«ХАКІМ АБАЙ және ШЫҒЫС КЛАССИКТЕРІ»

Рухани жаңғыру
1 627 Views

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларын кеңінен насихаттау мақсатында Шымкенттегі Хакім Абай музейінде бірқатар игілікті іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Әсіресе ұлы ақынның сан қырлы мол мұрасын жастардың бойына сіңіруде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жақында мұнда «Хакім Абай және Шығыс классиктері» атты әдеби-сазды кеш өтті. Оған Сайрам ауданындағы № 124 жалпы орта мектебінің 10-11 сынып оқушылары қатысты. Алдымен «Жүректе қайрат болмаса», «Өлең сөздің патшасы» атты бейнебаяндар көрсетілді. Сонымен қатар оқырмандар назарына Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған слайд ұсынылды.

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, абайтанушы ғалым, филология ғылымының докторы Тұрдыбай Қалдыбаев күн тәртібінде көтеріліп отырған тақырып аясында мазмұнды баяндама жасады. Ол Абайдың Әлішер Науаи, Фирдоуси, Сайхали секілді Шығыс классиктерінен көп нәрсе үйренгенін әсерлі әңгімелеп өтті. Абайдың қара сөздерінен оның көркемдік, әлеуметтік, гуманистік көзқарастары айқын аңғарылатынын айтты. Бұл қара сөздер (ғақлия) ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған ғажайып прозалық шығармасы болып табылатынын тілге тиек етті.

Аталмыш білім ордасының тарих және география пәнінің мұғалімі Шакарбану Расулметова тарихи тұлғалар және өлкетану тақырыбында сөз сөйледі. Ал қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гаухар Рауаилова Абайдың ақындық мұрасы жайлы әңгіме өрбітті.

Басқосу барысында Ирода Абдрахманова ақынның «Ескендір» поэмасын мәнерлеп оқуымен ерекшеленді. Хулкар Кудратуллаева, Мухайе Турсункулова, Мухайе Исакова, Юлдуз Ташметова, Шерзат Парпиев, Исроил Мирзалиев, Отабек Жаналиев, Шохрух Шорахимов ақын өлеңдерін жарыса жатқа оқыды. Мадина Жуманова Абайдың 19-қара сөзін нәшіне келтіре оқып, көрермендер сүйіспеншілігіне бөленді.

Кеш соңында айрықша көзге түскен шәкірттерге музейіміздің атынан Алғыс хаттар табыс еттік. Сайрамдық мектеп оқушылары музейді аралап, осындағы құнды жәдігерлермен етене танысты. Біз алдағы уақытта да білім ордаларымен тығыз шығармашылық байланыста жұмыс істей беретін боламыз.

Гүлжан БЕРКІНБАЕВА,

Хакім Абай музейінің аға ғылыми қызметкері.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *