«БІРЛЕСКЕН ЖОБАЛАР ОБЛЫС ЭКОНОМИКАСЫН ДАМЫТУДЫҢ ДРАЙВЕРІ БОЛАДЫ»

Экономика Қоғам
185 Views

Өзбекстан инвесторлары Түркістан өңіріне 5 млрд. теңге инвестиция құймақ. Көрші ел кәсіпкерлері мақта өңдеу, тері өңдеу, жеңіл өнеркәсіп саласында жобалар ұсынды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан өңірінің инвестициялық мүмкіндігімен танысуға келген Өзбекстанның «Узчармсаноат», «Узтекстильпром» бірлестіктерінің 50-ден астам өкілімен кездесті. Өзбекстандық делегация өкілдері Түркістан облысымен екіжақты тығыз байланыс орнатуға ниетті. Көрші елден келген инвесторлар мен бизнес өкілдеріне өзара ынтымақтастықтың тиімді тұстары ұсынылды. Кездесуге ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриалды даму комитеті төрағасының орынбасары Олжас Сапарбеков қатысты.

Сонымен қатар ««Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен «QazIndustry» Қазақстандық индустрия институты» АҚ өкілдері инвесторларға ұсынылатын қолдаулар мен жеңілдіктер жайлы айтып өтті. Мамыр айында Қазақстан мен Өзбекстанның жеңіл өнеркәсіп кешенін бірлесе отырып дамыту мақсатында үкіметаралық келісімдер жасалып, «Орталық Азия» ХӨКО құруды жеделдету жөніндегі жол картасына қол қойған болатын. Осы мақсатта делегация өкілдері екіжақты бірлескен жобалар жасап, серіктестік құру, сонымен қатар, өнімдерді экспорттау ісінде, текстиль өндірісін дамытуда екіжақты тәжірибе алмасу мәселелерін ортаға салды.

Кездесу барысында Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті, инвесторларға көрсетілетін қолдау мен ұсынылатын жеңілдіктер туралы талқыланды.

– Бүгінгі кездесу екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенімдімін. Өз кезегінде облыс әкімдігі, жаңа бастамаларға және тәжірибе алмасуға толықтай қолдау көрсетуге дайын. Бауырлас ел ретінде бізде бюрократиялық кедергілер болмау керек. Тікелей, кез-келген уақытта бір-бірімізге хабарласа аламыз. Сонда тірлік те өнеді. Нәтиже де көп күттірмейді. Бірлескен жобаларды жан-жақты қолдаймыз. Біздің өңір – Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі. Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Алдағы уақытта бірлескен жобалар іске асырылып, облыс экономикасын дамытудың драйвері болады деп сенеміз, – деді Дархан Сатыбалды.

Өз кезегінде Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісінің кеңесшісі Алимов Отабек Түркістан облысымен тығыз байланысты одан әрі жандандыруға ниетті екенін жеткізді.

– Қазақстан және Өзбекстанның кәсіпорындары мен компаниялары арасындағы бизнес ынтымақтастықты кеңейту және жандандыру бойынша бірлескен күшіміз бүгінде екі елдің әлеуетін ашу үшін жаңа мүмкіндіктер беріп отыр. Сондай-ақ сауда айналымының ұлғаюы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа тарихи кезеңіне айналып, құрал-жабдықтар мен халыққа қажетті сапалы өнімдерді жеткізу жеделдетілуде. Сауда қарқынды дамып келеді. Ал кооперациялар жаңа бірлескен кәсіпорындар құруға мүмкіндік береді. Соңғы 5 жылда екі ел арасындағы тауар айналымы екі есеге ұлғайды. Оның ішінде Қазақстан экспортының көлемі Өзбекстанға қарағанда үш есе көп десек болады. Екі ел Президенттері осы көрсеткішті екі есе көбейтуді міндеттеп отыр. Екі жыл ішінде біз осы көрсеткішке жетуге бірге жұмыс істеуіміз керек. Өздеріңіз айтқандай, өңіраралық көрмелер, жәрмеңкелер, форумдар мен мәдени іс-шараларды жиі өткізіп отыруды ұсынамын, – деді Өзбекстан елінің делегация өкілі.

Кездесуде «Turkistan» индустриалды аймағы мен Арнайы экономикалық аймағы жайлы ақпарат берілді. Айта кетерлігі, индустриалды аймақта инфрақұрылыммен қамтылған дайын жерлер мен дайын өндіріс алаңдары салынған. Кәсіпкерлер аумақтағы жерді сатып алу, жалға алу немесе бөліп төлеу арқылы кәсібін жүргізе алады.

Өзара ынтымақтастықтың арқасында Түркістан облысы мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы өткен жылы 445,7 млн. АҚШ долларын құрап, 32%-ға өсті.

ТҮСЕТІН ТАБЫС МОЛ ӘРІ СҰРАНЫС ТА ЖОҒАРЫ

ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға мақта шаруашылығын дамыту, мақташылар жыл сайын тап болатын мәселелері жөнінде сұрақ қойылды. Өңір басшысы аймақта мақта кластерін дамыту бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

– Өздеріңізге белгілі, Түркістан облысы республикадағы мақта өсіретін жалғыз өңір. Мақта шаруашылығында 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді. Облыста жыл сайын 120 мың гектар мақта егіліп, 300 мың тоннаға жуық шитті мақта жиналады. Елде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, шикі мақтаны сату бағасы Ливерпуль мақта биржасындағы мақта талшығының индексіне тікелей тәуелді. Сондықтан біз тоқыма, тігін өнеркәсібін дамыту, мақта кластерін қалыптастыру мақсатында арнайы жоспар әзірледік. Өзбекстандық инвесторлармен бірлесе отырып, 2023-2025 жылдары Мақтаарал ауданында 21 млрд. теңгеге мақта-тоқыма кешені және логистикалық хабты құру инвестициялық жобасын жүзеге асырамыз. Жобаның қуаттылығы – 160 мың тонна, 3000 жаңа жұмыс орны құрылады. Ең алдымен мақта тұқымының сапасын жақсарту мәселесіне мән беріледі, – деді Дархан Сатыбалды.

Осы жұмыстар нәтижесінде облыста өндірілетін шитті мақтаның 70% терең қайта өңдеуден өткізіліп, баға нарығына тәуелділік жойылады. Бұдан бөлек, Түркия мемлекетімен элиталық мақта тұқымын елімізге импорттауға келісімшарттар түзілді. 2027 жылға дейін ішкі нарық толығымен сапалы элиталық тұқымдармен қамтамасыз етіледі.

Биыл көршілес Өзбекстан, Түркия елдерінен элиталы тұқымдық шит жеткізілген.

Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін құру жобасы әзірленген. Ос іске асқанда 75 кәсіпорын салынбақ. Жобаны толық іске асыру кезінде 41,9 мың жаңа жұмыс орны құрылады, жыл сайын бюджетке түсетін түсімдер сомасы 26,2 млрд. теңгені құрайды. Жобаны толық іске асыру үшін инвестиция қажет. Осыған байланысты мақта-тоқыма кластерін құру бойынша салалық бағдарлама қабылдау жөнінде ҚР Үкіметіне ұсыныс енгізілген.

Оған қоса, мақта алқаптарын қысқарту, егістікті әртараптандыру бойынша да жұмыстар басталған. Жүгері, маш өнімін егуге ұсыныс берілген. Бүгінде диқандар бұл бағытта да жұмыс жүргізуде. Сарапшылардың айтуынша, аталған дақылдардан түсетін табыс мол әрі сұраныс та жоғары.

КҮКІРТ ҚЫШҚЫЛЫН ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ САЛУ ЖОСПАРЛАНУДА

2023 жылғы 27 маусымда ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Өңірді дамыту үшін инвестиция тарту және жаңа кәсіпорындар ашуға басымдық берілгенін атап өтті.

«Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толды. Облыс орталығы – Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту бағытында қабылданған шаралар өңір экономикасының дамуына тың серпін берді. Экономиканың басты көрсеткіші жалпы өңірлік өнім көлемі 5 жылда 2 есе өсіп, 3,5 трлн. теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнім көлемі 2 есеге артып, 867 млрд.теңгені құрады. 2018-2022 жылдар аралығында Индустрияландыру картасы аясында өңірде жалпы құны 56 млрд. теңгеге 43 жоба іске асырылып, 2834 жаңа жұмыс орны құрылды. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салуды жоспарлауда. Жобаның инвестициялық құны 100 млрд. теңгені құрайды, 250 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жалпы өңірдің өзіндік кірістерді көбейтуіміз қажет. Осыған орай, облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды ірі жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Инвестиция тарту, кәсіпорындар ашуға басымдық беріледі», — деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан қаласын дамыту, өңірді өркендету бастамасы негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің өсуіне ықпал етті. 5 жылда инвестиция көлемі 3 есеге артып, облыс экономикасына жалпы 3 трлн. теңгедей инвестиция тартылды. Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі (1,8 трлн. тг. үлесі 64%). 5 жылда облысқа салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2 млрд. АҚШ долларын құрады. Жалпы сомасы 422 млрд. теңгеге 133 инвестициялық жоба іске асырылып, 9347 жұмыс орны құрылды. Биыл инвестиция тұрақты өсуде. Облыс 5 айда 196, 1 млрд. теңге инвестиция тартып, өсім қарқыны бойынша республикада алдыңғы орында тұр.

Түркістан облысында 5 жылға арналған 368 инвестициялық жоба жоспарланды. Құны 2,8 трлн. теңге болатын жобалар арқылы 18,5 мың жұмыс орны ашылады. 2023 жылы 48 жоба іске қосылып, 1168 адам жұмыспен қамтылды.

МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАНДАР САНЫ АРТАДЫ

Түркістан қаласында 570 орындық көпбейінді аурухана салу жоспарлануда. Сондай-ақ Облыстық балалар ауруханасы және «Ана мен бала» орталығының да құрылысын жүргізу көзделіп отыр. Бұл туралы бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ҚР жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.

Денсаулық сақтау саласын ілгерілету мен медициналық жабдықтармен қамту бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы ауру-жітім көрсеткіші төмендеді. 4 аурухана антиограф, 2 аурухана компьютерлік томографиямен жабдықталып, 1016 дана салаға қажетті техника алынған. Осылайша медициналық жабдықтармен қамту деңгейі 84%-ды құрады.

Облыста 45 медициналық ұйым жұмыс істейді. Онда 5509 дәрігер және 19154 орта персонал халыққа қызмет көрсетеді. Өткен жылы 31 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіліп, оның 17-і ел игілігіне пайдалануға берілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 млн. халық тұратын оңтүстік аудандар үшін Сарыағаш қаласында перинаталдық орталығы мен заманауи медициналық кешен салуды тапсырған болатын. Қазіргі таңда нысан құрылысы үшін жер учаскесі бөлініп, жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында ауылдарда 49 жаңа нысан салынады. Жергілікті тұрғындардың сұранысы ескеріледі. 2022 жылы 5 нысан күрделі жөндеуден өтсе, 2023 жылы қосымша 2 нысанға жөндеу жүргізіледі.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖҮЗГЕ ЖУЫҚ МЕКТЕП САЛЫНАДЫ

Түркістан облысында білім саласына қатысты бірнеше өзекті мәселе шешіліп жатыр. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді. Ол ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында білім саласына баса көңіл бөлініп жатқанына тоқталды.

Өңір басшысының айтуынша, облыста білім беру саласында 2511 ұйым қызмет көрсетеді. 1 372 мектепке дейінгі ұйымда 155 мың бала тәрбиеленуде. 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 98%-ды құрайды. Облыста жалпы 1000 мектепте (мемлекеттік – 907, жеке – 93) 515 мың оқушы білім алады.

Облыста 5 жылда жаңа 86 мектеп салынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткен жылы 34 мектептің құрылысы аяқталды (бюджет – 21, жеке инвестиция – 13). 35 мың оқушы орынға тапшылық бар. Аталған мәселені шешу мақсатында қазір 33 мектеп салынуда. Оның ішінде, «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы биыл 9 мектептің құрылысы жүруде. Биыл 20 мектепті пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» пилоттық жобасымен 3 жылда 63 мектеп салынады.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, 894 мемлекеттік мектептің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Осы арқылы бейнебақылау, турникет, қоршау, дабыл түймесі орнатылады. Арнайы күзет қызметімен қамтылады.

Айта кету керек, биыл 41 597 балаға қала сыртындағы лагерлер, 153 000 балаға мектеп жанындағы лагерлер ұйымдастырылды. Онда әлеуметтік жағдайына байланысты 23 207 бала бюджет есебінен тегін демалады. Қазір 15 мыңға жуық бала ата-аналар есебінен ақылы демалуда. Сонымен қатар «Қазақстан Халқына» Қоры есебінен облыста 3390 бала жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады. Облыста 7 мемлекеттік және 10 жекеменшік лагерь бар. Демалыс лагерлерінде балалардың қауіпсіздігі басты назарға алынған. Кәсіпкерлерге тиісті талаптар қойылған. Әлеуметтік желіде кейбір ата-аналар жазғы сауықтыру лагері жұмысына көңілі толмайтындығын жеткізіп, ата-аналарға ұл-қыздарын алып қайту жөнінде жариялаған. Осыған байланысты ата-аналар арасында түсініспеушілік туындаған.

– Аталған мәселені зерделеу үшін тиісті комиссия құрылып, құзырлы органдар тарапынан балаларды қабылдайтын лагерлер тексерілді. Әлеуметтік желіде жарияланған балаларды ұрып-соғу, ашыған сүт беру, екінші қабаттан құлауы жөніндегі деректер жалған екені анықталды. Аймақта лагерлер тұрақты қадағалауда. Балалардың жазғы демалыс мәселесі өзімнің жеке бақылауымда болады, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімі сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, өңірдегі бастауыш сынып (1-4) балаларын мектепте тегін тамақпен қамту қолға алынғанын жеткізді. Қыркүйек айынан бастап облыста бастауыш сыныптағы 190 мыңнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтылады. Асханасы жоқ мектептерде де тамақтандыруды үйлестіру жұмыстары жүруде.

МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРМЕН 10 МЫҢДАЙ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірде құрылыс қарқыны еселеп артқанын мәлімдеді. Ел Президентінің тұрғындардың әл-ауқатын көтеру, баспанамен қамту, инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

«Түркістан өңірінде құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. 5 жылда оның көлемі 2,5 есеге өсіп, 351 млрд. теңгені құрады. Пайдалануға тапсырылған тұрғын үй алаңы 2 есеге көбейіп, 864 мың шаршы метрге жетті. 5 жылда 4 420 отбасы коммуналдық баспанамен қамтылды. «7-20-25» бағдарламасы және «Отбасыбанк» арқылы 5 000-нан астам отбасы әлеуметтік-ипотекалық үй сатып алды. Жалға алған баспана ақысын субсидиялау 7 бағдарламасымен (50%) 2000-нан астам отбасы қамтылды. 221 көппәтерлі үйге күрделі жөндеу жүргізілді.

Түркістан облысында биыл 205 мың шаршы метр үй тапсырылды. Жыл соңына дейін жалпы алаңы 211 мың шаршы болатын метр 65 көпқабатты үйді тапсыру жоспарлануда. Нәтижесінде 3557 отбасы өз баспанасына қол жеткізеді», деді Дархан Сатыбалды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Үкімет пен атқарушы органдарға отандық өндірісті ұлғайту, азаматтардың нақты табысын арттыру, экономиканы әртараптандыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Түркістан облысында осы бағытта қарқынды жұмыс жүруде. Дархан Сатыбалды осы мәселелерге жеке-жеке тоқталды.

Облыста қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын өсіп келеді. 5 жылда олардың саны 184 мыңға жетті. 5 жылда шығарылған өнім 11 есеге дейін өсіп,1 трлн. теңгеден асты. «Кәсіпкерлікті дамытудың» ұлттық жобасы шеңберінде өткен жылы бизнес субъектілері жалпы 46 млрд. теңгеге жеңілдетілген несие алған.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *