Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында еліміздің экономикасы дүниежүзілік дәрежеге жеткенін жоққа шығаруға болмайды. Мақаланың колледждегі тәрбие жүйесіне қосар үлесі көп. Атап айтсақ, қазақ тілін біртіндеп латынға ауыстыру, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы, «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақстанның қасиетті жерлері», Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстанның жаңа 100 тұлғасы» атты Елбасының қоғамдық сананы жаңғыртуға қатысты ұсынған жобаларының маңызы өте зор. Рухани жаңғыру – ұлттың жаңғыруы. Соңғы кезде ғылым мен техниканың дамуына байланысты елімізде көптеген жаңғыртулар айтылып отыр. Бұған біржақты қарауға болмайды. Елбасының жолдауы – рухани мәдениет, ұлттық құндылық пен сананың жаңғыруы.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы Жолдауда қозғалған бағыттарды кеңінен тарқатып, мемлекеттік идеологияны анықтайтын, көпке түсінікті, рухани жаңғыртуға бағытталған құжат деп білеміз. Мақаланы оқи отырып, оның әрбір сөйлемінде бүгініміз бен болашағы жарқын Қазақстанға апаратын нақты жоспар, мақсат көрсетілгенін түсіндік. Елімізде әлеуметтік-экономикалық, саяси реформалар жақсы жүзеге асуда. Ал, бұл мақаладағы рухани өрлеу, рухани жаңғыруды біздің дамуымыздың ең басты тұғырларының бірі деп есептейміз. Әр халық, әр мемлекет ғасырлар бедерінде рухани жаңғырып, жаңарып отырады. Ал рухани жаңғыру мен жаңаруда білім берудің рөлі зор. Біз өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай, ескере отырып, әлемде орын алып отырған жаңалықтарды қабылдай білуіміз керек. Бірнеше тілді білген адам ештеңеден ұтылмайды.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді ұлы Мұхтар Әуезов. Әрбір білімгер өз жері мен оның байлығының иесі болу үшін жаңа технологияларды меңгеріп, жаңаша өмір сүруге үйренудің жолдарын білуге тиіс. Егер қоғамның даму кілті білімді адамдардың жаңаша қызмет атқаруын керек ететін болса, сол жаңашыл адамдарды, болашақ қоғам мүшелеріне білім мен тәрбие беруді жүзеге асыратын мамандар дайындайтын біздің білім беру ұйымдары Елбасы көздеген бағыттарға лайықты болуы тиіс. Ең бастысы – білім беруге қойылып отырған жаңа талаптарды орындауда көптеген жұмыстар жүргізіліп, жастардың үш тілде білім алуына, жаңа технологияларды білім беру жүйесіне енгізуде өңірімізде келелі жұмыстар атқарылуда. Ұлт жоспарын орындауда әр саланың өзіндік үлесі болса, ұстаздар қауымы қосатын үлес – жас ұрпақты жаңа қоғам мүшесі етіп білім мен тәрбие беруді жаңаша құру, оны осы Елбасымыз көрсетіп отырған талаптарға сай орындау деп білеміз.
Рухани байлық дүниетаным, түсінік, рух, иман отбасынан, осы түсініктерді ана тілі арқылы халықтың сарқылмас мол рухани қазынасынан сусындаса, өзіміздің дәстүрлі ұлттық дүниетанымымыздың арнасында әлемдік өркениет жетістіктерін игеріп, терең меңгерсек, ешкімге есемізді жібермейтін дәрежеге жетсек, онда дербес ел ретінде нық тұрамыз. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» дейді ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби. Сонымен қорыта келе айтарымыз, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруді қоғам, ұстаздар қауымы, ата-аналар болып қолға алсақ, бүкіл келешегіміз жарқын болмақ. Балаларымызды отансүйгіштікке, ата-баба салт-дәстүрін құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу – баршаға бірдей міндет.
Қайрат БАҚБЕРГЕНОВ,
Шымкент политехникалық колледжінің оқытушысы.