ХАЛЫҚ – ҚАЙРАҚ, ҮКІМЕТ – ҮЛКЕН ПЫШАҚ

Қоғам
301 Views

(Соңы. Басы өткен санда).

Әрi қарай кеттiк. Сол Өтежан ағамыз “Махамбеттiң өлеңi Кеңес өкiметiнiң арқасында ғана қалды. Махамбет революцияның ақыны болды.Патшаның жауы болды. Осымен атағы шықты. Оның сөзi үлгi болғанымен, iсi үлгiемес. Өйткенi ханға Махамбеттiк көзбен қарамау керек. Қазiргi ханымыз Нұрекең ғой, оған анадай сөз айтсақ, халық шаңымызды қағып, сирағымыздан iлiп қояр едi салбыратып. Махамбет тек Кеңес өкiметiнiң арқасында ғана Махамбет болып қалды”– дейдi.

“Өзiн басқадан ерекшемiн деп есептейтiн” Өтежан ағамныңосы бiр “интеллектуалды” ойларына ақтаулық Адайбаев жұмған аузын неге ашпай­ды? Әлде оның да “интеллектiсi” мен ой-өрiсi осы шамалас па?

Махамбет – жазба ақыны емес. Суырыпсалма ақын. Ендеше, Махамбеттiң сұрапыл заманда суырылып айтқан жалынды жырларынинтеллектуалды өлең емес дей аласыз ба?

Мiне, бiздiң қазақтар бiрiнiң артын бiрi шұқып, болып тұрған iсiмiздi болдырмауға тырысып жүргенiмiзде анау жылы ала тақиялы өзбек ағайындар “Алпамыс” жыры бiздiкi деп, хиссаның мың жылдығын тойлап жiбердi. Жалғыз академик Рахманқұл Бердiбаев қана шырылдады. Ешкiм естiмедi. Iле-шала Бөрiбай Оразымбетов, Әселхан Қалыбекова секiлдi айтыс ақындары ара түстi. Араша сұрағандай айғайлы жырын естiсе де, “өу” деген өкiмет болған жоқ. Жазба ақындары “жабулы қазанның” жа­буын ашуға да ұмтылған жоқ. Сонда солардың iздеген “интеллектiсi” не интеллектi?

Қазiргi заманның қабырғалы мәселесi – ана тiлiнiң мәртебесi. Жазба ақындарының iшiнде жалғыз Мұхтар Шаханов қана бел шешiп кiрiсiп, белсендiлiк танытып жүргенi әмбеге аян. Мiне, бұл – интеллект! Мiне, нағыз патриот! Интеллектiң болса ғана патриот боласың. Болмаса о ғып, бұ ғып, бас көтеретiн кезде бұғып, үндеу секiлдi үйелеген өлең жазған боп “показуха” өмiр сүресiң. Жазба ақындарының шығармаларында жан жоқтығы, қан жоқтығы – поэзияның пүлiш киiмiне “показуханың” күңсiген шүберегiн астар қып тiгедi. Сосын ол қайдан оңсын!

Елi үшiн “еңку-еңку жер шалып, егеулi найза қолға алып”, поэзияның отын алаулатқан Махамбеттiң өзiн кеудесiнен “Кет, әрi!” деп керi итеру – бар дүниемiздi бағаламау. Өзбек ағайындар – сiркедей нәрсесiн күркедей қып көрсетедi. Бiз ше? Күркедей нәрсемiздi сiркедей қып сығып тастауға тырысамыз.

Елiмiз еңсесiн көтерiп, тәуелсiздiк алған жылдары жазған тұрмыстық пародия ойыма оралды. Үзiндiсi…

Е-е-ей!

Қазақтардың қапшығы

Арқасында болады.

Анау-мынау нәрсеге

Қапшықтың iшi толады.

Толған сайын қазақтар

Шалқаятын болады.

Ал, өзбектiң қапшығы

Кеудесiнде болады.

Анау-мынау нәрсеге

Қапшықтың iшi толады.

Толған сайын өзбектер

Еңкейетiн болады.

Өзбектерден “Абдолла ака, 1 кг. еттен қанша тұшпара жасауға бола­ды?” деп сұраңызшы. Олар “Оппо-о-о, ол пиязына байланысты” дейдi.

Жоқтан жонып, бар жасамай-ақ қояйықшы. Бар нәрсемiздiң бағасын түсiруге әуеспiз неге?

… Айыр қанат “айырпыланымыз” Жезқазғанның әуежайына қонғанда әлгiндей құрақ-құрақ ойларымнан әрең ажырап, қалпыма қайта түстiм. Қалалық мәдениет департаментiнiң директоры Әнуар Омаров қарсы алды. Ол бұрын әжептәуiр айтыс ақыны болатын. Көк жердегi шегiртке– көк, сұр жердегi шегiртке сұр болатыны секiлдi, шекесiнен қарайтын шенеунiкке айнала бастапты. Түптiң түбiнде сұйылып кетпесе, тәп-тәуiр шенеунiк болғалы тұр.

Ана тiлi – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тiлдiң бәрiн бiл,

Өз тiлiңдi құрметте.

Бұл – Қадыр Мырза-Әлидiң қырық жыл бұрынғы өлеңi. Әлiппе үйренген балалардың бәрi осы тақпақты жаттап өседi. Ендi, мiне, республикалық ақындар айтысының өзектi тақырыбы да осы: “Ана тiлiң – арың бұл”.

Ұзын-ырғасы 16 ақын қатысқан осы айтыстың ауқымы кең, аумағы шеңберлi болды. “Қазақмыстың” атауы қазақтыкi болғанмен, бар байлығын кәрiстер қаужап жатқанына қамықты. Таяқтың бiр ұшы осы жаққа да тиiп жатты. Қордайлық ақын Күмiсайдың тұрмыс құрмай сәл-пәл отырып қалғанын әзiлге сүйеген ақындар “Көп отырған жақсы емес, көп отырған торғай да оққа ұшады” деп, әйтеуiр биыл күйеу бала тауып беретiнiн айтты. Оған қысылатын қыз ба? “Жезқазғанның жезiндей бере салмашы кәрiске” деп әлеуметтiк мәселе көтере бiлдi. Артығырақ кетiп бара жатқан қарсыласын тоқтатып:

Ақыл тiстi адамға берген Алла

Тiлiңдi дер кезiнде тiстеу үшiн! – дедi. Қазақ халқының көнбiстiгiн, көнтерлiлiгiн, төзiмдiлiгiн “Балталап жатса да, бар жемiсiн аямайтын ағаштаймыз” деп бiр-ақ сөзбен бейнелеу – шеберлiк емей немене? Шешендiк емей немене?!

Қызылордалық жас ақын Нұрмат үйленбеген жiгiт екен. Бойдақтығын бетiне шiркеу қып басқандарға “Арқаланып қайтар ем ауылыма, арқалатып жiберсең Арқа қызын” деп жауап қайырды. Қалыңмалын төлейтiнiн айт­ты. Оған қарағандылық Айтбай ақын: “Қазақтың қазынасы қыз емес қой, Қалыңмалын төлесе шал да алатын” деп ұтымды тойтарыс бердi. Нұрмат та қарап қалмады, “Бар мысын кәрiстерге берген кезде, бiр қызын маған бермей не көрiндi?!” деп залды дүркiреттi. Заманның зарын қоздатып, адамның арын қозғатып, қоғамдық ой тастады.

Қазақ тiлiнiң қазаны төңкерiлсе,

Көзiңнен жас тоқтамас өлгенiңше.

Осы айтысқа қатысқан он алты ақынның әспеттеп айтқан әр сөзiн тiзбелемей-ақ, тек ана тiлiнiң мәселесiн қозғаған тұстарына кiшке­не кiдiрейiкшi. Сонда сiз Құрал ағам мөрлеткендей “айтыстың қазақ поэзиясының алдына қойылған ақыртас” емес, елдiң елдiгi мен ерлiгiн жырлайтын, сом алтыннан құйылған сиқырлы сөздiң ескерткiшi екенiне көзiңiз жететiнi анық. Мiне, мысал:

Күмiсай Сәрсенбаева:

– Ана тiлi алға шықпас бұл түрiмен,

Өзге тiл басына кеп бұлт үйiрген.

Шалажансар күй кешкен тiлдi ойласам,

Жас моншақ төгiледi кiрпiгiмнен.

Айыр тiлдi жыландай қос тiл тұрса,

Бiз мынау арылмаймыз түлкi күннен.

Ана тiл өгей ұлдың күйiн кешсе,

Жұртымның жоғалады-ау ұлты мүлдем.

Дiл мен тiлге мән бермес мәңгүрт билiк

Қызыл тiлдi кеспесiн қыл түбiнен.

Мақсат Аханов:

– Әр қазақ тiлi үшiн майдан қылсын,

Сөйтiп ол ана тiлiн айбар қылсын.

Жоғарыда отырған көкелерiм

Тiлiн қорғап халықты қайран қылсын.

Әй, бiрақ та оларға тiл не керек,

Халықтың тобырымен ойнап жүр шын.

Ұлтым деген ол жақтан ұл көрмедiм, –

Ұртымды дей алмаймын майландырсын.

Қазанға кiрiп алған иттiң мұрны

Итмұрынның иiсiн қайдан бiлсiн?!

Ал, семейлiк ару ақын Сара Тоқтамысова “Айбарлы болсын десең азаттығың, қадiрле қасиеттi қазақ тiлiн!” деп ақ тiлегiн түйiндедi де, Шын­болат Дiлдәбаевтың “Шындық” туралы жырының мақамымен еркiн көсiлдi.

Ақ жүзiнде арай-нұр бар ағамның,

Тағы лебiз арнайыншы саған мың.

Ақ боз аттай атой салып сен шапсаң,

Ақ шарһатты желбiретiп қалармын.

Ақ шарһатты желбiретiп қалармын,

Ақ тiлегiн саған арнап ғаламның.

Азаматтың ақ тiлегiн тiле деп,

Айтқан сөзi санамда тұр анамның.

Айтқан сөзi санамда тұр анамның,

Аманатты ақтамасам маған – мiн.

Елiмiздi алақайлап қуантсаң,

Терiңiздi бiр сүртуге жарармын.

Айбек Қалиев:

– Тiлiмнiң он бес жылда бағы ашылмай,

Өзге тiл басынады әрi асырмай.

Орыс тiлi үкiметте бас ұстайды,

Бата берiп елiмнiң данасындай.

Құл-құтанның басындағы таз секiлдi

Тiл – қазақтың жазылмас жарасындай.

Ойпырмай, бiз көрмеген қорлық бар ма,

Иткөйлек пен кебiннiң арасында-ай?!

Есiл тiлiм есiктен сығалап жүр

Тоқалдың мылқау туған баласындай!..

Екi күнге созылған ақындар сайысы мәреге жеткенде Ұлытау ауданының құрметтi азаматы, Қазақстанға еңбегi сiңген мәдениет қызметкерi Серiк Тiлеубаев бастаған, кәнiгi қаламгер Көбейсiн Еңсебаев пен ақын Ғазиз Ештанаев, журналист Қарлығаш Исина қостаған әдiл қазылар алқасының ұйғаруымен “Қазақмыс” корпорациясы тiккен бас жүлде – “Жигули” автокөлiгi Сара Тоқтамысоваға берiлдi. Жезқазғандық көрермендер бұл сияпатқа аса зор ықыласпен ду қол шапалақтап, ризашылық бiлдiрдi. Кенет ұлттық өнердiң меценаты, кәсiпкер Өмiрзақ Сәрсенов сахнаға суырылып шығып, айтыстың аса зор деңгейде өткенiн, әсiресе семейлiк Ринат Зайытов, жезқазғандық Төлеген Жаманов, тараздық Күмiсай Сәрсенбаеваның өнерiне елдiң ықыласы ерекше болғанын атап өттi де, үшеуiне үш машина мiнгiздi.

Бұл не? Бизнес-шоу ма? Жоқ! Ақындар да арғымақ секiлдi ғой. Қанатын жазып алысқа шапсын деген ағалық ықыласы. Аты дардай “Қазақмыс” корпорациясының өкiлдерi алдағы жазда Қарсақбай мыс кенiшiнiң 80 жылдығына байланысты айтысты биiк деңгейде өткiземiз дегендей ұялғандық рай танытты.

… Түн. Ұлытау түнi. Егер Ақсақ Темiр мен Тоқтамыс хан бiр-бiрiмен жауласпағанда, елдiң мұрасы ескерткiш боп Эрмитажда жатпайтын едi-ау. Табаны тиген тастардың үйiндiсiн ғана көрдiк. Ертең айтыс. Ауызды – ошақ, мұрынды – мұржа қып темекiнi будақтатып отырмыз:

– Осы пәленi таңнан бастап тастасақ қайтедi? – дедiм Жүрсiнге.

– Қойсақ қояйық! – дедi ол келтесiнен. Кенет Өмiрзақ аға бiздi бiтiмге шақырғандай:

– Егер екеуiң темекiнi бiр айға дейiн шекпесеңдер, әрқайсыңа 10 мың доллар берем! – дедi.

– 20 мың долларға темекi тастамай жындымыз ба? Жарайды! – дедi Жүрсiн де жұлып алғандай.

– Келiстiк пе?

– Келiстiк.

– Келiссек былай, – дедi Өмiрзақ аға кәнiгi саудагерлiгiне басып. – Егер бiр айдан кейiн темекi тартып кетсеңдер, әрқайсың маған 15 мың доллардан бересiңдер Келiстiк пе?

Амал жоқ. Келiстiк. Теңге қалтасын тесiп бара жатыр дейсiң бе? Мұнысы – “Сәл де болса Құдай ғұмырларын ұзартсын!” деген жанашырлық ниетi.

Америка жазушысы Марк Твеннiң “Дүниеде ең оңай нәрсе – темекi тастау. Мен жүз рет тастағам” деп жазғаны есiме түстi. Марк ағай да мақау екен. Өз заманының Өмiрзағымен кездескенде темекiнi жүз рет емес, бiз құсап бiр-ақ тастайтын едi. Адамына кезiкпеген ғой.

Жазба ақындардың мүшәйрасы мүшкiл халде екенi рас. Ақтаудағы Адайбаевтың айғайлайтын да жөнi бар. Қазiргi қазақ поэзиясының керегiн бiр жаққа, кебегiн бiр жаққа електей елеп, бетiмен кеткен оқырманның бетiн берi бұру темекi тастағаннан да оп-оңай. Тек олар адамына кезiкпей жүр ғой.

Бiр қазан сүттi бiр қасық ұйытқы айранға айналдырмай ма? Қаймағы бұзылмаған ақ сүттей ақындарымызды айрандай ұйытатын адам бар ма? Бар болса қайда? Қазақстан Жазушылар одағында ма? Басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин су жаңа супер Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовпен кеңестi. Кеңескенде не дестi? Сең жүрген секiлдi. Сайдың тасындай салмақты поэзияның мәселесiн қозғайтын шығар ендi.

“Үлкен пышақ ұялғанынан өтедi” дейдi ғой. Үкiмет те – үлкен пышақ, осы жолы ұялса да өтетiн шығар. Халық – қайрақ, өтпесе қайрайды тағы.

Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Өмiрзақ Шөкеев алты алашқа аты мәлiм ақын-жазушылардың тiрi тiзiмiн жасап, апта сайын ауылға шақырып, оқырмандармен ой бөлiсетiн әдеби дәстүрдi қалыптастыра ба­стады. Бұл да бiр жақсылықтың белгiсi. Сондықтан да “Айтыс ақындарын көрге жiберейiк, мүшәйралықтарды төрге жiберейiк!” деп бөлiп-жаратын не бар. Бәрiмiз атымызды бәйгеге қосайық. Озғаны келедi. Әзiрге бәйгенiң мәресiнде Кәрiм Мәсiмов пен Нұрлан Оразалин тұр. Ал, ақындар! “Ауыздарыңды қайшыламай”, ауыздығымен алысқан асау жырдың арғымақтарын дайындаңдар!

… Арқаның жазба ақыны Ғазиз Ештанаев жыр жинағын сыйлады. Ашқан беттегi “Ленин ескерткiшi орнында” деген төрттағандарын оқыдым. Жаңалығы бар жақсы өлең екен. Пролетариат көсемi Лениннiң орталық алаңдағы ескерткiшi қиратылғанын, өз заманында теңеу таппаған Вла­димир Ильичтiң басы кранның шынжырында домалап бара жатқанын, “Октябрьде атқа мiнген сарбаздардың бұл күнде махоркамен бағасы бiр” екенiн суреттей келiп:

Абайламай,

Арманыңа асықсаң

Басыңды алып тастауы оңай Уақыттың! – деп ой түйiндейдi.

Айтыс өнерi – кезегi келгенде орнатып, кезеңi бiткенде алып тастайтын Ленин ескерткiшi емес. Айтыс – халқымыздың қанымен бiрге ағып, бiте қайнасқан асыл өнер.

 Көпен ӘМІРБЕК

 «Сөйле десең, сөйлейін» естелік кітабынан

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *