САПАҚ ДАТҚА ЖАЙЫНДА ТАБЫЛҒАН ТЫҢ ДЕРЕКТЕР

Таным
2 851 Views

ҚОҚАН ХАНДЫҒЫНЫҢ ТҮБІ

Тарихта Нұралы атты екі хан өткен. Алғашқысы Күнтөре Нұралы хан. Бұл өте сөзге шешен, тапқыр әрі батыр хан болған. Екіншісі Әбілқайыр Ханның ұрпағы Келте Нұралы хан. Бұл азамат қызба қанды, намысшыл, ашуды тез шақыратын батыр мінезді жан болған. Тақта бес-ақ жыл отырады. Нұралы хан өте реңді анасына тартып туады. Анасы төренің қызы: «Реңіне жылан қызығып, жұлдыз құлаған!» — деп халық жырға қосқан бұл сұлуды үлкен бір дауда қалмақтар кепілдікке әкетеді. Қалмақтардың бұл әйелді кепілдікке алған себебі, оның ағалары қалмақтардың бірнеше азаматын өлтіріп, ауылдарын өртеген екен. Ол кезде Нұралы үш жасар сәби болған. Анасы баласын қимай жынды бола жаздайды, барған елінде қалмақтан ұл туып, көңілі содан соң ғана жәй табады. Оның атын: «Нұраназ» деп қояды. Қалмақтың қонтайшысынан туған баласы да өзінен аумаған реңді, әрі Нұралыға өте ұқсаған. Нұралы он алты жасында таққа отырып өз анасын іздеп, 18 жасқа келгенде табады. Анасы Нұраназды қалмақтарға тастап кетуге қимай бір түнде баласымен орыстың елшісі арқылы Нұралының арнайы жіберген қазақтардың құпия жасағына қосылып, елге қашып келеді. Нұраназ бұл кезде сегіз жасқа толады. Қалмақтан туған аналас бауырын көргенде, хан: «бұл жағдайды ел білмесін!» — деп, ол кезде Қазақ хандығына қарап тұрған елдің түстігіндегі Қоқанның билеушісіне астыртын жіберіп, анасын Ордаға алып келеді. Анасы тағы да байыз таппай, Нұраназды іздей бастайды. Нұралы хан қанша басу айтса да көнбейді.

Қоқанның билеушісінің қол астында бұрын тұтқынға түскен, оған енді қызмет көрсетіп жүрген қалмақтың елуге тарта азаматы бар екен. Солардың құлағына осы хабар тигенде, баланы алдап, оны-мұны сұрап, елдерінің жағдайын біліп, баланың Еділ бойындағы Қоңжаз қонтайшы қалмақтан туылғанын біледі. Қоқан билеушісі Нұраназдың атын өзгертіп: «Жұманияз» — деген ат береді. «Туысым, төренің тектісі!» — деп, уәзірлеріне таныстырып, бірден «Бек» деген атақ береді. Нұралы хан Қоқанға 3000 әскер, ат басындай алтын, елу үйір жылқы жіберіп және де: «бес жылдан соң бауырымды қайтып аламын!» — деп уәде береді.

Қоқан билеушісінің білікті қызметшілеріне айналып үлгерген безбүйрек қалмақтың құлдары Ресей бодандығына өткен Еділ қалмақтарымен астыртын байланысқа шығып, Нұраназды айналдырып, өздеріне тарта бастайды. Ол 13-ке толғанда, Нұралы хан аяқ астынан бірден дүниеден озады. Қазақ еліндегі болып жатқан олқылықтарды пайдаланған қалмақтың құлдары көтеріліс ұйымдастырып, Қоқанның билеушісін өлтіріп, 13 жасар Нұраназды: «Сұлтан!» — деп таққа көтереді. Нұраназ анасын қабатына алып, Қазақтың тектілерін ұмытып, өзімен-өзі болып, енді бұрынғы билеушідей Қазақ хандығының пәрменімен емес, өз айтқанымен жүре бастайды. Нұраназ кемеліне толып, оң-солын танып, Қоқанға хан атанғанда, Қазақтың даласында Нұралы Ханның немере інісі Бөкей өз хандығын көтереді. Бұл істен хабардар болған Нұраназдың анасы:

— Ұлым! Енді сен ақылға кел! Мынау алдыңда жүрген уәзірлерің тектінің тұқымдарынан емес! Бұлар құба қалмақтар! Тез арада осылардан құтылмасаң, басыңның шабылатынына кәміл сене бер! Арқаның «дуалы ауыздылары» бұл уақиғалардан хабардар болса, Сені тірі қоймайды! Мыналардың көзін тезірек жой! Және Арқаға ат шаптыр! Олар Сенің қалмақ екеніңді білмейді! — деп, ақыл — кеңес береді.

«Нұраназ» — деген аты ұмытылып, «Жұманияз» — деген есімді айттырмай, «Атанияз» — деген атпен Қоқанның ханы атанып, өзіне адал қызмет жасаған және осы таққа келуіне жәрдем берген құба қалмақ қандастарын: «Маған қарсы көтеріліс ұйымдастырды!» — деп, бір түнде биліктің биік сатысына шыққан бұл елу адамды отбастарымен, жүздеген жақтас нөкер, әскерлерімен қоса о дүниеге аттандырып жібереді. Өзін: «төренің тұқымымын!» — деп, боз биенің сүтіне шомылдырып, қайтадан ақ киізге салып хан көтергізіп, айналасына жар салады.

Бөкей хан Атанияздың қалмақтың тұқымынан екенін біледі. Бірақ Нұралы ханның қазасына себепші болды десе бәрінің де басы шабылатынын сезіп, іргесін аулақ салып жұмған ауыздарын ашпайды. Бөкей хандығы мен Қоқан хандығының арасы осылайша ажырайды. Арқаның дуалы ауыздылары бұл кезде Абылай хан дүниеден озған соң таққа таласқан хан тұқымдарының өзара жанжалдарына астыртын от салып, жан-жақтан қаусырмалаған екі империяның әрекеттерімен бірлігі қожырап бара жатқан Қазақ елінің істерімен мұршасы болмай, мұнда болып жатқан уақиғалардан хабарсыз болады. Себебі Қытайдың бөгдіханы мен Ресейдің ақ патшасы арасында шығысы «Жібек Қорғанға», батысы «Сарыатан қаһарлыға» (Саратов), түстігі Бұхараға дейін созылып жатқан Ұлы даланы, яғни Қазақ елі мен Бұхар хандығын да өзара бөліcке салу (Шығыс Түркістан, Қазақ даласы мен Ташкент, Қоқан, Хиуаны) туралы құпия келісімдер мен түрлі тыңшылық, астыртын арандату әрекеттерін жүргізіп жатқан кезеңдер болатын…

Осылайша бұрын Қазақ хандығына қарап тұрған, тұрғындары да негізінен қазақ рулары мен тайпаларынан тұрған бектер билеген Қоқан жерінде жаңа хандық құрылып, ауызбіршілігінен айырылып, берекесі кетіп тоз-тоз бола бастаған Қазақ елінің түстігін түгел басып қалады. Бірақ әділетсіздік пен тексіздік жайлап, Алты Алаштық ата дәстүр мен рәсімдерден безіп, заңсыз құрылған бұл хандық 65 жылдан соң құлайды…

Атанияз хан ислам дінін қолға алады. 42 мешіт салдырып, медреселер ашады. Шаһардағы кітапханалардағы бұрынғы-соңғы өткен зиялы қауымның кітаптарын оқиды. Осы істері оның абыройын арттырады. Атанияз он алты жасында өзінің шешесінің ең кенже сіңлісін алады. Алғашқы ұлы он сегіз жасында дүниеге келеді. Өзі 41 жасында түйнек ауруынан дүниеден озады. Орнына ұлы таққа отырады. Атанияздан туылған ұлдарын қазақтар «Құсбегі» деп атаған. Атанияз ханнан үйелмелі-сүйелмелі төрт ұл, бір қыз қалады. Ұлдарының аттары: Қожанияз, Ағанияз, Үкінияз, Еренияз және Бегайым Ұза немесе Бегайым Ұса.

Атанияздың қызы Бегайым Ұза екі жасқа келгенде Нұраназды кезінде құтқарған орыстың елшісі Қоқан хандығына келіп: «Мына қызыңды балама бер! Болмаса сенің тегіңнің кім екендігін елге жайып, Арқаның тектілеріне жазба — баян ретінде ұсынамын!» — дейді. Елшінің жанында куә ретінде ертіп келген Құба қалмақтың ел билеушілері де, Қазақтың төре, ақсүйектерінше киініп келген екен. Өз қандастарынан қорыққан, әрі аты шықса өз өмірінің де көпке бармайтынын біліп, амалсыздан қызын елшіге беріп жібереді.

Кейін осы қыз бойжетіп, жан-жақты білім алып, ақ патшаның сарайында өте үлкен беделге ие болады. Елшінің баласына тұрмысқа шығып, патша сарайында үлкен княгина дәрежесіне дейін көтеріледі. Өзін жас сәби шағында зорлықпен әкелген қартайған қайынатасы мен оған қызмет етіп жүрген құба қалмақтардың да көздерін жойғызады. Бұл княгина түрік сұлтандарымен де жақсы қарым-қатынаста болған. Екінші күйеуі Наполеон соғысына атсалысқан, ақ патша сарайындағы князьдардан да биік дәрежесі бар азамат болған. Бұл князь кезінде Емельян Пугачевтың да көтерілісіне астыртын ықпал жасайды. Сондағы мұның мақсаты ақ патша тұқымдарының билігі мен ықпалын әлсіретіп, Ресейдің тағына өзі отыру болады. Бегайым Ұза енді қазақ – қалмақ арасындағы қырғын соғыстарға себепші осы ақ патшаның тұқымдары болған деп, оған өз баласын қарсы қояды. Бірақ Ресейдегі бұл ақсүйек – дворяндар көтерілісі жеңіліске ұшырап, 1825 жылдың декабрь айында баласы дарға асылады. Бегайым Ұзаның кейінгі өмірінің соңы туралы деректер қалмаған…

 

ХАЛЫҚ ҚАҺАРЫ. ҚОҚАН ХАНЗАДАСЫ ЕРЕНИЯЗ – «МЫРЗАБИДІҢ» ҚАЗАСЫ

Атанияз ханның кіші ұлы Еренияздың түбіне құмар ойыны жетеді. Алтыбас төре екеуі есірткіге елігіп, мал-жанды құмар ойынына тіге берген соң, әбден зәразап болған Қоқанның кезекті ханы Мәді Әминбек Алтыбас пен Еренияз — Мырзабиді ордасынан шығарып, өздері басып қалған қазақтың арасына жібереді.

Қоңыраттар мен Дулаттар Ерениязды: «Мырза» деп атап, оған «би» деген атақ ұсынып, кейін ол Мырзаби атанып кетеді. Мұнда келген соң да олар ескі әдеттерінен айырылмай, Қоңырат пен Дулаттарға ойларына келгендерін істейді. Шектен шыққандықтары соншалық ешбір салт пен заңда, шариғатта жоқ қыз салығына дейін ойлап тауып, әбден есіреді. Ханға барып, қаншама рет арыз айтылса да, бұл істер жабулы қазан күйінде қала береді. Оған қарсы жасалған бірнеше астыртын әрекеттер сәтсіздікке ұшырайды. Халықтың зығырданы қайнап, жер-жерде көтерілістер көбейеді. Ташкент, Шымкент, Тараз қалаларындағы Қоқанның он мыңдаған әскерлерінің көмегімен мұндай көтерілістер аяусыз, басып жаншылып, басшылары дарға асылып, халық қырғындарға ұшырайды. Қоқанның он мың әскері тұрған Шымкент қамалында бірнеше азаматты зеңбіректің аузына байлап аттырып жібереді. Көтеріліс шыққан ауылдардың азаматтарын, ұл — қыздарын түгел дерлік түстік елдеріне апарып, құлдыққа сатады. Халықты қан қақсатып, осылайша жуасытып, үркітіп ұстаған Мырзаби жүздеген қанішер, қасап қорғаушыларымен ел ішіне шығып, тау бөктерлеріндегі бұлақ пен өзен жағаларына арнайы үйлер тіктіріп, сұлуларды таңдап, қызойнақтарын жасай береді. Оған кіруге тиісті адамдар, сақтық шаралары қатаң сақталып, тіптен оның даяшыларына дейін бірнеше рет бақылаудан өтіп, тіптен киімдері шешіліп, қарумен кіріп кетпеулері арнайы күзет лашкерлерімен қатаң тексерілген…

Сапақ датқалар бастаған Қазақ тектілері бұл шектен шыққан озбырлыққа тосқауыл қою мақсатында астыртын жан-жақты дайындалған жоспарлар жасайды. Мырзабидің кезекті қызойнағына жақсылап дайындалады. Ордабасы тауының баурайына ас-ауқаты дайындалып, ақшаңқан киіз үйлер тігіледі. Мырзабиге кезекті баратын ару қызды арнайы дайындайды. Мұсабек пен Жаманқара батырлар жүздеген мықты азаматты жинап, сауыт-саймандарын сайлап, соғыс дайындығына кіріседі. Іңірт ауып, тамаққа тойып, есірткіге бөгіп, босаңсып кезекті қызды күтіп жатқан Мырзабиге қазақтың аруы кіргізіледі. Сүт пісірім уақыт өткенде осы сәтті күтіп тау бөктерлерінде дайын тұрған Мұсабек пен Жаманқара батырлардың жасақтары жан-жақтан шабуылдап, күтпеген тосын шабуылдан есеңгіреп қалған Қоқанның лашкерлерін қырып салады. Міне осылайша Шариғатта тыйым салынған құмар ойыны мен шектен шыққан нәпсіқұмарлық, халықтың ар намысын таптаушылық пен қанды қатыгегездіктің соңы ханзада Еренияз – Мырзабидің ғұмырының ит өліммен аяқталуына әкеледі…

Мырзабидің көлеңкесі іспетті, жанынан қалмайтын Алтыбас төре бұл қасапты қырғынның өзінде тірі қоймасын сезіп, өзінің сенімді алпыс нөкерімен қараңғылықты пайдаланып бұл жерден жылыстап, қашып үлгереді. Күндіз тығылып, түнде жүріп, астыртын түрде Ресейге қашып барады. Бірақ ондағы ғұмыры да көпке бармайды. Ақ патшаның Орынбордағы губернаторы оны Арқаның тектілеріне қасындағы нөкерлерімен қоса ұстап береді. Алтыбас төренің басы Орынборда шабылып, жігіттеріне құл деген таңба ұрылып, Ресейдің ішіне айдалады…

Ордабасыдағы суық оқиғаны естіген Қоқанның әміршісі Мәді Әминбек отыз мың сарбазын құмырсқадай қаптатып, қазақтарды жазалауға жетіп келеді. Елге төнгелі тұрған қанды қырғын нәубеттен халқын аман алып қалуды ойлаған бүкіл Алты Алашқа аты машһур, атақты Сапақ датқа ондаған нөкерлерімен киелі тау Қазығұрттан күншілік жерден ағын судай көшкен қолдың алдынан қарсы шығып:

— Сабыр…, Сабыр, Сабыр! Уа, Әмірші! Қанды төгу оңай, күнәсін жуу қиын! Бақ адамын таңдап қонады! Екі Қазақтың бірі әруақты болады!!! Тектінің қаны шашылса, Тәңір түбіңді түгелімен алады!!! – дегенде, Қоқан ханы:

— Астапыраллах! Ай, датқа! Ізім жоғалды, көрсеткен ізетің осы ма еді?! Не демексің, не деп ақталмақсың сонда?! – деп, ақырып жібереді. Ханның ызғарлы қаһарынан ықпаған Сапақ датқа ақиық қыранша саңқ етіп:

— Уа, әмірші! Ізің жоғалса, иманынан айрылды!!! Ол өзіңнің өнегең еді! Қойды тізіп, аша тұяғын қалдырмай тезек алдың! Ол аз болғандай жан басынан кезек алдың! Жесір дауы, жер дауынан жеті есе ауыр!!! Ойланбай орда салам деп лапылдап, жанған отты көсеп алдың!!! Етегіне күн тимеген қаншама қыздарымызды, Мырзабиің қара төсекке неше салды?! Алты Арыстан арыз түспей тұрғанда, Қазақ елі намысын жоғары ұстап, шариғаттан аттап, дінді таптап, азғынданып, адамдық қасиетін жоғалтып есірген Мырзабидің «құмар тыймасын» кесе салды! — дегенде, Мәді Әминбек ханның тілі қырқылып, еріксіз кешірім сұрап, соңындағы қаптаған әскерін алып кері қайтады…

Сапақ Датқа және оның ата тегі

Атаңның алдын кессең де,

Ақ батаға бас иіп,

Әруақты сыйлағанның жолын кеспе!

(Жекен Шайқы Әулие)

Сапақ датқаның арғы бабасы Көктіңұлының ішінде Жаңсаңкөк (Жандар) әулетінен тарайтын, Көкең Қарағай Жер Көсе Би, осы Жер Көсе би, Берке Науан Хан Тәуекелдің «Жеті Жарғысына» үшбаулар (тармақтар) енгізген. Ел аузында жүрген Көкті Көкең Би, Қарағай Шары, Жер Көсе Би осы айтылған үш есім, бір азаматтың атақ шенін, ата тегін айтады. Жер Көсе Биден, Көбек пен Сырымбет туылады. Сырымбеттен атақты, өте дәулетті, босағасына төрт түліктің пірі қонған Ұзалы бай туылады.

 

ҰЗАЛЫ БАЙ ТУРАЛЫ ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТ

Ұзалы негізінде орта шаруа болған кісі, малға жұт келіп алдындағы азын аулақ малы қырылып қалады. Ұзалы тағдырдың несібесіне нала болып, жалғыз аман қалған ешкісін, бала-шағасының аузынан жырып, Мұрынқараққа алып барып, құрбандыққа шалып:

— Ей Алла! Осыншама ырыс — несібемді жалап — жұқтап алатындай қай жұртыңа қиянат жасап едім! — деп, Әз Ғарап Алатау Батырдың рухына құран бағыштап, жылайды.

— Ал жетпеген жеріңе жамап ал! — деп, ешкісінің етін жеті жерге үйіп, жаяулатып төмен түсіп келе жатса, алдында бір топ киікті қасқырлар қамап алып қырып жүр екен. Қасқырлар бәрін жайратып, ортасында қалған екі серкемен сегіз бағлан қойға тимей бұрылып кетіп қалады. Мынау қанды қырғынды көрген Ұзалы:

— Ей Алла! Асылық сөйлесем кешір! — деп, Алатау Батырдың әруағына бас иіп:

— Уа, Тоқсан Баулы Қоңыратымның Ұранды Бабасы! Кешір пақырыңды! — деп, екі серке, сегіз бағлан қойды айдап шаңырағына тартады. Ертеңіне таң ата көлеңкеде Ұзалының босағасына төрт түліктің пірін ертіп келіп, Қызыр Әлекүм-салам бата берген екен. Арада жылдар оза келе атақты Ұзалы бай атанады. Айналасына қалың ел жиналып:

— Ұзалыға қасқыр да қарыз! — деген қауесет те таралып кетеді. Себебі, «қасқырларды өлтіреміз!» деген азаматтарға Ұзалы бай қасқырлардың келтірген шығынын өзінің малымен төлеп отырады екен.

 

АҒАСҰР БИ МЫРЗАБАЙДАН БАЛА ОЛЖАБЕКТІҢ (Сапақ Датқа) СӘЛЕМ БЕРІП, БАТА СҰРАУЫ

Ағасұр би Мырзабай қартайып төсек тартып ауырып жатқан жері екен. Бала Олжабек ұлы бидің үйіне келіп, Би атасына сәлем беріп, амандық-саулықтан соң:

— Би ата, жатырсың ба көңілің толмай,

Шаршадың Қоңыратты Қоқаннан қорғай!

Жүр едім ізіңізден бір елі қалмай,

Кетпеймін шаңырағыңнан батаңды алмай! – дегенде, Мырзабай би аунап түсіп:

— Әй мынау болатын бала екен, бұл қайсың? — депті. Сонда Олжабек бала:

— Арғы атаң Батыр Ханбасқа ер жетпейді.

Туған жерің Көкшетау мен Бурабай,

Сұлулығына көз тіксем, тіл жетпейді!

Би ата айтқан сөзің атқан оқтан кем тимейді!

О дүниеге құшақтап кетесің бе?!

Батасыз Құран әруақты тербетпейді! – дегенде, Мырзабай би:

— Оу, мынау сен бала емес, батпан тартасың! Өнерің өрге, өрнегің өрден асайын деп тұрғанға ұқсайсың! Көп болса, Көктіңұлы жағасы жайлаудай Жандардан боларсың! Қане мықты болсаң Тоқсан Баулы Қоңыраттың байлығын жырыңа қосшы! — депті. Он төрт жасар Олжабек баланың сол кезде ел аузына ілігіп жүрген кезі екен, жырлай жөнеліпті:

— Тоқсан Баулы Қоңырат,

Арыстың өлкесін жайлаған!

Үйір-үйір жылқы ұстап,

Бадамсайға бір тоқтап,

Жылқым сыймай жайлауға,

Ташкент, Хиуа, Бұхара асып,

Жиделі – Байсынға айдаған!

Көктіңұлы Жандардан,

Атым Олжабек білгенге!

Тоқболат, Алғи, Құлшығаштан

Қора-қора қой өрсе,

Семіздіктен жүре алмай,

Құйрығы қақ айырылған!

Сипасаң қолың май болған!

Үргеніш, Қытай, Мысырдан,

Керуен тартқан саудагер

Көре қалса тоқтаған!

Басын бір ұстап шайқаған!

Қошқар Ата, Бадамсу

Құяды келіп Арысқа!

Басқасын айтсақ тіл қысқа,

Байлығыңды айтып жарыспа!

Бәйбішенің баласы Көтеншіден тараған

Маңғытай, Саңғыл, Жетімдер,

Атаң Батыр Ханбасқа,

Атқосшы болған Ер Борай!

Төрт түлік малдың киесі

Бітіп қалған мың қора-ай!

Арыс құяр Дарияға!

Сәлем бердім Би ата!

Өзіңіздей Қарияға!

Дария бойы жаз жайлау,

Гүп-гүп қымыз сапырған!

Шөбі қуатты, май шығар!

Алтын балықтай жалтылдап,

Сазаны тулап жағада!

Жайынын көрсең, тай жұтар!

Серкесі семіз бұғыдай,

Жүре алмайды іріліктен!

Сиыры жуан бұландай!

Сауғанда сүті бұлақтай!

Кіргенде үйі анқиды,

Ағарған, сары май, ірімшіктен!

Түйесі тау, жотадай,

Кіре алмайды қораға-ай!

Батасыз байлық не керек?!

Ырза болыңыз Би ата,

Қол созып келдім батаңа-ай!!! – деп тоқтағанда, ырза болған Ұлы би:

— Алты Ата Көктіңұлы!

Киелі жұрттан екенсің!

Бөрі ме? — деп едім,

Нағыз Сырттан екенсің!

Бықси ма? — деп едім,

Жанып тұрған өрттен екенсің!

Өткір болсаң кесерсің!

Ойшыл болсаң жетерсің!

Ілім — бақтың қазығы!

Ынтымақ — бақтың тұғыры!

Алтау — ала болмай,

Төртеу түгел болса,

Тар көңілге, нұр шашып,

Қылкөпірден өтерсің!

Шешен болсаң, шешіп айт!

Әділ болсаң, кесіп айт!

Күндесің болса, күл шашпа!

Күлімдейтін жолын айт!

Ақымақ болып туылмас,

Адасқанның бетіне айт!

Елің — азғын болмасын!

Қыраның — құзғын болмасын!

Азғын Қоқанға жолама!

Ақ патшадан сұрама!

«Данамын!» — деп, даңқой болма!

Ақылдының сөзін айт!

Көкірегі соқырдың,

Ата-бабасының өсиетіне бас иіп,

Жүрегін тербеп көзіне айт!

Айта білсең жеткізіп,

Жетесінен өткізіп,

«Ағасұр Би Мырзабай

Ханбас батырдың тобығы!» — деп,

Он алты жасқа жеткенде,

Иығыңа жабар «Сапақ жағалы» тонымды айт!!!

Мен қартайып шөккен Қара нар!

Менен де асып кетерсің!

Осы айтқаным болмаса,

Сөз бұйдалаған есерсің!

Ал қолыңды жая бер!

Қартайған жанмын қоя бер!

Боламын дейтін балаға,

Нар сұраса, мая бер!

Жол сұраса, несібесін қоса бер!

Айыр Аша жалды бол!

«Датқа сұрау» келгенде,

Сүрінбестің алды бол!

Мен тілеуіңе тоқтадым!

Қане Әруақтар! Бата бер! Аумин! – деп, он төрт жасар бала Би Олжабекке бірінші батасын береді.

 

АҒАСҰР БИ МЫРЗАБАЙДЫҢ ОЛЖАБЕККЕ ЕКІНШІ РЕТ БАТА БЕРУІ

Арада екі жыл өткен соң Ағасұр би Мырзабай сексен үшке келіп, кәріліктің бұғауына түсіп төсек тартып жатқанда, он алтыдан он жетіге аяқ басқан бозбала Олжабек екінші рет бата сұрауға Ұлы Бидің алдына сәлем беріп кіріп келеді. Қызметшілер Ағасұр бидің желке тұсына құшақ толар қос жастық қойып, қолына «Сапақ жағалы» тонды беріп, сол қолына «Даукесер қамшысын» ұстады. Ағасұр би бурадай ыңыранып, қос қолындағы киелі заттарды Олжабекке ұсынып, былай бата беріпті:

— Халқыңның қалауы болма!

Қалқаны бол!

Дауыл соқса, жел жағына,

Жау келгенде, ел жағына пана бол!

Жұт келгенде, ой теңізге батпайтын,

Теңселмейтін дана бол! Аумин! – деп, оң жағына ауыр күрсініп, қисая кетеді.

 

САПАҚ ДАТҚАНЫҢ (Олжабектің) АЛАТАУ БАТЫРДЫҢ ҰРПАҒЫ ЖОРТБАС ҚҰЛШЫҒАШ АЙСУАТ БИДЕН БАТА АЛУЫ

Алатау батырдың ұрпағы Айсуат би 87 — жасқа келіп отырған кезінде Сапақ Датқа отыз бір жаста екен. Айсуат би Алатау батырдың үшінші ұрпағы, яғни немересі. «Тоқсан Баулы Қоңыратқа ұран болған бабаның тұқымынан бата алайын. Заманында Үйсін Төле Би он жеті жасқа келгенде Шапырашты Қарасай батыр түсінде аян беріп: «Ұранды батыр Әз Ғараб Алатаудың кіндігінен өрбіген ұрпағы Айсуат биден бата ал!» — деген екен. Менде киелі биден бата алайын!» — деп, Сапақ датқа Айсуатқа сәлем бере келіп, сұрақ қояды:

— Көктіңұлында қай ел киелі? — депті? Сонда би: — Қырық үйден аспаған ел киелі! Мұхаммед пайғамбардың ұрпағы Мединеде. Олар да қырық үйден аспайды. Қырық саны киелі емес пе? – деп, қарсы сұрақ қойғанда Сапақ датқа:

— Алатау ұран болады ма, әлде қыран болады ма? — дегенде, Айсуат би бірден сөзін жалғастырып:

— Алатау Алты Алашқа ұран болса, қазаққа ерлігі мың жыл азық емес пе? Елім деген азамат көктегі қыран емес пе? – деп, Би Сапаққа қарап:

— Мен саған батамды берейін! Алдыңғы алған батаң ақ болса, әруақтың қабырғасын қайыстырмас! Еліңе аузың дуалы бақ боларсың! Қазаныңа сын тарауына мұң болар, еш уақытта жүгің аумасын! Әумин! – деп, бата беріпті.

Сапақ Датқа бірінші батасын 14-15 жасында Ашамайлы Керей Құланқайыр Ханбас Батырдың ұрпағы Ағасұр би Мырзабайдан алған екен. Сапақ датқаның даңқы Алты Алашқа осылай шығады.

 

АБАЙ ҚҰНАНБАЕВТЫҢ «CАПАҚ» ТОН ТУРАЛЫ АЙТҚАНЫ

— Сұр жағалы, Аю жең

Арқар жүннен тігілген,

«Сапақ тонды» Айтон би

Әділдікке жүгінген!

Арқабас датқа Арғында

Дүниеден озғанда,

Мырзабай туылды Керейден,

«Сапақ тонды» киінген!

Дулат, Қоңырат баласы

Әділдік деп иілді,

Қоқан ханына түйілді!

«Көктіңұлының» ішінен,

«Сапақ тонды» бұл атақ,

Мырзабай өзі сыйлаған

Олжабекке бұйырды!

Сұр жағалы «Сапақ» — деп,

Би, датқалар жиылды!

Аю жеңді «Сапақ тон»

Әділдіктің белгісі,

Білеме сенің құныңды?!

Әлиасқар Байғұтұлының «Сапақ тон» туралы түсініктеме — баяны:

Ақ бура мен ақ түйеден жаңа туған ботаны «Үлпек» — деп атаса, арқардың қозысын «Үркек» деп атаған. Арқардың осы қозысының тірідей жүнін қырқып, ботаның «Үлпегінің» жүнімен араластырып түтіп, иіріп одан «Әз Аналарымыз» осы Киелі даланың ел аузынан түспей жүрген Ұлы да, текті азаматтарына арнайы дайындалатын «Шекпен» тоқып, оның жағасын құндыздың терісімен көркемдеп, оны «Сапақ Шекпен» — деп атаған.

Ал арқардың терісінен илеп, одан тон тіксе, жеңін аюдың терісімен қаптап, жағасын көкжалдың оның ішінде сырттанының мойын тұсындағы сұр жолағын кесіп алып жаға дайындаған. Мұндай тонды «Сапалы ақ тон» — деп, ал кейінірек тіліміздің үндестік заңымен қысқаша түрде «Сапақ тон» – деп атаған.

Осындай тонды Ағасұр би Мырзабай киеді. Дүниеден озарында жастайынан елге әділдігімен, туралығымен аты шыққан Олжабек биді шақырып батасын беріп, үстіне өзінің «Сапақ» тонын кигізеді. Кейіннен Олжабек бүкіл Алты Алашқа белгілі атақты Сапақ датқаға айналады.

 

САПАҚ ДАТҚА АЙТЫПТЫ:

– Бұлақ көрсең, арнасын тазалап көлге баста!

Аз болсаң, көпке қосылып елге баста!

Ортаңда ақылы озған биің болсын!

Босағаңдағы басыңды төрге бастар!

Көктіңұлы жиналып кеңес құрдық….

Көтеншілер қиналса, демеп тұрдық!

Жалпы Жандар жиналып жар салғанда,

Сырымбеттен аз еді еркек кіндік.

Жандардың Қарабаласын бауырымызға тартып,

Мырзашөл мен Түркістанның арасында ойнап күлдік!

Он төртімде тектінің батасын алдым!

Ділмарлықпен Қоқанға қарсы жұмылдық!

Бауырым Мұсабектей батыр бар ма?!

Тоқсан баулы Қоңырат теңіздей толқи қалса,

Мұздай қатқан жау алдының шебін бұздық!

Арқаның тектілері: «Ал!» – деп айтса,

Қоқанның ордасында еркін жүрдік!

Алланың берем десе ырысы мол!

Мысыр асып, орыспен сауда қылдық….

Айтқанымыз ақ, жегеніміз май болған соң,

Тектілермен тең басып өмір сүрдік!

Олжабек атым өзгеріп, «Сапақ!» атандым!

Мұндай атақ берілер,

Алты Арыстан туған болса,

Мыңнан біреуге үздік!

Сапақ датқаның от ауызды, орақ тілінен өрбіген жыр жолдарын сараласақ, Қоқан ханының тұсында Жандардың Қарабаласынан тарағандар жиырма жеті ауыл болса, ал Жандардың Сырымбет әулетінен тарайтындар жеті — ақ ауыл ғана болған. Соның ішінде үш ауыл Көбек Атадан тарағандар толтырып тұрған.

 

САПАҚ ДАТҚАНЫҢ ҚОҚАННЫҢ ҚҰСБЕГІСІНЕ АЙТҚАНЫ:

– Ей, Қоқанның құсбегісі!

Қан тілеп қаһарыңды талай төктің…

«Қанжолар» дауға салсаң да ортаға алып,

Қамырдан қыл суырғандай әділ шештім!

Жалпақ Жандар дарияға көпір болып,

Басын қостық Түркістанда екі көштің!

Қарабаласын Жандардың қасқыр десе,

Ал өзім жалпақ Жандардың ішінде Сырымбетпін!

Арғы бабам көкең қарағай Жер Көсе би!

Хан Тәуекелдің «Жеті жарғысына» «Үшбау» қосқан!

Аузы дуалының өзі еді, әруағы құдіреттінің!

Әкемді сұрап әруағын қозғағандарға,

Шапқанда шаңға аунатпай көкпарды алған,

Перзенті едім пейілі кең Қалдарбектің!

 

САПАҚ ДАТҚАНЫҢ ҚОҚАННЫҢ ХАНЫНА АЙТҚАНЫ:

– Шешім айтар күн туды майдаламай!

Байзақты зеңбіректің аузына байлап атып,

Дулатты тентіреттің айдалаға-ай?!

Қазақ, қырғыз арасына өсектің өртін тұтатып,

Жиенім Есіркеп батырды өлтірттің, ай сумақай!…

Қосым биді өлтірдің зынданда ұстап,

Ендігі Қазақ көнбейді бұл жалаға-ай!

Бардан бәле, жоқтан жазсай шималмай…

Түстігіңде Қызылбас, шығыста Қытай,

Желкеңде шоқынды тұр!

Пәрменіңді пәлегімен ауыстыр, мырзаламай!

Айбынды Абылайдан садақа кет!

Сарт сасығым!

Әруағынан кешірім сұра, жұлмаламай!

Арқаның тектілері бері бұрылды!

Боларсың Күлтөбеде «Ханталапай!».

 

САПАҚ ДАТҚА МЕН ЖЕТЕС БИ ТУРАЛЫ

Сапақ датқа мен Жаманқара батыр екеуі бір үлкен даудың алдында мәслихат құрып отырғанда, «Бестораңғылға Кіші жүзден Мырзабай бидің әруағына зиярат жасауға Жетес би келіпті!» – деген хабар жеткенде Сапақ датқа арнайы адам жіберіп қонақасқа шақырады. Бата қайырылып, ел арасындағы анау-мынау даулардың шешімдерін, елдің жаңалығын сұрастырып болған соң Сапақ датқа Биге қарап былай деп сауал қояды:

– Уа Жетес би! Аузың дуалы азаматсың, тектілігің туға байланған! Алты ата Көктіңұлы тектінің ұлына жата ма? Жүрегіңді ашып, жөргегіме батаңды шашып сөйлеші! – депті. Сонда Жетес би:

 

– Көкең қарағай Жер Көсе,

Бата берсе дән сүйген!

Алшаң Көкті ел сүйген!

Жортпасыңа ту тиген!

Жиенді шапқан ел болмас,

Орғанасқа тіл тиген!

Батасы қонған тектінің

Мырзабай аузыңа түкірген,

Сапақ, саған кім тиген?! – деп тоқтағанда, Сапақ датқа:

– Ай жігіттер! Жетес биге жеті қара мінгізіп, үстіне жібек шапан жабыңдар! Ертең «Киелі Табақ Бестораңғылға» Орғанастың үрім — бұтағы Құлтайларды жинап, Түгіскен руының игі жақсыларын шақырып, Арқаның тектілерінен туған, Атаң Алатауға да бата берген Ашамайлы Керейдің ұрпағы Ырсымбет балуаннан бата тілеңдер! Қарғыстың қарасы, ердің тәубасымен тарайды! Алғыстың зирасы әруақтың дуасымен тарайды! Бүкіл Қоңыратқа ат шаптырыңдар! – деп «Киелі Табақ Бестораңғылда» Ашамайлы Керейден тараған Батыр Ханбастың шөбересі Ырсымбет балуаннан Жаманқара бас болып, сол жыйында Жетес биде болып, тектілерден бата алады.

Әлиасқардың (1976 жыл 19 мамыр. Ақпан темір жол бекеті) түсініктеме – баяны:

Құрсанкөктен үлкен ұлы Құлжа туылады. Бұл қазіргі Түгіскен Құлшығаштар. Құрсанкөк – «Киелі Табақ Бестораңғылда» туылады. «Түгіскен» – деген сөз: «Түбіміз өскен» жер! – деп айтқаны. Бесайдар Тутіккен – Жортпастың өзі, яғни қазіргі рудың аты. Қоқан ханының тұсында ханның бектері Қазақ руларының шежірелерін жинатып Самарқанның алымдарына лақап шен атақтар беріп өзгерткен. Сондықтан да Қоқан хандығымен, Самарқан, Ташкент ұлықтарымен Қазақтың тектілерінің арасындағы дау-жанжал осыдан туып отырған. Қоқан хандығының бұлай істеуі: «Елжамбысы өзгергенде, Тектілер билік айта алмасын! Қазақтың келер ұрпақтары бір-бірімен дауласып, қоластымызға билік сұрап өздері — ақ келеді!» – деп, ең бірінші Қоңырат пен Дулаттың шежіресінің түпнұсқасын өзгертіп: «Шариғатпен бекітілді!» – деп Ұлысбасыларына таратады. Қоқан хандығы он екі ата Байұлы мен Керей, Арғындардың шежіресін өзгерте алмаған. Осының салдарынан қоқандар қайда жол жүрсе де, қандай заң шығарса да істерінің соңы жеміссіз, нәтижесіз болған. Бұған дәлел: Орыс елшілері мен Арқаның тектілері арқылы келісімшарт жүріп отырған. Бұл шарасыздықтың соңы тектілерге бас июге тура келген. Ал Қоқан хандығы Қазақ халқының бұрынғы ілімін, шежіресін Дала заңдарын, «Елжамбысын», қан тарату, салт — дәстүрін өзгерткенде, Орыс, Қытай, тағы басқа елдердің ірі тұлғалары тікелей Қоқан хандығымен байланысуға мәжбүр болар еді — депті.

Әлиасқар БАЙҒҰТҰЛЫ (22.03.1898ж.–21.03.1981ж.) – Ұлы Сыпыра шежіреші. «Бестаңба», «Ізбөрі», «Ғасыр Табақ насияттары» кітабынан «Құсілім», «Қадым», «Ықылым» замандарынан қалған баға жетпес жәдігерлерді жеткізуші, басты бұлақ көзі.

Ақпантай ӘЛИАСҚАРҰЛЫ (02.02.1962 ж. – 10.05.2009 ж.) – ерекше қабілет иесі, құймақұлақ, қазіргі заманғы «үн таспаның» қызметін атқарып, халқына мол жәдігерлерді, мұрағаттарды жеткізіп кеткен «Екі дүниенің арасын жалғаушы «Дәнекер!»

Асан ТҰРАБАЕВ – бұл ұлы мұраларды тұңғыш рет қағаз бетіне, үнтаспаға жазып алған тарих танымгері, өнертанушы.

Шежірені ғалам тарихымен салыстырып, жүйелеп, қалпына келтіріп халқымызға жеткізуші, түсіндірме жазып, ғылыми деректермен толықтырып, ғаламторға, баспаға дайындаған Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Ілесбек БАЙЖАНОВ.

Шымкент шаһары.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *