ЖІБЕК (ДЕРЕКТІ ПОВЕСТЬ)

Әдебиет
406 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

АДАМДАРҒА АСЫҒУ

аң сібірлене Жібек «Я, Аруағын» айтып жолға шықты. Көктем лебі соққаннан сіре қар еріп, сай-саланы көлшікке айналдырған. Бір соқса, үш күн немесе жеті күн ұлып тұратын Арыстанды-Қарабастың желі, қанша күн тұрғаны есінде жоқ, көлшіктердің кенезесін кептіріп-ақ тастапты. Жер құрғақ. Жаз жайлау, қыс қыстау көшіп жүріп, елдің қалың қоныстанған жерін оймен жобалаған алғыр келіншек – Жібек алда елу не алпыс шақырым жол жүру керектігін іштей болжады. «Осы кәдеге асады-ау» деген керек-жарағын арқалауға ыңғайлы қапшыққа және иыққа асынатын қоржынның бір басына тоғытты. Екінші басына азық-ауқатын салды.

Жолда ит-құс кезігіп қала ма деп, қайқы қылышты белбеуіне қыстырып тұрып, бұл ісім әбестік болар, «өзің дуанасың – кімге ақыл айтасынның» кері болмасын, көлденең кезіккен «қылышты қайыршы» деп келемеж етер деп бір тоқтады. Жолға жүк болмасын деп, ауырласа да тоқыма киімдерін қабаттап киіп алған. «Адал ақыға келген еді ғой» деп, қытай шайы, Тәшкен батсайы көрпелердің тысын астарынан айырып, жеңілдеткен түрі еді, сол асыл маталарға қайқы қылышты қынымен орап тықты. Қажет кезінде суырып алуға оңтайлы етіп жасады.

Ескі сүрлеумен тартып келеді. Көңіл түбінде бір қуаныш жасырынғандай. Өйтпегенде ше?! Алты ай қыс қараңғыға қамалып, адам дидарын көруге зар болған жоқ па! Қанша дегенмен, адамның аты – адам ғой. Мақұлықтан артықшылығы – тілдесуге, мұңыңды, сырыңды бөлісуге болатындығы. Жиырма шақырымдай жүріп өткенде алдынан тұма бұлақ кезікті. Арқаланған жүктерін бұлақ жағасына қойып, қоржынның тоқ басын ашып, тамақтанып, әл жинау керек деп шешті. Алдында байқамапты, бұлақтың иесіндей иіріліп жатқан шұбар жылан жатыр. Жүрегі шым ете қалды. «Алла-ай, бұл тағы қай қырың еді көрсетпеген?!» деп, дауыстап жіберді. Жылан айбат шегудің орнына, жылыстап шегініп, жорғалаған бойы қыратқа шығып кетті. «Бұл жылан күнәлі жылан болды» деді, Жібек өзін-өзі жұбатып. Үлкендер айтушы еді: «Қараша түсіп, күн суыта бастағанда жыландар інді-ініне кіріп, ұйықтауға көшеді. Ал, адам шаққан жылан ініне сыймай, тыста қалады. Қара қыстан аман шықса, қайта адам баласын шақпайды» деп. Соның рас болғаны ма деп, өз-өзінен сұрап та қояды.

Жібек діттеген жеріне бесін аралығында жетті. Қызыл матаға «Қызыл Отау» деп жазылған киіз үйге қарай аяңдады. Бірен-саран адам ғана кіріп-шығып жүр. Бұған мән берер емес. Кездейсоқ бейтаныстан:

– Артель құрып жатыр деп естіп ем, басшысы кім екен?

– Бүгін кешке жиын болады. Сол жерден көресіз іздеген адамыңызды, – деп, сүлесоқ жауап берген бірі әрі қарай жүріп кетті. Ол уақыт та алыс емес, осы арада күте тұрайын деп жайғасып, қоржынындағы дәммен жүрек жалғады.

Кешке қарай адам қарасы көбейіп, осылай ағыла бастады. «Ауданнан келген өкіл қатысады дей ме?..» Құлағы естігенін іштей қайталады.

Мына біреудің әскери киім кигені болмаса, жүзі таныс сияқты. Киіз үйге тақай стол қойылып, үстіне қызыл пүліш жабылды. Айбақ-сайбақ жазуы бар екі қағаз киіз үй есігінің оңы мен солына ілінді. Сол маңда кіріп-шығып жүрген жасөспірім қыздан:

– Мұнда не жазылған? – деп сұрады. Қыз Жібекке барлай қарады да:

– Лекбезде оқымадыңыз ба? – деп өзіне қарсы сұрақ қойды. Жер аясы шалғайда тұрғандығын мына ортаға енді келіп қосылғандығын баяндаған Жібекке: – Бар еңбегіміз Кеңеске! – делініпті. «Басқа кімге болушы еді?!» деп, Жібек ернін жыбырлатты. – Екіншісінде: «Бай-кулактарға арамызда орын жоқ!» депті.

– Дәл солай жазып па?

– Иә.

Жібектің көңілі су сепкендей басылды. Заты адамды, адам баласын бір көруге, олардың бет-жүзіне мейірлене қарауды қаншама армандап еді. Енді сол адамдар мұны өз ортасына сыйғызбай, шынымен аластай ма? Не де болса, маңдайындағыны ел жиналып, өкілдер жиналыс ашқанда мәлім болады деген Жібекке уақыт тоқтап қалғандай, күн ұясына қонбайтындай көрінді…

Ұзамай-ақ бұрынғы той-томалақ, басқосуда бастарына қарқарадай кимешек киген бәйбішелер мен күміс шолпылары сыңғыр қаққан бойжеткендердің орнына, әйел-қызы белгісіз – бастарына шаршылап тартқан орамалшалары бар әйелдер мен қоқырайған бөркін ауыстыра қоймаған еркек аты барлар осылай қарай құйыла бастады. Аяғында қырым етігі, тізеден ышқырға дейінгі бөлігі кең шалбар, басында шәпкісі бар жігіт ағасы орнынан көтеріліп, қалың қауымға:

– Жолдастар! Колхоз мүшелері! Ауылдарыңыз бірігіп колхоз құрылғалы да біраз уақыт өтті. Бір кісідей жұмыла еңбек етіп жатырсыздар. Қылышын сүйреткен қыс кетіп, жадыраған көктем келді. Мал төлдету маусымы басталды. Сақпаншылар сақпанға, егіншілер егін егуге бөлініп, бел жазбай еңбек етейік. «Бар еңбегіміз Советке!» – деп, сөзін қысқа қайырды. – Екінші мәселе, – деп, мысық мұртын бір сипап өтіп, – орталарыңызға бір жас әйел келіп отыр. Соны колхозға мүше етіп қабылдаймыз ба, жоқ па, оны өздеріңіз шешесіздер. Ортаға шығып, өзі баяндасын. Ол кім өзі? Қайдан келді? Өмірінен дерек берсін.

Мұндайды күтпеген Жібек қоржын-қапшығын сүйрелей ортаға шықты.

– Мен Шыбықбелдің бер жағындағы Бәйдібектің жайлауынан келдім. Әкем аты – Сейтім, ағам – Батырша. Күйеуім Көмек пен ұлым Қуаныш өткен жылдың қарашасында қазалы болды. Алты ай қараңғы қапаста қысылып отырып, енді жарыққа шықтым. Елге қосылмақ болып…

– Ей, сен баяғы Сейтім байдың қызы, Батырша болыстың қарындасы емессің бе? Колхозға кіру үшін, әуелі сол туыстарың қайда қашты, соны айт! – деп, ә дегеннен алқымнан алды. Бұл – байға да, кедейге де қызмет етіп жүрген екіжүзді Жуасбай еді.

– Бай-кулактың ұрпағы керек емес! – айғай естілді.

– «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш!» деген, қабылдайық! – деді, Құдайдан үміті бар біреу.

– Сен неге кулактың қызын қолдайсың? Екеуіңді қосақтап түрмеге жабу керек. Бұлар жеті атадан шіріген бай болып, жарлы-жақыбайларға тізесін батырып келген жуандар. Туыстары қашып кеткенде мен барғанмын. «Қайда қашты?» дегенімде не шалы, не мынау тұрған әйелі дұрыс жауап бермеді. Бұлар жасырды.

– Әй, Тайтелі! – деді дауысынан танып қалған Жібек. – Менің күйеуім мен баламды соңғы көрген сен екенсің, одан да адам сияқты көңіл айтпаймысың?!

– Ит пен құсқа көңіл айтуға менің мүмкіндігім жоқ! – Жұрт гу етті. Ауданнан келген өкіл:

– Тәке, тым асыра сілтемеңіз. Бәріміз де адам баласымыз…

Уәкілдің сызданған сөзінен сасқалаптап қалған Тайтелі өзін ақтап алмақ болып:

– Мен өмірбақи осылардың есігінде құлдықта болдым. Білген соң айтам да… – деп барып басылды.

Уәкіл Жібекке «не дейсің?» дегендей қалып танытты.

Жібек ортаға шықты. Тастай болып өрілген қос бұрымы омырауына түсіп, басын тұқыртып бара жатқан соң, бір бұрымын арқасына қарай серпіп қалғанда, отырғандар шу ете қалды. Не болды деп арқасына қараса, әлі кете қоймаған Тайтеліге тиіп, бетін осып кетіпті. Лезде қан жуып кеткен бетін басып, ортадан шеттей берген Тайтеліге қарап:

– Ей, сонша уақыт аш-жалаңаш жүрсең, осы дәрежеге жетер ме ең? «Құл кекшіл болады» деген сөз рас екен. Ау, жерлестер, бәріміз адам баласымыз. Кеше басқа, бүгін басқа өмір, ертең тағы басқа болады. Ертеңін болжаған ешкім жоқ. Бір Құдайдан басқа… Араларыңа сыймасам, жабыңдар түрмелеріңе, не асыңдар! Туыстарымның қайда кеткенін білсем, іздемес пе едім соңынан! Қумас па едім! Онсыз да тағдырдың талқысын көрген бұл басым аман болса, бай болғаны үшін күнәлі болған ағайынымның кінәсін еңбекпен жуайын деп келіп ем. Жанымды аямайын деп едім…

– Ойбай, мына қатын, қолымыз әрең жеткен сәбет өкіметі өзгеріп, ертең басқа болады деп, әлі де өткен өмірін аңсап сұңқылдап тұр ғой. Мына қоржынынан басы қылтиып көрініп тұрған қылышымен бізді шаппаққа келіп тұр ма?! – деп долданған кексе әйел, аттап-пұттап келіп, маталарға оралған қылышты суырып алды.

Бұл – Тайтелінің анасы – Сәндіғыз еді. Жібек бірден таныды. Құрт қайнатса жартысын, қазандағы піскен астың берекетін кетіріп, үйіне таситын, қызметшілердің арасында көзге түрткі болған қолының суығы бар, берекесіз жан еді. Енді оған сөз тиген соң, не сорым?! Жібек ойға кетіп қалды.

(Жалғасы бар).

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ,

ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *