СОЗАҚ АУДАНЫНА – 90 ЖЫЛ

Туған жер
2 912 Views

І. ЫҚЫЛЫМ ЗАМАННАН КЕЛЕ ЖАТҚАН ӨҢІР

Созақ жерінің тарихы туралы ойлансаң, алдымен осындағы көне шаһарлар еске түседі… Теріскейдегі бізге белгілі ең көне шаһарлар – Созақ, Құмкент, Ақсүмбе, Баб ата (баспасөзде Баба ата деп қате жазылып жүр. Бұрынғы аты – Қарғалық. Ысқақ бабтың құрметіне Қарғалық шаһары Баб ата болып өзгерген). Ал бізге белгісіздері – Өрқақпа, Тәрсәтөбе, Көктөбе, Қарғалық… Бұл шаһарлардың пайда болу уақытын тарих әртүрлі айтады. Қалай болғанда да бұл қалалар ҮІІІ ғасырдағы Жетісу мен Тараз аймағын Түргештерден Қарлықтар тартып алатын кезеңде де, олардың Жетісудан Әмударияға дейін алып жатқан «Қарахан хандығы» дәуірлеп тұрғанда да бар еді. Одан арғы замандарда да, бергі кезеңдерде де бұл шаһарлар талай жойылып, талай қайта өрлеген. Тарихта осындағы бірқатар шаһарлар туралы нақты деректер де аз емес. Тіпті, олар туралы тарихи туындыларда айтылады. Мысалы, жоғарыда аталған шаһарлардың ішінде Құмкентті алатын болсақ, ол туралы бір-екі дерек айта кетейік. Абылай ханның батырларының бірі Тәтіқара ақынның:

Кеше тоқыраулы судың бойынан,

Тоқал терек түбінен,

Ніл дарияның басынан,

Құмкент шәрінің қасынан

Перінің қызы перизаттан туған,

Қара Мерген атасы

Сөзімнің жоқ қатасы…

деп әрі қарай жалғаса беретін Абылай ханға арнаған өлеңі бар. Сосын Қадырғали Жалаиридың ХҮІ ғасырдың аяқ таманында басталып, 1602 жылы аяқталған «Жылнамалар жинағының» «Едіге би дастаны» бөлімінде: «…оның ұлы Құтлу Қия, ол Құмкентте қайтты. Оның ұлы Едіге би…» деген шежірелік сөз бар. Бұл атақты би және қолбасшы, Алтын Орданың соңғы билеушісі, Орысиеттің Псков, Ярославль, Муром сияқты княздықтарын, Речь Посполитаға бағынып тұрған Украинаның Чернигов, Черновцы, Волынь, Польшаның сол кездегі Львов аймақтарын, Литва корольдігінің шығыс бөлігін, Сібір хандығын, Хорезмді өзіне қаратқан атақты Едіге би Құмкенттің тумасы. Осы тұлғаны тек ғана Созақ өңірі емес, сонымен бірге облыс орталығы – Шымкент шаһары да ескерткіш қойып, құрметтесе болар еді. Өңірімізде көңіл бөлмей жүрген осындай жайттар аз емес.

Отанымыздың көне дәуірдегі қалаларының қирау себебін ойласақ, ең әуелі моңғол-татар басқыншылығы еске түседі. Сол жайттардың қазақ тарихына әсер етуші оқиға болғандықтан қазіргі тарихшылар, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, жазушылар, журналистер екі топқа бөлінді. Олардың біріншілері Монғол шапқыншылығын қолдап дәріптеушілер де, екіншілері оған қарсы тұрушылар. Мұның үстіне тарих бойынша қазіргі қазақ құрамындағы ру мен тайпалардың бір бөлігінің арғы бабалары моңғолдармен бірге келіп, осы жерді басып алғандар, екінші бөлегінің арғы бабалары осы жерді монғолдардан қорғағандар. Бірақ, осылар Шыңғысхан өлгеннен кейін 300 жыл өткеннен соң қарама-қайшылыққа қарамастан қазақ ұлтын құраушылар… Бұлардың айтыстары дұрыс емес. Қазіргі Қазақстан жері – исі қазақтың Отаны. Бұл жер моңғолдардан азап көрген жер. Сондықтан да дәл қазіргі кезде тарихи құжаттарға сүйенбей жаңсақ пікірлер айтуға болмас.

Шыңғысхан бастаған монғол шапқыншылығын кейбір тарихшылар: «Шыңғысхан әскері Найман хандығын тізе бүктіріп, Жетісуда біраз аялдайды. Содан Отырарға бірден шабуылдайды. Мұның себебі Отырар билеушісі Кайырхан Шыңғысханның жіберген саудагерлерін Хорезм шаһының бұйрығымен қырып салуы еді. Монғол әскерлері Құлжадан Отырарға жеткенше жолай ешбір шаһарға тиіспеген» деп жорамалдайды. Сосын тарихшылар «Шыңғысхан бұл аймақтың тек ғана үш қаласын – Сығанақты, Сауранды және Отырарды ойрандады» дейді. Ал шындығында қалай болды? Тарихты одан әрі ақтарып көрейік. Алғашында моңғолдар Жетісуға 1211 жылы келіп, бұл жерден қатты жеңіліске ұшырап қайтып кеткен еді. Бұдан соң араға бес жыл салып, 1216 жылы Жошы моңғолдарды басқарып меркіттерді басып-жаншып талқандауға Дешті-Қыпшаққа келеді. Ол Торғай даласында меркіттерді ізден жүріп, қыпшақтарға 60 мың әскермен Женттен жорыққа шыққан Хорезм падишаһы Мұхаммедпен кездейсоқ кездесіп қалып, қырғын соғыс болады. Олар күні бойы соғысып, түнде Жошы әскері шегініп Моңғолияға кетеді. Монғолдардың батысқа қарай жылжуы 1218 жылы қайта басталады. Осы жылы қаңлы, найман және керейт тайпалары жайлаған Батыс Алтай мен Жетісу жеріне жойқын соққы беріледі.

Отырар шаһары Хорезм мемлекетінің солтүстіктегі шекара бекеті болған. Сондықтан Шыңғыс әскерінің тарихын жазған хорезмдік ғұламалар өз мемлекетіне қарайтын Отырар, Сығанақ, Сауран шаһарларының монғолдардан қалай қирағанын баяндаған. Ал Марко Поло, Карпини сияқты жиһанкездердің сол кезде көзімен көріп жазып кеткен қираған қалалардың қолжазба тарихы туралы олар жақ ашпайды. Шэгэдэй мен Үгэдэй (қазақшасы – Шағатай мен Үкітай) әскерлері Отырарды алып, «…ондағы қорғанысшылардың бәрін өлтіріп, шаһардағы керек мүліктерін тонап, жермен-жексен етіп қиратады, ал ондаған мың тұтқындарды Ходжент пен Самарқанды алу үшін пайдаланады…».

«…Сырдария алқабын басып алуға жіберілген Джочүү (Плано Карпиниде Тоссук-кан, қазақша оқулықтарда – Жошы) әскері 1220 жылдың көктемінде Сығанаққа келеді. Жеті күн қоршаудан кейін монғолдар шаһарға басып кіріп, қаланы және ондағы іске асатын барлық мүліктер мен құрылымдарды тып-типыл етіп жермен тегістейді…». «…Қысқа мерзімде Ашнас, Үзген, Баршынкент, Жент және Сырдың төменгі жағындағы Жаңакентті тып-типыл етеді». «…Бұл кезде (1220 жыл.) Субэдэй мен Джээбэ (қазақшасы – Сүбітай мен Жебе, Сүбітайдың мағынасы белгісіз, «жебе» сөзі қазақ тіліне монғол тілінен енген, егер қазақты түркі деп есептейтін болсақ, онда «жебе» түркі тілінде «пейкан») басқарған үшінші әскер тобы бес мың қолмен Бенакентті қиратып, Ходжентті қоршайды. Оны да алады». «…Ал Чэнгээз (Шыңғыс) хан мен оның төртінші ұлы Толюй (Карпиниде Тулуй, қазақша оқулықта – Төле) 1220 жылдың наурызында Бұхараны өртеп, тонап, қиратып, тұтқындарды Самарқанға айдап әкетеді. Мұнда қаланы үш күн қоршағаннан соң, оның діни басшылары дарбазаны ашып, беріледі. Осында Мұхаммед-хорезмшаһтың және оның әйелі қаңлы қызы Туркан хатунның (Төркін қатын) сүйеніші болған қаңлы руынан шыққан 30 мың әскери адамдарды өлтіреді». Қытайдың діни қайраткері Чан Чунның жазбалары бойынша «…бұл аласапыранда Самарқанның 400 000 тұрғынынан бары-жоғы елу мыңдайы тірі қалыпты.»

Орыс тіліндегі тарихи құжаттар былай дейді: «…Все эти события имели место зимой 1219-1220 годов. И весной 1220 года Джучи-хан оставался в Приаралье, в Дженде. А в 1221 году. взял после ожесточенного боя город Ургенч у Амударьи. Дальше во главе многочисленного отряда отправился в поход степи Казахстана, где встретил сопротивления. В кровопролитном сражении монголы наголову разгромили их…» делінген. Осы жорықта және жоғарыда көрсетілген Жентте өткізген толық бір жылда (1220 жыл) Қаратаудың теріскейіндегі шаһарлар қираған. Сосын тарихи құжатта «…Затем Чингизхан дал поручение Джучи продолжить завоевания в Восточной Европе, где его войска должны были соединиться с посланным туда Джэбэ и Субэдэем, но тот уклонился от его выполнения» делінген хабар да бар. Мұның үстіне тарих: «Монғол шапқыншылығының Қазақстанға тигізген зардаптары» деген еңбекте былай дейді: «Монғолдар халықты жаппай қырып-жою соғысын жүргізді. Қалалар мен елді мекендер, сәулетті сарайлар мен мешіттер, суландыру жүйелері әдейі қиратылды, өңделген егістіктер қараусыз қалды. Мыңдаған колөнер шеберлері құлдыққа айдап әкетілді. Халық ашықты. Бұрын болып көрмеген қаталдық, жауыздық әрекеттерге жол берілді. Монғол шапқыншылығы жаулап алған елдерінің экономикалық және мәдени дамуына тежеу салды. Қазақстанның егіншілік және қалалық мәдениеті мешеу қалды». Сол шапқыншылық кезеңін көзімен көрген Марко Полоның айтуына қарағанда, монғолдар жаулап алған жерінде қалалардың «әскер енгізуге бөгет жасайтын қамал-қабырғалары мен қақпалары болуына рұқсат етпеді. Осылай ауыздықталған халық көнбіс келеді, бас көтере алмайды».

Сол аласапыран кездерінен соң Іле аңғарын басып өткен Вильгельм Рубрук былай деп жазады: «Бұл аңғарда бұрын көптеген қалалар болатын, қазір олардың біразын татарлар (монғолдар) қиратып, мал жаятын жайылымға айналдырған». Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати XVI ғасырда: «Моғолстанның кең-байтақ даласында көзге ілінерлік бір қала немесе елді мекен қалмады. Бұл жерде бұрын қалалар болғаны жайлы тек қана кітаптан немесе ауыз екі әңгімеден ғана білуге болады» деп жазды.

Жетісу аймағында шапқыншылыққа дейін 200-ден астам елді мекендер болса, одан кейінгі ХІІІ-ХІV ғасырларда 20-жуық елді мекендер қалған; Баласағұн қаласының орны мүлде жоғалып кеткен. Міне, бұл жалпы оңтүстік-шығыс Қазақстан туралы болғаннан соң осы айтылғандар Созақ, Теріскей өңіріне де қатысы бар және осы өңірдің де тарихы деп білуіміз керек.

Моңғол әскерлері Дешті Қыпшақ пен Орта Азияға шапқыншылық жасарда олар әскери үш әкімшілік аймаққа бөлінген. Оң қанаты «барунгар», ортасы «құл», ал сол қанаты «жоңғар» деп аталды. «Барунгарге» соғыспен бағындырылған Татар, Танну, Тува, Тұнғұс, Танғұт, Енисей қырғыздары, Ақ қырғыздар (Хакасия) секілді солтүстік елдері, сол қанатқа яғни «Жоңғар» қанатына Халха, Шорас, Хойыт, Дүрбүн, Хошауыт, Дүрбіт, Торғауыт, Ойрат, Бұрат (бурят) секілді таза моңғол тайпалары, ал ортадағы «құл» қанатына соғыспен бағындырылған түркі жұрты, соның ішінде қоңырат, керейт, арғын, найман, дулат, ұйғыр жұрты кірді. Монғолдар ең соңында наймандарды бағындырып, қаңлы руы көп Орта Азияға ауыз салады. Осындағы сол қанаттағы таза монғолдар, яғни Шыңғыстың түп төркіні – жоңғарлар өздері жер бетінен құрып кеткенше Қазақ елі мен жеріне ойран салуын кешегі 1756 жылға дейін тоқтатқан жоқ.

Түркі жұртының ХІҮ-ХҮ ғасырлардағы қорғаушылары – Темірлан, Едіге, Тоқтамыс хандар бұл дүниеден өткеннен соң-ақ, түркі жұртына моңғолдар жорықтарын қайта жалғастырды. Жоңғар хонтайшысы Өзтемірдің Дешті Қыпшаққа жасаған жорығы үлкен тарихи оқиға. Ол ХҮ ғасырдың 50-жылдары Дешті Қыпшаққа баса көктеп кіріп, Ақ Орданы ойрандады. Сыр бойына жетіп, осындағы халықтарды оңтүстік-шығысқа қарай ығыстырып, Түркістанды, Созақты, Ташкентті басып алды. Соның әсерінен хандық әлсіреп, тіпті ақыр соңында екіге бөлінеді. Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілхайырдан бөлініп Қазақ хандығын құрды. Осы хандардың алғашқы табан тіреген жері осы Теріскей, Созақ өңірі, Шу бойы екені тарихтан белгілі. Созақ өңірі Ұлы Хақназар ханның, Махмұт сұлтанның есімдерімен де тарихта әйгілі.

Түркі халықтарының ішінде Шыңғысхан әскерінен және оның төркіні Жоңғарлардан ең көп зардап шеккен және соғыс көрген біздің қазақ халқы. Қазақ тарихында белгілі хандардың барлығы да өмір бойы жоңғарлармен алысып өтті. Соның ішінде Созақ халқы да жоңғарлардан талай теперіш көрді. Мұндағы ең ауыры «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атпен тарихта қалған бұл аласапыран соғыс Созақ өңірін де жайпап кетті. «Қаратаудың басынан көш келеді, келген сайын бір тайлақ бос келеді, туған жерден айырылған жаман екен, екі көзден мөлтілдеп жас келеді, елім-ай» деп зарлай айтылатын «Елім-ай» әні дәл осы Созақ өңіріне қатысты десек, қателеспейміз. Осы қырғында қасиетті Созақ өңірінде тірі адам қалмаған деп болжайды тарихшылар. Тірі адам қалмаса тірі шаһар қала ма? Мұндағы гүлдеп тұрған шаһарлар жермен-жексен болған.

Тарихтағы аты әйгілі «Аңырақай», «Бұланты» шайқастарында қатты жеңіліске ұшыраған жоңғарлардың аман қалған бөлігін Қытай әскерлері жер бетінен жойып жібергеннен кейін де Созақ өңірі тынышталмады. Бұл туралы қысқаша айтар болсақ, сол Жоңғардан құтылған қазақты және соның ішіндегі «Созақ өңірін 1770 жылдан бастап он жылдай қырғыздар қайта-қайта шапқан. 1779 жылы Абылай хан әскерлері қырғыздарды талқандап, басшысы Садырбаланы тұтқынға алады. Олардан Түркістан, Сайрам, Шымкент, Созақ шаһарлары босатылады. Сонымен бірге осы тұста Абылай Ташкентті де қазаққа қайта қаратқан еді» (national digital history).

Абылай хан 1781 жылы дүние салғаннан соң қазақтың жаулары қайта бас көтере бастайды. Бұхар хандығы мен Қоқан бектігі арасындағы Ұратөбе, Заамин, Жызақ, Шардара, Шыназ үшін болған соғыстан кейін Сырдария атырабы Сауранға дейін Бұхара әмірлігінің қол астына өтеді. Бұл жерде мынаны еске сақтау керек. Қоқан мемлекеті 1709 жылы пайда болғаннан бастап 1808 жылға дейін «Қоқан бектігі» делініп, оны басқарушылар «би» аталып келді. Қоқан бегі Әлім сол 1808 жылы мемлекетті «Қоқан хандығы», ал өзін енді бұдан былай қарай «хан» атауға жарлық берген. Ал оның алдында ғана Бұхара мемлекетінде хан болған Шаһ-Мұрат (1785-1800) өзін бұдан бұлай қарай «хан» демей «әмір» деуіне жарлық шығарып, Бұхар хандығы – «Бұхара әмірлігі» аталған еді. Енді осы екі хан туралы тарихтан азғана үзінді келтірейік. Тарих Қоқанның Әлім ханы туралы: «…народ не любил, называя его Алим-залим (Алим-тиран)…», «…во время похода против казахов Алим-хан, покинутый почти всеми, был убит заговорщиками (1809) в 7-8 километре от Коканда…» десе, Бұхара ханының жақсылығы туралы «…1785 г. оказавщий в престоле, Шах-Мурад отказался от ханского титула, заменив его званием эмира, но не изменил своих привычек и своего образа жизни. Он по прежнему тратил на себя по одной танга (20 копеек) в сутки, одевался в самое простое и ветхое платье, ел скудную пищу, походах ночевал под старой рваной палаткой, ни у кого из знати не бывал на пирах, не принимал ни от кого подарков…» деп айтады. Осындай қарапайым адамгершілігі мол әмір тұсында Түркістан аймағы Бұхараға бағынып тұрды. Бірақ тарих былай дейді: «…На севере Бухарского ханства город Ташкент был занят кокандцами, а в руках бухарского эмира Хайдара остался город Туркестан. Весною 1815 года кокандский Омар хан выступил в Ташкент, откуда послал на Туркестан войска под начальством своего ташкентского наместника. Город был взят внезапным ночным нападением, а наутро кокандские войска начали грабеж населения…» Осындай басып алушылық сол жылы Созақ өңіріне де келіп, 1864 жылы бұл жерді орыстар жаулап алғанға дейін Қоқан тепкісін көрді.

Орыстың бұл маңайды басып алатынын Қожа Ахмет Ясауи алдын ала 800 жыл бұрын білген екен. Оның мынадай ғазалы бар: «1281 жылы орыс келер, Түркістанның атырабын басып алар» (хижрада – 1281 жыл, мелодийде – 1864 жыл). Ақ орыстың тепкісі аздай, төңкеріспен қызыл орыс келіп, оның езгісіне шыдай алмаған Созақ өңірі «Аллаху» көтерілісін жасады. Талай боздақ қырылды. Ұжымдастыру саясатында талай жан туған елінен жыраққа кетті. Одан қала берді ГУЛАГ лагері, 1936-1938 жылғы кісенделген ел зиялылары, Ұлы Отан соғысында шейіт болғандар мен тылдағы қиыншылықтар Созақ өңірін айналып өтпеді.

 

ІІ. МЕНІҢ ЖАСТЫҒЫМ ӨТКЕН СЫРЛЫ СОЗАҚ

1965 жылы Созақ ауданы, «Шу» совхозында мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Кейбір үлкен мектептерде жоқ спорт залы, акт залы, сол кездегі жетістіктермен жабдықталған ондаған кабинеттері болды. Бәрі жаңа. Осындай тамаша мектепте екі жыл оқып, сегізінші сыныпты бітірген соң Жуантөбедегі мектепте оқуға тура келді. Себебі біздің мектеп сегізжылдық болатұғын. Ол жерге біздермен бірге көрші «Тасты» совхозының да «сегізді» бітірушілері барыпты. Бәріміз жиырма шақтымыз. Сынып біреу-ақ. Оған Жуантөбенің жергілікті оқушылары әрең сыйып отыр екен. Біз барған соң ертеңіне Шолаққорғаннан Әлтен ағай келіп бәрімізді аудан орталығына алып кетпекші болды. Бәріміз үрпиістік. Ағай бізді әбден айналдырды. Көнбеске шара жоқ. Осы Жуантөбедегі С. Сейфуллин мектебінде жиналыс болып, өз еркімізбен Шолаққорғанға баратын болып келісіп отырғанымызда, бақытты балалар анықталды. Сөйтсек оның бірі мен екенмін, себебі мен осы кезде-ақ Шу бойы мектептерінде атағы шыққан суретші едім. Мені мектептің қабырға газеттерінің бас редакторы сипатында алып қалды. Қуанышым қойныма сыймай отырғанымда тағы бір қуанышқа бөлендім. Ол менің немере ағам – Бекмұратты осы мектептің мықты спортшысы ретінде алып қалуы еді. Оның да аты тек Шу бойы емес, бүкіл Созақ өңіріне танымал еді. Сосын жақсы оқитын Күлшен деген қыз қалды. Сонымен жиырма шақты баладан үшеуміз іріктеліп, С. Сейфуллин мектебінің оқушысы атандық та шыға келдік. Ауыл жақын. Рахат. Бірақ қуанышым ұзаққа созылмады. Әлгі сыныптастардан қалып кеткеніме кейін әбден өкіндім.

Интернаттың ең шеткі бөлмесінде жататынмын. Бұл бөлмеде тұратындардың екеуі осы Жуантөбенің қойшысының балалары, үшіншісі – мен, ал төртіншісі – оныншы сыныпта оқытын өзіміздің «Шудың» баласы – Нақан еді. Жасы үлкен, менің Бекмұрат ағамдай мектепке екі жыл кеш барған ағамыз тұғын. Ол кезде жас айырмашылығы үш-төрт жас болса да бір сыныпта оқи беретін. Дәулігі өгіздей-өгіздей балалар, үлкендігі сиырдай-сиырдай қыздар болатұғын.

Оқу басталғалы бір айдай өте бастаған кез. Бөлменің кезекшілігі маған келіп, түс қайта сабақтан соң еңкейіп еден жуып жатыр едім, дәлізден өтіп бара жатқан екі қыздың біреуі майдалап туралған қағазды біздің бөлмеге шашып жіберіп өздері қашып кетті. Таныдым. Сегізіншіде оқитын Бубина, Нурина деген қыздар екен. Осы дәу қыздар өткенде ғана өздері келіп менімен танысқан. Олар айтқанды, «біз сенің ағаңның жақсы көретін қыздарымыз» деп. Өздері Алматының Қытай шекарасы жағынан көшіп келген, қымсынуды білмейтін ашық қыздар екен. Ал менің ағам биыл осы мектепті бітіріп кеткенді. Тіпті біреуі маған «қайным» деп, менің бүйірімді түрткіледі де. Мен де, «ооо, жеңеше!» дей салған едім. Енді міне саған жеңеше! Майда қағазды жинатып қойды. Олар тағы қайтып келді де, жуылған еден үстіне бес алты кесек топырақ тастап, тырқылдай күліп, қашып кетті. Менің жыным қозды, бірақ үндемедім. Мен еденді жуып болып еңкейіп есік алдына «тряпканы» төсеп жатыр едім. Дәлізден өтіп бара жатып, құйрық жақтан шұқып кетті. Мұнысы енді басынғандық! Ашудан қаным басыма шапты. Алдымдағы еден жуылған кір суы толы шелекті ала сала соңдарынан қуып бердім. Тұра қашты. Жетсем желкелеріне суды төңкермекшімін. Олардың бөлмелері дәліздің арғы шетінде еді. Сол қашқандарынан бөлмелеріне қойып кетті. Мен де желкелей жеттім соңдарынан. Сол барған бетте шелектегі тола кір суды бөлме ішіне шашып жібердім. Сөйтсем….. Сөйтсем бөлме ортасында стол қасында осы интернаттың бас тәрбиеші ағай тұр. Су соның үстіне барып сарылдай төгілді. Қу қыздар арғы кроваттың үстіне шығып кетіпті. Енді мен қашайын, ағай қусын. Мен де бездім. Шығар есік біз жақта еді. Үлкен есіктен бір шықсам Шуға дейін қашсам да жеткізбеспін деп келемін. Есіктің жеткізер түрі жоқ. Соңымнан ағай тапырақтап келеді. «Ұстаңдар анау бұзықты!» деген айқайын да естіп келемін. Алдыма қарап едім, сыртқы есіктен кіріп, біздің бөлмеге енген Нақан ағамды байқап қалдым. Содан мен де бөлмеге қойып кетіп аржағына бірақ шықтым. Нақан «не болды» дегенше ағай да кіріп келді. Нақан бір бұзықтықтың болғанын сезе қойды да, ағайдың алдын кес-кестеп, оны маған қарай жібермей қойды. Ағамыз бойы ұзын ірі еді. Тәрбиешіміз одан өте алмады.

Сонымен интернат бойынша шұғыл жиналыс болып, оқушылар тізіле тұрып, ортаға мені шығарып, сол кездегі интернат директоры ағайымыз менің жер-жебіріме жетіп, «кулиган, бұзық» деп, интернаттан қуып жіберді. Ертесіне мектепте ірі жиналыс болып, мектептен де қуылдым. Сүтке тиген мысықтай болып «Шуға» келдім. «Бұның не?!» деп, ұрысатын әке-шешем жоқ. Олардан ерте айырылған жетім едім. Ағамның қолында тұрамын. Екінші тоқсан басталғанша үйде жатып алдым. Үйдегілер мені де мектепті де кінәлай алмады. Анығына келсек екеуміздікі де дұрыс. Ал қыздарға не істейсің?… Үйдегілер бір күні маған «студент болу ойыңда бар ма?» деген еді. Әрине бар! Ол кезде екі ағам студент еді. Каникулда елге келгендегі әңгімелерінде ондағы қызықтардың майын тамызатын. Студент болу үшін мектеп бітіріп аттестат алу керек екені еске түсті. Екінші тоқсанның басында Шолаққорғанға бір өзім жол тарттым.

Шолаққорғанды бұрын кім көріпті. «Шу» совхозынан 350 шақырымдай, жердің түбі. Қазіргі тіке жол жоқ, «Тұз» арқылы айналма жол. Автобус қатынамайды, асфальт жол жоқ. Тек АН-2 ұшағы бар. Ол да Созақтан қайтады. Созақта қонақүй жоқ. Ешкімді танымасаң, ұшаққа ары қарай сыймасаң далада қаласың. Ал қазір қандай! Даңғырлаған асфальт жол. Тамаша! Міне өскен өңір деп осы Созақ өңірін айтса болады.

Сонымен Шолаққорғанда интернат-пансионда жатып, Ы. Алтынсарин атындағы мектептің тоғызыншы сыныбын бітіргенмін. Мұнда да талай қызық болған. Оларды жазсам бір кітап болады. Бұнда да мен суреттен талай із қалдырдым. Мейрамдарда транспоранттарды, «лозунгілерді» мен жазушы едім. Сабақты да жақсы оқыдым. Мектепте мені сынып жетекшіміз Таужан ағай, Әлтөре ағай, Әштай ағай, Бейсенбек ағай, Сәулембай ағайлар, Айша апай жақсы көруші еді. Интернат-пансионатта директорымыз Тастыбаев пен тәрбиешіміз Қайдакеш ағамыз әлі есімде. Бұл жерде мен бір бөлмеде қызылкөлдік Бағашаров Сабыржан, жуантөбелік Бәлкенов Темір, балдысулық Дәулет төртеуміз бір бөлмеде тұрдық. Интернатком оныншы сыныпта оқитын осы бөлмелесіміз Темір еді. Олар таңертең, мен түсқайта оқимын. Мені түске дейін ұйықтай бермесін деді ме, әлде менің сыныптасым Наханова Іңкәрге ғашықтығынан ба білмедім, интернатком Бәлкенов Темір маған абыройлы жұмыс «горнды» тапсырды. Сонымен амалсыздан таңғы жетіде тұрып алып горн шалып бүкіл пансионатты оятып жүретін болдым. Балалар менің онсыз да қиын есімімді атамай бәрі «горнист» дейтін болды. Осы пансионат жайлы кейініректе «Бірі кем дүние» атты сатиралық повесть жаздым…

Келесі жылы «Тасты» совхозындағы Абай атындағы мектеп онжылдық болды да мен сонда оқыдым. Менімен бірге сыныптасым марқұм Тұрғанбаев Едіге де барды. Шудың тоғызыншы-оныншының балдары Тастыда қайта жиналдық. 1968-1969 жылдардың естен кетпес қақаған суығын Тастының интернатында өткіздік. Қыстың бір айы бойы тек ғана тоғыз бен онның ер балалары оқыдық. Сынып ішінде «контрамарка» пеші бар. Математикадан ғана сабақ жүреді. Оны жүргізетін Ибжанов ағай. Тақтаның қасы суық. Сондықтан Ибжанов ағай формулаларды «контрамарка» пешіне айналдыра жазады, Біз де айналып жүріп оқып, дәптерімізге көшіреміз…

Сол жылы мал көп қырылды. Совхоздарда қу таяғын ұстап қалған шопандар да болды. Ол кезде ол жерде автобус деген атымен жоқ. Қысқы, көктемгі каникулда кузов үстінде жүк машинасымен Тастыдан Шуға кетіп бара жатқанда, таудай болып үйіліп жатқан малдардың өлекселерін көріп, жүрегіміз айнитын. Ақбөкендер де жататын. Ақбөкендерге ұшақпен келіп жем шашатын, пресс-шөп тастайтын…

Сырт қанша суық болса да интернат ішін Созақтың қасиетті сексеуілі жылытатын еді. Дүкендердегі арақтар мен шараптар қатып, сынып жатты. Енді 56 градустық спирт сатыла бастады. Біз, балалар таныстарымыз арқылы шарап сатып алатынбыз. Сосын ол кезде дүкендерге «перловая каша», «рисовая каша» деген консервілер келетін. Қатты суық біздердің қарындарымызды қатты ашырғандықтан интернат тамағына қоса жаңағы кашаларды алып, және түнде тоңбау үшін шарап ішетінбіз. Әрине бұнымызды интернат тәрбиешіне білдірген емеспіз. Сөйтіп бір күндері көктем де жадырай келген…

Ә, айтпақшы, Жуантөбедегі аға тәрбиеші ағаймен Шымкентте кездестім. Ол кезде мен енді жұмысқа араласа бастаған шағымда, облыстық мекемеде тексеруші қызметінде едім. Осы кемпіріме үйленер алдында бойдақтың әнін салып, ысқырып жүріп, аудандарды тексеруге іссапармен барушыем. Шолаққорғанға да барғанмын. Бір күні Шымкентке сол Шолаққорғаннан мекеме басшысы Қазыбеков Жарылқасын келіп қалды да, ресторандаттық. Содан көңіліміз көтеріңкі шыққаннан соң, ол: «Давай інім, жүр, мен сені бір сұлу қызбен таныстырайын» деді. Мен де: «Давай!» дедім. Екеуміз салып ұрып бір үйдің үшінші қабатындағы пәтерге кіріп бардық. Барсақ үй иесі жоқ екен. Жеңгеміз Жақаңды танып, қуанып бәйек болып, шай әкелді. Ауылды сұрап жатыр. Таныстарының аманшылығын біліп жатыр. Шай үстінде әлгі қыз келді. Ну, былайынша ничего! Жақаң айналасына білдірмей маған иек қақты. Мен иығымды қиқаңдаттым. «Пока, болады» дегенімді түсінгесін «спокойно» болды. Сөйтіп отырғанымызда үй иесі келді, даладан. Кіргеннен бірден таныдым. Аты да есімде. Бірақ ешкімге сыр білдірмедім. Үшеуміз бір шишаны тауысқан соң, мен «кетемізге» бастым. Себебі мені, әке-шешесі жоқ шын жетім болсам да, бір су болған киімі үшін интернаттан бездіріп жібергені қайта-қайта еске түсе беріп, енді бұларға тиіскім келіп отырғанымды байқадым. Жақаң түсінбейді, «осында қона салайық, бойдақсың, саған бәрі бір емес пе қайда болсаң да» деп, жатып алды. Мен енді шыдай алмай, тұрдым да, үйден шығып кеттім. Үйден алыстай бергенімде, қараңғыда екеуі соңымнан қуып жетті. «Қал» деп қанша жалынса да қалмадым. Тәрбиеші ағай ашуланды. Ауызынан жаман сөздер шықты. Менің енді қолым қыши бастады да, бірақ ертеңгі жұмысты ойлап, өзімді өзім әрең тежедім. Сосын бір өзім қараңғылықпен кетіп қалдым….

Уақыт өткен сайын Созақ өңірі көңіліме жақындай түседі. «Тау алыстаған сайын биіктей береді» дейтін қазақтың философиялық нақылияты қалай тауып айтылған десеңізші! Созақ өңірінде сол баяғы төрт мектепте бірге оқыған сыныптастармен бірге жүріп небір қызықтар өткізген шақтарды кейде оңашада еске аламын. Көңілдің ақ кептері қанатын сабалай, елге қарай ұшқысы-ақ келіп ентелейді-ай. Бірақ балалық шақтың бұлдырағанын бұлтсыз көңіл бағдарлайды да, сабасына түседі. Содан соң күрсіне «Ойхой шіркін, өтіп бара жатқан уақыт-ай» деп, бас шайқағаннан басқа не істерсің?!…

Әбдінағым КӨШЕР,

жазушы.

Шымкент. Қаңтар, 2018 жыл.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *