«ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ЛИГАСЫНЫҢ» ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Жастар
582 Views

Көктем оңтүстіктен басталады демекші, Шымкент қаласында көктемнің алғашқы күнінде республикамызда бұрын соңды болмаған жаңа бастама «ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ЛИГАСЫНЫҢ» тұсауы кесілді.

Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтеновтың бастамасымен қолға алынған бұл жоба қалада алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Мектеп оқушыларын салауатты өмірге баулып, ҚР чемпионаттарына команда жасақтауды көздейді.

Спорттың 4 түрінен, атап айтқанда – футбол, баскетбол, волейбол мен шахматтан орта мектеп оқушылары арасында біріншілік ұйымдастырылады. Оларды қолдау бойынша фан-клубтар құрылып, әр команданың атауы, ұраны, эмблемасы және команданың бірыңғай киім үлгісі жасақталды.

Жалпы жүлде қоры 80 млн. теңге. Қаржының ешқандай мемлекеттік бюджетке қатысы жоқ. Спорттың әр түрінен жеңімпаз атанған командаға 20 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлық беріледі. Бұл қаржы жеңімпаз мектептің қажеттіліктеріне, оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалмақ.

Футбол, волейбол, баскетбол ойындары осы жылдың наурыз-мамыр аралығында ұйымдастырылса, шахмат бойынша сайыс қыркүйекте өтеді. Ойын барысында арнайы фан-клубтар команда мүшелеріне жанкүйерлік жасайды.

Жобаға қатысу үшін 4 спорт түрі бойынша 140 мектептен 536 команда өтініш берген. Атап айтқанда, Абай ауданы -146, Әл-Фараби ауданы — 105, Еңбекші ауданы — 136, Қаратау ауданы -149 команда қатысуға ниет танытқан.

Көшбасшы Еуропа, Америка елдерінде бұл үрдіс кең дамығандығынан талантты жастарды, спорт жұлдыздарын оқушылар арасынан іріктеп алуда мол табыс әкелген, бәсекелестікті дамытқан. Біздің мегаполисте бастау алған бұл шараның жастарымызға берер тәрбиесі жемісті болуымен қатар жас ұрпақ арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруда үлгі болары анық. Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Арысбекқызының жауапты ұйымдастырушылық қасиеті бұл шараны да сәтті жүзеге асырып, сапалы нәтижелер көрсетуіне күмәніміз жоқ.

Шаһар жастарын бұқаралық спортқа баулыған бұл игі шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне үлкен жемісті тартуы деп қабылдауға әбден болады.

Қуанышбек БОТАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *