ҰБТ-ДА РЕСПУБЛИКАДАҒЫ ЕҢ ЖОҒАРЫ – 140 БАЛДЫ САРЫАҒАШТЫҚ ТҮЛЕК ҚАНА АЛДЫ

Білім
749 Views

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пенқазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзге салалар секілді біліммен ғылым саласына да айрықша назар аударып келеді. Мәселен, Мемлекет басшысыҚ. Тоқаев Қазақстан халқына арнаған өзінің алғашқы Жолдауында білім беру сапасын жақсарту жайлы:

«Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады. Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде.

Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Сондықтан «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру қажет», – деп Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды.

«Тағы бір өзекті мәселе – оқулық сапасының төмендігі. Оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету – тиісті министрліктің тікелей міндеті. Мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартпасақ, бұл шаралар жүзеге аса қоймайды». Сондықтан Президент биылғы Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырды. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың алғашқы Жолдауы бізге, педагог кадрларға үлкен міндет жүктейтіні белгілі. Жолдаумен танысып, оны қызу талқылаған біздің Сарыағаш аудандық білім бөлімі, мектептер мен балабақшалар ұжымдары өздерінің жұмыстарына тың серпінмен, жаңаша көзқараспен қарап отыр. Ұлт болашағы – білімді ұрпақ тәрбиелеу секілді аса жауапты міндет-мақсатты терең сезінген ұстаздарымыз бен тәрбиешілеріміз тың бастамаларды жүзеге асыруға талпыныс жасауда.

Сарыағаш аудандық білім бөлімінде алты мемлекеттік қызметкер, 23 әдіскер, 48 бухгалтер, 13 адам келісімшарт негізіндегі жұмыс істейді. Аудан көлемінде 78 мектеп бар. Соның 65-і қазақтілді, 13-і аралас мектептер. 62 мектеп типтік үлгідегі ғимаратта, 16-сы ыңғайластырылған жайда орналасқан. Мектепке дейінгі мекемелердің саны – 211. Соның 191-і жекеменшік мемлекеттік әріптестік аясында жұмыс істейтін балабақшалар, 16-сы мемлекеттік балабақшалар, төртеуі мектеп жанындағы шағын орталықтар. Барлық мұғалімдердің саны 4999-ды құрайды. Олардың 4918-і, яғни 98,3 пайызы жоғары, 81-і, яғни 1,6 пайызы арнаулы орта білімді мұғалімдер. Біліктілік санаты бойынша жоғары санатты мұғалімдер – 845 (16,9 пайыз), бірінші санатты мұғалімдер – 1344 (26,8 пайыз), екінші санатты мұғалімдер – 1606 (32,1 пайыз), санаты жоқ мұғалімдер – 1204 (24 пайыз).

Шәкірттеріміз жайлы айтатын болсақ, биылғы 2019-2020 оқу жылында 6500 бала бірінші сыныпқа оқуға қабылданды. Бірінші-төртінші сыныптарда 24500, бесінші-тоғызыншы сыныптарда 23758, оныншы-он бірінші сыныптарда 5339, жалпы 53285 оқушы білім алуда. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 2235 оқушыға көбейіп, яғни 90 сынып комплектіне артып отыр деген сөз.

Мектепке дейінгі мекемелердің жұмысына тоқталсақ, төмендегіше. Жекеменшік мемлекеттік әріптестік аясында жұмыс істейтін 191 балабақшада 22156, 16 мемлекеттік балабақшада 2050, мектеп жанындағы төрт шағын орталықта 351 бала тәрбиеленуде.

Шәкірттерге білім берудің негізгі тұтқасы – сапалы оқулықтармен толық қамтамасыз ету екені баршаға белгілі. Осыған орай биылғы оқу жылына төртінші, тоғызыншы, оныншы сыныптардың оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендеріне 100 пайыз қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен экономикалық негіздемесі бойынша 632 миллион 855 мың теңге бөлінді. Соның ішінде оқулықтарды сатып алуға 627 миллион 95 мың теңге, оларды мектепке жеткізу үшін 5 миллион 760 мың теңге жұмсалды.

Аудан мектептерінің сұраныстары бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің қажеттілігі нақтыланды. Сөйтіп, «Атамұра», «Алматыкітап», Назарбаев зияткерлік мектебі, Express Publishing, «Мектеп», «Жазушы», «Kелешек», Study INN, «Арман-ПВ», «Бөбек», «Көкжиек –Горизонт», «Астана-Кітап» секілді 12 баспамен келісімшарт жасадық. Соның арқасында оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар толық жеткізіліп отыр.

Енді жаңа оқу жылының маңызды ерекшелігі жайлы айтатын болсақ, биыл төртінші, тоғызыншы, оныншы сыныптардың оқушылары жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқыту жүйесіне көшкен. Жаңартылған білім беру мазмұны аясында барлық білім беру мекемелерінің 86 пайызы бес күндік оқу жүйесіне өткен. Аталған бағдарламаның мәні – оқушының функционалды сауаттылығын дамыта отырып, оның мектеп қабырғасында алған білімін өмірде өз қажеттілігіне жарата білуінде.

Біз педагогтарды аттестаттаудың жаңа форматына көшкенбіз. Ауданымыздағы 4999 педагогтың 3660-ы, яғни 73, 8 пайызы жоғары, бірінші, екінші санатты мұғалімдер. Жаңа формат бойынша ұлттық біліктілік тестілеуге 965 педагог қатысып, соның 342-сі, яғни 35,4 пайызы тестілеуден және сараптама комиссиясынан өтіп отыр. Ұлттық біліктілік тестілеу бойынша 29 педагог шебер, 149 педагог зерттеуші, 250 педагог сарапшы, 234 педагог модератор атанды.

Педагогтардың біліктілігін арттыру курстарының жұмысы да көңіл қуантарлықтай. Өткен оқу жылында аудандық білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін ұйымдардың педагогикалық шеберлік орталығынан (ПШО) 2219 мұғалім өткен. «Өрлеу» акционерлік қоғамының базасында 871 мұғалім жаңартылған білім беру мазмұнын оқытудың қысқа мерзімді курстарын бітірген. Соның ішінде мектептегі мұғалім көшбасшылығы бойынша – 87 мұғалім, іс-әрекеттегі зерттеу курсынан – 35 мұғалім, зерттеуші тренерлер курсынан – 92 мұғалім өтіп отыр.

Үштілді оқыту бағдарламасына өту мақсатында пән мұғалімдерінің біліктілігін қайта арттыру үшін информатика пәнінен – 35, физика пәнінен – 26 мұғалім, химия пәнінен – 24 мұғалім, биология пәнінен – 22 мұғалім арнайы курстарда оқып, В-1 және В-2 деңгейлерінің сертификатын алған.

Оқу-әдістемелік жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. Өткен оқу жылында сегіз жетекші мектептер базасында Lesson study сараптау курсынан өткен мұғалімдердің қатысуымен іс-әрекеттегі зерттеу тобы құрылып, бірлескен жұмыс жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес өзара сабаққа қатысу, тәжірибе алмасу, сабақтарды зерттеу жұмыстары жүргізіліп, талдау деректемелері жинақталды. Атқарылған жұмыстарға мониторгтік сараптама жүргізілді.

Ауданда сабақты зерттеу тәсілі арқылы бағалау жүйесін жақсарту, мұғалімнің оқушыларға қолдау көрсету арқылы құзыреттілігін арттыру мақсатында екі рет облыстық, 64 рет жетекші мектептер базасында оқыту, тәжірибе алмасу және іс-әрекеттерді зерттеу семинары өткізілді.

Жалпы білім беру ұйымдарында пәндердің оқытылуын жақсарту, жаңашылдықпен жұмыс істейтін шығармашыл педагогтардың озық тәжірибесін оқып-үйрену мақсатында 16 мұғалімнің іс-тәжірибесі аудан көлемінде, үш мұғалімнің еңбектері жинақталып, облыста зерттеліп, жинақталды.

Аудандағы үздік ұстаздарымыз бен озық ойлы шәкірттеріміз жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиада, ғылыми жобалар мен білім сайыстарының қорытындылары бойынша облыс, республика деңгейінде жеңімпаздар қатарынан көрініп, ауданымыздың мерейін үстем етуде.

Облыстық мұғалімдер олимпиадасында 11 пән мұғалімі Дипломдармен марапатталды. Олардың біреуі бірінші, жетеуі екінші, үшеуі үшінші орындарды еншіледі.

«Астана – бейбітшілік қаласы» атты облыстық, «Түркістан – Түркі әлемінің алтын бесігі» атты Халықаралық конференциясында пән мұғалімдері мен оқушылар жүлделі екінші орынды еншіледі.

Облыстық «Жас мамандар» форумында, «Ең үздік әдістемелік басылым», «ШЖМ-гі әдістемелік жұмыстың үлгісі» байқауларында пән мұғалімдері жеңімпаз атанды.

Оқушылардың республикалық пән олимпиадаларының облыстық кезеңіне 45 оқушы қатысып, он оқушы жүлдегер атанды. Олардың біреуі бірінші, екеуі екінші, жетеуі үшінші орындарды иеленді.

8-11 сыныптардың оқушылары арасында ғылыми жоба және «Зерде» балалар шығармашылық жобалары мен зерттеу жұмыстары конкурстарының облыстық кезеңіне ауданнан 35 оқушы қатысты. Соның ішінде жүлдегерлер саны – 13. Атап айтқанда, төрт оқушы бірінші орынды еншілеп, республикалық кезеңге жолдама алды. Үш оқушы екінші, алты оқушы үшінші орындарды иеленді.

Оқушылардың облыстық және республикалық «Мақатаев оқуларына», «Махамбет оқуларына», «Бастау» атты ХІІ республикалық олимпиадасына белсене қатысты. «Ясауитану» білім байқауында 15 шәкіртіміз топ жарып, жүлделі орындарды иеленді.

«Робо Фест Түркістан» І облыстық байқауына қатысқан «Робо Сарыағаш» командасы екінші орынды еншіледі. «Айбын» атты әскери-патриоттық жастар жиынында үшінші орынды иеленді.

«Түркістанға тарту» атты облыстық чемпионатта «Робо Сумо» санаты бойынша «Робо Сарыағаш» командасы ІІ дәрежелі, ал «Шығармашылық робо-жоба» санаты бойынша ІІІ дәрежелі Дипломдармен марапатталды.

Таразда өткен «Техникалық шығармашылық және өнертапқыштардың (әуе, зымыран, көлік, кеме құрастыру)» республикалық жарысына радиомен басқарылатын көлік модельдерін жасаған Толыбай батыр атындағы №66 жалпы орта мектебінің оқушысы үшінші орынды иеленді.

Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға олардың білім алуына арнайы жағдайлар жасауды қамтамасыз ету мақсатында өткен оқу жылында ауданымыздаға 15 мектепте инклюзивті арнайы оқыту үшін 15 сынып ашылып, 166 оқушы инклюзивті біліммен қамтылған. Аудан бойынша инклюзивті біліммен қамтылған оқушылардың үлесі 19,7 пайызды құрайды.

2018-2019 оқу жылында мектеп бітірушілердің саны 2447 түлекті құрады. Соның 1442-сі, яғни 59,5 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Орташа көрсеткіш – 75,2 балды құрады. Бұл – өткен 2017-2018 оқу жылмен салыстырғанда 1,6 балға артты деген сөз. Республикадағы ең жоғары – 140 балды Бейімбет Майлин атындағы №37 жалпы орта мектебінің оқушысы Жұбай Қасымжан ғана жинады. 119 түлек «Алтын белгі», 121 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды. Қатарынан оза шауып «Алтын белгісін» қорғап, ата-аналары мен ұстаздарының абыройын асқақтатып, ең жоғары балл жинаған он оқушыны аудан әкімі жеке қабылдап, Алғыс хатпен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына көмек көрсету – аса маңызды міндет болып қала бермек. Биыл ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 109 бала екі патронаттық тәрбиеге беріліп, есепке алынып отыр.

Мектеп жасындағы балаларға міндетті жалпы орта білім беруді толыққанды жүзеге асыру мәселесін шешудің бірден-бір жолы – тұрмысы төмен отбасылардың балаларына материалдық тұрғыдан көмек көрсету болып табылады. Осыған орай аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына «Міндетті оқу қорынан» өткен жылы 1478 оқушыға киім алу үшін 23 миллион теңге қаржы қаралып, олардың жеке есепшотына аударылды. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің физикалық дамуында ыстық тамақтың маңызды рөл атқаратыны сөзсіз екенін ескере отырып, биыл аудандағы 75 білім беру мекемесінің асханасында тамақтануға жағдай жасалды. Аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына мемлекет есебінен 1280 оқушыға бір мезгіл тегін байытылған ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.

Жазғы сауықтыру жұмыстарына да жете мән берудеміз. Барлық білім беру мекемелерінде 5 маусым мен 9 тамыз аралығында мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагерлері жұмыс істеді. Аудан әкімінің ұйымдастыруымен 800 оқушы Түлкібас ауданының Машат шатқалындағы «Орбита» сауықтыру лагерінде демалды. Арыстағы табиғи апаттан зардап шеккен отбасылардағы 60 бала жергілікті бюджет есебінен «Балдәурен» лагерінде тегін демалып қайтты.

Мектеп құрылысы, ағымдық және күрделі жөндеу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Биыл Құркелес ауылдық округіне қарасты 600 орындық «Жаңа талап» жалпы орта мектебі пайдалануға тапсырылды. Аталмыш ауылдық округтегі №69 жалпы орта мектебінің; Қабыланбек ауылдық округінің осы аттас елді мекеніндегі О. Жәутіков атындағы жалпы орта мектебінің; Дарбаза ауылдық округіндегі С.Байғозиев атындағы №70 жалпы орта мектебінің жаңа үлгідегі тиісінше, 300, 240, 150 орындық қосымша мектеп ғимараттарының құрылыстары аяқталып, халықтың игілігіне берілді. Аудан бюджетінен 96 миллион теңге қаржы қаралып, Дарбаза ауылдық округіне қарасты №63 жалпы орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға тапсырылды. Сонымен қатар 76 білім беру мекемелеріне әктеу, сырлау жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 78 миллион теңге қаралып, толық игерілді.

Төрт мектепте жаңа және қосымша мектеп ғимараттары салынып, апатты жағдайдағы бір мектеп және үш ауысымда оқитын бір мектептің проблемасы толық шешімін тапты. Бүгінде үш ауысымда оқитын Жібек жолы ауылдық округіндегі Әлкей Марғұлан атындағы №58 жалпы орта мектебі; апатты жағдайдағы Ақжар ауылдық округінің Бағыс елді мекеніндегі Ғани Мұратбаев атындағы №23 жалпы орта мектебі; Жартытөбе ауылдық округінің Достық-2 елді мекеніндегі №59 жалпы орта мектебі; Жемісті ауылдық округінің Тың елді мекеніндегі Төлеген Тоқтаров атындағы негізгі мектеп ғимараттарының құрылыс мәселесі келесі – 2020 жылға қалып отыр.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары мен Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауын жүзеге асыру жолында Сарыағаш аудандық білім бөлімі, барлық мектептер мен балабақшалардағы педагогтар мен тәрбиешілер бұдан былай да жаңашылдықпен жұмыс істей беретін болады. Жан жадыратар осындай жүйелі жұмыстарымыз жалғасын таба бермек. Сөз орайы келгенде барлық әріптестерімізді жыл сайын қазан айының бірінші жексенбісінде атап өтілетін төл кәсіби мерекесімен шынайы құттықтап, білімді де саналы ұрпақ тәрбиелеу жолындағы еңбектеріне табыс, отбасыларына бақыт тілегім келеді.

Бауыржан МАЙРИХОВ,

Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы.

Түркістан облысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *