ЕЛГЕ ЕЛ ҚОСЫЛСА – ҚҰТ

Саясат
43 Views

Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударуға жол ашу – мемлекет тарапынан халыққа берілген үлкен мүмкіндік. Ел ертеңін ойласақ, күнгей жұртын теріскейге көшіріп, солтүстіктің тіршілік қазанын қайнату керек-ті. Себебі, оңтүстік өңірде халық саны жыл санап көбейіп, жұмыссыздық жағы артып тұрса, солтүстіктің кең-байтақ даласында адам саны азайып барады. Аталған олқылықтардың орнын толтыру үшін ел билігі осындай бағдарламалар мен саясатты қолға алып, халықтың бар жағдайын жасауда.

Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударып, шаруашылықпен айналысып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған жандардың да қатары аз емес. Солардың бірі – Мұсабеков Жұмахан.

Ол Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының тумасы. Шымкент қаласынан Солтүстік Қазақстан облысына 2018 жылдың желтоқсан айында көшіп келіпті. Бастапқыда Жұмахан мал шаруашылығымен айналысуды қалап, халықты жұмыспен қамту орталығына көмек сұрап барады. Орталықтың жұмысшылары кейіпкерімізге солтүстікке, атап айтқанда, Тайынша ауданына қоныс аударып, кәсібін сонда бастауды ұсынған. Өтініш қалдырған соң арада біраз уақыт өтпей-ақ арнайы өкілдер хабарласып, тез арада солтүстікке қоныс аударып келмесе, тұрғын үйді басқа жанұяға беретіндерін хабарлайды. Алайда, әлгі отбасының құжаттары дұрыс болмағандықтан үй Жұмаханның жанұясына бұйырады. Ол бар мән-жайды анықтап, үйдің жылуын тексеру үшін Нұр-Сұлтан қаласына 4 баласы мен әйелін уақытша қалдырып, 2 аптадан соң отбасымен Тайынша ауданына көшіп барады. Сол жылдары оңтүстіктен қоныс аударып барған әр адамға 88000 теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы берілген екен. Мемлекеттен берілген тұрғын үйдің де сапасы жақсы. Кейіпкердің айтуынша, бастапқы кезде солтүстік өңірдің аязды қысына шыдау оңай болмапты. Ал аудандық әкімшілік әр жыл сайын тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылардың жағдайын ескеріп, тегін көмір жеткізуге көмек беретін көрінеді. 2020 жылы Тайынша ауданын басқаруға Руслан Анбаев келіп, есеп беру жұмыстарын жүргізіп, жол салып, өңірлерді жарықтандырыпты.

Арада уақыт өткен соң, Жұмахан “Бизнеске бағыт” бағдарламасы бойынша 500000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып, сол ақшаға қой сатып алып, кішігірім қора салады. Бүгінде мал басын көбейтіп, 60 шақты қой асырауда. Ол шаруашылықты кеңейту үшін үлкен қора тұрғызбақ болып, арнайы қосымшаға жұмысшы қажеттігін жазып, хабарландыру қояды. Алайда, 4-5 орыс жігіттері келіп, құрылыспен айналысатындарын айтып, келесі күні телефон қоңырауларына жауап бермей, мүлдем жоғалып кетеді. Сол себепті, бұл іске Жұмахан тікелей кірісіп, жалғыз өзі сарайды салып шығады. Мұндағы мақсаты жылқы асырау болыпты. Ол дүние-мүлкін кепілге қойып, 4 миллион теңге несие алады. Петропавл қаласынан “электропастух” атты құрылғыны әкеліп, кәсібін бастап кетеді.

Кейіпкеріміз солтүстік тұрғындарының менталитеті мен көзқарасы оңтүстікке ұқсамайтынын алға тартады. Халықтың көп бөлігі орыстанып кеткендіктен, тік сөйлеп, мәселені турасынан шешуге қалыптасып қалған.

Жұмаханның айтуынша, солтүстікті қазақтандыру саясаты біртіндеп жүзеге асып жатыр. 2018-2019 жылдары Тайыншада қазақ мектебі салыныпты.Көптеген ата-аналар балаларын қазақ мектебінде оқытуды қалайтын көрінеді.

“Мемлекет халыққа қолдан келгенше жағдай жасап жатыр. Мен де аталған саясаттың арқасында өз жолымды таптым. Оңтүстікке қайта көшіп бару ойыма да келмепті. Бүгінде өз кәсібімді дөңгелетіп, табысты жұмыспен айналысудамын. Сондықтан қайсар мінезді, өр рухты жандарды солтүстікке қоныс аударуға шақырамын. Қорқып-үркудің қажеті жоқ. Тәуекел етіп, кәсіпті бастап кеткен жөн. Екі қолға бір күрек табылады”, – дейді Жұмахан.

Басымыз көбейіп, бауырымыз бүтін болсын десек, қазақ халқының өңірлерде орналасу тепе-теңдігін қалыптастырып, өндірісті нығайту қажет. “Елге ел қосылса – құт” деген аталы сөзді естен шығармаған жөн.

Аружан САМИДИН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *