ҚАРАСАЗДА АУЫЛЫМ…

Руханият Қоғам
76 Views

Атақты Күйік асуынан асқан соң, жер жанаты – Жуалы басталады. Жер ұйығын іздеген Асан Қайғы қасиетті өңірге тамсана қарап: «Шөбің шүйгін, суың бал, топырағың май екен, қадіріңді егін салған ел білер», – деген екен. Бұған қоса
Басқаның бәрін қисаң да,
Жуалыны қимайсың.
Бөктеріп алып кетер ем,
Ат сауырына сыймайсың, – деп жырға қосыпты.
Иә, халық айтса қалт айтпайды.
Аңыз да шындықтан туады. Асан Қайғының осынау ұлағатты сөздері ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келеді.
Жуалы туралы қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы, заманымыздың талантты қаламгері Шерхан Мұртаза өз шығармаларында тебірене қалам тербеді. Өлеңнің падишасына айналған Фариза Оңғарсынова бастаған небір дүлдүл ақындар Жуалыны жырға қосып тербеді. Алматыда тұратын бір шоғыр ақын-жазушылар сияқты мен де Жуалының бір перзенті болғанымды мақтан етемін.
Тарихы мың жылдық Жуалыда Қарасаз деген ауыл бар. Ол – менің туған ауылым, кіндік қаным тамған жер! Қолдағы деректерге сүйенсек, Қарасаздың 300 жылға жуық тарихы бар екен. Шақпақ өзенінің жағасына орналасқан қасиетті жерден небір жақсылар мен жайсаңдар шыққан. Қазақ-жоңғар соғысында атақты Рысбек батырмен қатар соғысып, ерлігімен аты шыққан, мың басы болған Байдәулет батырдың ұрпақтары бүгінде Қарасазда тұрады. Қызыл Қаңлыдан тарайтын баһадүр Байдәулет туралы деректі туынды түсірілді, кітап жазылды.
XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында Қарасаз ауылында Сәуірбай есімді атақты бақсы, қобызшы өмір сүрген. Сәуірбай атағы жер жарған Ықылас күйшінің үзеңгілес досы болыпты. Көне көзді қариялар Жуалыдан шыққан Үмбет сері туралы толғана айтып отырушы еді. Үмбет сері бүкіл қазақты аузына қаратқан Балуан Шолақтың досы болғанын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Шыңғыс Айтматов жазған очерктің кейіпкері, СОКП ХХІV съезінің делегаты, көптеген мемлекеттік ордендердің иегері, озат шаруашылықты жиырма жылға жуық басқарған Жұрынбай Медетов Үмбет серінің тікелей ұрпағы болып келеді.
Кеңес дәуірінің 21-30 жылдарындағы қиын кезеңде қарамағындағы елге қамқор болған Жұмәділ болыс та Қарасаздың тумасы. 1905 жылдары импералистік Ресейден көшіп келген қара шекпенді орыстар, украиндар жері құнарлы, табиғаты шұрайлы Қарасазды ба-сып алып, дегендерін істеді. Тарихтағы Қарасаз аты өшіріліп, Петровка атады. Арада жүз жыл өтіп, еліміз Тәуелсіздік алған жылдарда ғана өзінің ескі атауына қайтадан ие болды.
Кеңес дәуірі кезінде туған ауылым – Карл Маркс атанып, атағы дүркіреп тұрды. Картоп өсіруден, мал өнімдерін молайтудан Респуб-ликалық, Бүкілодақтық жарыстарда мерейі үстем болды. 1970 жылдардың басында сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев шаруашылықта болып, ауыл еңбеккерлерінің ерен ісіне ризашылығын білдірді.
Ауыз бірліктің, еселі еңбектің нәтижесінде ауыл тұрғындары Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдарда орын алған қиындықтарды жеңіп, шаруашылықты шашауын шығармай сақтап қалды.
Қарасаз ауылынан әдебиет, өнер қайраткерлері, Тәуелсіз Қазақстан әскерінің жоғары шенді офицерлері, есімі елімізге белгілі ғалымдар шықты. Қарасаздан түлеп ұшқан, белгілі ақын Бектұрсын Тұрлыбекұлы менің туған ағам еді. Қызылордадағы педагогикалық жоғары оқу орнын бітірген соң, өзі білім алған А.Пушкин атындағы орта мектепте математика пәнінен сабақ берді. 1980 жылы Алматыға ауысып, әдеби шығармашылықпен айналысып, Қазақ радиосында Бас редактор болып қызмет атқарды. Бірнеше жыр жинақтары жарық көріп, Бектұрсынның ақындығына Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақтың көрнекті ақыны Жұмекен Нәжімеденов үлкен баға берді. Әттең, туған ағамның өмірі қысқа болды, небәрі 55 жасында дүниеден озды. Осы жолдардың авторы, яғни мен де арман қуып, журналист-жазушы, кинорежиссер атандым. Жиырмаға жуық кітаптарым, отыз деректі фильмім жарық көріп, көптеген халықаралық кино фестивальде жеңімпаз атандым. Биыл 75 жылдығыма орай, қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесім үшін Қазақстанның Құрметті жазушысы атағы берілді.
Химия ғылымдарының кандидаты, про-фессор Рашида Нартайқызы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Толғанай Үмбеталиева бір Қарасаз ауылының ғана емес, бүкіл Жуалының мақтанышы. Осы ауылдың түлектері, қос полковник Мұрат Медетов, Ринат Баетов Қазақстан әскерінің айбынды командирлері. Қарасаздықтар есімі елімізге белгілі сәулетші Дәулет Жұрынбайұлын да мақтан етеді. Үнемі ізденіс үстінде жүретін Дәулет Қазақстанның еңбегі сіңген сәулетшісі атағына ие болды. Ауылымыздан белгілі өндіріс командирлері, әкім-дер, экономистер, инженерлер, ұстаздар шығып, Қазақстанның Тәуелсіздігін нығайтуға өз үлестерін қосуда.
Бүгінде Қарасаз ауылдық округі Жуалы ауданындағы экономикасы, әлеуметтік жағ-дайы, мәдениеті өркендеген елді мекен. Жанар Нұрмұратқызы басқаратын ауылдық округте 230 шаруақожалық жұмыс істейді. Ежелден еңбектің қадірін білетін қарасаздықтар егін егіп, мал өсіріп, сауда жасап, жақсы табыстарға қол жеткізуде.
Ауылда бүгінгі күннің талабына сай салынған орта мектеп, мәдениет үйі, денсаулық сақтау пункті, бірнеше сауда орындары, тойхана жұмыс істеп, халыққа игілікті қызмет етуде. Ауылдың көшелері асфальтталып, әр үйге «көгілдір отын» тартылды. Ауылда жеке құрылыс қанатын кеңге жайып, көптеген ауыл тұрғындары бүгінгі күннің талаптарына сай сәулетті, жайлы үйлерде тұрады.
Сөз орайы келгенде ауыл тұрғындарының мәдени ошағына айналған Мәдениет үйінің тарихына, бүгінгі атқарып жатқан жұмысына ерекше тоқталып өткім келеді.
Әлі есімде, 1964 жылы басталған Мәдениет үйінің құрылысы екі жылдай тоқтап, жүрмей қалды. Бұл туралы Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінің жергілікті тілшілері Петр Пушкаревский және Сексенбай Бисейітов сын мақала жазып, дабыл қақты. Бұл мәселе аудандық партия мен аудандық атқа-ру комитетінің бірлескен мәжілісінде қаралып, оң шешімін тапты. Арнайы қаржы бөлініп, құрылыс жұмысы қарқын алды. Мәдениет үйі 1968 жылы пайдалануға беріліп, ха-лықтың қуанышында шек болмады. Заман талабына сай бой көтерген мәдениет ошағында аптасына бес рет көркем суретті фильмдер көрсетілетін. Кітапхана, бильярд залы жұмыс істеді. Біздің ауылға облыстан, республикадан өнер саңлақтары жиі келіп, ойын-сауық қоюшы еді. 1967 жылы ағайынды әнші Абдуллиндердің концерті қойылғаны әлі есімізде.
Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдардағы жекешелендіруде жіберілген кемшіліктер Қарасаз ауылындағы Мәдениет үйін айналып өтпеді. Аудан орталығында аукцион өткізіліп, кезінде 1000 000 сомға салынған мәдениет ошағы небәрі 20 000 теңгеге сатылып, бір кәсіпкер ие болып шыға келді. «Жақ-сының жақсылығын айт – нұры тасысын» демекші, сол кездегі «Бірлік» өндірістік бірлестігінің төрағасы Иван Заварикин үлкен ерлік жасап, әлгі кәсіпкермен жарты жыл бо-йы соттасып жүріп, Мәдениет үйін шаруашылықтың меншігіне қайтарып алды. Осылайша мәдениет ошағы аман қалды. Сәл бол-мағанда қоймаға айналып кеткелі тұрған Мәдениет үйінің жұмысы жандана бастады. Осы орайда оның меңгерушісі болып, көп жылдар бойы қызмет атқарған Маят Дарханұлының еңбегін ерекше атап өткен жөн.
2015 жылы Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, бұл игі іске
34784000 теңге қаржы жұмсалды. Жам-был мәдени-ағарту училищесінің және Шым-кент инновациялық университетінің түлегі Ермахан Әубәкірұлы көп жылдан бері Қарасаз ауылындағы Мәдениет үйінің меңгерушісі болып, абыройлы қызмет атқарып келеді. Білікті маман келгелі бері мәдениет ошағының жұмысы жандана түсіп, ауыл тұрғындарының сүйікті орнына айналды. Мұнда 300 орындық көрермендер залы, кітапхана, бірнеше өнер үйірмелері жұмыс істейді. Әртүрлі үйірмелер тұрақты жұмыс атқарады. Жасөспірімдерді өнерге баулуда білікті маман Гүлзира Дәуренова үлкен үлес қосуда. Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Әжелер» ансамблі, жас әншілер мен бишілер аудандық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, ауылды қуантып жүр.
Әр тақырыптарға арналып кештер өткізі-ліп, көпшіліктің көңілінен шығуда. Әсіресе, қазақтың бұлбұл әншісі, СССР Халық әртісі Бибігүл Төлегенованың 95 жылдығына ар-налған «Ақмаңдайлым» әдеби сазды кеші, 7 мамыр Отан қорғаушылар күніне арналған «Ұранды елдің ұрпағы қайсар» патриоттық кеші және басқа да мәдени шаралар көпті баурап алды. «Туған жерге тағзым» атты тақырыппен Қарасаз ауылынан түлеп ұшқан белгілі тұлғалармен бірнеше рет кездесулер өткізді, әрбір кеш өте әсерлі болды.
Ауыл тұрғындарының рухани байлығын арттыруға үлкен еңбек сіңіріп жүрген Мәдениет үйінің меңгерушісі Ермахан Әубәкірұлы ерен еңбегі үшін аудан әкімінің, аудандық және облыстық Мәдениет басқармасының Құрмет Грамоталарымен марапатталды. Ауыл мәдениетін көтеруге лайықты үлес қосып жүрген Ермахан жақында Мәдениет күніне арналған салтанатты жиында аудан әкімі Жалғас Мұртазаның қолынан Алғыс хат және бағалы сыйлық алып, мерейі өсе түсті (суретте).
Іскерлігімен көзге түсіп, ел алғысына бөленген зиялы азамат ауыл бірлігінің артуына үлкен үлес қосып жүр. Ол Қарасаз ауылындағы Қоғамдық Кеңестің төрағасы, ауылдық округтегі Фермерлер одағының жетекшісі, 2019 жылы Қазақстан фермерлер одағының ІІ құрылтайына делегат болып қатысты. Еселі еңбегі еленіп, Қазақстан фермерлер одағының, республикалық «Аманат» партиясының Құрмет грамотасына ие болды.
Иә, Жуалыда экономикасы, әлеуметтік-мәдениет жағдайы өркендеген ауылдар көптеп саналады. Солардың бірі менің туған ауылым – Қарасаз! Осы ауылдың түлеп ұшқан бір түлегі ретінде мен оны әрқашан да мақтан етемін. Мен жазушы-режиссер ретін-де көптеген алыс-жақын шет елдік мемлекеттерде болып, дәмін таттым, тарихымен та-ныстым. Шераға – Шерхан Мұртаза айтпақшы, менің түсіме Вашингтон, Токио, Париж немесе Лондон кірмейді. Әкем мен анам бастаған ауылдың ақсақалды қариялары, ақ жаулықты аналары түсіме кіріп, маңдайымнан сүйіп жүреді. Түсіме марқұм болған туған ағам – Бектұрсын, тай-құлындай тебісіп өскен құрдастарым: Жайсаң, Батыр, Сман, Қасым, Құдайберген, Тілеуқабыл кіріп, бас қосып, айра-жайра болып жатамыз.
Мені хан көтеріп сыйлайтын, құрмет көр-сететін Құнанбай, Тұран, Құралбек ағаларымды, қатарластарым: Балтабай, Келдібекті, інім Ермаханды түсімде жиі көремін. Олардың ел бірлігін, ағайынның татулығын арттыруға жасап жүрген игі істеріне әрдайым риза болып жүремін. Өкпе-назға қисам да, жамандыққа қимайтын бауырларым: Мо-мынхан, Нұржан, Есімхан түсіме жиі кіреді, үнемі татуласып, баяғыша ашық-жарқын жүреміз.
Иә, туған жердің топырағы ыстық қой! Өркендей бер, гүлдене бер, Қарасаз! Ел-жұрт аман болсын! Ынтымақ пен береке келе берсін ауылымызға, ата мекенімізге!

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
Қазақстанның Құрметті жазушысы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
Алматы қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *