздың бастығы келіп: «Әй, Құлтай, «майор» болғаның жетеді. Енді сиыр бағуға шық», – деп ұрсып кеткен. Келесі күні Құлтай «майор» ұзын қамшысын сүйреткен күйі сиыр фермасына кетіп бара жатты…

*   *   *

Кешке қарай туған-туыстар төрт көзі түгел болып, біздің үйге бас қосты. Ет желініп, әңгіме-дүкен қызып берді дейсің. Шәмшінің әндері айтылып, ептеп «тентек су да» ішілді. Ең бірінші Құлтай көкем қызып қалды. Ол өзінің қалай «майор» болғанын айта бастап еді, жанында отырған Шәйкүл жеңешем дәл қара санынан мықтап тұрып шымшып алды.

– Әй, «майор», жетер көсілгенің. Отставкаға шығатын уақытың болып қалды, – деп Шәйкүл жеңешем Құлтай көкемді қарсыласқанына қарамастан, үйіне қарай сүйрей жөнелді.

Әкем екеуміз бой жазбақ болып далаға шықтық.

– Алматыда не жаңалық? – деп әкем менің жауабымды күтпестен сөзін жалғастыра берді. – Бүкіл жазушылар болып, екі әйел алуға рұхсат бер деп президентке хат жазыпты деген рас па? Жұрт сөйдеп гуілдетіп жүр ғой.

– Әке, сонда қалай жас тоқал алайын деп жүрсің бе? – дедім әзілдеп.

– Ой, қысталақ, тоқал мені қайтсін, шешеңе әрең жағынып жүргенде. «Майор» Құлтай көкеңе жас тоқал алып берейін деп едім. Шәйкүл күн көрсетпейді. Қазір «майор» көкеңнің жағдайы қатардағы рядовойдан да жаман.

Әкелі-балалы екеуміз қараңғы түнді қақ жарып, рахаттана күлдік. Іле-шала үй жақтан «Мына екеуіне не болды, бала болып кеттіңдер ме, түге. Үйге кіріңдер, шай суып қалды», – деген апамның даусы естілді.

– Әй, қысталақ, дегенмен сендердің келгендерің жақсы болды. Басымыз қосылып, бір рахаттанып қалдық, – деп әкем арқамнан қақты. Бұл – оның риза болғандығы еді. Ауылдың шетінде ит үріп, шегірткенің шырылдағаны естіледі. Тау жақтан самал соғып, жез табақтай толықсыған ай жұлдыздар жамыраған көк жүзіне қалқып шыға келді…

(Жалғасы бар).

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *