КЕК (РОМАН)

Әдебиет
354 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

ҚАНҒА – ҚАН, ЖАНҒА – ЖАН

Шілде салқын болып өткен еді, есесіне, тамыздың ортасына таман жаздың ми қайнатар ыстығы енді басталғандай, күн қатты ысып кетті. Бұл уақытта біраз соғыстарды бастан өткеріп үлгерген көтерілісшілердің де қандары тасып, бойларындағы патшаға, Верный ұлықтары мен әскерлеріне деген ашу-ызалары бұрынғыдан да қайнап, қатая түскен. Жаздың ыстығы мен көтерілісшілердің бойындағы ыстық ыза-кек бір-біріне қабысқандай, Жетісуда жағдай күннен-күнге ушығып, үкімет пен қара халық арасындағы ерегіс-жанжал тіпті күшейген. Бүгінде Үшқоңырдағы Бекболаттың маңына батыс Жетісуда бас көтерген көтерілісшілердің барлығы топтасып, сандары бес мыңға таяған. Әлбетте, бас-аяғы бір айдың көлемінде ұранға еріп, намыс көтеріп бір жерге топтасқан көтерілісшілердің қаруы да, ұйымдасу тәртібі де, әскери күші де, жиып айтқанда, соғыс жүргізу тәсілі де – үкіметтің тыңғылықты дайындалған арнайы әскеріне тең келмейді. Дегенмен, Бекболат бастаған көтерілісшілер, шынтуайтына келгенде, алғашқыда талай жылғы бөгдеден көрген қорлықтан, сырт жұрттан тартқан азап пен езгіден қасірет тартқан, патша ағзамның жендеттерінен гөрі тақсірет мол шеккен, ақыры сол тауқыметтің отына күйіп кетудің алдында тұрғанда, бір тұяқ серпуге амал тауып бас көтерген, намысы орасан топ қана еді. Жетісулықтардың бұл тірлігі, нақтысын айтқанда, «момын ашуланбасын, ашуланса – тау қопарадының» кері-тұғын. Сөйтсе де, «бас біріксе, қамал алады» дегеннің мәнісін көтерілісшілер өзара біріккенде ұққан. Бірігіп, патша әскерін талқандағанда, өздерін дүлей әскерге қарсы тұра алатын алапат күшке ие екенбіз деп сенген. Бірақ көтерілістің арты не боларын тереңнен ойламаған, тек осы әрекеттері арқылы патша жарлығынан бас тартуға шамамыз келетін, ұлықтар мен әскерлердің басынуын көтере алмайтын ел екенімізді бір көрсетейік деген оймен ғана шектелген. Шектелген де, еш нәрседен тайынбауға бекінген. Расында, көтерілісшілердің бұлай ұйымдасуы – азуы орасан күшті арыстанның үйіріне қарсы шапқан ашулы бөрінің тірлігіне ұқсайтын әрекет еді. Ақиқатында, мұндай әрекет – қайтпас қайсар, түкті жүректі, айбары айбын, өлер алдында қыңқ деп дыбыс шығармайтын, намысты бөрінің қылығына ұқсайтын.

Бірақ адам кеудесіндегі сенім деген құдіретті сезім барлық күдік пен күмәнді жеңеді екен, үміттің – жеңісті, арманның – жемісті қиялына жетелейді екен. Шынтуайтында, көтерілісшілердің көкейін кернеген де, көкірегін тербеген де – осы қиял-тұғын. Кейде қанша қиялдансаң да – арманның орындалмайтыны бар, үміттің алдайтыны бар. Тамыздың ортасына дейін Үшқоңырдағы Бекболат тобы батыстан, Нарынқол-Шарындағы Ұзақ-Жәмеңке қолы шығыстан Верныйға шаппақ еді. Қазақтардың ойлағандары болмады. Ортадағы қалада тұрған мықты орыс отряды көтерілісшілердің аталған екі тобын бір-бірімен қоспау мақсатында қатты әрекет етті. Екеуіне шағын отрядтар аттандырып, бөлек-бөлек шабуылдады. Тамыздың ортасына қарай екі жаққа да шағын отрядтармен емес, үлкен күшпен шабуылдауды ұйғарыпты. Кеше Верныйдан Үшқоңырға қарай мың адамдық отряд шығыпты. Осы хабарды естіген Бекболат сардарлары кешеден бері соғыс дайындығына қатты кіріскен. Өздеріне қарсы аттанған отрядты тура орта жолда қапелімде басайық деп, бүгін таңертең жолға шығуға дайындалған. Бес мыңға таяу көтерілісшілер атқа түгел қонғанда Бекболат ақсақал сап алдына шықты. Тұлғасы есік пен төрдей келген ұзын, тұрқы дәу, жал-құйрығы төгілген, жылқының тұлпары деуге тұрарлық торысын сап алдында омыраулатып, саңқылдаған үнмен ұранға басты:

– Уа, ағайын! Елді басқан, жұртты билеген патша тыныш болса, мен – жалбағай шақта, жас озып, жан тозған шақта бекерге ту көтеріп нем бар?! Сендердің атқа қонып, найза көтеріп нелерің бар?! Несін талқылайын, не үшін түп көтерілгеніміз әмбемізге аян. Енді жіберген тізгінді кейін тартып, ерттеулі аттан ерді кері сыпыра алмаймыз. Тәуекелге бәс тіккен бас не істен де тайынбас! Басымызға ноқта салған патшаның бұғауында өмір бойы азап шеккенше, бостан ғұмырға қол созып, шейіт кеткен мың есе артық. Жортуыл үстінде оқтан өліп, шоқтан күйіп, көмусіз қалсақ та, ноқтасыз өмірге әрекет қылсақ – азаматтығымыздың белгісі. Бұл жолда – өлерміз, өлмеспіз, Алланың өлімге де, өмірге де тарлығы жоқ, бірақ Құдай алдында біреуге құл тұрыпты жұрт болып жаратылмағанымызды өзгелер де, өзімізге де дәлелдеп кетеміз.

Берной ұлықтары бізге қарсы салған солдаттар тобын «жазалаушы өтрәд» деп атапты. Еркіне көнбеген, ырқына жүрмеген, айтқанына көнбеген бізді жазаламақ екен. Бұрын таяқпен, сөзбен, іспен жазалап келгендерін ұмытыпты. Бұдан былай мылтықтан атылар оғымен, зеңбірегінен ұшар оттасымен жазаламақ. Енді оған қазақ көнбек емес! Қане, аттанайық, ерлерім менің!

Бекболаттың үстінде кемер күміс белдікпен буынған зерлі шапан, басында хандар киетін ұшақ бөрік – мұрақ. Бүкіл қазақ-қырғыз ақ киізге отырғызып, хан көтеріліп – Бекболаттың түр-тұрпаты, сөз саптауы тіпті өзгерді.

Бекболат алдындағы ер-азаматқа қысқа сөйледі. Соңына ерген осыншама азамат бар екенін көрген көсем-сардарлар қуанған. Қатардағы азамат өзінің көптігіне арқа сүйеп, арқаланған. Бұл өңір бес мыңдық жасақты қашан көріпті. Бәлкім бағзыда, қорым қалмақ заманында мұншама қол осы маңды ары-бері талай шаңдатқан шығар. Алайда қазіргі көзі тірілер оны көрген емес. Ал көптен бері соғыс өтпеген, жасақ ұйымдаспаған Жетісуда бүгінде бір жерге бес мың қарулы азаматтың ұйысуы – расында, елге күш, азаматтың сеніміне сүйеу көрінді. Жетісуда неше заманнан мұндай санды жасақ бір жерге жиналып, жауға шаппаса да, қазіргі бүгінгі ер-азаматтың бағзыдағы ата-бабаларының атқа қонғанда ұрандайтын салт жосығы саналарынан кетпеген, жадыларынан өшпеген. Содан да, Бекболаттың әлгіндей жалынды сөздерінен кейін бес мың қол ұранға басты:

– Уа, әруақ!

– Уа, Ақарыс бабам, қолдай гөр!

– Өтрәд деген не?! Бір шапсақ, жайпап тастармыз!

– Келе берсін, күбірнәтірдың солдаттары. Өз қандарын өздеріне у ғып іштіреміз!

– Бұдан былай аянар жерім, аяр жаным жоқ!

– Басым кеткенше, қас-жаудың қаншасын жер қаптырармын!

Әруақ! Әруақ қолдай гөр!

Өздерінің көптігіне масаттанған, арқалары қозып, бір-бірін алқалаған сарбаздар дүрк көтерілді. Бекболат сарбаздары Верныйдан шеру тартқан отрядты Үшқоңырдың шығыс бетіндегі Қаскелең өзенінің жағасында күтіп алуды мақсат етіп межелеген. Жарты күн өткенде бес мың қол өзен жанындағы ашық жазықта шеп құрды. Ауыр жарақты, алды мен арты екі жүз қадамдай қашықтыққа шұбатылған саны төрт жүздей жазалаушы отряд та ұзамай көрінді. Отряд қазақтарды көре сала, дереу аттан түсіп, екі қатарға топтаса, соғысқа дайындала бастады. Екі ара жарты шақырымнан асады. Тағы да Бекболат топ алдына шауып шықты:

– Уа, қазақ баласы! Уа, жорықтас ағайын! Майданға қазақ баласын бермейміз деп, осы жолда бізге тізе батырған орыс жасағының бетін, ұлығының уын қайтарамыз деп атқа қонғанбыз! Зорлықшыл жауға айналған сары жұрттың аламанымен шешуші айқасатын сәт келіп тұр! Анау өтрәдтің оттас ататын зеңбірегінен, оқ шашатын пүлөметінен қаймықпайық. Зеңбірек – бір атар ғана. Оны екінші оқтағанша, тіке жауып, өтрәдті таптап тастаймыз. Уа, батыр аламан, ер жүрек азамат, алға!

Бес мың жігіт бір мезетте сан жерден шу сала ұрандап, алға лап қойды. Ат дүрсілімен, ұран-айқайдан жер-дүние дірілдегендей үнге толды. Ұшқыр жүйріктердің шабысынан бойына желік біткен әр жігіттің де делбесі қоза түскен, тұлпарларын алдыға шығарғысы кеп, қамшы басқан. Бес мың сарбаз алға лап қойғанда, жылқы жануардың тұяғынан ұшқан шаң аспанды бұлдырлайды.

Тұтаса шапқан қалың қол отрядтың шебіне жүз қадамдай жақындағанда жүздеген мылтық қатарынан бірдей гүрс етті. Әлденеше жігіт аттан аунап, жерге гүрс-гүрс құлады. Алайда алға құйғытқан қол тоқтамады, демде отрядтың шебін тапап жетті. Содан бір-бірін жер бетінен құртпайынша тыным таппауға бекінген екі жақтың аламандары арасында біреуі қашып жүріп, біреуі қуып жүріп атқан, бір-бірін қуалап қылышпен шапқан, сойылмен ұрған, шоқпармен соққан қиян-кескі, қолма-қол, шаппа-шап айқас басталды да кетті.

Әп-сәтте қазақтар ғана емес, Верный отрядының орта тұсы да ойылып, екі жақтан бір демде жүздеген адам жер құшты. Сарбаздар жақтан оқ тиіп, аттан құлаған, қылышпен шабылған жігіттердің сандары артты. Қазақтар жағы әруақ көтеріп, ұран сала ұрысса, орыстар жағы балағатты «подлец!», «сволочь» деген сияқты сөздермен, ащы дауыспен бақыра, тайталасып жатыр. Қанша дегенмен, көптің аты көп, сәт сайын орыс солдаттарының қатары сирей берді. Бекболат қолы дәл осы екпінмен саны төрт жүздей ғана солдаттардың бірде-бірін тірі қалдырмай, шетінен турап, сүйектерін паршалап тастар-ақ еді. Бірақ бұл отряд көтерілісшілердің бар назарын өздеріне аудару үшін алға жіберілген топ болып шықты. Ал Верный әскерінің негізгі күші артта екен. Көтерілісшілер осы отрядпен қырқысып жатқанда, соғыс алаңына арттағы сол негізгі күш те екпіндей келіп жетті.

Негізгі күштің қарасы қалың, сандары екі мыңдай. Әрі қару-жарақтары да жойқын. Оларды көрген қан майдан ортасындағы солдаттар солай қарай қашуға жанталасты. Қашқандарды қазақтар қуалап жүріп, желкелерінен сойылмен соқты, арқаларынан найза салды, әйтеуір, тірі жібермеуге талпынып, қырып жатты. Мұздай қаруланған екі мың солдат дереу екі қанатқа жарылып, шеп құра бастаған. Пулеметтерін оңтайлы жерге орналастыра бастады. Жазалаушы отрядтың ондай қаһарлы отты қаруларының барын білмегендіктен бе, әлде тәуекелге бас тіккендіктен ығуды ойламады ма, көтерілісшілер артқа шегінбеді. Екі мың солдатты да дәл осылай жер жастандырармыз деген ниетпен соларға шапты.

Жазалаушы отряд бірден пулеметтерден оқ төкті. Алдыңғы лектегі қазақтар демде жапырылып кетті. Аттарымен қоса, денелерінің де қырық-шұрығы шықты. Әп-сәтте нөпір көтерілісшілер әбігерге түсіп, әуреленіп, іркіліп қалды. Іркілгендерді арттан құйғытып келе жатқандар соғып, өзді-өздері асып-сасқан, қарбалас күй кешті. Отряд жақтан әлі де бірнеше пулемет бірдей сақылдап тұрған. Екі мың мылтықтан бірдей оқ атылды. Жаңағы қырылыс түк емес, енді ортаңғы лектегі қазақтар шалғы ораққа ілінген шөптей қиылып түсті.

Алда шапқан Бекболат пен Омарбек алғашқылардың бірі боп іркілген. Бекболат бірдеңе деп айқайлады да, заматта кері бұрылды. Мұнымен қоса, жаңа ғана алға жөңкіген, енді жанұшыра артқа бұрылған от-шоқтан сау қалың лек те кейін лықсыды.

Артқа дереу шегініп үлгерген қазақтардың көпшілігі оқ жетпейтін жерге ұзап кетті. Әйтсе де, отряд майда қаруларынан оқ атуды бәсеңсітпеді. Өйткені артта талай жаралылар қалған, аттарынан айырылып, жаяу қашқандар да оқ жетпейтін жерге жетіп үлгермеген. Жөңкіле қашқан ондайлардың талайы діттеген жерге жетпей, оққа ұшты.

Ұзамай Бекболат қолы алғашқы аттанған жерге иіріле топтасты. Ал Верный отряды орындарынан көтеріліп, оқ ата қуғын салып, алға жылжыды. Ауаны жара ысылдаған, ысқырған қалың оқ мұз үстінде сырғанағандай бір лекпен тұтаса қаша соғысқан сарбаздардың аттары мен адамдарын құлатып жатты. Қан қасап қырғын қайта басталды.

Нешеме жауынгер жасақ бір демде жер құшты, нешеме аттар бір пәсте иелерінен айырылып, босанып шыға келді. Талай жігітін жорық жолына өлідей де, жаралы қалпында тірідей де қалдырған көтерілісшілер дереу шегінуге кірісті.

Қаша соғысқан сарбаздардың оғынан да шығынға ұшырап жатқан отряд қазақтар ұзай бастағанда басшыларының бұйыруымен қуғынды тоқтатқан еді. Ес жиып, күш топтамақ.

Қазақтар үш сағат ішінде үш рет тіке шабуылға шықты. Үшеуінде де ойлағандарына жетпей, қатарлары сиреп, арындары басылды. Бастапқыда өрлікке, көзсіз ерлікке барып еді, жалаң найза, аздаған қылыш, шиті мылтықтың шамасы мұздай құрсанған қарулы отрядқа жетпейтінін ұқты. Қаһарлы қарулардың қандай құдіретті екеніне көздері жетті. Әр сардар, әр сарбаздың кеудесінде кек оты өршіп, ашу-ыза буырқанғанымен, адам түгіл, жер-дүниені күйдіріп жіберуге қауқарлы отты қаруға қарсы амал таппады. Іштен булығып, өкініштен өзектері өртенді. Арманды жеңіс сағымға айналып, тәтті үмітке жетелеген ұранды бастаманың күлінің бүгін-ақ көкке ұшқанына жандары жасып, көңіл-көкіректерін қайғы-мұң басты.

Құдірет десеңші, орыс отаршылдары келгелі оларға қарсы бір мақсатты жеңіске жете алмаған қазақ, енді қашан мерейлі бір жеңіске жете алады?..

Алапат жеңілістің ащы дәмін татқан жазған қазаққа арман жолындағы сәтті күн, қайырлы шақ қашан тумақ?..

Азаттық жолын арман тұтқан талайлар, мейлі, бүгін шейіт, ал тірі күйінде жер басып жүрген Алаш баласы бостандық аңсаған мақсатына қашан жетер?.. Жетпесе, келешек күндері не болмақ? Бес мың түгілі, елу мың сарбаз жинасаң да, от қарусыз, білікті соғыскерсіз ұшпаққа жетпейді екен. Сағы тағы сынып, жігері тағы мұқалған үш Арыс ұрпағы енді қандай желдің айдауына түсер?..

Бірақ бір көтерілген өр қазақтың көкірек-кеудесі оңайшылықпен басылмайды. Жеңілдік, қатарымыз сиреп, ортамыз ойрандалды деп сардар-көсемдердің салы суға кетпеді. Қатардағы сарбаздардың жүрегі шайлығып, соғыстан біржола беті қайтпады. Мейлі, орыс отряды өздерін жеңімпазбыз деп масайрап, мадақтай берсін, қазақ арасындағы Қырбай мен Қабылтай сықылды жетесіз опасыздар табалай берсін, алайда, қайтпауға бекінген көтерілісшілер ес жиып, қайта соғыспақ. «Жағың сынса да, сағың сынбасын» деп мақалдайтын қазақ осы. Кері шегінгендердің барлығы бір ортаға жиналғанда Бекболат былай деп бұйырды:

– Жігіттер, бір-екі шабуылда бетіміз қайтты деп, көңіліміз пәс тартпасын! Топтанған жауға енді жан-жақтан шабайық! Омарбек, сен өз тобыңмен күнгейден, Нүке, сен – шығыстан, Қашаған, сен – тау жақтан шабыңдар! Мен осы жерден тіке шабуылдаймын!

Бұл шабуыл Бекболат айтқандай жүрді. Омарбек өзінің әлгі қырғыннан аман шыққан үш жүз сарбазымен Қаскелең өзенін кесіп өтті де, отрядтың тура бүйірінен тиісті. Сарбаздардың көпшілігінде мылтық, қалғандары сойыл-шоқпарлармен қаруланған. Мылтығы барлардың қарулары білтелі мылтық, шиті мылтық, берденкелер еді. Шиті мылтықтарының оғы алысқа жетпейді, жау жақында болса мақұл, дәлдеп атып тигізуге болады. Ал жаудың қаруы шетінен бесатарлар. Алысты көздейтін жойқын қарулар, өзіне жақындата қоймайды. Оның үстіне сойыл-шоқпармен соғысу үшін де сарбаздарға қолма-қол айқас, бетпе-бет ұрыс керек. Мықты дұшпан ондайға да мүмкіндік берер емес. Пулеметімен, мылтықтарымен селдей лықсыған шапқыншы қазақтарды баудай түсіреді.

Омарбек сарбаздарының бірі өліп, бірі жараланып, бірі аттан құлап жатса да, оқ тимеген, саулары жанкештілікпен алға ұмтылды. Ойлары – жауға жақындап, жағадан алу. Бірақ, соғыс қаруы озық дұшпанға көкірегің көк тіреген батыр, арқаң тау тіреген қаһарман болсаң да, құр сойыл-шоқпармен түк қыла алмайсың. Батыр қазақ, қайсар қазақ, бар кегін кеудесінде будырып, ызадан өршелене шапқан өжет қазақ, бәрібір, жауға жақын жете алмады. Қызына шапқан қазақтың өкінішіне орай, сарбаздарды оқпен қарсы алған отряд жақындатпады. Жарқылдаған отты қарудың иесінің жағасына жетуі мұң болды.

Қатты екпінмен құйғытқан Омарбек отрядқа таяп-ақ барып, мергендігін көрсетті. Бердеңке мылтығымен үш солдатты жайратты. Солдаттардың жүзі айқын көрінетін тұсқа келгенде атының кеудесіне оқ тиіп, омақаса құлады. Өзі аттың басынан асып, ұшып кетті. Екі-үш аунап барды да, тұра келді. Елу қадамдай қарсы алдындағы екі солдат асығыс атты ма, оқ тимеді. Жүрелей отыра қалып, екеуін екі атып, сұлатып түсірді. Айнала қым-қуыт. Оқ даусынан, адам айқайынан, сарбаздардың шуылынан ештеңенің парқын байқау мүмкін емес. Арт жақтан дауыс шықты:

– Омарбек, Омарбек, кел атқа мінгес!

Арт жағына қараса, жүзбасы Мақыш екен. Тұрқы үлкен қазанатын ары-бері ойқастата, оқ тимесін дегендей, айналшықтатып тұр екен. Секіріп, Мақыштың артына мінгесті.

– Кеттік кейін! – деп дауыстады Мақыш. – Жау оғына төпеп бере алар емеспіз.

Осына айты да, құйғыта шапты. Омарбек бетіне тиген желмен бірге құлақ түбінен ысылдап, сусылдап өтіп жатқан оқтардың суылдарын анық есітті. Құдай қаққанда, бір оқ дарымады. Арттағы екі мың солдаттың жүзі кемісе, ортасы опырыла ма, қарасыны дүлей. Көтерілісшілердің сапын сиретіп, қарқынын қайтарған отрядқа қазақтар бытырап, қаша жүріп соғысты. Отряд та әр топтың соңына бөлек-бөлек түсіп, өршелене қуалап оқ жаудырды.

Омарбек оқ жетпейтін жерге келгенде Топардың атынан түсіп, бір сарбаз алдына тартқан басқа атқа мінді. Әр тұста қашқан немесе беталды шапқылаған сарбаздарын айқайлап, қасына шақырды. Айқайды естігендері келді, естімегендері бастары ауған жақты бетке алды. Жиналғандардың саны жүзге тарта ғана болды. «Не істейміз?» деп ақылдасуға уақыттары да болмады. Қайдан келгені белгісіз, төмен жақтан сау етіп шыға келген жүз шақты қарулы солдат сырттарынан орап соқты. Қас қылғанда, арт жақтан ізбе-із ілескен отрядтың солдаттары да таяп қалыпты. Ана жақтағы Бекболат, Нүке, Қашаған сынды сардарлардың, оларға ерген сарбаздардың хәлі нешік, кім аман, кім өлді, сау қалғандар қандай күйде – саралауға, бақылауға, қарауға шама жоқ, екі жақтан қыспаққа алған жау ештеңені ойлауға мұрша бермеді, оқ боратып, тықсыра қысып келіп қалды. Ешкімді, ештеңені аяйтын емес, Ат үстіндегі қарулы қазақтың, жердегі жаяу қазақтың, оқтан қансырап, жарақаттан өлейін деп жатқан бейбақ, пақыр қазақтың ешқайсысын тірі қалдырмай тынбайтындай екілене оқ төккен. Есерлене ұранға басқан. Мақыш палуан айқай сап:

– Ай, Омарбек, тауға қарай сытылып кетейік, – деді.

Омарбек айналаға қарады. Төңірек астан-кестең, ал айналадағы дүние аласапыран. Қым-қуыт соғыс. Өліммен, өмірмен арпалысқан, жаралы жанына батқан аурудан қанша шыңғырса да, өзінен басқа ешкім естімейтін шерменде-шерлі күйге түскен, тірі аман қалу үшін өзгеге оқ атып, жанын сау алып қалуға жанталасқан қым-қиғаш, қидалас соғыс деген осы шығар. Мұндайда қаны қызған, жаны өртене жалынды күй кешкен батыр сарбаз өзіне тиген жаудан кек алудан басқаны ойламайды. Мұндай күйдегі жан өлімнен де шошымайды, ажалдан да үркіп, қорыққанды білмейді. Омарбек те осындай жағдайға жетті. Жаудан қашу, өзіне өлімнен басқа ештеңе төндірмейтін дұшпаннан сытылып кету деген ойына да кірмеді. Таяп келген солдатты атты, жаралыларды атқа мінгізді.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру»

газеті редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *