КИБЕРБУЛЛИНГ ҚАНДАЙ КЕСЕЛ, ОДАН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛУҒА БОЛАДЫ?

Қоғам
1 121 Views

Қазір біздің өмірімізде кибербуллинг деген жаңа термин пайда болды. Бұл сөз біреуге танымал,біреуге таңсық. Кибербуллинг — әлеуметтік желі арқылы адамды қорқытып-үркіту,жеке басын кемсіту, мұқату.

ВИРТУАЛДЫ ӨМІР РИТУАЛДЫ ӨЛІМГЕ ДЕЙІН ЖЕТКІЗДІ

Ғаламтор — шекарасы жоқ шексіз әлем. Қазіргі таңда ғаламтор желісіне еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін қолданады десек те қателеспейміз. Соның салдарынан, Қазақстанда балаларға зорлық-зомбылық көрсету өршіп тұр. Статистика бойынша 11-15 жас аралығындағы әрбір бесінші қазақстандық жасөспірім, ай сайын кибербуллингтің құрбаны болуда. Оған түрткі болатындар ең әуелі сыныптастар, таныстар, достар және бөгде адамдар. Қорқыту, кемсіту мен қорлау — бұл адамның психикалық денсаулығына қатты әсер ететін ауыр психикалық күйзеліс. Қорқытудың салдары депрессияға, сенімсіздікке, мазасыздыққа, өзін-өзі бағалаудың төмендігіне, тіпті қол жұмасауға дейін әкеліп соғады. Биыл жасөспірімдерге қарсы 140 000 кибер шабуыл жасалған. Соның 12%-ы кибербуллингтен зардап шеккен.

Бұл мәселе қоғамда күннен-күнге дүрбелең туғызып жатыр.

Бұл мәселеге заң аясында қатаң шаралар қолданбасақ, кез келген адам кибербуллингтің құрбанына айналуы ғажап емес. Кибербулинг адамның жас мөлшеріне қарамай, әртүрлі буынға бірдей қатты әсерін тигізеді. Жасөспірім ғана емес, мәселен мектеп мұғалімі де оның құрбанына айналуы мүмкін. Жалпы, мұндай жағдайды бастан кешірген адам, өзінің онлайн қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Бұл жағдайдан бала өз бетімен шыға алмайды, жаман мен жақсыны ажырата білмейді. Сондықтан оған ата-анасы, мұғалімдері, мектеп психологы көмектесуі керек.

Интернеттің ар жағындағы киллер ең алдымен аңғал, кәмелет жасына толмаған мектеп оқушыларын нысанаға алады. Оған неше түрлі хаттар жаза бастайды немесе инстаграмдағы постың астындағы комментарийлерге лас сөздер жазады. Оған назар аударған жасөспірімдер өзін төмен санап, мінез-құлқы өзгере бастайды. Кеше ғана тәртіпті, ешкімге зияны жоқ болып жүрген жасөспірімнің мінезінде аяқ асты дөрекілік, әдепсіздік, тәртіпсіздік пайда болады. Ал, кибербуллинг қолданатын адамдар сол күйі жасырын болып қала береді. Жасөспірім өзінің кім аңдып жүргенін біле алмайды. Аңдушылардың аты-жөнінің жасырын болуы үрей әсерін күшейте түседі.

Осы тақырып төңірегінде Шымкент қаласындағы Ұлықбек атындағы №3 жалпы орта мектебінің психологы Дөненбай Ерсайынның ының кибербуллинг жайлы пікірін тыңдадық.

Дөненбай Ғалымбайұлы:

— Карантин кезінде сабақтар онлайн форматта жүріп жатқандықтан, барлық оқушылар смартфонмен, ноутбукпен, планшетпен жұмыс жасады. Сабақтан тыс олар Instagram, WhatsApp, TikTok әлеуметтік желілеріне кіріп, 6-7 сағат тапжылмай уақытын сонда өткізе бастады. Сол сәтте түрлі чаттардан, екінші, үшінші өз қатарластарының кесірінен кибершабуыл пайда болды. Яғни, келеке ету сол кезде басталды. Оқушы онлайн сабақ айтып жатқанда, басқа да сыныптастары әжуалап, кереғар пікір айтып, негатив жіберіп отырады. Бұл жағдай балаға кері әсер етеді. Өйткені жасөспірім өтпелі шақтағы оқушылардың қазіргі таңда психикасы тұрақты емес, құбылмалы. Ақпараттандыру заманы болғандықтан, оқушылар бір деңгейде ғана дамып келе жатыр. Әлеуметтік желіден неше түрлі нәрсені көргендіктен, психикасы тез бұзылғыш, әрі тура қабылдайды. Оқушы пікірді дұрыс қабылдамауы мүмкін, негатив сөздерді өзіне қарсы күш қолдану деп түсінеді. Соның салдарынан қатты күйзеліп, депрессияға түсіп кетеді. Тіпті, өз-өзіне қол жұмсауға дейін баруы мүмкін.

КИБЕРШАБУЫЛҒА ҰШЫРАҒАН БАЛАНЫ ҚАЛАЙ БАЙҚАУҒА БОЛАДЫ?

Ең алдымен оқушы көңілсіз жүреді, достары мен ата-анасы арасындағы қарым-қатынасы өзгеріп, тұйықталып кетеді. Мәселен, естеріңізде болар, 2016-2017 жылдары «синий кит» деген ойын болды. Сол кезде оқушылар осы ойынға басымен кіріп кетіп, екінші жасырын тараптың айқандарын істеген болатын. Істемеген жағдайда ата-аналарыңа болмаса басқа да жақындарыңа қауіп төндіремін деп қорқытып, өз тапсырмаларын орындатып отырды. Кибербуллингте дәл сондай ситуация болуы мүмкін. Осындай кезде оқушы өз-өзінен тұйықталып жабылады, қоғамнан алшақтайды. Өзіне сенімсіз, агрессивті болады. Бұл жағдайдан оқушы өздігінен шыға алмайды. Мұндайда міндетті түрде екінші немесе үшінші тарапттың көмегі керек. Психолог маманы болсын, ата-анасы, сынып жетекшісі міндетті түрде көмектесуі қажет. Қазір экономикалық тұрақсыздықтың кесірінен ата-аналары 2-3 жұмыс істеп, балаларымен сөйлесуге мұршасы болмайды. Сондықтан баланың кибербуллингтің құрбанына айналғанын білу кішкене қиындық туғызады. Менің жеке өзіме кибербуллингтің құрбаны болған оқушылар кездесті. Олардың айтатындары:

— Менің жекеме анонимді хаттар келеді. Сыныптасым маған тұрпайы видео, фото жіберді, дөрекі сөздер айтты, мен түңілдім, не істеуге болады? – деген сауалмен оқушылар келіп тұрады.

Оқушы агрессиямен келіп тұрғанда, оған агрессиямен жауап беруге болмайды. Сондай жағдайда міндетті түрде сынып жетекшісіне хабар беремін. Онымен қоса тәрбие орынбасары, мектеп инспекторына хабарлаймын. Олар дер уақытында іс-шара қолданып, оқушы сол мамандардың арқасында кибербуллингті жеңіп шыға алады. Егер оқушы өзім шешем деген жағдайда керісінше зардап шегуі мүмкін. Бұндай жағдайда барлық жұмысты психологқа артып қою дұрыс емес. Сынып жетекшісі, пән мұғалімі, ата-аналар, тәрбие орынбасары, директор, мектеп инспекторы бәрі бірігіп жұмыс жасайтын болса, кибербуллингті оңай жеңуге болады деген ойдамын. Ұлықбек атындағы №3 жалпы орта мектебінде екі мыңнан аса оқушы білім алады, 90% оқушы әлеуметтік желіде отыратындықтан кибербуллинге ұшырайтын оқушы саны да көп. Сол себепті біз оларға бір айлық іс-шара өткіземіз. «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық», «Кибербуллингтің алдын алу» тақырыбында тренингтер өткізіп, сауалнамалар жүргізіп отырамыз. Тіпті ата-аналардан да онлайн сауалнама алып отырамыз.

Мұндай шаралар қазір қала мектептерінде түгел өткізіледі. Дегенмен, психологтың жүргізген сауалнамасы барысында аңғарғанымыздай, мектептегі оқушылардың тең жартысы депрессияға, күйзеліске бейім екені анықталған. Бұл дабыл қағарлықтай қорытынды!

Кибербуллингтен құтылудың жолы: Кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтың алдын алу керек. Сол бойынша қазіргі мектептерде профилактикалық жұмыстар ата-аналарымен қоса жүргізілуі қажет. Әр мектепте белгіленген өздерінің психологтары болады, сол психолог мамандар кибербуллинг бойынша оқушылармен тығыз жұмыс жасау керек.

КИБЕРБУЛЛИНГТЕН ӨЗІҢДІ ҚОРҒАЙ АЛАСЫҢ ЖӘНЕ ҚОРҒАУҒА ТИІССІҢ!

Күнде сандық технологиялардың дамуы, балаларға қарсы зорлық-зомбылықтың көбеюіне де себепкер. Бұл қатарда кибербуллинг немесе онлайн зәбір көрсету де бар. Қазақстанда кибербуллинг үшін әзірге ешқандай шектеу жоқ.

1. Интернетте қандай да бір мағлұматтар жарияламас бұрын мұқият ойлан.

2. Бөтен адамдарға өз мекен-жайынды,телефон номеріңді, мектеп атауын айтпа.

3. Егер біреу сізді интернетте үнемі қорқытып немесе ренжітсе, бұл туралы ата-анаңызға немесе ересек адамдарға айтқаныңыз жөн. Бұны ешкім жала деп саған айып тақпайды, өйткені кибербуллинг зұлымдық, онымен күресу керек.

Айдана МАРАЛБЕКҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *