ҚОҚЫСТЫ ҚАЙТА ӨҢДЕУ САЛАСЫН ДАМЫТУ — ҰТЫМДЫ ТӘСІЛ

Көзқарас Қоғам
3 182 Views

KAZWASTE қалдықтарды басқару қауымдастығының мәліметінше, елімізде жыл сайын 5-6 миллион тонна көлемінде тұрмыстық қалдық қоқыс полигондарына жиналады екен. Соның тек 15 пайызы ғана қайта өңдеуге жіберіледі.

Бұл көрсеткіш біздің әлі де қоршаған ортаға қарым-қатынасымыздың дұрыс еместігін, экологиялық мәдениеттің төмендігін аңғартады.

Тұрмыстық қалдықтарды жою ісі бойынша Еуропа елдерінің тәжірибесі мол да көп елдерге үлгі аларлықтай. Еуропа елдерінде 1980 жылдардың соңынан бастап қалдықтарды залалсыздандыру жаңаша бағыт алды. Дәлірек айтқанда қоқыстарды пайдаға асыру ісі жолға қойылды.

Еуропа тұрғындарының өзін өзі сыйлайтын кез келген азаматы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап алмай жатып қоқыс жәшігіне тастамайды.

Ескі батарейкалар мен аккумуляторлар ерекше әдіс арқылы жоюды қажет етеді. Себебі онда жоғары токсинді улы заттар бары белгілі. Ескі киімдер арнайы контейнерге салынады. Мәселен, Германияда кез келген сусынның бағасына ыдысының құны қосылады. Босаған кезде оны өткізіп ақшасын кері қайтарып алуға болады екен. Сол себепті ол елдерде сусындардан босаған бөтелкелер біздегідей көшеде аяқ астында ыбырсып жатпайды. Ағылшындар қоқыс сұрыптауға қатаң қарайды екен. Бұл елде билік тұрғындарды ұқыптылыққа тәрбиелеуге барынша тырысады. Мысалы, мұнда тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптап салмағаныңыз үшін айыппұл төлейсіз. Кез келген дүкеннің алдында, аулаларда тағамға арналған, ескі киімдер мен электротехникаға арналған арнайы контейнерлер тұрады.

Аталған елде тұрғындарды қоқысты сұрыптап тастауға тәрбиелеу жұмыстары жақсы жолға қойылған. Берлиндегі жасөспірімдер егер қоқыс жинап оны өткізсе, қаржылық марапатқа ие болады. Еуропалықтар бұл әрекеті еріккендіктен барып отырған жоқ, әлбетте. Біріншіден, дамыған елдер тұрғындары қоршаған ортаның тазалығы үшін күреседі. Екіншіден, табиғи ресурстарды, табиғи азық-түлік өнімдерін барынша үнемдеуге мән береді. Қатты тұрмыстық қалдықтар болмаса, жалпы тағам қалдықтары қоқыс жәшіктеріне сирек тасталады екен. Ал, бізде ше? Бізде қоқыс полигондарынан маңынан жүру мүмкін емес. Ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында ЭКСПО-2017 көрмесінен кейін тұрмыстық қалдықтар сары және жасыл түсті контейнерлерге сұрыпталып тастау тәжірибесі енгізілді. БАҚ-та, қоғамдық көлікте, көшедегі сыртқы (билбордтарда) жарнама жүйелі жасалды. Сары жәшіктер пластик, қағаз, шыны, металл және ұсақ-түйек электронды техника қалдықтарын жинауға арналса, жасыл контейнерлерге тағам бөліктері, органикалық қалдықтар жиналады. Негізгі мақсат – полигонға жиналатын қоқыс көлемін кемітіп, еліміздегі қайта өңдеу саласын дамыту. Бірақ, соның өзінде қала тұрғындары әлі күнге қалдықты үйден сұрыптап алып, сосын барып контейнерге салу дағдысы қалыптаса қойған жоқ.

Еліміздің үшінші мегаполисі атанған Шымкент қаласында экологиялық мәдениеті мен қоршаған ортаның тазалығына деген көзқарасы жоғары деңгейде деп айта алмаймыз.

Шымкент қаласында қала көшелерінде серуендеп, көп пәтерлі үйлер мен оларға жақын гараждардың бұрышынан өтіп жатқанда жерлестеріміздің тазалық ережелеріне деген көзқарасы мен жауапсыздығы қатты қынжылтады. Бұл күнделікті қайталанатын жайт. Тазалық мәдениеті қоршаған ортаның ластану деңгейіне кейбір азаматтар мүлдем мән бермейді, өйткені олар үшін бұл қалыпты жағдай. Кейбірі ақталып, уәж айтып жатады. Ал, үшіншілері қоқысты кез-келген жерге тастап, әп-әдемі қаламызды қоқыс ордасына айналдырғысы келеді. Бүгінгі таңда бұл тақырып өте өзекті болып тұр. Бұл мәселені тек қала ел билігі деңгейінде ғана емес, елдік деңгейде шешу керек шығар, бәлкім. Мұны балабақшадан, мектептен бастап жас ұрпақ санасына экомәдениет қағидаттарын қалыптастыру арқылы шешуіміз керек деп ойлаймын.

Қаланың тазалық жағдайына жауапты муниципалды қызметтер саласына сын айтар едік. Тазалау жұмыстары сапасы жақсы деңгейде емес, жұмысшылар, штат саны аз, және т.б., мәселелер жетеді бұл тізімді шексіз жалғастыруға болады.

Коммуналдық қызмет жұмысына наразы болып, сынауға бармыз. Алайда, әрбіріміз қарапайым қағида, алтын ережені ұстануға жоқпыз. Бәріміз қаперде ұстауға тиіс алтын ереже: «Тазалық жиналатын жерде емес, қоқыс тасталынбайтын жерде орнығады». Тұрғындар кәмпиттің қағазын, темекі тұқылын немесе босаған қорап пен бумаларды қоқыс контейнеріне емес, жүріп бара жатып кез-келген жерге лақтырып тастай салады. Тұрғындардың мұндай ұстанымымен және оның салдарымен, тіпті жүздеген, мыңдаған тазалықшы жұмысшылармен де тазалап үлгере алмайды. Мұндай экомәдениеттің төмен деңгейі мен санасыздықты өзгертпейі қаламызда тазалық орнауы мүмкін емес. Таза қала, таза аула мәдениетін қалыптастыруды әрбір саналы азамат өзінен бастауы тиіс. Экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаға деген түзу қарым-қатынасты қалыптастыру әрбір шымкенттіктерге, барша жерлестерімізге парыз. Қоршаған ортамызды қоқыстан тазартып, сүйікті қаламызды таза ұстайық! Өз тарапымнан жерлестерімізге үн тастаймын. Бірінші қадам – қоқысты кез-келген жерге тастай салуды тоқтату; екінші қадам – тазалай жүруге үйрену; үшінші қадам – балалар мен жастарды тазалыққа тәрбиелеу; олардың санасына экологиялық мәдениет негізін қалыптастыру.

Туған қаламыздың тазалығы – әдемі эстетикалық көрініс қана емес, сонымен қатар Сіз бен Біздің, әрқайсымыздың денсаулығымыз деген сөз. Халқымыз «тазалық – денсаулық кепілі» текке айтпаған.

Салтанат ЖЫЛҚЫБАЕВА,

PhD доктор, аға оқытушы,

М.Әуезов атындағы

Оңтүстік Қазақстан университеті

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *