МҮСІНІН ЖАҚСЫЛЫҚТАН ҚҰЯ САЛҒАН

Тұлға
1 003 Views

Мен Әзімхан ағаны ауылымыз іргелес болғандықтан да сонау бала кезімнен танимын және бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып қатал уақыт сынағы қас-қабағына ақ қырау, жүзіне майда әжім өз өрнегін салса да көзіндегі мейірім нұры мен жылылықтың лебі ескен жайдары келбеті, көңіл сергектігі тіпті де өзгермей сол күйі сақталып қалғанына таң қаламын. Қашан көрсеңіз де жүрісі, қимылы ширақ, сонадайдан жадырай күліп, аңқылдаған ақ пейілімен жағдайыңды сұрайды.

Одан соң біз дағы: «Өзіңіз қалайсыз, денсаулығыңыз жақсы ма?» дейміз үйреншікті, жаттанды болған қалпымыздан танбай.

Ол кісі ешқашан да ұзақ сөйлемейді, жағдайын сұрасаң «Рахмет, айналайын, бәрі жақсы!» дейді де, уақыты аз екенін, шұғыл шаруамен айналысып жатқанын қысқа ғана қайырып, кете барады. Қашан көрсеңіз де осы. «Могикандардың» соңғы тұяғындай болып көрінетін осынау асыл жанға соңынан үнемі сүйсіне қарап қалам.

Сонда сексенінде де тауысылмайтын қандай шаруа, жан тыныштығы жақпай ма, зейнеткер адам демалып, денсаулығын күтпей ме дерсіз?

Жоқ, жұрт білетін Сайрам ауданының Құрметті азаматы Әзімхан қажы Қуанышбекұлының сонау жастайынан дамыл тауып, үйде жайбарақат жатқан уақыты тіпті болмаған сияқты. Өмірбаян жолдары да соны айғақтайтындай. Балалық балғын шағы Екінші дүниежүзілік соғыс пен одан кейінгі қирап, тұралаған елді қалпына келтіру кезеңімен тұспа-тұс келіп, жыртық иін, ашқұрсақ тіршілік кешеді. Ағасы Шадыман соғысқа кетіп қайтып оралмаған соң, үйдің бас көтерері ретінде жетпіске таяған әкесі Қуанышбек пен анасы Сәнтайдың, әпкелері Ұлбосын мен Үрзаданың, інісі Еламанның қамқоры болады, үй шаруасы мен колхоз тірлігіне ерте араласады.

«Қанша қиындық көрсек те ұнжырғамыз түсіп, боркемік болмадық, қайта қайрат-жігерімізді жинап, тағдыр тауқыметіне қарсы тұра білдік. Жаспыз деп еркелеген, сауық-сайран құрған кезіміз болмады. Қайтсек те тоқшылық пен жақсылық заманға жетеміз, ертеңгі тірлік кешегіден де сәнді, бүгінгіден де мәнді болса екен деген арман-жігермен өмір сүрдік» дейді Әзаға өткенді еске алып.

Өндірістен қол үзбей Шымкент ауыл шаруашылығы техникумында оқып, техник-механик мамандығын алып шыққан соң «Задарья» МТС-іне токарь болып жұмысқа орналасады. 1962 жылы бірнеше ұжымшарды біріктіру арқылы «Қайнарбұлақ» кеншары ашылғанда жаңа шаруашылықта бұрынғы мамандығы бойынша токарлық жұмысын жалғастырады. Кейіннен осы кеңшардың сол кездегі Ленин атындағы бөлімшесінде тракторшылар бригадасының бригадирі, бөлімше меңгерушісі, «Қайнарбұлақ» кеңшары директорының орынбасары қызметін атқарады.

Осы тұста Әзағаның өткенге шегініс жасап, айтқан мына бір әңгімесі бізді елең еткізді және кезінде елеусіз болған бұл жайттың бүгінде кімнің де болсын қызығушылығын тудыратыны анық.

«Сонау 1978 жылы «Қайнарбұлақ» кеңшарының Ленин бөлімшесін басқарып тұрғанымда Түлкібас ауданының Келтемашат ауылындағы Үрзада әпкемнің баласы Дархан бізге қарапайым жұмысшы болып еңбегін бастады. Бұл – жоғары оқу орнына даярланып жүрген кезі. «Болар бала он бесінде баспын дер» демекші, бүгінде Парламент Мәжілісінің депутаты, одан бұрын Мәдениет және ақпарат министрі лауазымына дейінгі жолдан өткен жиен інім Дархан Мыңбай сол кезде-ақ айнала­сына елеулі әсер қалдырып, келешегінен зор үміт күттіретінін байқататын. Өз балаларымның одан үйренгені мен алған өнегесі аз емес: өмір жолын таңдауда игі әсері етті. Дарханнан кейінгі тағы бір жиен інім Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы – бүкіл қазақ еліне танымал алаштанушы.

Негізі жездем Қамзабек пен әпкем Үрзаданың отбасында өмірге он бес перзент келіп, бақ қонған орда болды. Бұл шаңырақтан өрген өзге өрендер де осал емес. Алматыда абырой биігіне көтерілген метролог Әмірхан, Қаратаудың қатпар қазынасын қопарған инженер Нұрмахан, қара жұмыстан тайынбайтын электринженері Абылайхан, Бауман университетінде бағын сынаған машинажасау инженері Бархан – бәрі де ыстық. Әсіресе, өмірден ерте кеткен, қара шаңырақтың қуаты офицер-сақшы Ерханның орны айрықша еді»…

Мұнан соң Әзаға еліміз тәуелсіздік алып, шаруашылықты жүргізудің жаңа әдістері қолға алына бастаған 1996-2000 жылдар аралығында «Қанай» өндірістік кооперативін ашып, өтпелі кезеңнің қиындықтарына қайыспай қарсы тұра білген жанқиярлық еңбек жолына тоқталды. Нәтижесінде төгілген маңдай тер өзін ақтап жағдайлары жаман болған жоқ, 90 гектар аумаққа егілген бидайды толықтай ұжым мүшелеріне, туысқандарына, кембағал отбасыларына тегін таратып, алғысын алды. Астық құны шарықтап тұрған сол тұста 10 тонна бидайға айырбас ретінде 8 құлынды бие мен 1 айғыр алған кездері де болыпты. Кейін 2000 жылы зейнеткерлікке шыққанда кооперативке тиесілі жердің құжаттарын өзі шапқылап жүріп заңға сәйкестендіре реттеп, шаруашылықпен айналысуына барлық жағдайды жасап ағайындарына бөліп берді.Бұл айтуға оңай болғанымен, оңай шаруа емес еді…

Осы тұста Әзаға көршілес бұрынғы Ленин жолы көкөніс, жеміс-жидек кеңшары, кейіннен Бәйдібек өндірістік бірлестігі атанған ұжымды басқарып, облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы қызметіне ауысқан Тұрғанбек Жұмановтың көп көмек көрсеткенін ерекше ризашылықпен еске алып, биік адамгершілігімен, елге сіңірген еңбегімен, жақсы амалдарымен артына өлмес із қалдырған асыл ағасына, ол кісімен таныстырған сол бірлестіктің бұрынғы бас экономисі әрі сыныптасы Қабыл Мырзаевқа ыстық ықыласын білдірді.

Әзағаң көбіне жеке басының мүддесі үшін емес, халқым деп, сол жолдағы қиындықтармен күресіп келе жатқан қайсар қария. Ол кісінің зейнеткерлікке шыққаннан кейін де тыным таппай, ауыл тұрғындарының қамын ойлап, оларға жасаған қайырымды істерін санамаласақ саусақ жетпестей көп екен.

Соның елеулі деген бір-екеуіне тоқтап өтсек артық болмас. Сонау 2008 жылдары бұрынғы кеңшар орталығындағы учаскелік аурухана жабылып, 12 мыңға жуық халқы бар ауыл тұрғындары бас ауырып, балтыры сыздаса аудан орталығына қарай сабылатын жағдайға тап болады. Бұл мәселеге де Әзағаң араласып, бірнеше ай бойына тиісті мекемелердің бәрінің табалдырығын тоздыра сабылады. Ең соңыда облыс әкімінің орынбасары Уәлихан Қайназаровтың қабылдауында болып, ауыл халқының өтініші мен басқа да уәжді құжаттарды жайып салып, көмек беруді сұрайды. Облыстың медицина саласына жетекшілік ететін Уәлихан Анарбайұлы бұл мәселе жоғары орындар арқылы шешілетінін айтып, қолдан келген жәрдемін аямайтындығына уәде берген. Әйтеуір түпкі нәтижеде бәрі ойдағыдай болып, бұрынғы «Қайнарбұлақ» кеңшарының орталығы «Советское» ауылындағы үлкен аурухана қайта қалпына келтірілген. Сонда қуаныштан Әзағаның көзіне жас үйірілген дейді көргендер…

Өзі туып-өскен Көмешбұлақ ауылындағы мазарат аумағының тарылып, орын тапшылығы сезіле бастағаны көптен көңілін алаңдатып жүрген еді. Осыған орай «Қайнар» өндірістік кооперативінің басшыларымен ұзақ уақыт келіссөз жүргізудің арқасында жаңадан 10 гектар жер бөлдіріп, үлкен сауап іске – әруақтар алдындағы тірілердің парызын өтеуге қол жеткізді.

Бұдан бөлек ауыл тұрғындарының бау-бақшалығын, үйіргелік жеріндегі түрлі дақылдарын суаруға ағын су жеткізу көптің арманы ғана болып, шамасы келгендер қуаты күшті насостар арқылы терең шыңыраудағы жер асты суларын пайдаланып келген еді. Бұл түйінді шешуге де Әзағаң араласты. Он жылдан астам бұрын бастауы бітеліп жолы жабылған, іші күл-қоқысқа толған ескі каналды қайта іске қосуға батыл кірісіп, ауыл тұрғындарын тайлы-тұяғына дейін қалдырмай асарға жұмылдырды, бірнеше К-700 экскаваторын жалдап, тазалауы қиын тұстардың жұмысына қосты. Нәтижесінде 3 мың метрден аса канал жолы ашылды. Сумен ұдайы қамтамасыз ететін мекемеге тиісті салығын төлеп, канал бойына 9 жерден көпір салдырды және осы жұмыстың бәрі де өз қаражаты есебінен орындалды. Осылайша ауылға қайта су келіп, жұрт мәре-сәре қуанышқа, ал Әзаға алғысқа бөленді.

Мүсінін жақсылықтан құя салған, іздегені ізгілік, көксегені кісілік болған Әзағамыз осының бәрін байлығының тасып бара жатқанынан емес, азаматтығының ірілігінен істеді. «Ерім деген ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын?» демекші, өзінен бұрын өзгенің жайын ойлап, халқына қызмет көрсетіп жүрген өрелі істеріне қарай Әзаға да құрметтен кенде емес. Кеудесінде бірнеше медалі жарқыраған, Мекке-Мәдинаға барып қажылық парызын өтеп қайтқан ауыл ардақтысы Сайрам ауданының Құрметті азаматы атағына ие. Кезінде «Қайнарбұлақ» кеңшарына Қараман Нұрлыбеков пен Оразәлі Омаров директор болған тұста «Жигули», ал Әбутәліп Тілеубергенов басқарған шақта «Нива» автокөліктерін сыйға алыпты.

«Қартың – қазынаң», «Қариясы бар ел – сарқылмас дариясы бар ел» деген. Небір қилы да қызықты кезеңдерді бастан өткізген кейіпкеріміздің қарбалас тірліктен қалт етіп қолы босаған тұста өмірден көрген түйгендерін жүректен өткізе, талғам таразысымен сүзе отырып жыр маржанына айналдыратын өнері тағы бар. Сондай өлеңдерінің бірі қазақтың біртуар ұлы Дінмұхамед Қонаевқа арналыпты.

 

Өркендеді елімнің бағы жанып,

Ұмытпайды есіміңді барша халық.

Димаш аға, өзіңдей дара тұлға,

Мың жылда да өмірге келмесі анық! –

деп түйіндейді Әзаға ерен ерге арнаған толғау тектес ұзақ өлеңін.

«Маған ол кісімен екі рет дидарласудың бақыты бұйырды. Кезінде біздің совхозға екі мәрте келген сапарында қарапайым еңбек адамдары комбайншылармен, шопандармен, механизаторлармен кездесіп еді. Әрқайсысының жанына барып, отбасындағы жағдаймен танысты, үйінде қанша малы барына дейін қызыға сұрап жатты. Яғни ол кісі қарапайым жұрттың тыныс-тіршілігіне қатты мән беретінін аңғартты. Бұған жұртшылық аса риза болды. Кейін Димекеңмен кездесіп, дидарласқан төбені жұрт “Қонайтөбе” деп атап кетті. Ол жер біздің ауылдың Ошақты елді мекеніне бұрыла беріс тұсында тұр, әлі де солай аталады. Менің осындай алып адамға, өмірін халыққа қызмет етуге арнаған, халықтың шын мәніндегі арқасүйері болған биік тұлғаға арнап жазған өлеңім жергілікті газеттерде басылды», – дейді Әзаға сол бір естен кетпес елеулі сәтті ерекше әсермен еске алып.

Халықтың қалауымен, ауыл ақсақалдарының ақ батасының тілеуімен Қасымбек датқа ауылының биі болып сайлануы дағы ауыл ардақтысына деген көпшіліктің сенімі мен үлкен құрметі болса керек.

Осыдан біраз жыл бұрын өмірлік жары Жайнаштың мәңгілік мекеніне сәл ертерек аттанып кеткені көңілге мұң ұялатқаны болмаса, екеуі мәпелеп өсірген 4 ұл, 6 қыздың барлығының да жоғары білім алып, өмірден өз орындарын табуына ұйытқы болды және де олардан 29 немере, 9 шөбере сүйіп, қызығына кенеліп отырғанына шүкіршілік етеді.

Саналы ғұмырындағы осындай ғибратты еңбек жолы мен жұртшылықтың ақ алғысымен өрілген қайырымды істері – азаматтық пен адамгершілік парызға адалдықтың, ізгілік пен қарапайымдылықтың, халық қамы мен мүддесі үшін шынайы жанашырлықтың жарқын көрінісі екендігін ризашылықпен, асқақ сезіммен айта отырып елі сүйген асыл азаматқа ұзақ та бақытты ғұмыр тілейміз.

Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *