ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ ЖУРНАЛИСІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Қоғам
1 011 Views

Облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақов Қазақстанның Құрметті журналисті, Қазақ радиосының үздігі, Қорқыт ата мұраларын насихаттаушы Ахат Жанаевты қабылдап, мерейлі 85 жасымен құттықтады.

Сонымен қатар облыс әкімі мерейтой иесіне Сыр елінің мәдени-рухани дамуына қосқан ерекше үлесі үшін облыстың ең жоғары марапаты – Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады.

«Кеңестік кезеңнің өктем саясатына қарамастан Қорқыт мұраларын жазып алуды алдына мақсат етіп қойған Ахат ағамызға бүгінгі және келешек ұрпақтың айтар алғысы зор екені сөзсіз. Ахат ағамыз ұзақ жылдар Қазақ радиосының облыстағы меншікті тілшісі қызметін атқара жүріп Сыр елінің жауһар жәдігерлерін келешек ұрпаққа жеткізуді өз мақсаты етіп қойды. Қорқыт Ата, Мұзарап, Ешнияз сал, Әлшекей, Досжан, Жалмырза, сондай-ақ Сыр сүлейлерінің ұмыт бола бастаған шығармалары Ахат ағамыздың табанды еңбегінің арқасында өскелең ұрпаққа жетіп, қазіргі таңда ел арасында кеңінен насихатталып жүр», – деді аймақ басшысы.

Қазіргі таңда «Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және музыка» деген атаумен ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілді. Бұл айтулы жетістікте де Ахат Жанаевтың зор үлесі бар.

Қазақ радиосының үздігі, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, Жалағаш, Сырдария аудандарының Құрметті азаматы –Ахат Әбжаппарұлы 1934 жылы Қызылорда облысының Жалағаш ауданында дүниеге келген. Қызылорда педагогикалық институтын және Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Қазақ радиосының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып 30 жылдай еңбек етті. 1987 жылы қалалық кеңестің депутаты болып сайланған.

Қорқыт күйлерін қайта жаңғырту арқылы халыққа танымал болды. 1975 жылы қарт қобызшы Нышан абыздан жазып алған Қорқыт Атаның 12 күйі бүгінде Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында сақтаулы тұр.

Ахат Жанаевтың «Арысы едің Алаштың», «Өтелген парыз», «Беркінбай әулие: аңыз бен ақиқат», «Жеті атасын білген ер жеті жұрттың қамын жер» атты кітаптары жарық көрген.

Нұрбибі ЖҰМАН.

Қызылорда облысындағы меншікті тілші

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *