«ШЫНАЙЫ АЛҒЫСТАН АСҚАН МАДАҚ ЖОҚ»

Қоғам Құқық
442 Views

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілгенін, осыған орай учаскелік инспекторлардың нәтижелі жұмыс жасауы үшін барлық мүмкіндіктер жасалатынын айтқан болатын.

«Азаматтармен ашық диолог құра білуі керек, танымал, қолжетімді, беделді боп, адамдардың құқықтарын белсенді қорғауы керек» деген мемлекет басшысы полицейлерге жаңа талап, жаңа міндеттер жүктеген еді. Осы айтылған басымдықтар бойынша жақсы өзгерістер көзге көріне бастады. Ішкі істер органдарын жаңғыртуда сең қозғалып, полиция қызметінің ашықтығы жолға қойылуда. Ұр да жық, әпербақан, шаш ал десе бас алатын, заң қағидаттарын шала білетін, сауаты төмен полицейлердің орнын сауатты, өз істеріне мығым, қырағы, сабыры бар, сегіз қырлы, бір сырлы полицейлер баса бастады. Осындай халыққа жақын полицейлердің бірі, Шымкент қалалық ішкі істер департаменті ғимарат күзету взводының командирі, аға лейтенант Ганибаев Александр Юнусұлы антына адал, өз кәсібін сүйіспеншілікпен атқаратын азамат. Оның жауапкершілігінің жоғары, жақсы полицей, адамгершілігі мол азамат екенін халықтың беретін бағасынан, шын жүректен арнаған алғыстарынан бағамдауға болады.

Александр Ганибаев ішкі істер органдарында 20 жылдан астам уақыттан бері қалтқысыз қызмет етіп келеді. Бірнеше жыл учаскелік инспектор болды. Қызмет барысында түрлі шытырман жағдайларға тап болады. Қабылдауға түрлі жол-көлік оқиғаларына тап болған, жоғалған адамдар, соққыға жығылғандар мен көлігі бұзылған жолаушылар, мұң-мұқтажын жеткізуге келіп, оларға тиісті көмегін береді. Өзі ісін ыждағаттылықпен атқарып, ширақ қимылдайтын, мәдениеті жоғары А.Ганибаевтың қысылтаяң сәтте медикке де айналатын кездері бар.

Кейіпкерімізге сөз берелік:

— Бір жолы жұмыстан қайтып келе жатсам, әйел адамның өңі бұзылып, қиналып тұрғанын көріп жақындадым. Ол көмектесуімді өтінді. Саусағын ара шағып алып, ісіп кетіпті. Сақинасы қысып,қолына қан жүрмей, саусақтары қанталап кеткен. Ойланып тұратын уақыт жоқ. Шұғыл көмек керек. Содан металл қиғышты тауып, саусағын жарақаттап алмай, сақинасын еппен алам дегенше терлеп кеттім. Бәрі сәтті аяқталып, сақинаны қиып түсірдім. Әйел қуанғаннан көңілі босап, алғысын жаудырды. Оған дер кезінде көмектесе алғаныма шүкір еттім. Кейін сол азаматша бөлімге мені арнайы іздеп келіп, Алғыс хат тапсырды. Оның шынайы ықыласына ішім жылыды. Ал тағы бірде мүмкіндігі шектеулі азаматтан теміржол вокзалы маңында ұрып-соғып, бағалы заттарын алып кеткені жайлы шағым түсті. Өң-түсі жоқ. Ол азаматқа алдымен психологиялық-моральдық қолдау көрсеттік. Сосын алған жарақатына байланысты алғашқы жәрдем берілді. Әңгіме барысында ол есінен танып, құлап қалды. Жедел жәрдем келгенше, қол-аяғын уқалап, білген көмегімді көрсетіп, есін жиғыздым. Қысылтаяң шақта бізге осылай өте шұғыл қимылдауға тура келеді.

Қайда жүрсек те, демалыста болсақ та «біз тәртіп сақшысымыз» деген нәрсені көкейден шығармаймыз. Өзім тұратын мөлтек ауданда де тәртіп бұзып, көзге түскендерге «тәйт» деп, қиналғанға демеу беретінім бар. Қылмыстың, құқықбұзушылықтың алдын алуға әрекет жасаймыз.

Күздің күні кішкентай бүлдіршінді тауып алып, оны алдымен жылы орап, тамақтандырып, жұбаттық. Осындай жағдайға өз тәжірибемде бірнеше рет тап болдым. Адасып қалған баланы ата-анасымен қауыштырған қуанышты кездер де бар.

Бірде бөлімге екі азаматша қатты ашумен, шағынып келді. Қатты дауыс көтеріп, даурыққан азаматшаларды сабасына түсіру оңайға соқпады. Қандай жағдай да, оқыс оқиға кезінде қызбалыққа салынбай, өз-өзімізді ұстай біліп, мәселені мәдениетті түрде шешуіміз қажет. Барынша ұстамдылық танытып, оларға керекті кеңес беріп, жол көрсеттім. Кейде сабырлы қалыпты сақтап, адамға жылы ниетіңді білдіріп, жылы сөз айтсаң соның өзі қиналғанға демеу. Ол азаматшалар да бір күні Алғыс хаттарын арқалап келіп тұр. Баталарын беріп жатыр. Қиын сәтте кісіге дер кезінде қол ұшын беріп, міндетімді атқару барысында қандай да бір даңқ, марапат туралы ойламаймын. Маған халықтың ықыласы, шынайы алғысы бәрінен құнды. Біз де біреудің әкесіміз, жарымыз, баласымыз, сондықтан азаматтардың қауіпсіздігін қорғап, бауырлары бүтін, бастары аман болғанын тілеп, сол жолда қызмет етеміз.

Қай кезде де өз болмысы, ұстанымынан таймаған полицей Александр Юнусович жас әріптестерін өз тәжірибесімен бөлісіп, білмегенін түсіндіруден жалыққан емес. Бұл азаматты жұртқа жақын полицей деп айтуға болады.

Кейіпкерімізді және барша полиция қызметкерлерін 30 жылдық мерейтойларымен құттықтап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, тыныштығымызды күзету жолындағы қызметтеріңіз жемісті болсын дейміз. Айбынды, абыройлы болыңыздар.

А. СҮНДЕТОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *