МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІЛЕР ШЕТ ҚАЛМАЙДЫ

Қоғам
416 Views

Қоғам – өзінің стандартын мүгедектігі бар адамдардың сұранымдарына сәйкес, олардың тәуелсіз өмір сүруіне жағдай жасау мақсатына бейімдеуі қажет. Заманауи өркениетті қоғам құруда оның маңызы зор. Еліміздің Конституциясына сәйкес, Қазақстанның әр азаматының еңбек етуге құқығы бар. Оның ішінде мүгедектер де. Кез келген топтағы мүгедектер еңбек ете алатыны бәріне мәлім. Жұмысқа орналасқанда мүгедектігі бар адам дені сау адаммен тең құқылы. Еліміздегі жекелеген са­наттағы азаматтарды әлеу­меттік жағынан қорғау жетілдірілуде. Мысалы, Қазақстанда мүгедек жандардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар іске асырылуда.

Бүгінде мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Себебі, мүгедек адамдардың экономикалық дербестігі және сапалы жұмыспен қамтылуы басым бағыттардың бірі. Түркістанда облыс бойынша 97,3 мың мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар. Жақында «Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесі мүгедектермен жұмыс бөлімінде, сондай-ақ облыс әкімдігінде болып аталған саладағы атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың бүгінгі таңдағы өмір сүру сапасын бағамдап қайттық.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту шараларымен қамтамасыз ету үшін бөлінетін қаржы жылдан-жылға артып келеді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау негізінде 2020 жылдың нәтижелері бойынша облыста 94,5 мың мүгедектігі бар азаматтар тұрады. Бұл облыс халқының бес пайызы болса, республикада тұратын мүгедектігі бар азаматтардың – 14 пайызы.

Тиісті мамандардың айтуынша 2020 жылы былтырғы жылмен салыстырғанда бөлінген қаржы мөлшері 22 пайызға ұлғайып, 4,8 млрд. теңге бөлінген. Нәтижесінде, 34 мыңнан астам адам техникалық құралдарымен және әлеуметтік қызметтерімен қамтылды. Сонымен қатар, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға инклюзивті және арнайы білім берілуде. Ал мүгедектіктің алдын алу мақсатында анықтау, профилактикалық және емдеу шараларын жүргізу нәтижесінде 2019 жылмен салыстырғанда мүгедектікке шығу деңгейі 18 пайызға төмендеген. Жалпы, мүгедектердің ішінде 60 пайызы еңбекке қабілетті жастағы азаматтар. Сондықтан, оларды “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жұмысқа тарту шаралары күшейтілуде.

Облыс бойынша 2020 жылдың 1 қарашасына еңбекке жарамды 1 600 мүгедек адам жұмыспен қамту шараларына тартылған. Ал 2021 жылға 3 331 мүгедек үшін жұмыс орны белгіленді. Ұлттық жоспардың маңызды бағыты — мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді орта құру бойынша облыс орталығында 2 895 нысанның 98 пайызы сәйкестендірілген. Цифрландыру бойынша «Әлеуметтік қызметтер порталы» мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін 2021 жылы толық іске асырылады. Бүгінгі күнге мүгедек азаматтардың 94 пайызы электрондық-цифрлық қолтаңба алған. Бұл 42 мыңға жуық мүгедек азаматты оңалту шараларын сапалы жүзеге асыруға толық мүмкіндік береді.

Түркістан өңіріне облыс мәртебесі беріліп, қайта жаңғыруына байланысты мүгедектерге арналған заманауи оңалту орталығын құру қажеттілігі туындауда. Осыған байланысты, 2024 жылға дейін мүгедектерге арналған сыйымдылығы 50 орындық 6 әлеуметтік нысан және 200 орындық бір оңалту орталығын салу жоспарлануда. 2021 жылы Түркістан облысында 97,3 мың мүгедектігі бар азаматтар тіркелген. Бұл облыс халқының бес пайызы.

2021 жылдың соңына дейін мүгедектігі бар азаматтарды оңалтудың жеке бағдарламаларына сәйкес қажеттіліктің 85 пайызы қамтылады деп күтілуде. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 47,1 пайызды құрады.

Облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді орта құру үшін 2013 жылдан бастап 3 428 әлеуметтік инфрақұрылымдық объектілерге паспорт жасалып, 2 891 объектіге бейімдеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі белгіленіп, 2 868 бейімделді.

2021 жылға «NUR OTAN» партиясының «Өзгеру жолы: әрқайсысына лайықты өмір!» Сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында бейімдеуге жататын 259 нысанды қолжетімділік шараларымен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. 2021-2025 жылдары барлығы 1 294 нысан бейімделуі тиіс. Сондай-ақ, Түркістан облысында мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында «Қолжетімді Түркістан» кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді.

Тағы бір баса айта кететін жайт, 2021 жылы «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша Түркістан облысында 39 мүмкіндігі шектеулі азамат мемлекеттік грант иемденген.

Алдағы уақытта да мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғамға бейімдеп, оларға қолдау көрсету облыс басшылығының басты назарында болмақ. Жалпы әлеуеті әлсіз топқа әлеуметтік қорғау саласы мамандары қамқорлықты күшейтіп, оларға қолдан келген жағдайды жасауға күш сала береді деген зор сенімдеміз.

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА,

Түркістан-Шымкент-Түркістан

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *