«АРТЫҚША ТУҒАН АЗАМАТ, ХАЛЫҚҚА ҮЛКЕН БЕЛ БОЛАР»

Әдебиет
110 Views

Нағашыбек Қапалбекұлы белгілі қоғам қайраткері, жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. 1950 жылы 16 наурызда Алматы облысы Жамбыл ауданы Қызыләскер ауылында туған. 1968-1970 жылдары Кеңес Одағының Қиыр Шығысында әскери борышын өтеп кайтты. Ол Приморье өлкесіндегі 1969 жылы шекарада Даманск аралы соғысына қатысқан. Қазақстан Республикасы Даманск оқиғасы ардагерлер кеңесінің төрағасы. 1971 жылдан құрылысшы, автоклуб меңгерушісі, Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» газетіне (қазіргі «Атамекен») газетінде корректор, әдеби қызметкер болып жұмыс істеген. Ал 1973 жылы Қазақтың Әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны 1979 жылы бітірген. «Екпінді еңбек» газетінде тілші, жауапты хатшы, радио ұйымдастырушы, редактордың орынбасары, 1980-1987 жылдары осы газеттің бас редакторы болды. 1986 жылдан аудандық «Отан» қоғамының төрағасы, халықаралық Жамбыл қорының бас директоры, республикалық Қарасай батыр қорының директоры, Қазақстан Жазушылар Одағы Алматы облыстық филиалының директоры сияқты жұмыстар атқарып, белсенді қайраткерлік танытты. 2000 жылғы 1 қарашадан республикалық кітап музейінде директор қызметін атқарды. 2016 жылдан ЮНЕСКО-ның Мәдениеттерді жақындастыру орталығының бас ғылыми қызметкері. «Бәйдібек баба» республикалық қорының президенті. Елу бес кітаптың авторы, көптеген ғылыми еңбектер жазып, бірнеше кітап құрастырған. 2021 жылы Жамбыл мұрасы жайлы 40 томдық жинағын құрастырып шығарды. 2023 жылы Сүйінбай ақынның 10 томдық толық шығармалар жинағын құрастырды. Нағашыбек Қапалбекұлы тарихи тақырыптарға жиі барады. Атақты бабамыз Жамбыл және оның ақындық төңірегі жөнінде ізденіп зерттеп, ел мен жер, өткен мен бүгін жайлы сабақтастыра отырып, танымдық тағлымы мол дүниелер жазды. Оның кейіпкерлері – қазақ елінің біртуар перзенттері: Қарасай, Шапырашты Наурызбай, Өтеген, Райымбек, Ақ тулы Сіргелі Жабай батыр, Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Бекболат секілді дулығалы батырлар, Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі, Өтеп, Өмірзақ, Әбдіғали, Есдәулет, Саяділ секілді дуалы ауызды ақындар, Фараби мен Абай, Төле би, Жамбылдың ақын шәкірттері, Балуан Шолақ, Сарыбай би, Андас датқа, Тезек төре, Медеу Пұсырманұлы, Мақыш балуан, Құртқа тәуіп, Түктібай қобызшы, Сәт болыс, Қырбай сал және тағы да басқа тарихи тұлғалар.

«Жамбыл әлемі» атты үш тілдегі фотоальбом, «Төле би», «Балуан Шолақ», «Сыпатай батыр», «Ақ тулы Сіргелі Жабай батыр», «Сарыбай би», «Ғибрат», «Ата тағлымы», «Оспанханнан қалған сөз», «Іңкәр сезім — сырлы әуен», «Кітап әлеміне саяхат», «Батаменен ел көгерер», Үмбетәлі Кәрібаевтың 2 томдығы тағы да басқа жинақтар құрастырды. Бірнеше телефильм мен видеофильмдерге сценарий, пьесалар жазды.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген кайраткері. «Құрмет» орденімен және оннан астам мемлекеттік медальдармен наградталған. Біріккен Ұлттар Ұйымының «20 лет содружество ООН» халықаралық ордені және Ресейдің «100 лет Вооруженных силам» орденінің иегері.

Алматы облысының және Алматы облысындағы Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандарының Құрметті азаматы.

Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық академиясының, Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық ақпараттандыру академиясының, Қазақстан журналистика академиясының, Халықаралық Экология академиясының, Салт-дәстүр академиясының және Құртқа тәуіп атындағы ғылыми академиясының академигі.

Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының, Қонаев атындағы заң гуманитарлық университетінің, Статистика және экономика академиясының және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері. Чувашияның халық батыры, 2022 тархан атағын алған. Халықаралық «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Т.Сатылғанов атындағы сыйлығының лауреаты. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының 2 мәрте және СССР Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты атанды. Сондай-ақ Халықаралық Жамбыл сыйлығының және Чувашияның әдебиет жөніндегі 2019 жылғы мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Н. Қапалбекұлының кітаптары мен шығармалары Ресейде, Түркияда, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстанда аударылып, басылған.

Бірнеше мәрте аудандық кеңеске депутат болып сайланған.

Ұлы Жамбылдың 150, 175 жылдығын, Қарасай батырдың 400 жылдығын, Төле бидің 350 жылдығын басқа да көптеген тарихи тұлғалардың мерейтойларын ұйымдастырып, кітаптарын шығарып, түрлі ғылыми конференция-кештер өткізуге белсене атсалысып жүрген белгілі коғам кайраткері.

Н. Қапалбекұлының әкесі Қапалбек Егізбаев (1916-1980) Ұлы Отан соғысының ардагері, үш орден 14 медальмен наградталған колхозшы. Ерлігі мен еңбегі үшін Қарғалы ауылындағы бір көшеге Қапалбек Егізбаевтың есімі берілген. Шешесі – Егізбаева Күлиман (1927-1971) бес баланың анасы.

2015 жылы Нағашыбек Қапалбекұлының 3 томдық шығармалар жинағы (повестер мен әңгімелері) жарық көрді. «Өнегелі өмір» сериясымен әл-Фараби атындағы ұлттық университетінде жазушы, тарихшы-зерттеуші, қоғам қайраткерлігі жайлы бір томдық жинағы жарық көрді. Сондай-ақ 70 жылдығына орай 4 томдық шығармалар жинағы шықты.

ӨМІР ИІРІМДЕРІ

МЕЙІРІМ

Мен өте жақсы көретін бір сөз бар. Ол – мейірім. Мейірім барда – өмір бар, жақсылық бар. Айналайын асыл адамдар, қаншама мейірім көрдім, ыстық ықылас, шынайы пейілдерін сезіндім. Қым-қуыт, қиын да күрделі тағдырымда ел-жұртымның тау самалындай аңқылдаған мейірім шапағаты мені құлшындырды, жаныма қанат бітірді, өмірге ғашық етті. Сіздер не деген мейірімді едіңіздер, сүрінсем қолтығымнан сүйедіңіздер, қиналсам – арқамнан қағып, жаныма демеу болдыңыздар. Алатаудың аппақ қарлы шыңдарындай бозаң тартқан басымды иемін Сіздерге!

Жаны жомарт, жүрегі таза, мейірім шуағы төгілген инабатты, иманды адамдар көп екен ғой, өте көп екен. Ғұмырыма көз салып, солардың бірнешеуін әңгіме етуді жөн көрдім.

ТАҢДАЙЫМНАН ДӘМІ КЕТПЕС ЖҰПАР ШӘЙ…

Қатты құладым. Балам дереу Алматыдағы кардиология ауруханасына жеткізді. Тез тексеріп, инфаркт алған, жүрегіне операция жасаймыз деп, зембілге жатқызып алды да кетті. Өң мен түс, бұлдыр-бұлдыр дүние. Есімді жисам жарым түн, бөлек палатада ақжаймада жатырмын. Тілім аузыма симай шөлдегенім-ай… қаталап шөл қысып барады. Екі көзім бозарып, таңды күттім. Бір кезде медсестра келіп:

– Ояндыңыз ба? Операция сәтті өтті. Қозғалмаңыз, — деді де маңдайыма

алақанын тигізді. – Қызуыңыз жоқ. Тамаша! – деді сыңғырлаған үнмен.

– Қарағым, шөлден өліп барамын. Шіркін, шәй болса? – дедім.

– Сүтпен ішетін бе едіңіз?

– Иә. Күнде таңғы сағат алтыда тұрып, сүт қатқан шәй ішуші едім.

Сағат қанша болды екен?

– Сағат үштен кетіпті. Операциядан кейін бәрі шөлдейді. Қазір әкелемін, аға! – деп ақ халат киген келіншек лып көтеріліп, шығып кетті. Көп уақыт өтпей жібін шұбатып электр шәугімді көтеріп қайта кірді. Әп-сәтте сүт қатқан қою шәйді иісін бұрқыратып ұсына берді. Өзі басымды көтеріп, арқама жастық қойып, жас бөбегіндей әлпештеп берген шәйін-ай десеңші!..

Маңдайымнан шып-шып шыққан терімді ақ сүлгісімен сүртіп, әбден шөлім басылғанша ыстық шәйді шыныға құйып, ұсына берді.

Бой-бой терлеп, жаным рахаттанып, маужырап ұйықтап кетіппін.

Сағат жеті жарымда аузы-мұрнын тұмшалап орап алған ширақ қимылды бас дәрігердің өзінен бастап бір топ дәрігерлер келгенде ғана ояндым.

– Аға, қалайсыз? – деді бас дәрігер маңдайымнан сипап.

– Жақсымын.

– Бүгін жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырамын. Сізге операция жасаған мына жігіт. Бізде бұларды нейрохирург деп атайды, — деп ұяла амандасу ишаратын жасаған отызға жетпеген жас жігітті көрсетті. – Бұл іске білімді жастарды тартудамыз. Жақында бұл азамат Израилге білімін жетілдіруге кетеді, — деп және қосты.

Медсестралар зембілге салып жалпы палатаға алып келгеннен кейін он күн ішінде жүріп-тұруға жарап, бірден ары қарай санаторийге жіберді.

Сау адам бәрін тез ұмытады екен. Қайырылып баруға мұрша болмай, өздері қаралуға шақырған соң үш айдан кейін ғана кардиология ауруханасына бардым. Маған операция жасаған нейрохирург шетелге кетіпті. Ал жансақтау бөліміндегі жарым түнде жаны қалмай шәй берген әдемі медсестра келіншекті таба алмай-ақ қойдым. Аты-жөнін, телефонын да сұрамаппын.

Қиналмай, міндетсінбей түн ұйқысын төрт бөліп, божылдатып ып-ыстық сүт қатқан шәйін ұсынған бұл жанға және жүзіне мейірім үйірілген жап-жас нейрохирургке мың да бір рахмет!

Нағыз шипагерлер осылар ғой.

Құдайға шүкір, содан бері жүрегім сыр берген жоқ.

АЛМАТЫНЫҢ ҚАРАПАЙЫМ АДАМЫ

Есіміз екеу, өңіміз төртеу, көңіліміз ойран асыр болды. Төртке келген немерем айдың күні аманында жоғалып кетті. Көрші келіншек өзінің үш баласымен бірге менің немеремді де алып шыққан. Орталық стадион жанындағы жартылай жерге сіңдіре салынған супермаркетті аралатып жүргенде менің немерем бала емес пе, айналсоқтап қалып қойған.

Келіншек бір қараса немерем жоқ, үш баласын жетектеп ары-бері жүгіреді, қарамаған жері қалмайды. Немерем үшті-күйлі жоқ!

Дереу қалта телефонымен қоңырау шалып, маған хабарлады. Мен әке-шешесін аяғынан тік тұрғыздым. Машинама міне салып, сол төңіректі шыр айналдым, супермаркетті араладық. Полицияға хабарладық. Жоғалғанына үш сағаттан асты, еш хабар жоқ.

Келінім бода-бода жылап жүр, балам немеремді алып кетуіне рұқсат бергені үшін оған діңкілдеп ұрса береді.

Көше бойлап, тротуар, аялдамаларды қарап, үйге келдік. Бәрімізді үрей билеген. Қыстың күні бұлыңғырланып, үскірігін үрлеп, батып барады. Есік қоңырауы дың-дың ете қалғанда, бәріміз тапырақтай жүгірдік.

Немеремді жетектеп ұзын бойлы мосқал адам кіріп келді. – Сіздердің балаларыңыз ба? – деді.

Бәріміз улап-шулап, төрт жасар құлынымызды бас салдық. Көзімізден жас ыршып шығып кетті, айналып-толғанып, сүйіп жатырмыз. Шешіндіріп болғанда ғана әкелген кісіні еске алдық.

– Бұл кісі кім? – дедік жапатармағай.

– Таксист.

Жолда адасып жүргенде қасына жақын тоқтап сұрапты. Бала шынын

айтыпты. «Адресті білмеймін, үйдің жанында мамамның тура атындай «Дана» деген магазин бар» — депті. Таксист машинасына отырғызып алып, кішкентайымыздың көрсетуі бойынша үйге әкеп кіргізіп кеткен екен ғой. Бәріміз далаға жүгіргенімізбен, сол таксисті таба алмадық.

Кейін орталық стадион жанына немеремді қолымнан жетектеп талай барып, таксистерден сұрау салдым. Ешкім білмейді. Аты-жөні кім, машина нөмірі қандай? Жұмбақ.

Адамгершілік пен мейірімі шуақ шашып тұратын Алматының ақ адал қарапайым азаматтары-ай!..

Ғажап қайырымды істеріңе қайран қаламын!

КИЕЛІ КІСІНІҢ АҚ БАТАСЫ

Тілектес Бәрпібаев деген інім кабинетіме келіп қолқа салды. Халифа Алтайды қонаққа шақырыпты. «Жөн-жосық білесіз ғой, бірге күтісіп жіберіңізші» — дегенде қуанып кеттім. Атақты дінтанушы бұл кісіні жақсы танимын.

Ынтымақ ауылындағы алма бағының ішіне аппақ киіз үй тігіпті, қасында тамақ істейтін қараша үйі тағы бар.

Мамыр айының тамылжыған әдемі шағы. Алма ағашы гүлдерін жарып, бүкіл бақты ақ, қызғылт түрлі гүлдер әлемі құлпыртып, жайнатып жіберген керімсал шақ.

Халифа Алтай орамал тартқан бәйбішесі және Европаша жеңіл киінген ересек екі баласымен келді. Ұлдары біреуі Швецарияда, екіншісі Германияда тұрады екен. Бәрі қазақшаға судай.

Үлпілдек қызғалдақтар қырқа-қырқаларға қаптай шығып, парсы кілеміндей жайнап тұр.

Халифа ақсақал табиғатқа тебірене, сүйсіне қарап, бақ ішін аралады. Аста төк дастархан, қымыз, шұбат сапырулы.

Біздің елдің талантты әнші қыз-жігіттері бүкіл тау алабын тебірентіп, асқақтатып ән-жырын шырқады.

Несін айтасыз, ғажап отырыс болды. Халифа ақсақал аспай-саспай талай ғибратты әңгімелер айтты. Кейін оның бәрін жазып жатқан мемуарыма қосармын.

Бата алып, қой сойдық. Төстік, шоққа көмген көкбауыр, кәуап, қазанжаппа, көмбенан жасап көрсетіп, дәм татқыздық.

Өте көңілді әсерленген Халифа Алтай өзімен бірге алып жүрген қара қобдишасын ашып:

– Мына Құранды өзім аударып, шығартқан едім. Сендерге ұсынамын, — деп Тілектес екеумізге бір-бірден сыйлады. Қасиетіңнен айналайын Құранды маңдайымызға тигізіп, сүйіп, төсімізге бастық.

– Ал, сен жазушы екенсің, саған осы еңбегімді түгел жазып шыққан қаламсабымды сыйлаймын, — деп қара қаламсабын маған берді. Көңілім қанаттанып, шабыттанып кеттім.

– Аға, шақырғанымды қабыл алып келгеніңізге мың да бір рахмет. Сізге бір жылқы сыйладым. Қалаған уақытыңда алып кетіңіз, — деп Тілектес ол кісінің арқасына шапан жауып, бөрік кигізді.

– Қарағым, оның не? Осы сый-сияпатыңа бек разымын, — деп қашқақтап еді, Тілектес айтқанына қайтпады. Халифа ақсақал төгілтіп батасын берді.

Қонақтар дұғай-дұғай қоштасып, машиналарына мініп кетіп қалды.

– Аға, мен бір дәу жылқыны байлап, семіртіп қоямын. Қысқа қарай

соғымға сойып апарып берейік, — деді Тілектес.

Қара күзде Тілектес маған:

– Аға, Халифа ақсақалға айтыңызшы. Жылқыны қашан сойып апарып

берейік, — деп өтініш айтты.

Халифа қажы телефонды өзі көтерді.

– Қарағым, ол жылқыны мен сексенге келгенде, тойыма алайын, — дегені бар емес пе?

Үндей алмадым. Бұл кісі қазір жетпіс төртте, әлі бақандай алты жыл күтеміз бе сонда?

Көп ұзамай Тілектес ауданнан бірден облыстық соттың төрағасы қызметіне өсіп кетті.

Не керек, Халифа қажы алты жыл бойы алмады, алты жыл бойы Тілектес сол кісіге арнап қысқа қарай соғым дайындады.

Бұл кезде Тілектес Шымкент облыстық, одан Алматы қалалық сотының төрағасы болып ауысып өсіп келді. Жасы келіп қалған қария бір күні қисая кетсе мойнымызға қарыз болмасын деп жылда алғашқы қар түскенде телефон шаламын. Ол кісі бипаз, салмақты үнімен сексенге келгенде мерейтойына алатынын айтады.

Ақыры, Халифа Алтай атамыз сексенге толып, табан қазысын жасап, жылқыны сойып апарып бердік.

Бақ қонған, қыдыр шалған Халифа атамның берген Құраны төрімде, ал қаламсабы жазу үстелімнің үстінде ең құнды дүнием болып сақтаулы тұр.

Киелі де, қасиетті ұлы адамның ақ батасын алғанымыз қандай жақсы болған!

Бата – өрге сүйрейді, қарғыс – көрге сүйрейді.

Өрнекті тақия киген ғұлама дінтанушы, құранды қазақша аударған абыз Халифа Алтай қажы қайталанбас ұлы тұлға ғой!

Осындай аспайтын, саспайтын ғажап жанның имандылық пен мейіріміне шомылып, шуақтанғаныма шүкіршілік жасаймын.

АР МЕН АДАЛДЫҚ

Біздің рейс үш сағатқа тағы кешігетін болды. Мені шығарып салып жүрген інім Орынбасар екеуміз аэропорт жанындағы кафеге барып, түстік іштік.

Күн күйіп тұр, даладағы тапчанның бірінде отырып, інім лағман жеді, мен сүт қатқан бір шәйнек қою шәй алдырдым.

Самолетке мінер тұста ғана аңғардым, қол сөмкем-варсеткам жоқ. Ініме телефон шалып, кафеге барып сұрастыр деп тапсырдым. Астанадағы шаруаға деп бесмыңдықтан жүзін санап салғанмын, бес жүз мың теңге сол қол сөмкемде болатын. Бағана шәй ішкенде костюмімді, галстугымды шешіп, қол сөмкемді қасына қоя салғам. Тас ұмытып кетіппін ғой.

Қап-ай, қап!

Қызыл томпақ бетінің ұшында шұңқыры бар даяшы ұйғыр қызының елпілдеуі жаман еді. Әй таптырмас. Тапса да ішіндегісін ақтарып алып қалады-ау…

Самолет зырылдап барып, көк әлеміне қалықтай көтеріліп шыға келді. Ватсап телефонын өшіріп тастадым.

Астанаға қонғанда ғана қайта қосқанда шыр-пыр ете қалды.

– Аға, барсеткаңыз табылды! – деген інім екен.

– Бәрі орнында ма?

– Бәрі түп-түгел! Ұйғыр даяшы қыз алып, сақтап қойыпты.

– Әп, бәрекелді! Қайтқан малда қайыр бар! – дедім қуанып.

Астанада екі айдай жүріп қалдым. Алматыға ағаш жапырақтары сарғайып, Алатаудың ұшар бастарындағы аппақ қар-мұзы ұлғая бастаған шақта келдім.

Бірден аэропорт жанындағы кафеге бардым. Сондағы қызметші, даяшылардан баяғы ұйғыр қызын сұрастырсам, ол студент екен, жұмыстан шығып, оқуына кетіп қалыпты. Телефоны жоқ, ешкім білмейді.

Кафенің бастығына кіріп, Рашида атты ұйғыр қызының адалдығы үшін алғыс айттым.

Бетінен нұр төгілген сол бір жымиып қана жанжүрегімен қызметін істеп, ардан аттамаған, оның осыншама ақ адалдығына әлі күнге дейін тәнтімін.

Шынында да әлемді осындай жақсы жандардың тілек-пейілі ұстап тұр-ау!..

Алматымда мұндай ғажап жандар өте көп өте көп…

АСТАНА СЕН ҚАНДАЙСЫҢ?

Астанада «Зажигалка» деп аталып кеткен зәулім биік ғимарат бар. Соның он сегізінші қабатындағы бір шенеунікпен жолығып, қайта шығып келе жатқанмын. Зырылдаған лифтке кіргенім сол еді, оң жақ аяғым зың-ң етіп, тоқ ұрғандай солқылдап, жансызданып сөлбірейді де қалды. Бір ащы шаншу белден төмен найзағайдай осып, жанымды көзіме көрсетті.

– Ойбай-ай, — деп шыдай алмай лифт ішіне отыра кеттім. Қасымда бірге кетіп бара жатқан қатып киінген әдемі галстук таққан екі жап-жас жігіттер:

– Аға, не болды?

– Көке, қай жеріңіз ауырып тұр? – деп бәйек қақты.

Екеуі екі қолтығымнан демей көтеріп, сыртқа шығарды да:

– Сіз еш қам жемеңіз. Біз Сізді ең мықты аурухананың ең күшті дәрігерге көрсетеміз, – деп машиналарына мінгізіп алды да кетті.

Бір аяғым мүлде істемей қалды. Хирургтер жамбасқа операция жасап, ақсақ боп қалмасам жер ортасына келгенде, — деп қамықтым.

Әне-міне дегенше жап-жаңа, іші-сырты сыңғырлаған ауруханаға әкеліп, екеуі біреулермен сөйлесіп, мені дереу бөлек палатаға жатқызды.

– Біз Үлкен үйге барамыз, қазір сонда жиналыс. Сауығып кетесіз, аға, — деп туған бауырындай құшақтай қоштасып шығып кетті.

Табандатқан екі апта жатып, сан түрлі ем-дом алып, көп ине салдыртып, екі аяғымнан тік тұрып, жүріп кеттім.

Содан бері қанша жыл өтті, қайтып аяғым ауырған жоқ. Астанаға барған сайын «Зажигалка» атты зәулім сән-салтанатты ғимаратқа кіріп, астыңғы залда демалғансып отырамын.

Баяғыдағы екі уыздай жас жігіт кездесіп қалар ма екен деп әр азаматтың бәріне тесіле қараймын кеп.

Бұл, айналайын өрім жастар кім? Әлі күнге дейін маған жұмбақ. Асыл ата-аналарының ғибратты тәлімін бойына сіңірген, айналайындар-ай, бақытты болыңдар!

Ел көп сұрайды:

– Астана қандай екен? – деп.

Сонда мен осы оқиғаны айтып беремін. Астананың ғажап мейірімді тұрғындары — біздің болашағымыз – сол бір өрімдей жас жігіттерді мейірлене, сағына еске аламын.

Астана – мейірімді, қайырымдылар қаласы екен.

БІР ҚАП ҰН

Бұл ауылға мен жиі келемін. Сонау балалық шағымнан бері осы жердегі Айқымбай, Молдахан, Тәлік секілді достарым көп шақырады, барлық қуаныштарымыз ортақ. Әттең Молдахан мен Тәлік екеуі ертерек ортамыздан кетіп қалды. Жатқан мәңгілік мекені жарық болсын!

Осы ауылдағы тойға ертерек келгенмін, ел-жұртпен дидарласып, хал-жағдайларын білсем деген сағынышым бар. Бізде той ешқашан уақтысында басталмайды. Міне, мен де айтылған сағат жетіде келсем, әлі ешкім жоқ. Ел жиналу үшін әлі екі-үш сағат күтуге тура келеді.

– И, айналайын, балам, сені жолықтырғаным өте жақсы болды ғой , —

деп кезінде біздің Қызыләскер ауылында тұрған Балайдың апасы шұрқырап, бетімнен сүйді.

– Қарағым, машинаңа отырып, үйге жүре қойшы! – деп бой берер емес. – Шешең Күлиманмен құрдас едім, сен Сайлау деген баламмен

құрдассың. Он бала тауып өсірдім ғой. Білесің бе, баяғыда ұзын жіп күрмеуге келмей менің үйімде шұрқыраған балаларыма тамақ жасап беруге ұн таусылып қалды. Елдің бәрі күнін қалт-құлт әзер көріп отыр. Әркімнен қарызға сұрасам түк таба алмай қатты қиналдым. Сенің әкең Қапалбек – тракторшы, еңбеккүніне қап-қап бидай алады. Жүгіріп ауылдың төменгі жағындағы сендердікіне келсем Күлиман да жаңа босанған, терлеп-тепшіп шәй ішіп отыр екен. «Кел-кел, шәй іш, қыз-ау», — деп бәйек болды. Жағдайымды айтып, жылап қалдым.

Сонда Күлиман жарықтық — «Міне екі қап ұнымыз бар. Бір қабын алып кетесің – О несі-ей, ел ішінде отырып сонша қапаланғаның» — деп бір қап ұн берген еді. Сонымен жаз бойы нан жауып, қызыл қырманға аман-есен жеттік қой.

– Міне, сол бір қап ұнды қайтара алмай шерменде болып жүр емеспін бе? Сендер Қарғалыға, одан 76 разъезге көшіп кеттіңдер. Жетім бала, жесір қатын боп он баланы әйтеуір ержеткіздім. Құс фабрикасы ашылып, бала-шағаларым жұмысқа тұрып, осы Таран ауылына көшіп келдік. Құдайға шүкір, қазір жағдайымыз жақсы, бәрі бар. Тек көкейімнен кетпейтіні Күлиман берген бір қап ұнын қайтара алмадым ғой деп жүруші едім. Соны алып кетші, айналайын! Шешең не деген жомарт, ақкөңіл еді.

– Апа, ой рахмет. Біздің үйде ұн көп, жетеді. Рахмет. Алды деп ойлаңыз, — дедім қысылып.

– Жоқ, қарағым, ол кездегі бір қап ұн дегенің – үлкен қазына. Жетпей тұрғанда бергенін қайтіп ұмытайын? Сексенге де келдік міне. Алмасаң қатты ренжимін, — деп қоймаған соң үйіне бардым.

Машинама бір қап ұн салып тұрып, көмбеге пісірілген көмбеш таба нан беріп: — Бала-шаға, немерелеріңе дәм таттыр. Ауылдың дәмі ғой! – дегені апам тағы да бетімнен сүйіп.

Бұл сол апамды соңғы көруім екен. Көп ұзамай қайтыс болды деген суық хабар келді.

Қайран анамның құрбы-құрдастары-ай!.. Олар мені көрсе болды туған анамдай айналып-толғанып, бетімнен сүйіп, мәре-сәре болып жатушы еді.

Сол ауылға барған сайын көңілім алаңдап Балайдың апасын іздеп, еске алып, елеңдеп тұрамын.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *