НАЗАРБАЕВТЫҢ СЫНЫПТАСЫНЫҢ ҚЫЗЫ АЙТҚАН АЩЫ ШЫНДЫҚ

Көзқарас Сұхбат
527 Views

Назарбаевтың сыныптасы… Осы екі ауыз сөз кезінде көпадамның топ ішінен төрге озатын «күзірі» болғаны рас. Шынында Қазақстанның тұңғыш Президентімен бірге оқыдық деген адамдар да журналистердің баскейіпкеріне айналған кезі көп еді. Елбасымен бірге оқығанын мақтан тұтқандар бүгінде аз және үнсіз…

«Youtube» желісіндегі «Трибуна» бағдарламасында  Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицинауниверситетінің оқытушысы, «Болашақ» бағдарламасының стипендианты АйманСәдуақас қонақта болып, сұхбат берген екен. Ол Қазақстанның тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың сыныптасының қызы. Айман Сәдуақас бағдарлама жүргізушісі Әйгерім Тілеужанға берген сұхбатында бұрын еш жерде айтылмаған ащы шындықты жария етті. Сыныптастар тарихы мен басқа да ел естімеген жайттарды біз де оқырманмен бөлісуді жөн көрдік. Сонымен…

– Айман, сәлеметсіз бе, алдымен өзіңіз жайлы толық айтып өтіңізші.

– Мен Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін бітірдім. Ұзақ уақыт педиатр болып жұмыс істедім. Кейін Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне аға ғылыми қызметкер болып бардым. Мен үнемі ғылыми зерттеулерге қызығатынмын, бұл жұмысқа бет бұруым сондықтан.

2013 жылы ректор А. Аканов BUCK Institute – Қартаю проблемаларын зерттеу институтының Президенті – геронтология саласындағы әлемге танымал тұлға Брайан Кеннедимен екіжақты келісімге қол қойды.

Түсіндіре кетейін, Бак Қартаю проблемаларын зерттеу институты – әлемдегі қартаю мен ұзақ өмір сүру механизмдерін анықтап, зерттеп, іске асыратын амалдарды қарастыратын ғылыми орталық. Адам жасын ұзартудағы әлем мойындаған көшбасшы. Онда жаңа технологиялардың көмегімен қартаюға қарсы препараттар мен дәрі-дәрмектер жасалып, сынақтан өткізіледі. Институт шаңырағы астындағы 20 алып зертханасында әлемдік деңгейдегі ғалымдар қартаю мен созылмалы аурулар (Альцгеймер және Паркинсон аурулары, рак, инсульт, остеопороз, жүрек аурулары, диабет, макулярлық дегенерация және глаукома) арасындағы байланысты зерттеумен және олардың алдын-алу мен емдеу жолдарын әзірлеумен айналысады. Сондай-ақ диагностикалық тестілер дайындаумен айналысатын жетекші геронтологтар жұмыс жасайды.

Осы келісім негізінде Брайан Кеннеди АҚШ-тағы осы институттың базасында біздің оқу ордасының екі ғылыми қызметкерінің білімін жетілдіруге келісім берді. Таңдау маған түсті, себебі сол кезде ұжым арасында ағылшын тілін жақсы меңгергендердің бірі болатынмын. Менімен бірге тағы бір кіші ғылыми қызметкер Калифорнияға баратын болдық.

Ұсынысты алғаннан кейін біз арнайы үкіметтік комиссия сынағынан өттік. Білім және ғылым министрлігінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша арнайы өкілдер отыратын. Менен ағылшын тілінде тест алды. Ана тілі бойынша сынақта 100 ұпайдың 93-ін алдым. Сосын психология бойынша сынақтан өттім. Бәрінен лайықты баға алып, сынақтан өткен соң кандидатурам мақұлданып, Калифорнияға аттандым.

Ол жақта «Молекулярлық генетика бойынша ғылыми тәжірибе» бағдарламасымен бір жыл дәріс алдым. Онда ДНК-ны сараптау бойынша 3 зертханада жұмыс істедім, қартаюға жауапты жасушаларды ажырату мақсатында тышқандарға тәжірибе жасалатын. Қатерлі ісік жасушаларын анықтау, ДНК, РНК сараптамасын ажырату сынды ол кезде біздің елде әлі дамымаған, жолға қойылмаған күрделі техникалық сынақтарға қатыстым, көп нәрсе үйрендім. Нәтижесінде биоэтика бойынша халықаралық сертификат алдым. Қартаюдың биомаркері бойынша әлемдегі жетекші университеттің дипломына ие болдым. Соның негізінде шет елдегі жетекші ғылыми оқу орындарында лекция оқыдым.

Ең бастысы, мен Қазақстанның дамуына, адамдардың ұзақ өмір сүруіне көмегі болатын, жас ұлғая келе пайда болатын және жазылмайды делінетін аурулармен күресуге мүмкіндік беретін мықты білім алып келдім. Елге 2014 жылдың қараша айында оралдым. Ал 2015 жылы жоғары ғылыми қызметкер болып жұмысқа шықтым.

– АҚШ-та алған біліміңізді елде іске асыруға, яғни ол жақтағы ғылымизертханада бастаған жұмысыңызды жалғастыруға, Қазақстандағы қартаюды тежеудіңжолдарын қарастыруға мүмкіндік болды ма?

– Өкінішке қарай, оған мүмкіндік болмады. АҚШ-қа кетер алдында ректорымыз, марқұм Айқан Ақанов «Ол жақтағы біліміңді елге құюың керек. Қазақстанға да адам өмірін ұзартатын мықты зертхана, мықты мамандар керек» деп ерекше ескерткен. Бірақ ректор ауысып кетті де, кейінгі келген адамның ғылымға, әсіресе генетикаға қызығушылығы жоқ болып шықты.

Мен медициналық генетика бойынша халықаралық жоба жасап, оны Томскинститутына жібердім. Онда остеопороз ауруы бойынша ұзақ жылғы зерттеулерімжинақталған еді. Директоры Владимир Анатольевич Степановқа менің жобам өтеқатты ұнады. Бұл жобаны Томск медициналық генетика бойынша ғылыми-зерттеу институтымен бірге іске асыру үшін 2 миллион теңгедей қаражат қажет болды.Бірақ, жоғарыда айтқанымдай, ректор молекулярлы генетикаға да, медициналықгенетикаға да қызықпайтын жан еді. Осы себеппен мен АҚШ-та алған білімім ментәжірибемді және соған сай өзім жасаған жобамды іске асыра алмадым. Жаңабасшылық ғылымнан гөрі барлық жетекші орындарға өзінің кадрларын қоюды қолғаалды. «Болашақ» бойынша алып келген білімімді ел игілігі үшін жұмсаймын депуәде берген адаммын. Сондықтан мен Денсаулық сақтау министрлігіне Қазақстанүшін аса маңызды және өте өзекті жобаны жүзеге асыруға жол берілмей жатыр депшағымдандым. Арыз жазғаным үшін арнайы комиссия құрылды да, сол кездекафедраның меңгерушісі – профессор Мұстафа Рысұлы араға түсті де, мені ғылымиқызметкерден оқытушы етіп ауыстырды. Яғни мен зертханадан шеттетілдім. Соныңөзінде басшылық маған тыныштық бермеді, студенттерімді зертханаға жібермей, түсініп болмайтын түрлі қысым жасалды. Төзімім таусылып, мұның бәріне шыдаумүмкін болмаған кезде мен басқа амал қалмай, әкеме бәрін ашық айттым.

Мен Есімбай Сәдуақас Омарұлының қызымын. Әкем Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыныптасы. Білетін боларсыздар, Бауыржан Байбектің әкесі де Елбасымен сыныптас. Олар үшеуі 1-ші сыныптан мектеп бітіргенше бірге оқыған. Мен Б. Байбектің өзін, әпкесі Айгүлді, ата-анасын бала кезден өте жақсы білемін.

Әкем өз атынан Елбасыға хат жазды. Артынша Президент әкімшілігінен бұл істі толық тексеру туралы тапсырма берілді де, ол Б. Байбекке тапсырылды. Әрине, комиссия құрылды. Сөйтіп 13 адам келді, тексеруге. Бірақ қорытындысы, неге екенін білмеймін, менің қолыма берілген жоқ. Нәтиже де болмады. Әкем мән-жайды сұрамақ болып хабарласқанда Президент канцеляриясының меңгерушісі М. Қасымбеков: «Қызың АҚШ-тағы экстремистік топпен байланысқан» деп айтқан.

– Бұл рас па?

– Олардың айтып отырғаны американдық ғылыми әйелдер қауымдастығы. Бұл Үкіметтік емес ұйым. Олар шынында да ғылымға ден қойған, БҰҰ-мен бірігіп жұмыс жасайтын жандар. Ассоциация құрамында АҚШ конгресінің мүшелері де бар. АҚШ Ғылым қауымдастығының президенті әр 4 жыл сайын дауыс беру нәтижесінде сайланады. Қауымдастықтың 111 елде филиалы бар, әр елдегі ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз жұмыс жасайды. Осы қауымдастықтың мүшесі болғаным үшін мені экстремист деп атау – үлкен қате.

– Ғалым әйелдерді экстремист деп атауға кім немесе не себеп болды деп ойлайсыз?

– Бұған тікелей сол кездегі қала әкімі Бауыржан Байбектің қатысы бар деп санаймын. Одан басқа ешкімнің басына мұндай масқара ой келмейтіні анық. Жалпы, мен оны бала кезінен білемін дедім ғой. Оның ақыл-ой деңгейі де маған жақсы таныс. Оның кімнің көмегімен «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқуға барғанын да жақсы білемін: әкесі араласты. Әкесі оны «Күләш Байсейітова» атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатына беріп, ол жаққа өзі де жиі барып, бақылап жүретін. Әлия Назарбаева да сол мектепте оқыды. Сара Алпысқызы сондағы ата-аналар қамқоршылық кеңесінің төрайымы болатын. Бауыржан Байбекті бұл мектепке алу үшін әкесі Сара Алпысқызына да өтініш айтқаны маған мәлім. Ал «Болашақ» бойынша сыныптасына – Елбасына өтініш айтқан. Мен «Болашаққа» өз еңбегіммен – ғылым жолында жүргендіктен және бірнеше сатылы тест тапсырып барып өттім. Байбек таныс арқылы…

Ал Бауыржан Байбек – музыкант. Ол Германияда не істеді, елге нендей жаңалық әкелді, не бере алады? Мен өзім қызығатын және жанымды салатын істі әлемдік зертханада жалғастырып, тәжірибе жинадым. Менің, мысалы, қазақ халқына көмегі тиетін – елдің денсаулығын түзеп, өмір жасын ұзартып, ғылымның дамуына күш салатын жобаларым бар. Медицинада әлі кенже қалып келе жатқан молекулярлық генетиканы басқа елде емес, Қазақстанда дамыту – арманым.

Менің шет елде білім алып, тәжірибе жинақтауым үшін мемлекет қыруар қаражат бөлді – 100 мың доллар жұмсалды. Бауыржан Байбекке де одан кем емес қаржы бөлінді ғой. Оны ақтау керек емес пе?

«Болашақ» бойынша арнайы келісімшарт болады. Мен өзіме бөлінген қаражатты толық ақтап шықтым – 5 жыл оқытушы болдым, жастарды оқытып, оларға Америкадан алып келген білімімді, әлемдік деңгейдегі зертханада алған тәжірибемді бөлістім. Бір емес, үш тілде сабақ бердім. Ғылым жолын қуған, еңбегім ел үшін деп өсіп келе жатқан жас шәкірттерім бар. Ал Бауыржан Байбек ше? Мемлекет ол үшін құйған ақшаны ақтады ма?

– Бауыржан Байбек не үшін сізді экстремистік топпен байланысы бар деді, білесіз бе? Немесе өзінен сұрап көрдіңіз бе? Оның бұлай деуіне қандай себеп бар?

– Бұл сұрақтың жауабын мен де білгім келеді. Себебі мені экстремист деумен бірге білім мен ғылымға, одан әрі өрлеуге деген барлық жолым жабылып қалды. Әрине, төрт жыл бойы өмір бойы жаның сүйген ғылымға бет бұра алмай, жолай алмай, оқытушы болып қалу оңай емес. Сондықтан мен оған түбі осы сұрақты қоятыным анық қой. Иә, мен ұзақ ойланып, «egov» арқылы «Нұр Отанға» хат жаздым. Оны Бауыржан Байбекке тікелей жолдадым. Хатта өзімнің кім екенімді толық таныстырдым, әкемнің Кеңес одағы кезінде олардың (Байбектің) отбасы үшін қандай көмек жасағандарын да еске сала отырып, АҚШ-тағы әйелдердің ғылыми қауымдастығын, оған қоса мені де неге экстремистерге теліп қойғанын сұрадым. Сұрақты батыл да ашық қойдым. Сауал порталда 1 айдай тұрды да, сол жауап берілмеген күйде жоқ болып кетті. Яғни Президент әкімшілігіне жазған әкемнің де, Бауыржанның тікелей өзіне хат жолдаған менің де сұрағым жауапсыз қалды.

Білім мен ғылымға үлкен үлес қосып жүрген халықаралық ұйымды экстремист деп қаралау – топастықтың ең төменгі деңгейі! Тіпті саяси топастық дер едім. Дені сау бір де бір саясаткер, ол түгілі, жай ғана көзі ашық жан адамзат үшін әлемдік деңгейде жұмыс істеп жатқан, қартаюмен және қатерлі ісік, альцгеймер секілді ауруларды жеңу жолдарын қарастырып жатқан ғалымдарды террорист деп атамайды. Бұл оның интеллектуалдық деңгейі де өте төмен екенін көрсетеді. Әкім болу немесе қандай да бір партияны басқару үшін мемлекет қаржысы есебінен шет елде оқып келу шарт емес. Әкім болғанның өзінде ел айта жүретіндей, жұрт көңілінен шыққан қазақ халқына ерекше бір бергені болды ма?

Ашығын айтайын, Бауыржан Байбек менің өмірімді талқандады. Соның кесірінен мен докторантураға түсе алмай қалдым, түрлі қысым мен кедергілерге тап болдым.

Мен шет елде оқып келгенде дәріс берген ұстаздар: «Білімің шынында терең, алған бағытың дұрыс. Қазақстанда жас ғалымдарды өсір, топпен жасаған жұмыс жеңіл және ұтымды, әрі адамзат үшін берерің бар» деген болатын. Шет ел ғалымдары түсініп, қолдап, тап мұндай ғылым адамзат үшін керек деп отырғанда, біздің Байбек сынды әкесінің арқасында билік құлағын ұстап отырғандар бойыңдағы барың мен ізденісіңді іске асыруға мүмкіндік бермеуі қиын.

– Енді не істемек ойыңыз бар?

– «Болашаққа» қатысты мұндай мәселе жалғыз менде емес. Осы бағдарлама бойынша Австрия мен АҚШ-та оқып келген профессор, оториноларингология кафедрасының меңгерушісі С. Құдайбергенованың да 1 жыл 8 ай бойы жұмыс істеуіне кедергілер болған. Ол сотқа талап-арыз түсірді. Жалпы, ғылымға жан-тәнімен берілген адамдардың соңына түсіп, қудалау оқиғалары жалғыз бұл емес. Мысалы, доцент Сатаева – жылдың ең үздік оқытушысы атанған мықты оқытушы. Ол докторантураны Мәскеуде бітірген. Оны да жұмыстан шеттетті. Тағы бір доцент осындай мәселемен сот жағалап жүр. Белгілі жай – сот шағымымызды қанағаттандырмайды. Біз бірігіп, Қазақстандық халықаралық адам құқықтары жөніндегі бюрода мәселе көтердік. Тіпті журналистерді шақырып, баспасөз мәслихатын өткіздік, онда барынша ғалымдарға мүмкіндік бермеу білім деңгейін түсірудің төте жолы, Қазақстанның болашағына балта шабу екенін түсіндіріп бақтық. Мысалы, мен өзім өте жақсы білетін С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіндегі білім деңгейі төмендеп бара жатыр. Өйткені білімді де берері мол ұстаздар қудалауға түседі.

– Қалай ойлайсыз, неге жас ғалымдар мен білімді жандардың, нағыз кәсіби мамандардың жұмыс істеуіне, қызметтік өсуіне мүмкіндік берілмейді?

– Жемқорлық… Басты да ең қатерлі, терең тамырлаған проблема – жемқорлық. Ең бірінші проблема – осы. Екінші проблема – жең ұшынан жалғасу. Қолында мүмкіндігі, қызметтік өкілеттігі бар адамдар саланы дамытатын адамдарды емес, өзіне қызмет ететін, пайда әкелетін адамдарды өсіреді. Соларды басшы етіп тағайындайды. Оларға елге қызмет ететін адамдар емес, өзіне қызмет ететін таныстар артық, солар жақын.

Бір мысал келтірейін, Кеңес одағы кезінде студенттер білім алумен қатар міндетті түрде тәжірибеден өтетін. Бұл өте керек нәрсе. Мысалы, мен өзім бірінші курста бірер ай балалар ауруханасында санитарка болып көрдім. Ол жерде нейрохирургия бөлімінде буфетте ыдыс та жудық. Екінші және үшінші курста медбике тәжірибесінен өттік. Болашақ дәрігерлер үшін бұл өте маңызды және міндетті. Әр сала үшін осындай жүйе-жүйеге келтірілген механизм болу керек. Ал бізде тамыр-таныстық жайлап кеткен. Адамның білімі, тәжірибесі, елге берері емес, туысы мен қалтасы шешеді.

– Айман, сіз де Бауыржан Байбек секілді Назарбаевтың сыныптасының қызысыз.Олай болса, неге Байбектің тасы өрге домалап, қызметі өсті де, сіз кедергілергетап болдыңыз? Б.Байбектің әкесі мен Н. Назарбаевтың арасында басқа сыныптастарынан өзгеше қандай тығыз байланыс бар?

– Оларды аса бір тығыз байланысты дей алмаймын. Дегенмен, менің жеке өзімнің ойымша, мәселе олардың рулас болуында шығар. Екеуі де шапырашты руынан. Бұл – бір. Ал мен шапырашты емеспін. Яғни ру жағынан туыс емеспіз – әкем ысты. Екінші – көп адамнан, соның ішінде Елбасы төңірегіндегі адамдардан естігенім бойынша, ол кісі әйел затының топтан суырылып, оза шапқанын ұната бермейді дейді.

Мысалы, мен оқуды бітіргенде оқу-практикалық жұмыс үшін Павлодарға жолдама берді. Мамам алаңдап, Сара Алпысқызына хабарласты. Алыс. Суық. Сыр бөлісіп отырып қалай болар екен деген уайымын бөлісіп, бір жәрдемі тиер деп үмітін артқан. Нұрекең көмектесе ме деп ой ұштығын тастаған. Бірақ… Біз ешқашан Елбасының көмегін көрмедік, оған арқа сүйеген жоқпыз, әкем де, біз де оны танитынымызды, білетінімізді міндет еткен жоқпыз. Қайта, керісінше, экстремист атандым.

Мен бұл сұхбатымда ешкімді сынаған жоқпын, ешкімнің ар-намысына тиіп, қара күйе жаққан жоқпын. Бар болғаны өз өмірімде кездескен кедергілер мен көргенім, басымнан өткен жайлар мен өзімнің түйген ойларымды бөлістім.

…Естеріңізге сала кетейік, «Болашақ» бағдарламасы лайықты болашақты қалыптастыру үшін мемлекеттік басқару ісіне кадр дайындаудың өзектілігінен шыққан бағдарлама. Ол 1993 жылғы 5 қарашада Мемлекет басшысының Қаулысымен қолға алынған. 1994 жылы «Болашақ» бағдарламасының алғашқы 187 стипендиаты шетелге білім алуға аттанды. Бағдарлама әлі де дарынды, білімді, алғыр жастар мен жас мамандардың әлемнің озық 30 елінде білім алуына мүмкіндік беріп, қаржы бөліп келеді. 28 жыл ішінде (1993-2021 жылдар аралығында) 11 мың түлек «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің үздік оқу орындарында білім алған. Бүгінде оның 52%-ы орта және жоғары буын басшылары есебінде еңбек етіп жүр.

Нұр-Қасым ӘЛІМБАЙ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *