ҚАРТТАРЫМ, АМАН-САУ ЖҮРШІ

Руханият
1 115 Views

2011 жылдың мамыр айында Түркістанның түлегімін деп осында жұмысқа келдім. Жұмыста экономистАйнагүл Тәліпқызымен танысып қызметтес болдым. Оның отбасында ата-анасы бар екенін білдім. «Айнагүл, Сіз бай екенсіз» дегенім бар бірде. Иә, ол да «Құдайғамың қайтара шүкір, баймын», – дегені. Дәм-тұз айдап, Айнагүлдің ата-анасы – Тәліп көке мен Күлсия апамен танысуға бардым. Сөйтіп олармен ет жақын араласыпкеттім.

Тәліп көкеме өкіл қыз атандым. Сұраса келсем, ол марқұм қайын атам Әбілда Оңдасыновпен бірге қызметтес болыпты. Міне, «Сұраса берсең, туысқаның болып кетемін», – деген осы екен. Әңгіме ортасында: «Алматыда зоотехникалық мал дәрігерлік институтына оқуға барғанымда сол кезде ел тізгінін ұстаған Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов студенттермен кездесуге келген. Ол бойшаң, ірі денелі, сымбатты кісі екен», – деп бастады. Осы оқу орнына түскенімізді құп көріп, бізбен танысты. Елдің амандығын да сұрап жатыр. Соғыстан кейін тұралап тұрған елдің жағдайын көтеруіміз керек, мал санын көбейтуге өздерің сияқты азаматтар керек. Мал дәрігері деген жақсы мамандық», – деп сөйлегені бар. Кейін келе ол кісі Түркістанның тумасы екенін, одан кейін қызмет бабында араласқан досым Әбілдә Оңдасынов атаңның ағасы екенін білдім. Бірге жүрген, қызметтес болған кісілерді есіме алып Құран бағыштап отырамын, – деді.

Тәліп көкем жайлы айтсам, ол кісі өте кішіпейіл, көпшіл, батагөй қария. Бізде, қазақта айтады ғой, «Өсіп-өнемін десең, қариялардан бата ал» деп. Тәліп көкем бала күнінен қиыншылықты көп өткерген екен. Соғыстың зұлматы мен одан кейінгі ауыр жағдайды басынан кешірген. Сол күндерді ұрпағына, еліне көрсетпеуді Алладан күндіз-түні тілеп отыратын қарияның бірегейі десем, әсте қателеспеймін.

Отбасында ұлды ұяға, қызды қияға қондырған жан. Олардан немере, немереден шөбере сүйіп отыр. Күлсия апамыз екеуі бір шаңырақта Алтын тойды артқа тастап, бірге өмір сүруде. Нағыз үлгілі отбасы. Қазіргі уақытта барлық жақсылықтарында араласып, өз қызындай болып кеттім. Тәліп көкемнің жатқа білетін баталары өте көп. Мөңке, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің даналық сөздерін жатқа айтып отырады. Тәліп көкемді үлгі-өнеге тұтып, ол кісіден алатын сабақ келешек ұрпаққа мол азық екені даусыз.

Бірде Тәліп көкемнің хал-жағдайын сұрай барғанымда дастарқан басында ақ батасын берді. Әңгіме арасында осы ақ баталарымды кітап етіп шығарсам деген ойын айтты. Осы бата беріп отырған сәтті тез арада ұялы телефоныма түсіре бастадым. Көкем мұны оң қабылдап, қуанды. Өз басым қариялардың ақ батасын алып жүргенді жақсы көремін.«Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген ғой атам қазақ.

Тәліп көкемнің өзінен өрбіген ұрпақтары да өте мәдениетті, білімді жандар. Бүгінде Тәліп көкем мен Күлсия анамыз осы ұрпақтарымен мың жасап отырған бақытты отбасы. «Әке, асқар тауың», – деп бекер айтылмаған. «Әкенің жасаған жақсылығы – ұрпағына өмірлік азық» – деген тағы бар. Тәліп көкемнің шыққалы тұрған кітабына өкіл қызы ретінде өз естелігімді осылай қалдырғанды жөн санадым. Артында ұрпағыңа қалдырар байлығың – кітап екенін көп адам түсіне бермейді. Қазір интернет дамыған заман, дегенмен қолыңа ұстап оқитын кітаптың жөні бір бөлек. Осы кітапты оқи отырып, бір батаны жаттап алғанның өзі бір ғанибет. Қазіргі қариялардан бата сұрасаң екі ауыз сөздің басын құрап бата бере алмайды. «Қарты бар елдің – қазынасы бар», – деп дұрыс айтылған. Қарттарымыз аман-сау жүрсін деп тілеймін. Дұрыс қартая білген де – бір бақыт.

Тәліп көкемнің деніне саулық, отбасына амандық, бақ-береке тілеймін!

ӘКЕМ ДЕП МЕН ДЕ СІЗДІ СЕЗІНЕМІН

Тәліп БЕЙСЕМБАЕВ көкеме

Анадан туған батыр да,

Анадан туған асыл да.

Сізді туған анаңыз

Сыйлапты осы ғасырға.

Қиындық өткен басынан,

Жетімдік көрген жасынан.

Алақанын ыстық әкенің

Аңсайды екен арман ғып

Сипаса екен деп басымнан.

Анасын құрмет тұтқан жан,

Батасын алып жүрген жан.

Ғибратты ғұмыр жасаған

Тәліп көкем – ол бақытты жан.

Қызметін жасап елі үшін,

Етіпті қызмет жері үшін.

Ұйықтамай өткен әр күні

Келешек ұрпақ – біз үшін.

Тәуекел еткен бергенге,

Атақ, мансап іздеп көрмеген.

Көкемнің жүрген жолынан

Үлгі алса ұрпақ бүгіннен.

Елім деп, жерім менің деп

Сақтапты қазба байлықты.

Налиды қартым ойлана,

«Таусылды-ау» – деп, мол байлық та.

Билер мен ақын, серінің

Жаттаған жинап батасын.

Қартың бар білсең осындай,

Бар да ал, сен де ақ батасын.

Алдына барсаң ата – деп

Батасын берер қартың бар.

Баталы ел жайнап көркейген,

Бабадан қалған салтың бар.

Налиды қартым бүгінде

Естіп отырмын деп бәрін де.

Жаныма батты-ау қазағым,

Не болып барад бұл заман.

Өз ұлтына оқ жаудырған

Жауынгер бізде болмаған.

«Батаменен ел көгерген,

Жаңбырменен жер көгерген» –

Деп айтқан нақыл сөздердің

Еш жері жоқ бүгін өзгерген.

Қариясы бар ел – қазынам,

Ойласа бір сәт ұрпақтар.

Оң бата алсаң қартыңнан,

Бақытты өсер ұрпақтар.

Жолын кеспе қартыңның,

Оңбассың мына дүниеде.

Тоқтатып бата сұрап ал,

Аспанда ұшып жүрсең де.

Қартыңның алсаң батасын,

Оң жолға қадам басасың.

Құрметті азамат атағын

Бермегенге не сын айтасың?!

Қай жерде, қайда жүрсең де,

Қарттарды мәңгі құрметте.

Қарттарым аман-сау жүр деп

Құрметте мәңгі, құрметте!

Өкіл қызыңыз

Нұра БЕЙСЕНОВА,

Түркістан қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *