КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ҚОРҒАЛМАҚ

Қоғам
781 Views

Өңірде жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру, салық базасын ұлғайту және қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру мақсатында «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» жобасы екінші жыл қатарынан жүзеге асырылуда.

Биыл әртүрлі көздерден қалыптастырылған жалпы бюджеті 34 млрд. теңгені құрайтын арнайы «Жол картасы» бекітілді. Соның ішінде 5 млрд. теңгеден астам қаражат мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржылай емес қолдауға, қайтарымсыз гранттар беруге және шағын несиелермен қамтамасыз етуге бағытталған.

Осы бағытта облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақовтың төрағалығымен Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Болат Әбілқасымұлы Палымбетовтың кәсіпкерлік субъектілерімен кездесті. Күн тәртібінде бизнес саласының проблемалары талқыланып, кездесу қорытындысымен Жол картасына қол қойылды.

«Бизнесті мемлекеттік қолдау шараларын цифрландыру бағытында Орталық инженерлік желілерге техникалық шарттарды электронды форматта ұсынуда. Қазіргі таңда жер телімдерін алу рәсімдері электронды нысанға көшірілген. Облыс әкімдігінің Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Өңірлік кәсіпкерлер кеңесімен 2013 жылдан бастап тығыз жұмыс істеп келеді. Бүгінге дейін Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің 20 отырысы өткізіліп, шағын және орта бизнес саласында 50-ге жуық мәселелер қаралып, оң шешімін тапты», – деді облыс басшысы.

Сондай-ақ кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, оларға барынша қолдау көрсету мақсатында алдағы уақытта атқарылатын шаралар бойынша облыс әкімдігі Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдігімен бірлесіп 8 тармақтан тұратын арнайы Жол картасы әзірленіп, бүгінгі кездесуде бекітілді.

«Сіздердің кәсіпкерлік ортаны дамытуға қатысты қандай да бір идеяларыңыз болса, біз оларды бірлесіп талқылауға дайынбыз. Осы қабылданған және алдағы уақытта қабылданатын шаралардың барлығы өңір бизнесінің дамуына қолайлы жағдайлар туғызады деп ойлаймын», – деп қорытындылады облыс әкімі.

Айта кетейік, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылымдық бөлімі ретінде 2013 жылғы 8 қазанда құрылған. Кәсіпкерлер палатасы бизнесті қолдау және қорғау бойынша басты қоғамдық институт. Кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ бизнестің жүйелі жүргізілуі үшін кәсіпкерлерді заңнамалық және өзге де нормативтік ережелердің қалыптасу процесіне кеңінен қатысуына жағдай жасайды. Кәсіпкерлер палатасының қызметі – Қызылорда облысының іскерлік және инвестициялық тартымдылығын арттыру, бизнестің дамуы үшін тиісті шаралар қабылдау болып табылады.

Нұрбибі ЖҰМАН.

Қызылорда облысындағы меншікті тілші

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *