ӨРКЕНИЕТ – ӨМІР ӨЗЕГІ

Қоғам
1 183 Views

2017 жылғы 12 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №827 Қаулысымен «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – орта мерзімді перспективада цифрлық технологияларды пайдалану арқылы республика экономикасының даму қарқынын жеделдету және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада Қазақстан экономикасын болашақтың цифрлық экономикасын құруды қамтамасыз ететін түбегейлі жаңа даму жолына көшіру үшін жағдай жасау болып табылады. Бағдарлама 2018-2022 жылдар кезеңінде іске асырылады және елдің флагмандық салаларын технологиялық жаңғыртуға қосымша серпін береді, еңбек өнімділігінің ауқымды және ұзақ мерзімді өсуіне жағдай жасайтын болады.

Бүгінгі өмірді өркениеттің игі жетістіктерінсіз көзге елестету әсте мүмкін емес. Компьютер. Ноутбук. Нетбук. Интернет. Ұялы телефон. Әлеуметтік желі. Міне, бұлардың бәрі күнделікті өмір сүру дағдысына айналып отыр. Олар араласпаған сала жоқтың қасы. Сол себепті де тәуелсіз де егемен еліміздің әрбір азаматы өскелең заманмен үйлесімді өмір сүруге бейімделуі керек.

Осы орайда Шымкент қаласындағы Еңбекші аудандық сотының ұжымы көптеген ізгілікті де игілікті тірліктерді жүзеге асырып жүргенін айрықша ілтипатпен тілге тиек ете аламыз. Олар өздерінің жұмыс жоспарларына сәйкес аталмыш аудан көлеміндегі мекеме, ұйым, кәсіпорын, мектептерде болып, сан алуан тақырыпта «дөңгелек үстел» мәжілістерін өткізуді жақсы дәстүрге айналдырып отырғаны жан сүйсінтеді. Таяуда «Оңтүстік» мұнай-газ мекемесінде болып, сол маңайда тұратын жұртшылықпен жүздесті. Әлеуметтік желі мәселесі сөз болып, оның пайдасы мен залалы жайлы әңгіме өрбітілді.

Алдымен сөз алған Шымкент қаласындағы Еңбекші аудандық сотының судьясы Қайрат Ізбасаров:

– Қазіргі цифрландыру дәуірінде кішкентайлар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді қолдануын қатаң қадағалау қажет. Олардың араласатын ортасын, түнгі клубтар мен Интернет орталықтарында нені көріп, нені қоятынын білген жөн. Өздеріне қол жұмсау, зорлық-зомбылық секілді қоғамға жат әрекеттерден сақтандырғанымыз мақұл. Ненің зиян, ненің пайда екенін ұғындыруымыз керек. Міне, бүгін Сіздермен осындай өткір мәселелер жөнінде ой бөлісуге келіп отырмыз.

Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түктібай Ермаханбетов:

– Кез келген нәрсенің пайдасымен қоса-қабат залалы да болатыны белгілі. Әлеуметтік желі жайлы да осыны айтуға болады. Бүгінгі үш жасар балақай ұялы телефонның құлағында ойнайды. Жасөспірімдердің қолынан да қалтафон түспейді. Газет-журналдардан, кітаптардан алуға тиісті мәлімет, ақпараттардың бәрін содан алады. Олардың нені көріп, нені үйреніп жүргенін қадағалау қалыс қалған. Сол себепті де кәмелет жасына толмаған кейбіреулер өз өмірін қиып, суицидке бой алдыруда. Небір жаман нәрселерді бойына сіңіруде. Бір-біріне қажетсіз хабарламалар жөнелтеді. Сол себепті де мектеп оқушыларына ұялы телефон ұстауға рұқсат етпеу, жасөспірімдердің әлеуметтік желіні қолданудың уақытын шектеуді заңмен жүзеге асыру керек сыңайлы. Интернет желісіне ұлттық тәрбиеге қатысты материалдарды көбірек салғанымыз дұрыс болар еді.

Қазіргі қоғамда әлеуметтік теңсіздік те халықты қатты толғандыруда. Үш қабат үйде үлде мен бүлдеге оранған байларды көрген кедей-кепшіктердің балалары сан түрлі әрекетке барады. Ұрлық істейді. Бұзақылық жасайды. Ажырасушылардың саны артуда. Бітімгершілік жасауға шақыруға тиісті медиаторлардың жұмысы мардымсыз. Өз кезегінде осылардың бәріне өздерінің тыйым сөздерін айтуға тиісті азаматтардың қатары сиреп тұр. Осы орайда өзбек ағайындардан үйренудің ешқандай сөкеттігі жоқ. Олардағы махалла комитеттерінің жұмысы жақсы жолға қойылған. «Аталар сөзі – ақылдың көзі» тәрізді телехабарларының тәлім-тәрбиелік рөлі зор. Біздегі көк жәшіктегілер қоғамға қажетсіз «Қалаулым» секілді шоу бағдарламалар мен көбіктенген түрік пен үнді сериалдарын көрсетумен ғана шектеліп жүргенін несіне жасырамыз. Ендеше, «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» – деп кемеңгер Мұхтар Әуезов айтқандай, еліміздің ертеңі – жастар тәрбиесіне бей-жай қарамауымыз қажет.

Заңгер Жанна Сарбасова, медиатор Талиба Бурковецкая, тағы басқа азаматтар да әлеуметтік желі жайлы ойларын ортаға салды. Айнатас елді мекенінде шақырылатын жедел медициналық жәрдем көрсету мәшинелері 40 минутта әзер жететін көрінеді. Басқосу барысында өзге де өзекті мәселелер сөз етілді. Өздеріне тиісті мәліметтер мен ақпарат алған ауыл тұрғындары сот саласының қызметкерлеріне шынайы ризашылық сезімін жеткізді.

Ә. ДОСЫБЕК.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *