ТҮРКІСТАННЫҢ ТҮЛЕГІ ТАЙЫНШАДА ТЕРАПЕВТ

Саясат Қоғам
328 Views

Біз газетіміздің алдыңғы сандарында «Оңтүстіктен Солтүстікке» айдарымен Түркістан өңірінен Қызылжар жеріне қоныс аударған кейіпкерлер жайлы жиі жазып келеміз. Мақсат – қаңырап қалудың аз-ақ алдында тұрған Солтүстік Қазақстан облысының ауыл-аймағын қазақы ағайынға толтыру. Халқы тығыз орналасқан, ауа-райы ыстық оңтүстіктің оқушылары мектепке сыймай, үш ауысыммен оқу мәселесі бір бүйірден қысып тұрғанда, керісінше солтүстіктегі мектеп парталары бос тұр. Тіпті, бастауышта оқитын бала санының мүлде аздығынан жабылып қалған мектептер қаншама?!

Мемлекет соңғы жылдары ішкі миграцияға көп көңіл бөле бастады. Сең қозғалды, алайда насихат жағы әлі де кемшін. Айтудайын айтылып жатыр-ау, бірақ, мемлекет тарапынан бөлінген қаржыны азсынып, не болмаса ауа-райының қолайсыздығын сеп қылып алысқа қоныс аударуға құлқы да ынтасы болмай жүрген қазақ жастары жетерлік.

Біз осы орайда Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы ауруханасына дәрігер-терапевт керек деген хабарламаны оқи сала сол жаққа ойланбастан ұшып барған өзбек ұлтының өкілі Сарвар Шавкатовпен аз-кем әңгіме-дүкен құрдық. Түркістан облысы, Сайрам ауданында туып-өскен Шавкатов бұрын-соңды барып көрмеген Тайыншада дәл қазір қалай өмір сүріп жатыр? Сол жөнінде тарқатып баяндап берсек дейміз.

Сайрам ауданының орталығы Ақсукент ауылында туылған Сарвар кішкентайынан кішіпейіл, қағылез бала болып өседі. Әкесі Жасур кәсіпкер, анасы Шаира үйде балалар тәрбиесімен айналысты. Үйдің тұңғышы Сарвар Сабыр Рахымов атындағы орта мектепті 2013 жылы бітірген соң, жоғары баллмен Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің жалпы медициналық факультетіне оқуға түседі. Танымал жоғары оқу орнының студенті атанғанына жүрегі жарылардай қуанған ата-анасы, туған-туыстары Сарварға ақ батасын беріп, Түркістанға шығарып салды.

Қасиетті Түркістан төрінде білімін жетілдірген Сарвар дәрігер-терапевт мамандығын алып шықты. Алайда, жас түлектің алдынан жұмыссыздық мәселесі қылаң берді. Дипломын алғанмен оңтүстікте тез арада дайын жұмысқа тұрып кету жағы қиындау. Шымкент қаласы мен Сайрам ауданы бойынша емхана мен ауруханалардан шарқ ұрып жұмыс іздеген Сарвар шарасыздық танытты. Ойлана келе, енді ғаламтор сайттарынан жұмыс іздей бастады. Электронды еңбек биржасы туралы естігені бар, дереу Enbek.kz порталына кіріп, арлы-берлі ақтарып шықты. Кенет Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданына дәрігер-терапевт мамандығы бойынша бос вакансия жарияланған хабарламаны оқып, қуанып кетті. Сарвар мұнан соң 45 мыңнан аса тұрғыны бар Тайынша ауданы туралы мәліметтер іздеді, ақыры осы аудан орталығына баруға белді бекем буды. Сарвардың бұл ойын әке-шешесі де құп көрді. Тәуекел, неге барып көрмеске? Оқу-тоқу, жұмыс іздеп шетелге шығып күнін көріп жатқан жастар да бар емес пе? Оның жанында бұл бір Қазақстанның территориясы.

Көп ұзамай Сарвар солтүстіктегі Тайыншаның ауруханасына жолдама алу үшін алдымен жергілікті Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барды. Көші-қон бағдарламасы бойынша бір миллион бес жүз мың теңге мемлекет тарапынан қаржылай көмек алды. Сол жылы шаңырақ көтеріп, жаңа үйленген Сарвар Тайыншаға жұбайымен бірге көшетін болды. Жаңа өмірді бастағалы тұрған жас отбасыға Сайрам аудандық жұмыспен қамту орталығы бір реттік жолына 180 мың теңге төледі.

Алдымен Петропавл қаласына ұшақпен жеткен Сарварға ұнағаны тамаша табиғат көрінісі еді. Сұлу ақ қайыңдар, қалың орман, атақты Көкше жерінің биік-биік мұнарлы таулары. Сарвардың табаны жерге тиер-тимес жылы шырайлы Алексей алдынан шығып күтіп алды. Бұл Тайынша аудандық көп салалы ауруханасының бас дәрігері Анатолий Павлович Рафальскийдің шопыры еді. Петропавл мен Тайыншаның ара қашықтығы 180 шақырым екен, екі сағат тақтайдай тегіс жолмен ызғи отырып, Тайыншаға да жетті. Ешқайда аялдамай төтесінен бас дәрігердің кабинетіне жол сөмкесімен кіріп барды.

-Ооо, дорогой, хорошо что ты приехал! – деп орнынан ұшып тұрған бас дәрігер Анатолий Павлович құдды бұрыннан таныс туысы келгендей құшақ жая қол алысты. Адам жатырқамау салты тек оңтүстікте ғана емес, қонақжайлылық Қазақстанның кез-келген түкпірінде бар екенін сезінген Сарвардың көңіл-күйі орнына түсті. Өзі жайдары қалпы хал-жағдай сұрасты.

Бұл 2020 жылдың тамыз айы болатын. Сарвар жеңіл-желпі жаздық киіммен барған-тұғын, мұнда қоңырсалқын жел есіп тұр, адамдардың қалыңдау киінгенін байқады. Бір жақсысы пәтерақы аурухана атынан төленетін болды. Бұл да жеңілдік. Енді тек жұмыс істеу ғана қалды. Сонымен 1 қыркүйек күні Сарвар терапевт дәрігер болып жұмысқа кірісті. Қарамағына 1 медбике, жеке кабинет, участок берілді. Участокте 18 жастан асатын 2 200 пациент тіркелген екен. Қызу жұмыс басталды. Көбінде егде жастағы қарт кісілер көп. Ал жастар Қазақстанның ірі қалаларына оқуға, жұмыс істеуге кеткен. Жергілікті халықтың денін көбіне поляктар, немістер, украиндар құрайды.

Сарварды таңқалдырғаны қазан айында қалың қар жауды. Оңтүстіктегі жеті ай жазды көрген жігіт енді солтүстіктің жеті ай қысын көрді. Қырық градус қақаған суыққа үш айда бейімделді. Дегенмен, адам бойындай жауған қарлар біздің кейіпкерімізді шошытқан жоқ.

– Адамның үйренемін деген талап ниеті болса, Антарктидаға да үйреніседі, – дейді Сарвар бізбен әңгіме барысында. – Мен де осында келгеніме өкінбеймін. Қай өңірде жүрсең де, тіл табысу адамның мінез-құлқына, көзқарасына байланысты. Дегенмен, мұндағы халық оңтүстіктегідей белсенді емес, мүмкін ауа-райы кедергі шығар, суықта адам жұмыс істей алмайды ғой. Сенбі-жексенбі күндері демалыс, сондықтан үйден шықпауға тырысады. Ал Шымкент керісінше демалысты білмейді. Ол жаққа ертелі-кеш қыз-қыз қайнаған тіршілік емес пе?!

Иә, Сарвардың бүгінгі өмірі осындай. Оның жасы қазір жиырма жетіде, болашағынан үміт күтер мақсаттары көп. Бастысы, жақында әке атанды. Дүниеге тұңғыштары келді, қазір жұбайы бала күтімімен үйде отыр. Ауылға, яғни Сайрамға жылына бір рет ата-анасын қуантып барып тұрады.

Барған сайын жұмыссыз, екі қолға бір күрек таппай жүрген замандастарын осы солтүстік өңірге шақырудан жалықпайды.

– Жоғары білімді адам болса, келуге мүмкіндік мол. Кез-келген маманға орын бар, – деп аяқтады сөзін Сарвар. Біз де оған алдағы күндеріне тек сәттілік тіледік.

Құралай ИСЛАМҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *