ХАНША ДАРИЯ хикаясы

Әдебиет
2 368 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Айлапат сарайда қараптан-қарап отырып жалғызсырайды. Ондайда ойламаған жерден мынау кесапатқа тап боп, нағыз жар қызықтайтын уақытының босқа өтіп бара жатқанына күйінеді. Ара-тұра аждаһадай абажа сарайдың құлақкесті тыныштығынан сергітіп, қансоқта соғыстың тылсым үрейінен бір сәтке болса да алаң қылатын сәби сүймедім-ау деп уайымдайды. Төңірегінен мейірін төгер, назарын бөлер жан таба алмай қиналады. Алаң көңілін бірдеңеге аударғысы келіп бақ кезеді, нөкер ертіп қала аралайды, жер асты жолдарымен қорғанға көтеріледі. Онда қапалы көңілі бұрынғыдан да қамығып, мынадай қызыл қырғын тұсында құрсақ көтеріп, жас сәбидің обалына қалмағанына тәуба айтып оралады. Бақса мынау жау қоршаған алақандай әлемде Шидүргеден жақын, Шидүргеден қымбат ешкімі жоқ екен. Соны ойлағанда өзі бұрын бастан кешіріп көрмеген, атымен бейтаныс бір жаңа жұмбақ сезімге бөленеді. Еркекке деген сүлде құртар ашқарақтықтан ада, бірақ жүйе-жүйесінің бәрін балбыратып бара жатқан сол бір өзгеше мейірімін күйеуі әншейін етсіңісті некелі жардың үйреншікті пейіліне жорып жүре ме деп қорқады. Кешқұрым оның самайын ерте қырау шалған асқақ басын көкірегіне қысып, аймалағысы келеді де, ұмсына берген қолын аяқ астынан біреу қағып жібергендей ұят жеңіп, тез кері тартып ала қояды.

Шидүрге де кеш сайын үн-түнсіз отырады да, өз бөлмесіне кетіп қалады. Ауық-ауық бірдеңе айтатындай бір оқталып қояды да, үндемейді. Ханым күйеуінің көмейінде тұрған сөздің не екенін әр саққа бір жүгіртіп, әбден дал болады. Бұл не айтса да әзір. Бірақ Шидүрге діңкесін үндемей құртады. Ханым оның телмірген жанарынан құштарлықтан гөрі аяушылықтың, қимастықтың сесін көп көреді. Әсіресе кейінгі үш кеште падиша қасына келіп, әрі-бері үнсіз отырып, бір уақыттарда барып, бұның жүзіне әлгіндей бір қилы сезім арбасқан жұмбақ көзқараспен бір қарайды да, күрсініп қойып шығып кетеді. Кеше кешке әлденеге белін бекем буғандай болып келді. Бірақ бұл жолы да аузын ашпады. Бұрынғыдай телміріп қарамай, қаша береді. Тек кетерде ғана:

– Ертең саған қазына ұстаушы келер, – деген.

Оны неге айтқанын сұрауға да мұрша бермеді, шығып кетті. Гүрбелжін ханым түн бойы аунақшып шықты. Падишаның бөлмесіне өзі кіріп барғысы кеп те кетеді. «Ертең бармыз ба, жоқпыз ба? Бәлкім бұл ақырғы түніміз шығар», – деген суық ой кірпігінің арасына тіреу боп тұрып алды. Көкірегіне лық толып, жүрегін сығымдай түскен сол дүлейден қалай құтыларын білмейді. Күйеуінің омырауына басын тығып, емін-еркін жылап алғысы келеді. Жыл бойғы тас түйін хал әбден қажытты. Ең болмаса, осы бір түн жүйке-жүйкені еркіне жіберіп, көкірегін шер-шеменнен бір босатып алуды аңсады. Әлденеше рет төсегінен атып тұрып, әлденеше рет есік алдынан қайтып келді.

Сол бір тұла бойын қыл арқанмен шандып тастағандай сірескен күйден әлі айыға алмай отыр. Сол бір қыл шылбыр ойын матап, қиялын тұсап тастапты. Таң атқалы жан-жағында болып жатқан нәрсенің ешқайсысына түгел түсіне алмай-ақ қойды. Адасқан көңілі ештеңеге тұрақтамайды, назары ештеңеге тоқтамайды. Төгілмеген ащы жас тамыр-тамырын буып ап, төңірегін тұман қымтап отырған жанары тағы да құлжаның мүйізіне түсті. Тағы да еш өзгеріс таба алмады. Тағы да назарын аударып әкете бермек еді, кенет қос мүйіздің арасындағы шытынай жарылған сызатты көзі шалып қалды. Сол көз алдын көлкештеп тұрған қағанақ бұлыңғырды қақ айырғандай. Өз көзіне өзі сенбей тағы қарады. Мынау қақ сүйектегі ай сызатты бұрын неғып байқамаған?

Ханым көзі желімделіп қалғандай, қақ сүйекке қадалып айрылар емес. Күнде көзіне түспеген мына сызат ненің нышаны?

Ханым қос көрінгендей, көз алдында тұрып алған әлгі сызатқа әлі сенбей отыр. Мынандай айым-қайым күндерде оны қайтып жақсылыққа жорымақ?!. Ап-анық нышанның оп-оңай жоруы, қапелімде, ойына түспеді. Ол туралы ойланғысы да келмеді. Бар зейіні «Апырау, бұрын неғып байқамағанбыз?» деген сауалдың төңірегінен шыр айналып шықпай қойды. Өз шылбырына өзі оралған жылқыдай бір сұраққа тұрып алған сұғанақ ой бір уақытта жауаптың да суыртпағын тауып, шетінен шым-шымдап суыра бастады. Бұрын екеуі мүйізге қанша қарағанмен ортасындағы қақ сүйекке көздері түспейтін. Әрқайсысы өзіне енші мүйізді тінте қарап шығатын да, сонымен тынатын. Қарағайдай-қарағайдай қос мүйізді жалғастырып тұрған қақ сүйекте жұмыстары болмайтын. Зұлматтың нышанындай әлгі сұрқия сызат қалтарыс қала беретін. Енді бүгін бұл өзіне еншілі де, Шидүргеге еншілі де мүйізді қоса шолып шығып еді, тасадан тап берген бөрідей шаужайына оратыла кетті. Қос мүйізді қақ орталарынан қақ айырып түсетіндей қатерлі сызат. Кешегі дарқан заманды қақыратқалы тұрған қилы күннің нышаны. Інге түтін салғандай ірге бағып отырған жымысқы жау бүгін-ертең орданың ойранын шығарады. Тақ мініп, тәж киген бұл екеуін дарға асады. Сонда мынау дүние қақырап, қаңырап қараң қалмағанда не болады! Бұндай боларын кім көріп, кім біліпті? Мынау сұмпайы сызатты да бастарына күн туған үрегей шаққа дейін көріп пе еді, біліп пе еді?! Тіпті әкесі де білмепті. Білсе – ырым қып бұларға сыйлар ма еді! Ойда жоқта тап болған ойран опаттай о да ойда жоқта көзге түсті. Оны күн сайын бір үңіліп кететін Шидүрге де көрген жоқ. Көрсе – бұған айтар еді ғой. Әлде… Соңғы күндері көмейіне іркіп жүргені… Осы болмасын!.. Сонда ол бұны неге жорыған! Неге жорушы еді… Жоқ, мұның арты құрулы дар екенін былтыр жау кеп қоршап алғанда-ақ білген. Жендетті қаймықпай күтіп алуға белді бекем буып, тас-түйін боп отырғандарына жылдан асты емес пе? Шидүрге құтқармасқа қалған ажалға бола тап мүнша күйзелмейді! Онда он-сан оқталып айта алмай жүргені не болды? Ол бұған ылғи қимағандай қинала қарайды. Жанарында әлдеқандай базына, наз тұрғандай. Ертең өзімен бірге өлетін кісіге ол не наз, не базына? Апырау сонда не…

Әбіш КЕКІЛБАЕВ.

(Жалғасы бар).

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *