ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ТУРИЗМЖӘНЕ ОНЫ ДАМЫТУДЫҢ КӨКЕЙТЕСТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Туған жер
2 116 Views

Туризм сарапшыларының бағалауынша, бүгінгі таңда әлемдік экономиканың қарқынды дамып келе жатқан саласының бірі осы туризм болып отыр. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің 10 пайызын, әлемдік экспорттың алты пайызын, әлемдік қызмет көрсету түрлері экспортының 30 пайызын қамтып, әлемдегі әрбір 11 жұмыс орны осы туристік индустрияда ашылуда. 2015 жылғы деректер бойынша Қазақстан әлемнің 141 елі арасында туризм мен саяхаттар саласындағы бәсекеге қабілеттілік туралы рейтингісінде 85 орынды иеленген. Әрине соңғы жылдары бұл көрсеткіштің жақсарғанына, одан әлдеқайда жоғарылағанына да көз жеткізуге болады. Өткен 2018 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымына (БҰҰ) кіретін Дүниежүзілілік туристік ұйымының (UNWTO) статистикалық мәліметтерінде келтірілген деректерде жоғарыда аталған әлем елдеріндегі туристердің саны 2017 жылмен салыстырғанда алты пайызға артып, бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке, яғни 1 миллиард 400 миллион адамға жеткен (Интерфакс. Мәскеу. 21 қаңтар 2019 жыл). UNWTO ұйымының өкілдері бұл көрсеткішке 2020 жылдары ғана жетеміз деп ойлаған едік деп ағынан жарылыпты. Осы мәліметтерде көрсетілген Таяу Шығыс елдеріне саяхаттаған туристер саны 10 пайызға, Африкаға – 7 пайызға, Азия мен Европаға – алты пайызға, Солтүстік пен Оңтүстік Америкаға – үш пайызға артқан. Осы ұйымның мәліметтеріне көз салсақ, жалпы Еуропаға – 713 миллион шетелдік турис келіпті. Оңтүстік Еуропа елдеріне келген туристердің саны өткен жылмен салыстырғанда жеті пайызға артса, Батыс пен Шығыс Еуропаға саяхаттаушылар – алты пайызды құрапты. Оның есесіне Ұлыбританияның Еуропалық Одақтан шығу саясатының (Brexit) салқыны Солтүстік Еуропаға келетін туристердің азаюына әкеліпті.

Табиғаты жанға жайлы таңғажайып орманды, корралды аралдары мен қайталанбас экзотикалы ерекше тамаша жерлері көп тропикалық Азия – Тынық мұхит аймағындағы арал-мемлекеттерге өткен жылы 343 миллион турист сапарласа, Солтүстік пен Оңтүстік Америкаға барған туристердің саны 217 миллион адамға жеткен. Орталық Америка, соның ішінде Кариб теңізі аймақтарына орналасқан арал — мемлекеттерге 2017 жылы орасан зор апаттар мен зардаптар әкелген «Ирма» және «Мария» атын иеленген жойқын дауылдарының әсерінен 2018 жылы келуге тиісті туристердің саны екі пайызға азайып кетіпті.

Ерте дүние өркениеттерінің ізі қалған Мысыр, Судан, Ливия, Тунис, Марокко, Алжир мемлекеттері орналасқан, флора мен фаунаға аса бай Африка құрлығына өткен жылы барған туристер саны 67 миллион адамға жетсе, барлық діндердің түп тамыры жатқан Таяу Шығысқа 64 миллион шетелдіктер келіпті.

UNWTO сарапшылары 2019 жылы әлем елдеріндегі саяхатқа шығушылар саны мұнай өнімдері, соның ішінде авиакеросин бағасының тұрақтану себебінен авиатасымалдау артып, жолаушылардың, оның ішінде туристердің саны үш-төрт пайызға артады деп жоспарлап отыр. Жоғарыдағы айтылған сарапшылардың пікірінше, дамушы елдер Үндістан, Ресей мен Азияның және араб елдерінен шығатын саяхатшылардың саны да күрт артады деп күтілуде. Мұның үстіне соңғы жылдардағы осы салада байқалып, туындаған жаңа үрдіс, туристердің көпшілігі денсаулықты нығайтатын спорттық және экологиялық туризмге бой ұруда. Мұның өзі бүкіл әлем бойынша алдағы жылдарда туристер санының ауқымды түрде артуына, экотуризммен байланысты қызмет түрлері мен класстерінің одан ары дамуына әкелмек.


Арыстан баб әулие кесенесі. Отырар өңірі.



Тараз қаласының жанындағы Айша Бибімен Бабаджа қатын кесенелері.


Тараз қаласындағы Қарахан патша кесені.

Алдағы жылдары ғаламда туристер ағымы екі миллиардқа таяу деңгейге өседі деген болжам жасалуда. Қазақстан да осыған өзіндік үлес қосады деген үміт бар. Оған республикамыздың бай табиғаты мен тарихи жерлері мен қалалары да дайын болуы керек. Табиғаты әсем Алатау баурайындағы Алма – Арасан, Шымбұлақ пен Медеу, Талғар мен әсем қала Алматы, жаңарып, қайта түлеген Астанамыз да өз үлестерін қосуда. Бұған Павлодар облысындағы Баянауыл мен Жасыбай көлдері, асқақ әппақ қар-мұздақты шыңдары бар өр Алтай өңіріндегі патшалар жерленген Берель қорғандары мен 80 көлі бар Көкшетау, атақты Бурабай демалыс орындары, Балқаш – Алакөл аймағы, Қостанай мен Ақтөбе, қарт Каспий жағалауындағы Атырау мен Ақтау, ежелгі Тұран Елінің астанасы болған киелі шаһар Тараз, Баба Қорқыт пен Ұлы Асан Қайғы жерленген Сыр Елінің Қармақшы – Шиелі өңірі мен оның орталығы, жаңарып келе жатқан Қызылорда да өзіндік үлестерін қоспақ.

Еліміздегі туризмнің дамуына басты кедергілерінің бірі тұрмыстық қызмет көрсету аясының тарлығы, соның ішінде сырттан, яғни шетелдерден келетін және отандық туристерге тұрмыстық қызмет көрсету мәдениетінің өте төмендігінде болып отыр. Театрдың мәдениеті киім ілгіштен басталатыны сияқты біздің елдің ең бірінші транспорт логистика саласында, яғни авто және темір жол бойларында әлемдік стандарттағы заманауи, талапқа сай қонақ үйлер мен мейрамханалардың мүлде жоқтығы. Қазіргі бар аздаған тамақтандыру орындары мен қонақ үйлер талғамы жоғары шетелдіктердің сұранысына мүлде жауап бере алмайды. Жолдардың сапасы мен жол бойларындағы кемпингтер мен вокзалдардағы дәретханалардың санитарлық жағдайлары адам шошырлық. Ешқандай да талаптарға сай келмейді. Ғаламның дамыған елдеріндегі жол бойындағы дәретханалары ыстық, мұздай сумен, сұйық сабынмен, тұрмыстық қағаздар мен сүлгілермен, тағы басқа да қарапайым тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз етілсе, біздің жол бойларында ондай мәдениеттің бірі де жоқ. Есесіне ішіне кіріп болмайтын сасыған дәретханаларды туристерге көрсетуге де, апаруға да ұяласың. Жалпы, біздегі қызмет көрсету түрлері сын көтермейді. Шетелден келген туристердің осындай бей-беректсіздіктерді көргеннен соң қайтып мұнда келуі де, Қазақстанды өз елдерінде жақсы жағынан жарнамалауы да екіталай екені белгілі жағдай.

Туристерге қызмет көрсететін негізгі орталық логистикалық орталық Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолдарының өзінде дәретханалардың санитарлық жағдайлары осындай болса, онда біз қалай ғана экологиялық туризмді дамытамыз?

Сонымен, әңгімемізге арқау болып отырған туризм саласының дамуын өзіміздің ғаламдағыәрбір алтыншы қазағымыз тұратын киелі Оңтүстіктен бастасақ дейміз. Соңғыжылдары Түркі әлемінің орталығы болып саналатын Түркістан бағыты бойынша діни туризм қарқынды түрде дамып келеді. Өткен2018 жылы ғана Арыстанбаб – Түркістанбағыты бойынша елімізге 1,5 миллионнан астам туристер келіпті. Бұл жерде дедіни және санитарлық талаптарға сай қызмет көрсететін тұрмыстық орындарғаламдық стандарттар түгілі қарапайым талаптарға да жауап бере алмайды. Дәретханалардаантисанитария басым, келу-шілерге қарпайым жағдайлар да жасалмаған. Қай жағыналып қарасаң да шетелдіктер түгілі өзіміздің адамдарымыздың да мынадайберексіздіктерден соң қайтып мұнда келуге құлқы болмайтыны да анық. Біздіңжергілікті билік пен туризм саласының басшылары жалпы бұл мәселелерді шешуді тиістімамандарды тарта отырып, үйлестіру жұмыстарын кешенді түрде қарастыруы керек. Еңбастысы – жол бойындағы қонақ үйлер мен санитарлық орындар, мейрамханалар мен дәмханаларғаламдық стандарттарға жауап бере алмаса да осы деңгейге жететіндей болуы шарт.Киелі орындары мен ұлы әулилер кесенелері өте көп орналасқан Түркістан облысымен республикамыздың үшінші ірі мегаполисі Шымкент пен облыстың жаңа орталығы мәртебесіналған киелі шаһар Түркістандағы іргетасы мен құрылысын заманында «Тұранжолбарысы», «Ислам әміршісі» деп аталған, соңғы жылдары адамзат өркениеті «Мыңжылдықазаматы» деп мойындаған Әмір ТемірКөреген салдыртқан «Әзірет Сұлтанкешеніне» келушілер саны жыл өткен сайын жоғарыдағы аталған кедергілергеқарамай артқан үстіне артуда.

Түркістан облысының, Созақ ауданындағы Бабай Түкті Шашты Әзиз Баба кесенесі.



Түркістан қаласындағы Әзірет Сұлтан кесенесі.

Киелі Қазығұрт тауы етегіндегі қазақтың ғана емес, бүкіл Түркі әлемінің эпос жырлары мен аңыз-әпсаналарының арқауы болған «Ғайып Ерен 40 Шілтен әулие» орындары мен ежелгі 40 қақпалы Сайрам шаһарының топырақ үйінділері мен кесенелері, қилы-қиын замандарда түркілер мен қазақ ордаларының бас қосып, шешім қабылдайтын киелі де, құпия орны, заманында «Аты жоқ тау» – деп аталған «Ордабасы», ортағасырлық Отырар мен Сауран қалаларының археологиялық қазба зерттеулерінен соң, оның іргетастары мен құландыларының аспан асты музейлеріне айналдырылуы да рухани жаңғыруға ұмтылған азаматтарымызды да, шетелдіктерді де өзіне магниттей тартуда.


Қазығұрт тауының бөктеріндегі «Ғайып Ерен 40 Шілтен әулие» орындары.

Осындай үрдістер мен елімізге ағылып жатқан туристер тасқыны оларға көрсетілетін түрлі қызмет түрлеріне деген сұранысты арттыруда. Туристерге ең бірінші керегі жазы ыстық, қысы суық өңірде жанға жайлы қонақ үйлері бар базалар мен жол бойындағы жан-жақты жарақтандырылған кемпингтер мен туристік бекеттер мен аялдамалар. Бұдан соң талапқа сай тамақтандыру орындары мен кәде-сый дүкендері, автосервистер мен жанар-жағар май құю бекеттеріне деген қажеттілік. Міне, осылардың бәрін іскерлікпен ұйымдастыра білсе, туризмнің дамуы елімізде қосымша қаншама жұмыс орындарының ашылуына әкелер еді. Алыс және еліміздің түкпір-түкпірлерінен келген туристер аралаған жерлерінен естелікке деп сыйлықтар алып кеткісі келетіні де заңды құбылыс, түсінікті жағдай. Бұл өз кезегінде түрлі ұлттық кәде-сыйлар мен Қазақстан мен оның көрікті жерлері бейнеленген сурет түсірілімдерін, қалаларының гербтері салынған ілгектер мен қадақтарды, жалаушаларды, төсбелгілерді және қолданбалы ұлттық ою-өрнекті түрлі шикізаттардан кәде-сый дайындайтын шеберлерге деген қажеттілікті туындататыны да белгілі. Бұл сұраныстарды өтеу үшін туризм саласының басшылары туристік бағыттарда тез арада осындай бұйымдарды дайындайтын «шеберлер қалашықтарын» ұйымдастырса нұр үстіне нұр болмақ.

Бүгінде әулиелердің кені болған Қаратаудың теріскейіндегі құм басып жатқан ежелгі Созақ шаһарындағы «Қарабура әулие кесенесі» мен соңғы жылдары «Түркі әлемінің пантеонына» айналған бұл кешенге Қазақстан мен Орталық Азия, Кавказ мемлекеттерінен де діни туризм бағытымен туристер ағылуда.


Ежелгі Созақ қаласындағы Қара Бура әулие кесенесі.

Бәйдібек Ата – Сланды, Домалақ Ана кешендері қазірдің өзінде туризм орталығына айналып үлгергендігі көңілге қуаныш ұялатады. Ерте дүние дәуірі мен кейінгі дәуір адамдары да қасиет тұтқан Бәйдібек ауданындағы киелі «Ақмешіт жерасты мешітіне» де күн сайын республикамыз бен алыс шетелдерден туристер нөпірі тасқындауда.


Түркістан облысының, Алғабас ауданындағы Бәйдібек Би мен Домалақ Ана кесенелері.

Алайда, осыншама ағылған туристерге көрсетілетін қызмет түрлерінің кемшіндеу боп тұрғаны да, күнделікті елімізге түсетін қаншама қаржыдан да айырылып жатқанымыз да ешкімге де құпия сыр емес.

Спорттық және экологиялық туризм бағытына айналып үлгерген өзіміздің Түлкібас ауданында орналасқан, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары РКФСР Кеңестік Халық Комиссариатының арнайы қаулысымен бекітіліп, құрылған «Ақсу – Жабағылы табиғи қорығы» мен «Қасқасу туристік базасы» да туристердің сүйікті орнына айналып үлгерді.



Ақсу — Жабағылы қорығы.

Бұл табиғаты тез жараланатын ерекше қорық жері мен оның қайталанбас өсімдіктері мен жан-жануарлар дүниесіне туризмнің зиянды әсері тимес үшін кешенді бағдарлама қабылдау керек. Бұл жерлерде орналасқан туристік базаларда ең бірінші таза ауыз су мәселесі оңды шешілуі керек. Бұл жерлерде күнделікті түрлі тұрмыстық қалдықтар мен кәріздік шайынды суларды тазалап, зиянсыздандырып, өңдейтін қазіргі заман талабына сай жауап беретін, жаңа технологиямен жарақтандырылған қондырғылар орнату қажет. Ағылған туристер арқылы неше түрлі жұқпалы инфекциялық аурулардың да тарап кетпеуін бақылайтын санитарлық бекеттердің қажеттілігі де өмір талабынан туындап отыр. Қорықты аралау үшін алдын ала туристердің жаяу жүргіншілерге арналған соқпақтардан шығып кетпеуін бақылауды, орманды жерде ашық от жағуға тыйым салатын ескертпелермен таныстыру да аса қажетті, маңызды іс-шара.



Ақсу — Жабағылы қорығындағы таутекелер.

Түркістан облысындағы Шымкент – Ташкент автожолы.

Жоғарыда атап өтілгендей, туризм саласын дамытуға ғылыми жетістіктерді ұтымды түрде пайдалана отырып салынған әрбір инвестициялық қаржылар, жалпы еліміздің экономикасының қарыштап дамуына оң әсерін тигізіп, туризм мәдениетінің оңды қалыптасуы халқымыздың табиғатпен үйлесімді түрде өмір сүре білуі мәдениеті мен үрдісін қайта жаңғыртып, рухани жағынан да биікке көтермек. Сонымен іске сәт, ағайындар!

Маржан БАЙЖАН,

«Парасат» колледжінің оқытушысы.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *