ЖІБЕК (ДЕРЕКТІ ПОВЕСТЬ)

Әдебиет
286 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

*    *    *

Ағажанның айтқаны рас екен. Бір ырдуан арбаны тоқтатып, Тәшкенге шейін кірепұлын төлейтін болып келісті.

Ен Тәшкенде ат басын тіреп баратын жақын-жуығы жоқ екені есіне түскен Жібек көшірден:

– Көктерек деген жер Тәшкеннен алыс па? – деп сұрады.

– Ол жолда ғой. Бірақ, Тәшкенге жетпей.

– Онда мені сол арадан қалдырыңыз.

– Мақұл.

Жібек әлдене айтқысы келіп, ұмсыныңқырап қалғанын сезген арбакеш:

– Бірдеңе айтқыңыз келді ме? – деп сұрады.

– Менің саған жолкіреге беретін пұлым жоқ. Мынаны берсем, қалай қарайсыз? – деп, жалтылдаған екі құндыздың терісін ұсынды.

– Ой, айналайын қарындасым, бұл керемет нәрсе ғой! Бұның пұлына Тәшкенге бес рет апарып-әкелуіме болады. – Қуанғанынан арбадағы қос атқа бишікті үйірді-ай келіп.

– Ағасы, Тәшкенде қазағы көп жер бар ма?

– О не дегенің?! Тәшкен күні кешеге дейін қазақтың жері болды ғой. Бір күннің ішінде Өзбекстан болып шыға келгенімізге таңғалдық. Қазақтар ешқайда кеткен жоқ. Баяғы кәсіптерін жалғастырып жүріп жатыр.

– Маған қазағы көп жер керек. Сұрайтын нәрселерім бар. Бірі білмес, бірі біліп қалар, туыстарымды іздеп жүр едім, – деп, көшірге шынын айтты.

– Түсіндім. Көбіне қазақ шалдарының бас қосатын бір шайханасы бар. Сонда алып барайын, – деді көшір. – Әңгіме де, жаңалықтар да сол жерден тарайды. Малын саудалауға келетіндер де жан-жақтан ағылып жатады.

– Біз жеткенше түс ауып қалады, олар тарап кетпей ме?

– Ей, қарындасым-ай, шайханаға бір кіргендер қысыр әңгімеге елітіп, қас қарайғанда бір-ақ шығады.

Бұлар келіп жеткенде шындығында да түс ауып қалған еді. Шайханаға кіргенде байқағаны – ала тақия кигендердің барлығы қазақ ақсақалдары.

Көшірдің сәлемін алғандар шетінен жапа-тармағай амандық-саулық сұрасып жатты. Көшірдің аты – Ермат екенін де сол жерде білді.

– Мына әйелдің сіздерге сауалы бар сияқты, – деді көшір. Пәленбай көз жалт қарағанда, Жібек ұялғанынан жерге кіріп кете жаздады. Дегенмен, бойын тез жинап:

– Маған Бөген – Шаян жақты жақсы білетін адам керек еді.

Отырғандар бір-біріне қарасты да, «білмейміз» дегендей бастарын шайқап, иықтарын қиқаң еткізді.

Аздан соң бір сәлделі ақсақал:

– Әй, ортақтар, бүгін арамыздан Аймырза көрінбейді…

– Иә, иә, бір білсе, сол біледі. Бүгін базарға кеткен-ау, шамасы. Алыс-жақыннан қазақтар малын пұлдауға әкелетін күн ғой бүгін. Ол сонда делдал ғой.

– Иә, иә, – деп қалғандары қостай жөнелді.

– Өзі бұл арадан онша қашықта тұрмайды.

Олардың жол сілтеуімен көшір лезде Жібекті Аймырзаның үйіне жеткізді.

– Әлі базардан келген жоқ. Үйге кіріп отыра тұрыңыз, – деді өзбекке де, қазаққа да келіңкірейтін әйелі. Жібек үйге кірді.

Үйдің жасауы ерекше. Паднос гүлді кестелеп түсірген қара барқыт кілемшелер қабырғаға ілініпті. Екінші жақ қабырғада дуалды жонып жасалынған текшелерге пиала шәйнектің неше түрін жайнатып қойыпты. Бәрі шыныдан жасалған сияқты. Ағаш ыдыстар атымен жоқ. Үйдің ішінен асадал да көрінбейді. Төр жақта тұрған екі кебеже сандық айқыш-ұйқыш темірмен қапталыпты. Үстінде көрпе төсек. «Тәшкеннің халқы осылай тұрады екен ғой» деп ойлап қойды Жібек ішінен.

Ел қонағы күткен Баймырза да келді.

– Иә, қарындасым, шаруаңды айт! – деді Баймырза, шәйі көрменің үстінде жатқан жастықты шынтақтауға қол созып.

Жібей қайдан келгенін, кімдерді іздеп жүргенін қысқаша баяндап өтті.

– Мен осы Тәшкенде туылған қазақпын. Елден келетіндермен онша аралас-құраласым жоқ еді, – деді де, көзін жұмып ойланған қалпы біршама уақыт өткізді.

Жібек ұйықтап кете ме деп, зәре-құты қалмады.

– Байдың қызы құсайсың, қанша түйелерің бар? – деді кенеттен көзін ашып.

– Болған. Көп болған. Малдың бәрін кәмпескеде сыпырып алды. Қазір дым жоқ. Әке-ағаларым – бүкіл әулет болып осылай қарай көшкен. Соларды іздеп жүргенім, – деп, Жібек көзіне жас алды.

– Ұмытым қалмасам, Көктеректе Сауытбай деген қария бар. Есті адам. Елден келген қазақтар соны паналайды деп естігем. Біл білсе – сол біледі. Ертең ертелетіп сонда тарт. Өзі бұл арадан онша қашық емес. Бүгінше осында қон. Мына жеңгең қарсылық білдірмесе, – деп, қасына сүрме жаққан, атлас көйлек киген бәйбішесіне қарады.

Бір қызығы – мана қарапайым көйлек пен кебісін сүйретіп жүрген әйел күйеуі

келер алдында мүлде басқаша киініп, сызыла қалғанына таң-тамаша қалып отырған Жібек әйелге қарады.

– Қожайын, Сізден асырып не айтушы едім, не істей алар едім? Қонағыңызға келесі ханаға жай салып берейін, – деп сызылды.

Кешегі уәде бойынша таң атпай көшір келді.

Мән-жайды білген соң, әуелгіде-ақ сөз еткен Көктерекке тартты. Уақыттан ұтылғанына Жібек іштей ренжулі. Көшір мына жерге алып келгеніне өзін кінәлі санайтындай.

Көктерек – шағын базар екен. Ығы-жығы адамдар ерсілі-қарсылы ағылуда. Бұлардың бәрі құр теңселіп неғып жүр, істейтін істері жоқ па? – деп ойлады Жібек алғашында. Ен базарға кіргеннен дүкен ұстаушылардың бәрі Сауытбайды білетін болып шықты. Айтатындары: «Орнында». Жібек іштей осы базардың бастығы болды ғой деп ойлап қойды. Иін тірескен халықтың ортасынан сығылысып жүріп бір етікшінің күркесіне кідірген көшір дауысын сәндеп:

– Ассалаумағалейкүм! – деп сәлем берді. – Сауытбай асақал Сіз бе едіңіз? Сізге мына қарындасыңызды алып келдім. Іздеп жүр екен.

– Уағалейкүмассалам, келіңіздер!

Жібектің арқаланған қоржын-дорбаларына, шаршаулы жүзіне бір қарап алды да:

– Осы сен дәу де болса Нұрымбет, Батыршаларды іздеп жүрген Жібек боларсың? – дегенде, еңіреп жіберген Жібек жерге отыра кетті.

Осымен міндетім бітті дегендей, көшір де жылыстап жүре берді.

Сауытбайдың әңгімесінен ұққаны мынау болды…

– Анаңды көрдім. Мейірбан жан екен. Мейірім жүректе болады. Бірақ, жүрек қалауы әр уақытта шешімін таба бермейді. Адамда жігерлі қуат болуы ләзім. Келерін келіп алып, босқа көз жасына ырық бермей, сол кезде сендерді ала кетуі керек еді. Науқас күйеуіңді байлап отырғызса да, түйеге не атқа қондыруы керек еді. Ажалы жеткен жан үйде отырып та өледі. Алланың рұқсатынсыз тікен де кірмейді. Өлер адам – сапар үстінде де шейіт болады. Есесіне, ұлың аман қалатын еді. Айрап-жайрап қалған жерде қайбір тазалық болсын?! Балаң сүзектен өлген ғой. Қайта өзің аман қалыпсың, ит пен құсқа жем болмай… – деп бір тоқтады Сауытбай. – Жолдан шаршап келе жатыр екенсің, – деп жалғастырды. – Мына арқаланған жүгіңді үйге апарайық, жуынып-шайынып ал, қалған әңгімені жата-жастана айта берерміз, – деген Сауытбай етікші әбзелдерін жиыстыра бастады. Үйшікті кілттеді. Жібектің қоржынын иығына салып үйіне қарай беттеді.

Ақсақал шын мәнінде есті адам болып шықты. Көпті көргендіктен бе, көп біледі. Жүрегі таза, сұңғыла, мейірім-қайырымы мол, кеңпейіл адам екен.

Отбасы да кәдімгі қазағуар, жасандылығы жоқ; бәйбішесі де, балалары да іші-бауырыңа кіріп елжіретер қарапайым жандар екен. Адамдармен қарым-қатынаста ине ұшында отырғандай сәт кешетін Жібектің жолға шыққалы бергі көрген адами қарым-қатынасы осы болды.

– Нұрымбет бастаған отыз отбасының қашқын болып осында келгенін де білем. Шыршықтағы Өтебайды алдыртқан мен едім. Бәрі де басында дұрыс-ақ басталып еді, – деді қолындағы кесені дастарханға қойды да, әңгімесін бастады.

АЗДЫ КҮНГІ ҮЗІЛІС НЕМЕСЕ ТАҒЫ ДА БОСҚЫНДЫҚ

Ағаштардың дізелерін дірілдетіп, қарашаның суық желі желкелегенде, сарғайған жапырақтарды айқыш-ұйқыш ұшырған, қыс хабары келіп жетті. Ат жалында, түйе қомында жеткен көш бұл кез жайғасып, қоңыр тірлік қамына кіріскен еді. Біреудің біреумен шаруасы жоқ, еңбекқор халық өз шаруаларымен әлек. Негізгі шаруа – диқаншылық. Күріш, тары, жүгері егеді екен. Тегіс алаңқайдағы суармалы алқапта аппақ қауашағын ақтарған мақталық. Мақта жиналып бітіпті. Қоңырайып, бос қауашақтары саудыраған қозапая қу судігерде тоңып тұрғандай дір-дір етеді.

Ауылдың еңбекқор жұрты оны кетпенмен шауып, қолымен жұлып бір жерге топтап, баулауда.

(Жалғасы бар).

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ,

ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *