САХНАДА – «КЕЛІНДЕР КӨТЕРІЛІСІ»

Өнер
1 697 Views

Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры өзбек жазушы-драматургы Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» атты комедиясын көрермендер назарына ұсынды. Үш күн бойы қойылған жаңа драмалық туындының премьерасына жиналған жұртшылық қыран-топан күлкіге кенелді. Сахнада театрдың қос труппасы өнер көрсетті. Бас кейіпкер – Фармон-бибіні Раушан Салова мен Хафиза Байымбетова сомдады. Қоюшы режиссері – театрдың көркемдік жетекшісі Жұмабек Есімов. Cуретшісі – Қалтөре Жұмақұлов. Жеті бала, жеті келінінен 41 немере сүйіп отырған қамқор ана, сүйікті әже, қатал ене кейпіндегі ханшайым бір ауладағы осыншама отбасын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келген. Алайда, кенже келіні Нигора (Назгүл Ғабит пен Мөлдір Зияева) бір амалын тауып, оны және алты абысыны мен қайынағаларын өзінің дегеніне көндіреді. Осының бәрін өз көзімен көрген Фармон-бибі бір сәтте өзгеріп шыға келеді.

Аталмыш комедияның авторы Саид Ахмад (Хусанходжаев, 1920-2007 жылдар) – жазушы-драматург, халық жазушысы, Өзбекстан қаһарманы, Өзбекстанның өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, «Буюк хизматлари учун», «Достық» ордендерінің иегері. Ташкент педагогикалық институтын (қазіргі Гәнжәуи Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университеті) бітірген (1941). Зайыбы Саида Зуннунова – ақын. Нодира есімді қызы бар.

«Келіндер көтерілісі» комедиясы әлемнің 14 елінде қойылған. Осы драмалық туындысының негізінде «Өзбекфильм» (1984) және Лаос киностудиялары көркем фильм түсірген. Сонымен қатар қаламгер туындысының негізінде «Той құтты болсын! («Туйлар муборак», «Подарю тебе город», 1978) деген кинолента дүниеге келген.

Сөз орайы келгенде жазушы-драматург Асқар Сүлейменов қазақ тіліне аударған бұл комедияны кезінде Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры сахнаға шығарғанын тілге тиек ете кетейік. Онда бас кейіпкерді Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбира Майқанова сомдаған болатын. Спектакльдің премьерасына оның авторымен қоса-қабат жазушы Насыр Фазылов та қатысқан болатын.

Бұл комедияның екінші нұсқасы да бар. Райымбек Сейітметов атындағы Түркістан облыстық театры қойып жүрген Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісін» кезінде Рекеңнің өзі қазақ тіліне тәржімалағанын біле жүргендеріңіз де жөн болмақ.

Ә. ӘДІХАН.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *