ПАШИМОВ – ПАНДЕМИЯ ДӘРІГЕРІ

Денсаулық
919 Views

Дүниені дүр сілкіндірген covid-19 вирусы дәл қазір жер бетінде 250миллионнан аса адамды шарпып үлгеріпті. Соның 5 миллионы көз жұмған депкөрсетілген. Соңғы статистикаға қарап, тағы бір көз жеткізгеніміз, сонауқиырдағы ең кіші мемлекет Ватикан мен Соломон аралдарына дейін пандемияқұрығына ілінген. Бір жарым жыл ішінде әлемнің 215 мемлекетінен коронавирус табылды.

Естеріңізде болса, Қазақстанға ең алғаш коронавирус індеті Германиядан ұшып келген екі жолаушы арқылы келген. Денсаулық сақтау министрі артынша шұғыл брифинг өткізіп, елдегі эпидахуалдың алдын-алу қажеттігін айтып, ескерту жасаған еді. Содан кейін жағдай күрделене түсті. Қала, ауыл бірі қалмай жаппай карантинге жабылды. Бастапқыда дәрі-дәрмек, маска тапшы болып, халық әбігерге түскенмен, өлім-жітім аз еді. Алайда карантин мерзімі бітіп, жұрт қайтадан қоғамдық ортаға оралғанда, керісінше жағдай ушығып кетті. Дертке шалдыққандар саны кенет күрт артты. Тіпті үміт күткен дәрігерлеріміздің өзінен қапелімде айрылып қалып жаттық. Міне, осы хаос кезде қалың жұрттың жанынан табылып, бар білімі мен біліктілігін елге жұмсаған дәрігерлердің шын ерлігі мен еңбегін айтып өтудің, бағасын берудің сәті енді туғандай.

Біздің басты кейіпкеріміз – Марат Пашимов. Марат Орынбасарұлы 2020 жылдың сәуірінде ел карантинге жабылғанда Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы болып тағайындалды. Қазақстан түгілі әлем демін ішінен алып, ғалам не боларын білмей абдырап тұрды-ау. Денсаулық министрінің өзі қандай болжам айтарын білмей дағдарды. Осындай сын сағатта облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев сенім білдіріп, таңдау Маратқа түссе, демек оңай кадр болмағаны да… Марат бұған дейін облыстық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарып жүрген. Біліктілігін ел мойындайтын, әрі дәрігер ретінде құрмет тұтатын. Мұндай дәрігердің есімі қашанда ел аузында жүреді. Маратқа тек облыс басшысы емес, ел сенді. Сол нық сенімі шығар, Мәкең елдің есін жиғызып, республика бойынша көштің ілгерісі атанып, Түркістанды «жасыл аймаққа» шығарған бірден-бір жалғыз басшы. Марат Орынбасарұлының халықтың нағыз адал дәрігері екенін оның шиеленіскен ситуацияда оңтайлы шешім қабылдайтын, ұжымды ақылмен басқарып, науқасты қалайда аман алып шығудың жолында жанын салатын қасиетінен аңғаруға болар. Әрі дарынды дәрігер ретінде танылып, әрі  саланы жүйелі басқару қабілеті екінің бірінен табыла бермейді. Марат бұл ретте қарымды екенін көрсетті. Өз ортасына ғана емес, ел ішінде беделге ие болды. Бір сөзбен айтқанда, ол «пандемия дәрігері» атанды.

Жалпы адамзат тарихы бұған дейін сан түрлі пандемияны бастан өткерген ғой.  Ең алғашқы вакцина 1920 жылдары шыққанға дейін атынан ат үркетін оба, тырысқақ, шешек аурулары шартарапты шарлап, мың миллион тағдырларды жалмады емес пе?! Әсіресе, 100 миллионға жуық халық баудай түсіп, қынадай қырылған ең үлкен ғаламдық эпидемиялық жұт «Испан тұмауы». Аңдасаңыз, әр ғасырда әрқандай кесел тудыратын осындай таңдай қақтырар оқиғалар болып тұрады екен. Ал, мынау ХХІ ғасырда ғылым мен медицинаның озық үлгілері дамыды десек те, тәжді вирус алқымнан алып, шара таппай қалғанда ел үшін шырылдап қызмет еткен дәрігерлердің еңбегі – баға жетпес ерлікпен тең.

Бір қызығы, медицинада «пандемия дәрігері» деген атау бұдан он бес ғасыр бұрынғы эпидемияның кезінде пайда болған. Әр дерттің дауасын табатын дәрігер қай кезеңде де туған. Олар сол құндылығы арқылы өз дәуірінің кітабына алтын әріптермен жазылып қалған тұлғалары еді. Мәкең – Марат Пашимов та қиын-қыстау кезеңде халықты тығырықтан сан соқтырмай алып шыққан белді тұлға, антына адал дәрігер, кәсіби озық ойлы басшы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы «тәжді вирустың» бастапқы толқынында-ақ алдымен дәрігерлерге үндеу жасады.  Президент: «Бұл күндері денсаулық сақтау қызметкерлеріне үлкен салмақ түседі. Олардың кәсібилігі мен адами қарым-қатынасына көп нәрсе байланысты. Біздің дәрігерлер еліміз үшін қиын кезеңді абыроймен өткеріп, қазақстандықтардың денсаулығын сақтау үшін қолдан келгенін аянып қалмауы керек», – деген болатын.  Мараттың адами қарым-қатынасы – биік пайым-парасаттан тұрады, айналасына адамдығымен үлгі екенін дос-жарандары, өскен ортасы, ұжымы, тіпті алдына келген қарапайым халық риясыз растайды.

Бүгінде жер беті коронавирус инфекциясымен әлі күресіп келеді. Дегенмен 2020 жылғы дүрбелеңдей емес, вирусқа қарсы екпе қолданысқа енгелі биыл дертке шалдығушылар қайда азайған… Түркістан облысы да эпидтолқыннан кейін бір қалыпқа түсті. Өзге өңірлерде індет өршіп тұрғанда, Түркістан ауру көрсеткіші  жағынан жасыл аймақта болды. Мұның ақиқатында, күн-түн демей қалтқысыз жүгірген, үн қатқан, пациенттерге жылы сөзі мен емін аямаған ақ халаттылар қауымы, солардың қажымас қайраты, сонан соң Мараттай басшының өз қызметін ұршықта иірген энтузиазмға толы құлшынысы жатыр.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы тағайындаған кадрдың бірі Марат Пашимов болса, ол сенім үдесінен шықты. Иә, сын сәттерде жерге қаратқан жоқ. Мойнына жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқарып келеді. Мейлі дәрігер ретінде, мейлі басшы ретінде болсын жан-жақты тәжірибесін, ұшқырлығын дәріптеусіз-ақ дәлелдеп берді.

Марат Орынбасарұлы алдымен ауруханалардың жағдайын ретке келтірді. Дереу қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуын қамтамасыз етті. Ең бастысы стационарларға  келетін  науқастардың азаюы үшін белсене жұмыс істеді.  Маман тапшылығын болдырмау мақсатында жастарды да, өтілі жоғары дәрігерлерді тартты, ынталандырды.

Бұл сөзімізге облыста кесел тарағаннан бастап короновирус инфекциясының статистикасы дәлел. Әр аймақта вируспен ауырып, көз жұмып жатқандар аз болмады. Ал Түркістан облысында індеттің ілмегіне 15 267 адам ілікті. Дәрігерлердің табанды еңбегі арқасында 14812 науқас жазылып шыққан болатын.

Жасыл аймақта болса да, Марат Орынбасарұлы аурудың алдын алу мақсатында сақтық  шараларын бәсеңдеткен емес. Жайбараттық дегенге жаны қас. Облыс бойынша 930 инфекциялық және 300 карантиндік, 92 реанимациялық төсек-орын  ұйымдастырды.

Бүгінде  саналы ғұмырын медицинаға арнаған Марат Пашимовты  білмейтін адам кемде-кем. Еңбек жолын кардиоорталықта медаға болып бастаған маман медицина саласын жаңғақша шағады. Тындырымдылығы мен ізденімпаздығы оны үлкен жетістіктерге жетеледі. Облыстық клиникалық ауруханасында дәрігер-анестезиолог, реанимация бөлімінің меңгерушісі, телемедицина меңгерушісі болды. Осыдан кейін Марат Орынбасарұлының жаңа тынысы ашылғандай болды. Оған бас дәрігердің ұйымдастыру-әдістемелік және ТЖ жөніндегі орынбасары  қызметі ұсынылды. Сөйтіп 2015 – 2017 жылдары №3 Шымкент қалалық емханасының бас дәрігері болып  қызмет етті.

Бәрін айт та, бірін айт Марат Орынбасарұлы  қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының  жұмысын ғана жолға қойған жоқ. Індетті ауыздықтауда алдыңғы шепте жүрген медицина мамандарының еңбегін де жоғары бағалады. Атап айтқанда, 2020 жылы 43 306 медициналық қызметкерге айлық ақыларынан бөлек, 8,4 млрд.теңге үстемақы төленді. Ал биыл қаңтар-қыркүйек айларында 48 949 дәрігер мен мейірбикеге 10,8 млрд. теңге  үстемеақы  берілді.

Әлемді әлекке түсірген кеселді жою  мақсатында әртүрлі сценарийге  байланысты төсек саны 5 610-ға дейін ұлғайтылған. Марат Пашимовтың айтуынша, облыс бойынша КВИ індетіне 1 046 130 адамға екпе салу жоспарланған. Айта кетерлігі, вакцина алу жағынан да Түркістан облысы көш басында тұр.

Біраз жүгіріс, тынымсыз еңбектің арқасында өңіріміздің денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясындағы біршама шаруалар қолға алынды. Атап айтқанда 17 фельдшерлік акушерлік пунктті іске қосу бойынша  біршама жұмыстар атқарылды.

Өңірдегі  туу көрсеткіші  бойынша оңтүстік алда келеді. Алайда жолдың шалғайлығынан мәселелер де жоқ емес.  145-240 шақырым шалғай аудандардан аяғы ауыр  әйелдерді облыс орталығына жеткізу де оңай емес. Жол алыстығының қиындығын  көрмесін  деп 2017 жылы Сарыағаш аудандық ауруханасының құрамынан  240 төсек-орынға арналған перзентхана салуға шешім қабылданған еді. Алайда әзірленген жобада инфрақұрылым жағынан біршама проблемалар  кедергі келтірді. Электр қуатына қосылу  нүктесі 5 шақырым қашықтықта орналасқан. Сондай-ақ болашақ перинаталды орталық салынатын аумақта кәріз жүйесіне жер телімі мүлдем қарастырылмаса да жұмыс тоқтатқан жоқ. Әрі қарай қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының  материалдық-техникалық жарақтандырылуына білек сыбана  кірісті. 2020 жылы жалпы трансферт есебінен 2,5 млрд. теңгенің шашауын шығармады. Қажетті  205 дана медициналық техника сатып алынды. Құрал-жабдықтар бірінші кезекте ана мен бала, жансақтау, ота жасау қызметін күшейтуге жұмсалды. Сөйтіп жыл соңында жарақтандыру деңгейі 80,77 пайызға жетті.

Ал, 2021 жылы анестезиология және реанимация бөлімшелерін жарақтандыру мақсатында барлығы 392 дана медициналық құрал-сайман  алу жоспарланды. Оның ішінде 93 инфузиялық дәрі-дәрмектер өлшеп беретін тексеру құрылғысы, 103 шприц сорғысы, 180 пациент мониторы, терапияда қолданылатын 15 бифокальды резонастық виброакустикалық жабдық, экспорттық үлгідегі 1 УЗИ аппараты, ана мен бала бөліміне 87 дана медициналық техника, одан бөлек, Ордабасы, Бәйдібек аудандарына КТ аппараты және офтольмология бойынша 2 дана операцияға арналған микроскоп сатып алу бойынша келісімшарт жасалды. Мұның бәрі Пашимовтың іскерлігінің арқасында жүзеге асуда.

Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты медициналық ұйымдарда барлығы 24 058 маман  жұмыс істейді. Оның 5 380-і – дәрігер, 18 678-і – орта буын қызметкерлер. Тағы бір түйткілді мәселе, өңірде маман тапшылығы сезіледі. Қалаға 67, ауылға 135 медицина маманы жетіспейді.

Түрленген Түркістандағы медицина саласында елең еткізер жаңалық көп. Биыл қазан айында Түркістан қаласындағы 200 төсек-орынға арналған тез құрылатын модульдік көпбейінді аурухананың пайдалануға берілуі ақжолтай хабардың бірі болды. Бұдан бөлек, облыс орталығындағы 570 төсектік көпсалалы аурухананың құрылысы жүргізілуде. Кешенді орталық 2022 жылы ел игілігіне берілмек. Сонымен қатар,  жедел медициналық көмек стансасының, 190 төсек орындық балалар ауруханасының, Ана мен бала орталығының ғимараттары бой көтеруде. Олардың көпшілігі келесі жылы пайдалануға беріледі.

Сүрінгенге сүйеніш, құлағанға таяныш болып жүретін Марат Пошимовтің еңбегіосындай. Салмақты саланың тізгінін ұстап, тіршілікке нәр берген  медицина ғылымдары кандидатының дәрежесіқашанда биік.

Қуанышбек БОТАБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *