Ғабит Қасымбекұлы МҰҚАНОВ, Шымкент қаласының прокуроры:
«БІЗ КОНСТИТУЦИЯ ТАЛАПТАРЫНА САЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙМІЗ»
«БІРДЕ-БІР ЗАҢ БҰЗУ ДЕРЕГІ ПРОКУРОРДЫҢ НАЗАРЫНАН ТЫС ҚАЛМАУЫ ҚАЖЕТ!..»
Қ.ТОҚАЕВ,
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Сөзімнің басында Прокуратура ұйымының қайдан шыққаны және қай уақытта пайда болғаны жайында бірер ауыз сөз айтайын. Прокуратура атауы – латынның «procure» деген сөзінен пайда болған термин. Мағынасы – басқару, әлдеқандай істі жүргізу, қамқорлық таныту сияқты түсініктерге негізделген. Бұл мекеменің әлемде алғаш рет қай елде пайда болғаны туралы нақты мәлімет жоқ. Ертедегі Рим мен Таяу шығыс елдерінде мемлекет мүддесі үшін қолданылатын заңдарды қорғап отыратын осыған ұқсас бір арнайы адамдар тобы болған екен.
Там-тұмдап қалған тарихи деректерге көз жүгіртсек, 1400 жылдардың аяғында ағылшын еліндегі лордтар палатасы прокуратура туралы жаңа жарлық шығарып, оны мемлекеттік заңдардың орындалуын қадағалап отыратын орган ретінде қалыптастырыпты. Осыдан кейін Еуропаның мықты мемлекеттерінің барлығы осы орган жұмысының күшеюіне барынша қолдау білдірген және оны мемлекеттің басты заң қадағалаушы органы ретінде бекіткен.
1722 жылғы 12 қаңтарда Ресей патшасы 1– Петрдің жарлығымен елдегі Сенат прокуратура туралы қаулы қабылдайды. Сол қаулының негізінде, Ресейде прокуратура мемлекеттік мекеме болып танылады. Он сегізінші ғасырдың аяғында ол Әділет министрлігінің құрамына беріледі. Елдегі бас прокурор-генерал прокурор деп аталады. Жер-жердегі губерниялар мен өлкелердегі прокурорлар – обер-прокурор, оның көмекшілері – прокурор жолдасы (товарищ прокурора) және прокуратура хатшылар аталады.
Ал біздің бұрынғы ата-бабаларымыздың кезінде мұндай жұмысты билер қауымдастығы атқарғаны белгілі. Мысалы, « Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» немесе әз-Тәуке хан тұсында қабылданған «Жеті жарғы» сынды белгілі бір заңдық күші бар жарлықтар болған. Бұл жарлықтар ел арасындағы тәртіпті бір қалыпты ұстап отыру үшін аса маңызды қызмет атқарған. Ал осы жарлықтарда көтерілген мәселелердің нақты іске асуын ел арасындағы билер қадағалап отырған. Қазақ арасындағы мұндай жарғылардың қазіргі уақыттағыдай, аса бір қатаң талабы бар заңдық нормалары болмаса да, атқаратын жұмыстары бүгінгі прокуратураның міндеттеріне бір табан жақын болған. Осылайша, сол замандардағы билер жарым-жартылай болса да, қазіргі прокурорлардың қызметін атқарған десек те болады.
Прокуратураның батыстық үлгідегі формасы, анықтап айтқанда, заманға орайғы үлгісі мен қызмет түрі бізге орыс отаршылдарымен бірге келді. Патшалық Ресей Шымкент қаласын 1864 жылдың 22 қыркүйегінде басып алды. 1865 жылдың 16 маусымында Ташкентті жаулады. Содан көп ұзамай бүкіл Орта Азияны өзіне қаратты. 1867 жылы Орта Азиядағы қазіргі төрт мемлекетпен қатар Қазақстанның оңтүстігін қамтыған Сырдария (оған қазіргі Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары қараған) және Жетісу (бүгінгі Алматы және Жетісу облыстарының аумағы) облыстары кірген Түркістан генерал-губернаторлығын құрған. Орталығы Ташкент болған. Әр облыс уездерге бөлініп, біздің өңір Шымкент уезіне қараған. 1868 жылы Ташкентте генерал-губернаторға бағынысты он бір қызметкері бар прокуратура органы ашылған. Ал уездерде статский прокурор деген шенмен бір-бір прокурор қызметі істеген. Бірақ статский прокурордың беделі онша болмаған. Олар тек Ташкенттегі обер-прокурорға мәлімет жеткізіп, соның бұйрығын ғана орындап отырған.
Архивтерде Түркістан генерал-губернаторлығына бағынысты прокуратура жайында мәліметтер тым аз сақталған. 1868 жылдан 1917 жылға дейін Ташкентте кімдердің обер-прокурор болғаны туралы да нақты мағлұмат жоқ. Ал Шымкент уезінде Случак, Туспелев, Ананьев, Троицкий сияқты азаматтар статский прокурор болыпты.
1917 жылы кеңес үкіметі орнағаннан соң бұрынғы Түркістан генерал-губернаторлығының аумағынан – Түркістан автономиялық кеңестік социалистік республикасы құрылады. 1918 жылдың басында ондағы прокуратура жаңа кеңестік саясатқа орай жұмыс істей бастайды. Сол уақытта Шымкенттегі бұрыны статский прокурор деген шен жойылып, оның орнына уезд прокуроры деген дәреже бекітіледі және қызметкерлерінің саны өседі. Алғашқы кеңестік уезд прокуроры болып А.Журавлев деген азамат тағайындалыпты.
1922 жылдың 12 шілдесінде Қазақ(Қырғыз) орталық атқару комитетінің 3-ші сессиясында Әділет халық комиссариаты құрылады да, прокуратура соның құзырына қаратылады. 1924 жылы Түркістан автономиясы таратылып, Сырдария мен Жетісу облыстары Қазақ АКСР-ының құрамына беріледі. 1925 жылы Сырдария облысы – Сырдария губерниясы – Сырдария округы болып өзгертіледі. Қызылорда округі өз алдына бөлінеді. Осы жылдар ішінде Шымкентте губерниялық және округтікпен қатар қалалық прокуратура да жұмыс істейді.
1930 жылы округтер таратылып, жаңадан құрылған аудандардың барлығы тікелей Алматыға бағынады. Осыған байланысты қалалық прокуратура таратылып,аудандық прокуратуралардың рөлдері күшейеді. 1932 жылы Қазақстанда облыстар құрылады. Біздің өңірде қазіргі Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарының жерін біріктірген Оңтүстік Қазақстан облысы құрылады. Облыс орталығы тағы Шымкент қаласы болады. Сонымен қатар Шымкентте облыстық және қалалық прокуратура қайтадан құрылады. 1937 жылы прокуратура Әділет халық комиссариаты құрамынан шығып, өз алдына дербес орган болып бекітіледі. Қалалық прокуратура содан 1962 дейін жұмыс істейді. 1962 жылы елімізде өлкелер құрылған кезде Оңтүстік Қазақстан өлкесінің құрамында Шымкент, Жамбыл, Қызылорда облыстары пайда болады. Бұрынғы облыстық прокуратуралар таратылып, орнын өлкелік прокуратура басады. Ал әр қаладағы бұрынғы облыстық прокуратуралар енді қалалық прокуратураларға алмастырылады. Иә, тәуелсіздік жылдарында заңдарымыз да, сол заңдарды жүзеге асыратын құқық қорғау органдары да, әсіресе прокуратура саласы уақыт талабына орай үнемі және жүйелі түрде жетілдіріп, реформаланып келеді.
Алысқа бармай-ақ өткен жылдан бергі кезеңге көз жүгіртейік. 2022 жылдың 5 қарашасында Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» Конституциялық заңы қабылданды. Біз бұл заңды бекер тілге тиек етіп отырғанымыз жоқ. Себебі осы заңда жалпы прокуратураның мақсаты, қызметінің құқықтық негізі, прокуратура органдарын ұйымдастырудың және прокуратура қызметінің қағидаттары, мақсаттары мен міндеттері және сондай-ақ жүйесі мен құзыреті ашық та, анық-қанық көрсетілген. Сондықтан ҚР Прокуратурасы, сондай-ақ біз де осы заң аясында қызмет етеміз.
Біз тілге тиек етіп отырған заңда ерекше атап өтер бір жай бар, ол – прокуратура саласына өте жауапты және құрметті міндеттің сеніп жүктелуі. Осы заң бойынша, прокуратура ҚР аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады. Тағы бір атап өтерлік қағидат прокуратура тәуелсіз жұмыс атқарады, ол тек ҚР Президентіне ғана есеп береді. Қысқаша айтылып өткен осынау заң мазмұнынан жалпы прокуратура саласының атқарып отырған және күнделікті жүзеге асыратын жұмысының бағыт-бағдары, мазмұны мен мақсаты анық көрініп тұрады. Конституциялық статус берілген заңды біздің алдымен еске алып отыруымыздың басты себебі осында.
Шартты түрде алғанда Шымкент қаласы прокуратурасының құрылғанына бес жыл толып отыр. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» ҚР Президентінің 2018 жылғы 19 маусымдағы жарлығын жүзеге асыру мақсатында ҚР Бас прокурорының сол жылғы 8 тамыздағы «Шымкент қаласының прокуратурасын құру және Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының атауын өзгерту туралы» бұйрығымен Шымкент қаласы прокуратурасының негізі қаланды. Аталған жарлық пен бұйрыққа орай бірқатар нақты өзгерістер жасалды. Бірде жабылып, бірде қайта ашылып келген қала прокуратурасы ендігі жерде тікелей Республиканың Бас прокуратурасына бағынатын жаңа құрылым ретінде жаңғырып, дүниеге келді. Оның құрамында байырғы Абай, Еңбекші, әл-Фараби аудандық прокуратуралары жұмысқа кірісті. Қала прокуроры болып Қожабаев Мақсат Аманқұлұлы тағайындалды. Ол қызметтен кейін, нақтысы 2021 жылдың тамыз айында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Осы орайда мына нәрсені ескерте кетуіміз керек. Кез келген органды қайта құрылымдау, реформалау және жаңарту – күрделі шаруа. Бұндайда мемлекет басшысының, ҚР Министрлер кабинетінің, Бас прокуратура мен қалалық әкімшіліктің түсіністігі, қамқорлығы, материалдық-техникалық, кадрлық нақты көмегі шешуші рөл атқаратыны белгілі. Біз бұны өз басымыздан өткен іс-әрекеттердің негізінде айтып отырмыз. Қалада біраз жылдардан бері жұмыс істеп, тәжірибе жинап, қалыптасқан үш аудандық прокуратура қатарына жаңадан Қаратау, Тұран аудандық прокуратуралары келіп қосылды. Тәжірибе және кадр алмасулар жұмысы атқарылды.
Мемлекет басшысы мен ҚР Бас прокуратурасы тарапынан берілген тапсырмаларды орындау, яғни бірінші кезекте қоғамдық – саяси тұрақтылықты сақтап, қылмыстық іс-әрекеттерді болдырмау, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау механизмдерін жетілдіру мәселелеріне жете көңіл бөлініп келеді. Соның нәтижесінде, бақылаудың барлық салалары бойынша ойдағыдай көрсеткіштерге қол жеткіздік. Жаңа Шымкенттің, яғни республикадағы үшінші мегаполистің прокуратурасы болып, жұмысты бастағанымызға 5 жыл толып отыр. Әр жылдың өз орны, өрнегі, көрсеткіштері мен жаңалықтары бар. Олар Қазақстан прокуратурасының, республиканың, қала берді Шымкенттің тарихынан өз орнын алары сөзсіз. Сондықтан өткен тарихқа тым тереңдей бермей, қазіргі таңдағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталғанымыз дұрыс деп есептеймін.
Айталық, ағымдағы жылдың өткен алты айында жалпы қылмыстың орын алу деңгейі 34 пайызға төмендеді. Бұл орайда біз әсіресе ҚР Конституциясының 1-бабында атап көрсетілгендей, мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірін, оның азаматтық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға жауапты екенімізді бір сәт естен шығармаймыз. Міне, сондықтан болса керек, қала прокуратурасы дайындаған үш кезеңнен тұратын алгоритмді күнделікті жұмыста қолдану нәтижесінде соңғы уақытта азаптау фактісі тіркелген жоқ. Сондай-ақ алаяқтық іс-әрекеттердің 34 пайызға төмендеуіне қол жеткіздік.
Азаматтардың құқықтарын қорғау барысында заң бұзушылық фактілеріне жол бергені үшін құқық қорғау органдарының 107 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Осындай және басқа да нақты жұмыстарды тұрақты, тиянақты жүргізудің арқасында жеке тұлғаға, отбасына және кәмелеттік жасқа толмағандарға қарсы қылмыс саны айтарлықтай азайып, ал конституциялық құқықтың, азамат бостандығының бұзылуы 90 пайызға төмендеді. Жалпы алғанда 116 мыңнан аса азаматтардың құқықтары қорғалды, оның ішінде 7 мыңы конституциялық құқықтар. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі жандар мен көп балалы аналардың өтініш-тілектерін жерде қалдырмауға ұдайы жете көңіл бөліп келеміз.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, мемлекеттің басты құндылығы – адамдар. Сол үшінде прокурорлар өздерінің күнделікті жұмысында азаматтарды қабылдау мәселесін үнемі назарда ұстайды. Түрлі сұрақпен, шағыммен келетін азаматтардың ешқайсысын да қабылдаудан бас тартқан емеспіз. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандар мен көп балалы аналардың өтініш-тілектерін жерде қалдырмауға жете көңіл бөлеміз. Сондай мақсатпен «Заң керуені» акциясын өткізіп, прокурорлар бір күнде 200-ден аса азаматты қабылдады.
Шымкент қаласының прокуратурасы тәуелсіз Қазақстан Республикасымен бірге дамып келе жатыр. Осыған байланысты еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде прокуратура саласының жұмысын жетілдіруге, құзыретін кеңейтуге, беделін арттыруға байланысты бірнеше реформалық өзгерістерді жүзеге асырдық.
Қоғамдық мүдделерді қорғау, әкімшілік құқық бұзушылық істер және атқарушылық іс жүргізу саласы бойынша қадағалау мәселесі прокуратураның күнделікті назарында болуы тиіс. Иә, іс жүзінде де солай. Бюджет қаржысының тиімді, жоспарлы әрі орынды жұмсалуын да әрдайым бақылауда ұстаймыз. Осы орайда заңсыз жұмсалған миллиондаған мемлекет қаржысы мемлекетке қайтарылып, 198 миллион теңге алимент берешегі өндірілді. Жедел-іздестіру бағыты бойынша да белсенді іс-қимыл жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде жүздеген заң бұзу фактілері анықталып, ондаған тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Үкімдердің орындалуын қадағалау, сондай-ақ өтініштермен жұмыс жасау және ұрланған активтерді шетелдерден қайтару мәселелері бойынша да нақты жұмыстар атқарылып келеді. Ол өз нәтижесін беріп отыр. Мысалы, айыппұлдардың өндірілу тиімділігі 92,8 пайызды құрады. Ал енді активтер бойынша айтар болсақ, 1 млрд. 593 млн. теңге елімізге және бюджетке қайтарылды.
«Прокуратура туралы» заңға сәйкес прокуратура еліміздегі құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерін үйлестіреді. Бұл мемлекет тарапынан бізге артылған үлкен сенім және жауапкершілік деп сенеміз. Жалпы біз өзіміздің күнделікті қызметімізде мемлекет басшысының «Бірде-бір заң бұзу дерегі прокурордың назарынан тыс қалмауы қажет» деген сөзін негізгі қағида ретінде ұстанамыз.
(«Бес жылдың белесіндегі прокуратура» кітабы, 2023 жыл).