ЕЛТАҢБА АВТОРЫ ЖӘНЕ «OITEK» АРХИТЕКТУРАСЫ

Мерей Қоғам
11 Views

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Мемлекеттік рәміздер мен Конституция: құқықтық мемлекет пен ұлттық рухтың сабақтастығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, сарапшылар, қоғам қайраткерлері мен жастар қатысты. Жиынның негізгі мақсаты – мемлекеттік рәміздердің қоғамдағы рөлін талқылау, оларды насихаттау мәселелерін қарастыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.

Дөңгелек үстелді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрманова жүргізді. Модератор күні кеше Елтаңба авторы, қоғам қайраткері, белгілі сәулетші, профессор Жандарбек Мәлібековтың үйіне арнайы барып, Рәміздер күні мерекесімен құттықтағанын және бүгін атақты сәулетші атындағы «Oitek» архитектуралық ғылыми-тәжірибе орталығында дөңгелек үстел басында бас қосып отырғанын жеткізді. Іс-шара барысында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік рәміздердің тәуелсіз Қазақстанның тұғыры мен ұлттық бірегейлігінің маңызды белгісі екенін атап өтті.

Жиында Геральдикалық зерттеулер орталығы директорының міндетін атқарушы Әділхайыр Мырзаханов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зада Дүкенбаева, Жастар ғылыми-зерттеу орталығының директоры, PhD доктор Гүлісхан Нахбаева, Қазақстандық қоғамдық даму институтының бас сарапшысы Айым Тлепберген мемлекеттік рәміздердің құқықтық мемлекет қалыптастырудағы, ұлттық бірегейлікті сақтаудағы және патриоттық тәрбиені нығайтудағы маңызын талқылап, өзара пікір алмасты.

Сонымен қатар Елтаңба авторы, қоғам қайраткері, белгілі сәулетші, профессор Жандарбек Мәлібековтың Елтаңбасынан бөлек, «Oitek» архитектурасы сөз болды. Біз төменде Елтаңба авторы және «Oitek» архитектурасы жайлы аз-кем сөз қозғайтын боламыз.

 

Тәуелсіздікпен түлеген тұлға 

Қашанда сөз бастау қиын, десе де біз білетін Елтаңба авторы, қоғам қайраткері, белгілі сәулетші, профессор Жандарбек Мәлібеков қашан және қай жерде болмасын әңгімесін 35 жылдық тарихы бар Ел Тәуелсіздігінен бастағанды жөн көреді. Себебі, оның өмірі мен өнері және өзі қызмет ететін ЕҰУ-да осы Тәуелсіздікпен байланысты.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Елтаңба нұсқасын жасауға байқау жарияланғаны белгілі. Ол өзге елде, Өзбекстан жерінде жүрсе де, елдегі жағдайға көңілі елеңдеп, бей-жай қарай алмады. Негізгі мақсаты – байқауда жеңу емес, Елтаңба арқылы халқымыздың тарихын, салт-дәстүрін, жалпы, қазақи болмысын көрсету еді. Аллаға мың да бір шүкір, байқауға ұсынылған 293 жобаның ішінен Жандарбек Мәлібековтың жобасы қабылданды. Мемлекет басшысына рахмет, содан кейін абыз да, аңыз адам, марқұм Әбіш Кекілбаевтың Елтаңбаны еліміздің басты нышаны етіп қабылдарда сіңірген еңбегі ұшан-теңіз, ол ұмытылмақ емес. Өйткені, депутаттардың ішінде ұлттық нақыштарға тиіскендер көп болды, ақыры 306 депутатың 237-сі жақтап дауыс берді. Оның өзі Әбіш Кекілбаевтың депутаттарға: «Сендер қандай адамсыңдар, ұлттық нақышқа, тұлпарға, шаңыраққа тіл тигізетін» деп сөйлегенінен кейін ғана көтерілді.Жандарбек ағаның сол кездегі қуанышы әсте ұмытылмақ емес.

2001 жылы Астана қаласына көшіп келді. Бұл – әлемде теңдесі жоқ, жаңа дәуірдің жаңа қаласы. Шетелдік қонақтар бұл қаланың адамға жаңа қуат беретінін айтады. Шынында да бұл қала – татулықты, достықты білдіретін қала болып қалыптасты.

Жандарбек Мәлібековтың қолынан шыққан жобалар Өзбекстанның барлық қаласында бар. Еліміздің бас қаласы Астана қаласында да жетерлік, түлеп, түрленген Түркістанда да тұр. 2017 жылы өткен халықаралық EXPO көрмесіне де ұлттық нақыштағы жобалары енгізілген.

Архитектордың өзі «астаналық» деген атты арқалау – үлкен жауапкершілік, деп санайды. Ойлау деңгейің, жұмыс істеу қабілетің өзгеше болады. Себебі, кешегі Астана, бүгінгі – қазақ халқының мыңдаған жылдар бойы армандаған қаласы. Осы қаланың шырайын кіргізіп тұрған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, өйткені мұнда білім берумен қатар, еліміздің болашағына қатысты көптеген игі іс-шаралар жиі өтіп тұрады.

Әрине, университет ашып, оны барлық қажетті оқу-әдістемелік, материал­дық базамен, оқытушылар құрамымен қамтамасыз ете салу оңай шаруа емес. Айтуға оңай болғанымен, табандылық пен орасан қажыр-қайратты жұмылдыратын қыруар жұмыстары бар. Соның бәрін еңсеріп, қалыптасу кезеңінен өткен университет 30 жыл ішінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп отыр.

Әсіресе, соңғы он бес жылда қарқынды дамып келеді. Атын Қазақстан көлемінде ғана емес, әлемдік білім кеңістігінде де абыроймен танытуда. Соның бір айғағы – Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ осы уақыт аралағында ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын иеленді, әлемнің алдыңғы қатарлы 50 жоғары оқу орны рейтингіне кірді, жыл сайынғы жетістіктері жетіп артылады. Биыл 30 жыл толған университеттің марапаттар тізімі мен сапа мойындауларын одан әрі жалғастыра беруге болады. Соңғылардың ішінде Халықаралық деңгейге ұмтылып, әлемнің ең беделді оқу орын­дарымен тығыз байланыстар орнатып, қазақ мемлекетін, қазақтың жауһарларын таныстыру бағытында да еңбектеніп жатыр. Мысалы, АҚШ, Англия, Венгрия, Қытай, Ресей университет­терімен байланыс орнатылды. Жүз жылға жуық тарихы бар Ар­мения университетінде, Әзербайжан университетінде Абай орталықтары ашылып, Венгрияның орталық саябағына Абай мүсіні қойылды. Мүсін авторы ЕҰУ-дың сәулет-құрылыс факультетінің оқытушысы екені екі есе мақтаныш. Көптеген халықаралық кон­ферен­циялар өтіп жатады. Мұның сыртында халықаралық конференцияларға, мейлі ол шетелде немесе өзімізде өтсін, баяндамасы қабылданған ғалымдар мен оқытушы­лардың қатысуына кең жол ашылған.

Сондай-ақ елімізге келген шет мемлекет­тердің басшылары, халықаралық дәрежеде танылған ғалымдардың Еуразия уни­верситетіне арнайы соғып, студенттер алдында дәріс оқуы да жақсы дәстүрге айналды. Мысалы, Нобель сыйлығының лауреаттары да келіп дәріс оқығаны көпке аян. Ал университеттің өз ішінде нарықтық қағидалар енгізіліп, кафедра, факультеттерді, оқытушыларды ынталандыру мақсатында да үздік болуға ұмтылдыратын шаралар мен сыйлықтары бар.

Еуразия ұлттық университетінің Білім беру ісіндегі беталысы жақсы. Ғылыми-зерттеу орталықтары ашылып, жастарымыз ғылымға қарай бет бұрып жатыр.

Жандарбек Мәлібековтың Елтаңбасын айтпағанда, соңғы жаңа жобаларының бірі қазақ архитектурасын дамытуға бағытталған – «Oitek» архитектурасы. Бұл жоба ЕҰУ –дағы өз шәкірттерінің қатысуымен жүзеге асырылуда.

«Oitek» дегеніміз не? «Oitek» — ойдың тектілігі деген сөзден шыққан, ақыл, парасат, сана – бұл стильдің түйін сөздері. Ұлттық стиль негізінен қоғамдағы өзекті мәселелерді қамтиды: жастар арасындағы ажырасу санын азайту, жетімдер мен қарттар үйін болдырмау.

Жүйенің негізгі тұжырымдамасы – үш ұрпаққа арналған тұрғын үйдің жобасын құру, тұрғын үйдің фунционалдық аймақтануын қазақи бағытта жасау. Бұл жобада өзі ғана емес, сәулет-құрылыс факультетін бітірген түлектер: Меркебаева Гүлниса, Амангельдина Данель, Әділбекова Гүлім, Мырзахан Әйгерім, Дәулетова Ақерке және «Дизаин» кафедрасының оқытушысы, жас ғалым Гүлназ Андабаева секілді шәкірттері бар.

«Oitek» архитектурасы өз бастауын киіз үй құрылымдарынан алады. «Oitek» архитектурасындағы ғимараттар, кешенді жұмыстар, идеология, салт-дәстүр, қоғамдық, әлеуметтік мәдениет, тарихи мәні бар рухани құндылықтар ұлттық сана тұрғысынан қарастырылады. «Oitek» архитектурасының ұстанатын маңызды бағыттары архитектурада жаңа бағыт болғандықтан үлкен еңбекті қажет етеді. Алайда, ата-баба рухын бойына сіңірген жас ұрпақ, болашақ жастар үшін қолынан келгеннің бәрін жасайтын болады.

Жастарға айтар ағалық ақ тілегі де жоқ емес, әркім өзінің армандаған мақсатына жету үшін өзі армандаған мамандығына түсуі керек. Сосын дамыту керек, ғылыммен айналысу қажет. Ғылыммен айналысқанда, шексіз ғылыммен айналысқан жөн.

Ғалымның айтуынша, қазір сырттан келіп жатқан көптеген мәдениет пен ақпараттық құралдар бар. Егер жастарымыз соған қарамастан өзінің тегінің қандай екенін біліп, ұлы даналарымыздың даналығын қабылдайтын болса және тарихымызды, салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді үйренетін болса, оған қоса біздің Еуразия ұлттық университетінен білім алып шығатын болса, ол азаматтар шын мәнінде өзінің елін сүйген, өзінің халқын сүйген болашағы керемет азаматтар болып шығады.

 

Ұлттық стильдің жаңа тынысы

 

Гүлназ АНДАБАЕВА, шәкірті, жас ғалым:

– ЕҰУ-ға түсуді мектепте жүргенде ойлап, болашақ мамандығымды сәулет өнерімен байланыстырғым келетін. Бірақ адамның дегені бола берген бе, мен дизайн мамандығына түсіп, басқа жоғары оқу орнын тәмамдадым. Университет бітірген соң атақты дизайнер Аида Кауменованың «Сән үйінде» мамандығым бойынша дизайнер болып жұмыс істедім.Жолым болды. Армандар орындалады деген рас екен. 2018 жылы Еуразия ұлттық университеті Сәулет-құрылыс факультетінің «Дизайн және инженерлік графика» кафедрасына жұмысқа тұрғандағы қуанышымды айтып жеткізе алмаймын.

Уақыт – жүйрік, сегіз жыл да зуылдап өте шықты. ЕҰУ-да көптеген тәжірибе жинадым. Кафедрамызда өте білікті мамандар жұмыс істейді. Тек

қана сапалы білім беріп қана қоймай, әрдайым даму үшін бізді қолдап, әр түрлі конкурстарға қатысуға ұсыныстар жасайды. Жыл сайын танымал халықаралық конкурстарға білікті мамандардың жетекшілігімен қатысып келеміз және жаңа жобалар жасауда әрдайым қолдау табамыз.

Сол жобалардың бірі Қазақстан Республикасының Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлының бастауымен қолға алынған «Oitek» жобасы.Мен бұл жобаға дейін Елтаңба авторының «Қазақстан елтаңбасы» атты 364 беттік кітабының дизайнын жасаған болатынмын.

Ұлттық стильді зерттей келе, бұл стильде жұмыс жасау бізге бір жаңалық болды: бір жағынан қызықтырса, екінші жағынан қобалжытады. Өйткені, «Жұмысымызды жұрт қалай қабылдар екен?», «Ел не дейді?», «Адамдардың реакциясы қандай болады?» деген сан-сауалдар маза бермейді. Қанша адам болса, сонша пікір бар: біреулері қолдаса, бірі бізді тыңдамайтын шығар, ал кейбіреулері, тіпті түсінбеуі де мүмкін. Бірақ осының бәріне қарамастан, біз әуел бастан-ақ қандай қадам жасайтынымызды білдік, алға қойған мақсатымыздан тайынбадық және соңына дейін жұмыс жасаймыз деген ойдамыз.

Егеменді еліміздің ертеңі – жастардың жан-жақты дамыған, тәлім-тәрбиелік іс-әрекет білім тереңдігімен өлшенеді. Білімді ұрпақ – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Халқымыздың ғасырлар бойы өмір сынынан өтіп келген ұрпақ тәрбиесі, жинақталған тағлымы, тәлім-тәрбиелік үлгілері және мәдениет пен өнерді бағалау, мәдени мінез-құлықтарының қалыптасуы рухани құндылықтар арқылы берілетіні дәлелденді. Бұл мәселенің дұрыс жолға қойылмауы нәтижесінде жастардың тәрбиелік мәні төмен жат елдік туындыларға еліктеушілік, рухани кедейшілікке әкеліп соғады. Біз ұсынып отырған жобамыз арқылы қазақ архитектурасын бөлек, заманауи стиль ретінде көрсетуге болатынын дәлелдедік деп ойлаймын.

Бұл жобаның мақсаты – тек қазақ архитектурасын таныстыру емес, сонымен бірге қазақ жастарының патриоттық сезімін ояту, салт-дәстүрлерімізді, тарихымызды, тілімізді, дінімізді архитектурамен қатар киетін киіміміз арқылы да насихаттап, философиялық білім ретінде болашақ ұрпаққа мұра ретінде қалдыру. Жас қазақ архитектурасының авангардисттері ретінде, осы стильді басқа да жобалар аясында қолданып, дамытуды мақсат етеміз. Ең бірінші қазақ халқына, кейін халықаралық архитекторлар және дизайнерлер қауымдастығына ұлттық ерекшеліктерімізбен қатар, оның бай әрі терең тәрбиелік мәнін дәлелдеп шығу біздің арманымыз әрі мақсатымыз.Қазір киім тігетін өз ательем бар, киімді ұлттық стильде тігеміз, бұл «Oitek» жобасының екінші бағыты.Әдетте шапан тіксе де, камзол тіксе де қошқар мүйізді салсақ болды деп ойлайды. Негізінде олай емес, одан басқа да көптеген ұлттық белгі-бедерлеріміз жетеді. Мәселен, біз қазір ертедегі балбалтастағы таңбаларды қою арқылы киім шығарып жатырмыз, бұл көнеден келе жатқан тарихымызды ұмытпау мақсатында жасалып отырған шаруа. Өйткені, «Oitek» дегеніміз біздің даналығымызды білдіретін, тектілігімізді білдіретін сөз. Сондықтан ұлттық киімдерді тіккенде осы таңбаларды пайдаланған жөн дер едім және әр өрнектің тарихынан бөлек өз орны болады: аяқ киімде, сөмкеде, шапанда, көйлекте, міне, осыны қатты ескерген жөн.

Біздің Еуразия ұлттық университетіміз жалпы Қазақстандағы ең беделді, ең белгілі де жетекші университет. Бұл жерде шын мәнінде абыз, дана, данышпан, ғұлама ғалымдарымыз еңбек етеді. Осы жерден тәрбие алып кеткен азамат ешуақытта өзінің өміріне қор болмайды деп есептеймін. Сондықтан келіңіздер, Еуразия университеті, жалпы дүниежүзі университетіндегі терезесі тең, қатар тұратын білім дәрежесі мол, үлкен жоғары оқу орны. Сондықтан өзім осы университетте қызмет істейтінімді әркез мақтаныш тұтамын.

 

Арайлым ТҰРСЫНБЕК,

ЕҰУ-дың 3-курс студенті