Мөлдір ҚИЯСОВА: «ТӘН АУРУЫ ЖАЗЫЛАР, ЖАН АУРУЫ ЖАЗЫЛМАЙДЫ»

Жастар Сұхбат
1 348 Views

Біз Шымкенттегі Мәншүк Мәметова атындағы №35 жалпы орта мектебініңпедагог-психологы Мөлдір Жанбырбайқызы ҚИЯСОВА ханыммен әңгіме-дүкен құрдық.Сұхбат барысында кәмелетке толмаған жеткіншектердің өзекті мәселелерін ортағасалып, шешу жолдарын талқыладық. 10 жылдық қызмет өтілі бар, білгір психологпен болған сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Мөлдір ханым, Сіздің бірнеше жылдар бойы мектеп психологы болып еңбек етіп келе жатқаныңызды білеміз. Бала психологиясының, оларды түсіну мен мәселелерін шешуге бағыт бағдар-беретін нағыз маман екеніңіз анық. Жас балалармен жұмыс істеу өте жауапты қызмет екені де белгілі. Осы орайда мектеп психологы атқаратын жұмыстың психологияның басқа салаларынан ерекшелігі неде екені туралы айтып өтсеңіз?

– Әрбір тұлға – жұмбақ. Сол жұмбақтың кілтін тауып, жүрек кілтін аша білу, әрбір жүректің құпия сырын оқи білу – мен қалаған мамандықтың ғажайып тылсым сыры. Қазақтың «Тән ауруы жазылар, жан ауруы жазылмайды» деген сөзінде үлкен мағына мен мән бар. Тән ауруын дәрігердің шипасы емдесе, жан ауруын психолог маман емдей алады. Әр адамның жүрегіндегі мұңды сезіп, ойды танып, дұрыс жол сілтей білу, адамнан тек мамандықты ғана талап етпейді, адамға деген мейірімділік пен ізгіліктен туындайды.

Қазіргі таңда психология саласы мектеп психологы, медициналық психолог, шығармашылық зерттеуші және психотерапевт, психоаналитик, тағы басқа салалар бойынша қызмет атқарады. Тек психиатр ғана психолог бола алмайды. Ал, мектептегі психологиялық қызметтің басты мақсаты – дамудың және оқу-тәрбие процесінің әлеуметтік жағдайын ғылыми психология жағынан қамтамасыз ету, яғни білім беру процесіндегі барлық қатысушылардың денсаулығын сақтауға арналған психологиялық жағдайларды қамтамасыз ете алатын, тұлғаны дамыту мен тәрбиелеудің заманауи психологиялық-педагогикалық теориялары негізінде осы процесті ұйымдастыру, құру және жүргізу.

Психология – психикалық құбылыстардың пайда болу және қалыптасу заңдылықтарын зерттейтін, яғни адамдардың жан-жүйесін зерттейтін сан салалы ғылым. Осылардың бәрін ғылыми тұрғыда психология ғылымы зерттейді. Психологияның зерттеу пәнінің негізіне адам болмысының табиғаты, психикалық құбылыстары, процестері, қасиеттері кіреді. Адам дамуының заңдылықтары және оның ерекшеліктері туралы ғылыми ілімдердің жүйесі жалпы қоғамның дамуы үшін қажет. Қазіргі кезеңде өндіріс, ғылым, медицина, өнер, оқу, ойын, спорт салаларындағы бірде-бір әрекет психологиялық заңдылықтарды түсініп, танып, білмей тиімді орындалуы мүмкін емес. С.Л.Рубинштейн өзінің «Жалпы психология негіздері» атты еңбегінде «Психология зерттеуіндегі ерекше құбылыстар ауқымы анық көрінеді – олар біздің сезімдеріміз бен ойларымыз, қабылдауларымыз бен түйсінулеріміз, ықылас-ниеттеріміз, тағы басқа да құбылыстар жатады…», – делінген.

– Өкінішке қарай, бүгінде жастар қылмысы – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Сіз жұмыс атқарып отырған мектепте балалардың қылмысқа бейімділігі қалай? Жас жеткіншектердің мұндай теріс қылық көрсетуіне не себеп болады деп ойлайсыз?

– Сіз қылмысқа бейім деп отырған балалар мектепте қиын балалар деп аталады. Кейбір жасөспірімдер өтпелі жастан ойдағыдай өтсе, енді біреулері қиналады. Бұл жаста бұған дейін жақсы тәртібімен көзге түсіп жүрген оқушы бұзықтық жасап, дөрекі мінезін көрсетеді. Тіпті, кейде, ашуланшақ болып кетеді. Ата-аналар өтпелі жастың кезеңдерін және әр кезеңде түрліше қажеттіліктерді талап ететінін білуі тиіс.

Бірінші кезең 10-11 жас аралығын қамтиды. Бұл кезеңде бала өзін тұлға ретінде қабылдап, айтқандарына құлақ асқанын қалайды. Барлық жұмыстарын өзі ғана шешкісі келеді.

Екінші кезең 12-13 жас аралығын қамтиды. Бұл кезеңде бала отбасында ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік ортада өз орнын иеленгісі келеді. Өздері жасауға міндетті істермен қатар құқықтарын білуге әрекеттенеді.

Соңғы кезең 15 жаспен тұспа-тұс келеді. Жасөспірім бұл кезеңде өзін қалыптастырып, өмірін жаңа арнаға бұруға талпынады.

Жоғарыда келтірілген мәліметтер ұл балаларға да, қыз балаларға да ортақ. Адам өміріндегі ең қиын әрі ең маңызды кезең. Бұл балалық шақтан ажырап, үлкен өмірге қадам басуға дайындық. Осы уақытта жасөспірімнің түрлі арманы мен таңдауы пайда болады. Өкінішке қарай, олардың барлығы бір-біріне қарама-қарсы, яғни ақ пен қараны ажырату құбылысы басталады. Бар өмірі осы ажыратуына байланысты.

– Мектепте суицидке бейімділік не ерте жүктілік жағдайлары тіркелді ме? Жалпы, жасөспірім жастардың мұндай қылық көрсетуінің себебі неде?

– Осы мектепке жұмысқа орналасқалы тоғыз жыл болыпты. Бірақ осы уақытқа дейін біздің мектепте ерте жүктілік бойынша, суицидке бейімді оқушылар бойынша жағдайлар боған емес. Бұл да мектеп директорының, оның оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларының, сынып жетекшілердің, мектеп психологтарының ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста бірлесе ауқымды атқарған жұмыстарының нәтижесі деп ойлаймыз. Әрине, әр мектепте тұйық, өзіне сенімсіз, аутсайдер оқушылар көптеп кездеседі. Оларды аутодеструктивтік мінез-құлықтың алдын алу бойынша, түрлі жағдайларға жеткізбес үшін алдын-ала диагностикалық тесттер алынып, жеке кеңестер жүргізіліп, ата-анасымен сөйлесіп, егер басқа да мамандардың көмегі қажет болып жатса, соларға бағыттаймыз.

Жалпы жасөспірімдердің суицидке баруының басты себептері мыналар:

1. Өлімнің қалыптаспаған түсінігі.

2. Қоғамдағы идеологияның жоқтығы.

3. Ерте көңіл қалуға әкеп соғатын ерте жыныстық өмір.

4. Отбасылық үйлесімсіздік.

5. Өзін-өзі бүлдіретін қылық.

6. Отбасыішілік, мектепішілік, топішілік қарым-қатынастарға наразылық кертартпалығы.

7. Жабығу.

8. Жауапсыз махаббат.

9. Жалғыздық.

Жастар әдетте өз-өзіне бағытталған зорлық-зомбылық туралы мүлде сыр алдырмайды. Дегенмен, Халықаралық зерттеулер көрсеткендей, өз-өзіне зақым келтіргенін мойындайтын жастар мұндай әрекетке көбінесе жабырқау, алаңдау немесе эмоциялық бұзылыс сезімін жеңілдетуге септесу үшін барады. Қазіргі жастарға ата-анамен сөйлесу, достармен қарым-қатынаста ашық болу жетіспейді деп ойлаймыз. Себебі көбісі интернет желілерде отыратындықтан, бір-бірімен ашық сөйлесу жағдаяты қалыптаспаған.

– Осындай тәртібі қиын балалар тіркелген жағдайда психологтың жұмыс тәртібі туралы айтып берсеңіз. Ең алдымен не істейсіздер?

– Ең алдымен психолог баламен сөйлеседі, диагностикалық тесттерін аламыз, тест нәтижесі арқылы баланың сеніміне кіріп, онымен ашық сөйлесеміз. Бала психологқа ашылу үшін оның айтылған жеке өміріне қатысты сырлары сақталады. Егер тек қоғамға, өзіне зиян тигізетіндей жағдай болғанда ғана мектеп әкімшілігіне, ата-анаға хабарлаймыз. Себебі өзіңіз білетіндей, психологтың жұмысы құпиялықты сақтау. Мектепте ол балдардың өзін ыңғайсыз сезінбеуі үшін айына бір рет сол сыныппен бірге тренингтер жүргізіледі.

Бүкіл мектепішілік ұлдарға бөлек, қыздарға бөлек тәрбие ісінің орынбасарлары, әлеуметтік педагог, мектеп инспекторы, сынып жетекшілер, психологтар болып бірлесе түрлі бейнероликтер көрсету, психологиялық тұрғыдан арт терапия әдістемелерін пайдалану арқылы профилактикалық іс-шаралар өткізіліп тұрады. Мұндай қиын балаларға аптасына баламен келісілген кесте бойынша екі рет психологиялық кеңес және түзету, дамыту жұмыстары жүргізіледі.

– Жастардың қазіргі ең өзекті мәселелер туралы және олардың шешу жолдары туралы не айтасыз?

· Жастардың бос уақытын тиімсіз пайдалануы;

· Әлеуметтік желіде көп уақыт өткізуі;

· Психологиялық тұрақсыздық.

Бұлар жеткіншектерімізді сергелдеңге салған ең ауқымды мәселелер. Қоғам да, ата-ана да, мектеп ұжымы да балалармен жұмыс барысында олардың осы мәселесін ескеру керек.

Жастайынан баланың қабілетіне қарай шығармашылығын дамыту. Баламен санаса отырып, ұнаған үйірмелеріне қатыстыру. Баланың уақытын тиімді пайдалануға жоспар құру. Интернет желісінде де отыруға пайдалы ақпараттар ізденуді үйрету. Спорт, шахмат, би, домбыра, тілдерді үйрену сынды үйірмелерге баулу.

Айта кету керек, қазіргі жастарға өте қызығамыз. Оқимын, іздестіремін десе барлық мүмкіндіктер ашық. Тек соның барлығын дұрыс бағытта қолдана алуы керек.

– Отбасылық қиындықтар, не басқа да себептермен мектеп психологына жүгінетін жастар бар ма? Балалардың мектеп психологына сенімі қандай дәрежеде?

– 2011 жылы осы мектепке жұмысқа алғаш кіргенімде балалар психологты көрсе «псих емеспіз» деп қашатын, ал қазір өздері іздеп келіп, ішіндегі сырымен бөлісіп, жылайтыны жылап, күлетіні күліп, еркін кеңес алады. Отбасылық қиындықтармен де, жеке мәселелермен де психологқа жүгінетін жастар саны күннен-күнге артуда. Бұл да бір көңіл көншітерлік жайт. Себебі жастарға осындай өтпелі кезеңде мәселелерін айтып, ақыл-кеңес сұрайтын адам жетіспейді. Ал үйіндегі жақындарына ата-анасына айтуға қысылады. Содан ойға келмейтін әрекеттерге барып жатады. Ал олардың күннен-күнге психологқа сенімінің артуы көптеген залалдардың алдын алады. Көңілі қалпына түсіп, депрессиядан арылып, өмірге құштарлығы артады.

Бүгінгі оқушылардың психологқа сенімі жоғары деңгейде. Себебі қай оқушы келсе де олар кеңес алған соң, өздерінің сыныптастарына да дұрыс бағыт-бағдар беріп, психологқа бағыттап отырады. Біз үшін бұл да бір қуанарлық жағдай.

– Әсерлі әрі мазмұнды сұхбатыңызға рақмет, Мөлдір ханым! Біз көтерген мәселелер өз оқырманын тауып, болашағы жарқын, елінің үмітін ақтар жастарымыздың қатары көп болғай деп тілейміз!

Гүлнұр БАЙДУЛЛАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *