ҚАЗАҚ НЕГЕ КӨТЕРІЛДІ?

Қоғам
749 Views

Әлем назары – Қазақстанда. Жыл жаңарған тұста Жаңаөзеннен басталған наразылық бүкіл Қазақ елін дүр сілкіндірді. Бір-ақ сәтте байтақ елдіңбарлық облысына таралған наразылық шеруінің соңы күтпеген жерден қақтығыс пенқан төгуге, билікті төңкеріп, елді басып алуға дейін жете жаздады.

Иә, күні кеше елде орын алған жағдай әрбіріміздің жанымызға батты. Дегенмен бейбіт деп басталған шерудің соңы сорақы сойқан мен қатігез қылмысқа ұласып кеткені бөлек мәселе. Әу бастағы әңгіме – елдің әлеуметтік ахуалы болатын: қымбатшылық пен шарасыздық қысқан қазақтың шеруге шыққаннан басқа амалы қалмады. Яғни бұл күтпеген жерден орын алған толқу деуге болмайды. Елде түбі бір осындай дүмпу болары анық еді. Себебі «сыздауық» жарылды!

ХАЛЫҚТЫ ҚАН ҚАҚСАТҚАН ҚЫМБАТШЫЛЫҚ

Қаңтардың қақаған суығында қазақты қара шаңырағынан шығарып, алаңға жетелеген қандай себеп? Қай жерде де басты мәселе қымбатшылық деп айтылғанмен, қоғам наразылығының түпкі себебі бұл ғана емес. Шынтуайтына келгенде, елдегі жылдар бойы жалғасып келе жатқан әділетсіздік, жемқорлық, жауапсыздық, немқұрайдылық секілді әбден қалыптасып қалған, тіпті жүйенің қанына сіңіп кеткен, елге қайыры жоқ, халықты қайыршыға айналдырып жібере жаздаған жағдайлар төзімді тауысты. Күрт көтерілген газ бағасы іріп-шіріген қоғамның іште шемен болып қатып, жылдар бойы жиналып, сыздап жатқан жан жарасының өзегін тырнап кетті.

Қымбатшылыққа кім кінәлі? Халықтың ашуы сең секілді – жолындағыны түгел жайпап кететінін көрген билік селт етіп ұйқысынан оянып, кінәліні іздеп кетті. Сөйтіп Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытының бас директоры бағаны негізсіз көтерген деп жариялады. Онымен қоса «бағаны көтеру бойынша өзара келісім жасасқан» деп бірнеше кәсіпкерді жауапқа тартып жатыр. Сонда Қаржы  мониторингі мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі дейін қайда қараған? Бағаның көтерілуі және бұл құбылыстың ұдайы да үздіксіз жалғасып келе жатқаны кеше немесе бүгін емес еді ғой. Шындығына келгенде, елде қымбаттамаған нәрсе қалмады. Әр тоқсан мен жыл басында тауар құнының өсуі әлдеқашан дағдыға айналып кеткен. Сосын Қазақстанда тауар құнын міндетті түрде өсіретін тағы бір себеп бар: жалақы мен жәрдемақының өсуі. Бірақ, неге екені белгісіз, Қаржы мониторингі мұны елемейді, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі байқамайды. Бағаның негізсіз өсуін қадағаламағаны үшін бұл агенттік басшылары жауапқа тартылған жоқ. Қыспаққа алған қымбатшылыққа тосқауыл қою солардың жауапкершілігі болатын. Тиісінше, жауапқа ең алдымен солар тартылуы керек еді.

ТІЗЕРЛЕП КЕШІРІМ СҰРАУЫ ТИІС

Егер осы жағдай Жапонияда орын алғанда, жауапты шенділер халық алдында бас иіп кешірім сұрайтын еді. Жапония елінің патшасы жер сілкінісі болған кезде табиғат апатынан зардап шегіп, жақынынан айрылғандардың алдында тізерлеп кешірім сұрап тұрған суретін бәріміз көрдік. Орынбасарының жаңылыс айтқан сөзі үшін онда ұлттық жер, инфрақұрылым, транспорт және туризм министрі Кэйити Исии халық пен биліктен бас иіп, кешірім сұрады. Елімнен биік, халқымнан жоғары емеспін дегенді білдіретін мұндай құрмет, бірақ біздің халыққа бұйырмаған: Үкіметке тән емес.

Үкімет демекші, тізіп көрсек біздің Үкімет мүшелерінің халық алдында тізерлеп тұрып кешірім сұрауға тиіс жайттары аз емес. 2019 жылдың жазында Арыстағы әскери қоймада болған жойқын жарылыс, одан көп ұзамай Тараз маңындағы тап осындай жағдай ел есінен шыққан жоқ. Қай-қайсысында да адамынан айырылып, бірі – баласын, бірі – әкесін жоқтаған қазақ зар еңіреп қалды. Шығын мөлшері де аз емес: Арыстағы жағдайда 20 миллиардты айтпай-ақ қояйық, кейінгісінде бейбіт күнде 17 адамның қаза болуы қайтсе де ақтап алуға келмейтін жағдай. Десек те Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев алғашқы жағдайда «Кешірім сұрайтын жағдайды көріп тұрған жоқпын» десе, кейінгісінде… жай ғана отставкаға кетті. Миллиардтаған шығын мен ондаған адам қазасы, түптеп келгенде, тап осы министр басымен жауап беретін жағдай болатын. Бірақ Н. Ермекбаев жауапқа тартылған жоқ. Бар болғаны орынтағына орынбасарын отырғызып, өзі басқа қызметке тағайындалып кете барды.

ҚУАҢШЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ ШАРА КӨРМЕДІ

Қаңтардың қақаған суығында қазақты қара шаңырағынан шығарып, алаңға жетелеген жайттың тағы бірі – қуаңшылық қысқанда шырылдаған шаруаларға мойын бұрмаған Үкіметтің жауапсыздығы. Маңғыстау мен Қызылордада қырылған малға бүкіл ел куә. Талғажау етер азық таппай, картон қағазды теріп жеп жүрген түйе, терісі сүйегіне жабысып, жол бойы теңкиіп өліп жатқан жылқы жайы бар қазақтың жанына батты. Жергілікті әкімдер мен Ауылшаруашылық министрінің «Салдары – қуаңшылық» деген жайбарақат жауабы зығырданды қайнатты. Алыстағы ағайынның жанайқайын естігенде қарап жата алмай, жұртты жұмылдырған Оңтүстіктің бір қара баласы сонда бүтін бір министрлік жүгін атқарды: халықты қуаңшылықтан зардап шеккен аймақтағы ағайынға жәрдем беруге шақырды. Ал министрлік бұл кезде – ұйқыда. Министр болса, әдеттегідей, отставкамен құтылды.

Батыстағы малдың қырылуына тікелей Ауылшаруашылығы министрі Сапархан Омаров кінәлі! Ол басқарған министрлік осы мәселенің алдын алуы тиіс еді. Жыл сайын қар аз, көктем жауынсыз болып жатқанын ескерткен шаруалар қуаңшылық болуы мүмкін екенін айтудай-ақ айтты. Еститін Үкімет болсайшы! Жан бағып отырған малынан айырылған халықтың шығынын өтеу мәселесіне келгенде де «соқыр, мылқау, танымас тірі жанды» кейіпке енген Үкіметтің бұл әрекетін ақтау еш мүмкін емес.

Жадағы картоп дауы тіпті сорақы: өзіміздегіні шет елге арзанға сатып жіберіп, тапшылық алқымнан алғанда 28 мың тонна картопты екі есе қымбат бағаға сатып алдық. Бұл жылына 4 миллион тонна картоп өндіретін ел үшін өте ұят тірлік болды. Мұндай масқарадан кейін министр халықтан тізерлеп тұрып кешірім сұраса жарасатын еді. Жалпы, осы жағдайда Ауыл шаруашылығы министрін жауапқа тарту – дау тудырмас шара болса дағы, оның мұртын балта шапқан жоқ. Біздегі министрлердің мұртын балта шаппайды: отставкаға кетеді де, көп ұзамай басқа қызметке тағайындалып, тайраңдап жүре береді. Қазақ қоғамының ішіндегі сыздап тұрған жараның өзегін тырнаған жайдың бірі осы.

ЖҮРЕКТЕН ӨШПЕГЕН ТАҒЫ БІР ЖАРА – БЕС БАЛА

Тірідей өртеніп кеткен бір үйдің бес баласы – бес періштенің қайғысы да көңілде көмескі тартқанмен, ойдан кеткен жоқ әлі. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бүкіл елдің жүрегін қан жылатқан аса ауыр қайғылы бұл оқиғаның артында үйсіз халықтың күйсіз жағдайы жатыр. Бес баласын сүйретіп пәтерден пәтерге көшіп жүрген тап ондай отбасы арамызда әлі де көп екені даусыз. Бірақ құрылыс қаншалықты қарқынды жүріп жатса да баспанаға қол жеткізуге әр қазақтың жағдайы келе бермейді: баға шарықтап тұр. Бағаның күрт көтерілуі зейнетақы қорындағы қаржы арқылы баспанаға қол жеткізу тетігі іске қосылғаннан кейін басталды. Сөйтіп 23,7%-ға дейін көтерілді. Қазір Қазақстанда тұрғын үйдің әр шаршы метрі 339,9 мың теңге. Ал енді мынаны қараңыз: бір шаршы метр үшін 340 мың теңгенің тек 125 мыңы ғана құрылыстың өзіне кетеді екен. Қалған 200 мыңнан астам теңге басқарушы компанияның шығыстарына кетеді. Тәбет жаман емес! Жылайтын, қиналатын, қынжылатын – тағы да халық.

Біздің халықта жиі өтірік айтатын адамды суайт дейді. Суайттарды ел сүймейді. Соңғы кездері ел тағдыры – бүкіл Қазақстанның бүгіні мен болашағына жауапты Үкіметтен осы «суайттық мінез» байқалып жүр. Әсіресе халықтың жалақысына келгенде  өтірігі құлпырып кетеді: ең төменгі айлық есептік көрсеткіш және орташа жалақы мөлшері деген түсінік бар. Ұлттық статистика бюросы 2021 жылдың үшінші тоқсанында елдегі орташа жалақы мөлшері 243.667 теңгені құрады деп мәлімдеді. Көз көрген және сөзге тартқан қай адамнан сұрасақ та біз мұндай жалақы туралы естімедік. Өзіміздің есепке салып, көзіміз жеткені, жалпақ жұрт 60-70 мың теңгеге жан бағып жүр. Үкіметтің орташа дегені ел ішіндегі қарапайым халық үшін санаулы ғана адам алатын жоғары жалақы саналады.

Зейнетақы қорындағы қаржыны қажетке жұмсау мәселесінде де Үкімет халықты жас баладай ақымақ еткені күні кеше: жылдар бойы жинағанын баспана алуға жұмсай бастағанда шектік мөлшерді екі есеге дейін көтеріп жіберді. Әне-міне баспана аламын деп қуанған жұрт сан соқты да қалды.

Пандемия кезіндегі ойбайдың орны әлі қаны тамшылап, жарасы жазылмай тұрған мәселе. Оқушылардың онлайн оқуын еске алыңызшы. «Қазақстанның 117 қаласы, барлық аудан, ауылдарында кең жолақты, жылдам технологиялы интернет қолжетімді» деп жар салып жүрген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өтірігі бір-ақ сәтте әшкере болды. Оқушылар «мылқау» телефонын көтеріп қыр асып кетті. Осы кезде Қазақстанда 379 елдімекенде телефон да, интернет те жоқ екені белгілі болды. Сонда оған бөлінген қыруар қаржы қайда? Кімнің қалтасына кетті? Министрлікте үн жоқ, жауапқа тартылған адам болмады. «Халқын сыйлайтын елдің патшасы халық алдында құлдай жорғалайды» деген сөз бар. Әттең, жемқорлық жайлаған билік мұны керісінше түсінетін сияқты.

ХАЛЫҚТЫ ҚОЛДАН ҚЫРДЫ ЕМЕС ПЕ?

Дәрі-дәрмек мәселесі де жүректе қалған қыжылдың бірі. Ауру нағыз өршіген тұста дәріханадан дым дәрі таппай сандалып, сенделіп кеткен күндердің көңілдегі сызаты әлі кеткен жоқ. Жан үшін жанұшырған жұрт керегін бірнеше есе бағасына қолдан – алыпсатарлардан алуға мәжбүр болды. Дертті болып дауа іздеген жұртқа жәрдем қолын созатын дәрігерлердің өзі қорғаныш киімдерінің жеткіліксіздігінен жаппай ауруға ұшырады. Өкінішке қарай, отандық медицина сол тұстарда бірталай білікті дәрігерлерінен айырылды. Ел тынысы тарылып, аурумен алысып, қынадай қырылып жатқанда СҚ «Фармация» бар дәріні қоймасына жасырып қойып, жайбарақат қарап отырды. Мұны ел халқына жасалған ауыр қылмыс, қасақана жасалған қастандық деуге болады. Бір жұтым ауаға зар болып көз жұмған қанша адамның көз жасына қалған аталмыш компания басшылығы, бірақ, ақталып шықты. Ол да халықтан кешірім сұраған жоқ. Осындай бассыздықтарға жол беріп қойып, орынтағында алаңсыз отырған Үкіметбасы А. Мамин де ләм-мим деп жақ ашқан жоқ. Қазақтың Үкіметі өз алдына, халқы бөлек – өз алдына өмір сүріп жатқандай.

Біздің байтақ елде 19 миллион тұрғын бар. Құдайға шүкір, халық өсімі жағынан Қазақстан өткен 2020 мен 2021 жылдары нағыз төңкеріс жасады. Өткен жылы елімізде 100,5 мың бала дүниеге келді. Айналасы 5-6 жылда осы бүлдіршіндер оқушы атанады. Өткен жылдың қыркүйегінде елімізде 3,4 миллион жас өскін мектеп табалдырығын аттады. Бала саны көбейді, нақтырақ айтсақ, қазақтың қатары артып келеді деп бөркімізді аспанға аттық-ау. Алақайлаған сезім мың бала оқитын мектепте 4 мың бүлдіршін қысылып-қымтырылып, кейбірі тіпті үш ауысыммен оқып жатқанын естігенде су сепкендей басылды. Елде жыл сайын шамамен 60 мың адам оқу орнын тәмамдайды. Олардың үштен екісі жұмыссыз. Қазақстанда жұмыс табу мен орналасу үшін де таныс пен ақша керек екені қазір ешкімге жасырын емес. Кредит алып жұмысқа тұрып, жалақысын банктегі қарызына құятын қасірет Қазақстанда ғана шығар!

Өткен күзде Түркістан облысында «Адам әлеуетін дамыту басқармасының» лауазымды тұлғаларының үстінен іс қозғалды. Мемлекеттік мекемедегі жауапты тұлғалар балалардың онлайн оқуы үшін қажетті ноутбукке жұмсалуы тиіс 2,5 миллиардтан астам қаржыны жымқырған. Орнына балаларға сапасыз, арзан ноутбуктер жеткізілген. Сапа демекші, бұл мәселе бүкіл Қазақстанда ақсап тұр десек қате кетпеспіз. Мектеп салса жылға жетпей көктемнің бір долы желіне шыдамай шатыры ұшып кетеді. Кеше ғана пайдалануға берілген үйлердің қабырғасы шытынап, едені сықырлап, сылағы түсіп жатады. Жыл соңына дейін су келеді деп күткен кейбір елді мекен тұрғындары құрғақ құбырға қарап көз талдырады. Келер жылы жайқалады деген жасыл желек көлеңке түсірмек түгілі тамыр жайып, бүршік жарып үлгермей, көктей солады. Ашығын айтқанда, қай саланы қарасаңыз да біткен істен гөрі былығы көп.

Қазақ қоғамын қынжылтқан жайлар бұл ғана емес. Тіліміздің шұбарланып, дініміз дүдәмал болып бара жатқаны да әр күні айтылып, әр қазақтың ішінде шемен болып қатып қалған жараны тырнап жүр. Әлеуметтік теңсіздік, парақорлық, әділетсіздік жайлап кеткені сондай, билік халықты естуді қойды, құқық қорғау органдарына сенімсіздік артты. Қоғамның жегі құртына айналған жемқорлықты жоя алмай келе жатқанымызға да 30 жыл.

Жыл жаңарған тұста қымбатшылыққа қарсымыз деп  күтпеген жерден алаңға жиналған жұрттың жанына батқаны осы жағдайлар болатын. Яғни бұл күтпеген жерден орын алған толқу деуге болмайды. Елде түбі бір осындай дүмпу болары анық еді. Қазақтың көшеге шыққаннан басқа амалы қалды ма?

Д. ӨМІРБЕК.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *