КЕК (РОМАН)

Әдебиет
319 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Неден болса да тайынбауға бекінген жігіттер болыстың мына сөзі шымбайларына батып, оны түтіп тастайтындай тап-тап берді. Бір-екеуінің қамшысы тиді басына, біреулері үзеңгіден аяқтарын шығарып, теуіп үлгерді. Түке екі жарып тастардай, қылышын ала ұмтылып еді, Омарбек тоқтатты.

– Тоқта, алдымен болысқа айтарымды айтып алайын. Содан соң оны көпшіліктің ортасына саламыз. Сабылтай, сен мана дұрыс айттың. Бірақ пенде қанша күшті болса да, бір өзі дүнияны төңкере алмайды. Менің де төңкере алмағаным рас. Банды болсам, момын елдің мүддесі үшін сен сияқты жуандармен, орыс ұлықтарымен жалғыз алысам деп, сол атаққа ие болдым. Бір өзімнің жүз қарулы солдатқа, мың зорлықшыға әлім келмегені де рас. Бірақ тау-таста жалғыз жасырынып жүріп, мыңнан кек алдым. Жасырынбасам, үкіметің атып өлтіретін еді. Өлсем, өлі арыстан болар едім. Бірақ мен өлі арыстан болуды қаламадым. Одан да, тірі қалып, күтіп өзімше тірлік қыла тұрайын дедім. Әрі бір күні арыстандай айбат пен күшке мініп, сендерден кек алар күнге жетермін деген үмітім өлтірмеді. Ауылға он солдат келсе, Түке мен Мойнақтың көртышқанша інге тығылып жүргенін де жақсы айттың. Екеуінің қиянатшыл солдаттардан тығылғаны – өздерінің амандығын ойлағаны. Бәріңнен кек алатын осы күнге дейін шыдамдылық пен төзімділік танытқаны. Батырдың бәрі айла қылмай, оққа қарсы шауып, зеңбірекке жалаңтөсін төсей берсе, елде батыр қала ма, тәйірі. Ертеден бар қағидат – бір кезде елді жаулаған жау үстем болады, бір кезде елін қорғаған батыр жаудан үстем шығады. Мен бүгін айбат шеккен арыстанға айналдым, Түке мен Мойнақ кек қайтаратын батырға айналды. Біз үшін сенің көкірегіңді басатын, шеніңді шешетін, мал-мүлкіңді талауға салатын күн туды бүгін. Қазір өзің қаттаған қағаздардың өртелгенін көресің. Одан соң көпшіліктің шешіміне орай жазаңды аласың. «Көп асқанға – бір тосқан» деген мақалдың рас екенін санаң болса, одан кейін түсінерсің.

Жігіттер алдымен тізім жазылған қағазды өртеді. Оны бітіргесін, болыс кеңсесіне өрт қойды. Сабылтай осы сәтте ғана жиналғандардың шынымен-ақ үкіметке қарсы ұйымдасқанын ұққандай болды. Кеңсе жанып жатқанда «Әй, бауырлар, бұларың не?! Әбес іс болды ғой сендердікі» деп құмыға үн қатты. Ал көпшілік өзін қатаң жазаға кесіп, қамшымен жабыла сабағанда, жаны көзіне көрініп: «Ой, бауырларым-ай, аясаңдаршы мені! Ойбай, бәріміз аталас, бір тұқымдас туыспыз ғой, мен жазғанды аясаңдаршы!» деп өкірді.

Кеңсенің шатыр-шұтыр жанған өртінің дыбысынан, жігіттердің бір-бірін алқалап, демеген шуылынан ешкім Сабылтайдың жанұшыра айтқан жалынышын құлаққа да ілмеді. Болыспен бірге старшын-шабармандары да оңбай таяққа ілікті. Жандары шырқыраған олар ат тұяғына тапталды, талғаны талып, аяқ-қолдары сынғандары жандары бар екенін білдіруге де қорқып, жатқан жерлерінде сілейіп жатып қалысты.

Ауылдағы болысты сабап, айыздары қанған кек алушы жігіттер атқамінерлердің бәрін кеңсе алдында серейтіп-серейтіп тастап, ауыл ортасындағы болыс үйіне қарай шапты. Мұнда келе салысымен, оның қатын-бала-шағаларының улап-шулағанына қарамай, үйдегі барлық мүлік пен дүниені талауға кірісті. Ашулы жұрт старшын мен шабармандардың үйлерін тонады. Олжалаған дүние-мүліктердің барлығын ортаға жиды. Жиып болғанда Омарбек топ алдына шығып, қаһарлана сөйледі:

– Бауырлар, ағайындар! Бүгінгі ісіміздің Құдай алдында да, пенде алдында да күнәсі жоқ. Енді кек алу әрекетімізді ұлғайтып, барлық болыстықтардағы көтерілген жігіттермен бірігіп үйезге, одан ары облысқа жеткіземіз. Сол үшін де бізге киетін киімнен бастап, қажетімізге жарайтын бұйым-заттардың бәрі керек. Мына байлар мен атқамінерлерден олжалаған бұйым-заттар – бұдан былай біздің ортақ мүлкіміз. Енді Сабылтай мен Асқар байдың жайлаудағы жылқыларын қолды қылайық. Байлардың малы ертең бізге мініс пен азық болады. Барлық жағынан қамданайық, жігіттер, аттанайық жайлауға!

ЕЛ ТӨРЕСІ – ТОҚАШ БОКИН

Бұрын мамыражай жатқан күллі Жетісу дүрлігіп, Верный үйезіндегі барлық болыстықтардың кеудесінде намысы бар жігіттерінің бәрі атқа қонды. Омарбек тобының болыс кеңсесін өртегені және Шиендегі бай-манаптардың барлығын тонағаны ел ішінде желдей есіп, қалың қазақы дүрліктірді. Бұл хабар ертесіне-ақ ояз бастығы Базилевский мен облыстың әскери губернаторы Фольбаумның да құлағына тиді. Жаман хабар құлағына тигенде Фольбаум есінен алжасқандай жынданды. Ояз бастығына қарамағындағы казак жүздігін алып, Шиендегі бұзақыларды екі күн ішінде аямай жазалауды тапсырды. Бұзақы топтың басшыларын атып, оған ергендерді тірідей қолға түсіруді бұйырды. Қолға түскендерді тез арада Верныйға жеткізіп, барлығын бірінші кезекте майданға аттандырып жіберуге пәрмен берді.

Ояз бастығы Базилевский Шиен болыстығында бұзақылық танытқан қазақтарды үш күнде емес, жарты-ақ күнде талқандап тастармын деген оймен, ертесіне таңертең Шиенге қарай аттанды. Аттанғанда, қарамағындағы казак жүздігін толық алмады. Қасына жартысы мылтықпен, жартысы қылышпен қаруланған елу солдатты ғана ертті. Бұрындары қазақ даласына елу емес, қарулы бес солдат ертіп шықса болды, жергілікті халықтың үрейі ұшып, кірерге тесік таппай кететін. Бұл жолы да, оған елу солдат бір Шиен тұрмақ, күллі Жетісудағы барлық қазақтардың зәресін алып, бастарын жерге тығуға жететіндей көрінді.

Бұл кезде Шиендегі оқиғаға үш күн өткен, одан қанаттанған қазақтар Тарғаптағы Тоқаштың жанына жиналып жатқан. Үш күнде жиналған жігіттердің саны мыңнан асып кеткен еді. Базилевскийдің отряды Ұзынағаштан асқан кезде ол жердің қазақтары дереу атқа қонып, бұл жайында Тарғаптағы Тоқашқа хабар берді. Тоқаш мұнда келген жігіттердің барлығын атқа қондырып, бір ортаға жиды.

– Бауырлар! – деді ол дауысын барынша көтеріп. – Біз талай жылдан бері үкіметтен, оның басында отырған отаршыл ұлықтардан қанша зәбір көрсек те, бір шағым айтқан емеспіз. Осы жолы ақ патшаның күллі мұсылман жұрты мен қазақ халқына арнаған жарлығына қарсылық танытуға мәжбүр болдық. Мұнымызды патша жендеті саналатын Жетісу облысының бастығы Фольбаум жаулық көріп, бізге қарсы қарулы әскерін аттандырып отыр. Қазір ғана есіттік, Верныйдан шыққан жандарм әскері тура осылай қарай аттанып келе жатыр. Біз оларды Шұбарат асуында қарсы алайық. Алдарынан шығып, «Біз бейбіт келісімді жақтайтын шеруші топпыз. Тек патша жарлығын қайтарып алып, бізден майданға жігіт алуын тоқтатсын деген ұсынысымыз бар. Ақ патша райынан қайтып, мейірімділік танытса, көтерілген қазақ аттан түседі, әркім өз ауылдарына қайтады» деп ұсынысымызды айтайық. Базилевский мәселенің мән-жайына түсінсе, оқ атпай кері қайтар. Ал бұрынғыдай басынатын болса, амал жоқ, елдігімізді танытып, біз де қару көтереміз. Сол үшін де бар нәрсеге дайын боп, аттанайық, жігіттер!

Айтпақшы, жігіттер! Ереуілге аттанған осы топтың басшысы Омарбек болсын! Ешқайсыңның қарсылығың жоқ па?!

– Дұрыс!

– Омарбектен асқан сардарға лайық адам жоқ арамызда.

– Омарбек – басшы, біз – қосшы!

– Омарбек батыр! Омарбек батыр! – деп лепірді сарбаздар.

Мың атты жігіт түп көтерілді. Әр аттың тұяғынан көтерілген шаң әп-сәтте қоюланып, Тарғаптың үстін қаракөлеңкеледі. Бейбіт күннің ішінде табан астында пайда болған дүрбелеңге еріп, сарбаз атанған талай жігіт қазақ намысы үшін алдағы атылар оғы мен жандырар оты мол сапарға осылай аттанды. Әрбірінің тақымында шоқпар, қолында қылыш. Ал оғы алысқа жететін, бүгінгінің озық қаруы – мылтық араларындағы бірен-саранында ғана бар. Бұлардың өрліктері мылтық пен оқта емес, жүректері мен кеуделерін буған намысында жатқан. Қайткенде де, бұл аттаныс жақын арада күллі Жетісумен қатар барша қазақ даласын және Орта Азияны қанға бөктіретін сұмдық зұлматтың басы еді.

Ертеңіне ереуілшілер Шұбарат асуына жетіп, ар жақтан келе жатқан орыс әскерін күтті. Ұзамай мылтық ұштарындағы штыктары күнге шағылысқан әскерлер де көрінді. Асу басында тұрған Тоқаш бір сарбаздың сойылының басына ақ орамал байлап, әскерге көрсете, ары-бері бұлғады. Отряд кілт тоқтады. Алда келе жатқандар бір-бірімен біраз өзара сөйлесті де, үш аттылы төбеге қарай аяңдады. Қазақтар жақтан Тоқаш, Омарбек, Нүке үшеуі етекке түсті. Асудың тура етегінде екі жақ бетпе-бет кездесті. Орыстар тараптан келген елшілік топтың басшысы Базилевскийдің өзі екен. Тоқашты бірден таныған ол, келе сала, ашулы дауыспен үн қатты:

– Ә, Тоқаш Бокин, біздің барлаушылар маған нақ жеткізген екен, сіздің желөкпе қазақтарды желіктіріп, атқа қондырғаныңызды. Сіз патша үкіметінің әжептеуір шен-деңгейіндегі қызметкерісіз. Айтыңызшы, сізге не жетпей жүр, өзі? Жалпы, мына қазақтарға не жетпей жүр? Шиен болысын өлімші қылып сабайсыңдар, ол жасаған тізім мен кеңсесін өртеп, көздеріңе шайтан көрінейін деді ме, әлде, Верныйдағы казак әскери атамандарының штыгынан өлгілерің келді ме?! Жоқ, әлде, жаппай каторгаға айдалғыларың келді ме?! Тап қазір бәріңе бұйырамын, шоқпар-сойылдарыңды, мылтықтарыңды тастап, аттан түсіңдер де, жөнсіз қылықтарың үшін ғапу сұрап, аяғыма жығылыңдар!

– Жығылмасақ ше? – деді Тоқаш кекесін үнмен.

– Не дейді?! – деп даусын одан бетер зорайтты Базилевский. – Ондай болса, солдаттарға сендерді бірден атуға бұйырам да, жарты сағатқа жеткізбей, бірде-біреуіңді тірі қалдырмайтын болам.

Оның зіркілінен ашуы қозған Омарбек «нәлетті жайратып салайын ба» деп сыбырлады Тоқашқа. Тоқаш оған «сабырлық танытшы» дегендей ишара білдірді де, ояз бастығына қатқылдау үнмен тіл қатты:

– Уезд бастығы мырза, осы уақытқа дейін сіздердің тараптарыңыздан қазақтың тамағына қылыш, басына мылтық тақалса да, тәніне қамшы, арқасына таяқ тисе де, мыңқ деген жоқ. Жөн-жосықсыз зәбірдің қанша түрін көрсе де, дымын шығармай шыдап келді. Енді сол момын қазақтың тап бүгін неге өре түрегелгенінің сырын білгіңіз келмей ме?

– Бокин мырза, жабайы халықта, патша ағзамның мейір­бандығының арқасында ойсыз, қамсыз күн кешіп жүрсе де, оның шапағатын сезінуге ой-өресі жетпейтін білімсіз халықта сыр болушы ма еді?! Киргиздарда атқа мініп беталды далақтап шабудан, бір-бірінің ауылдары арасында ұрлық-барымта жасаудан өзге не күш, не ақыл бар?! Доғарыңыз сөзді!

Тоқаш ояз бастығының соншалықты менмен, соншалықты келте ойлы екенін енді білді. Қазақ жайында дәл осындай пікір айтқан мұнымен еш келісімге келуге болмайтынын да жаңағы сөздерден кейін ұқты. Амал не, енді ашық күрестен басқа жол жоқтығын да түсінді.

– Сіз ақылды болсаңыз, онда ақылы жоқ, күші кем халыққа неге осынша әскер ертіп келіп тұрсыз?! Әлде, қазақтың ақылы мен қайратының қандайлығын көргіңіз келді ме?

– Бокин, бұйрығыма көнбейсің бе?!

– Бұйрығыңа көнетін сенің бағыныштың емеспін. Мен анау тұрған қазақтардың сөзін сөйлеймін.

– Ендеше, өз обалдарың өздеріңе! Мен соғысты бастаймын!

Базилевский атын кілт бұрып, әскеріне қарай шапты. Әскеріне жете сап, шабуылға шығуға бұйрық берді ме, солдаттары жапатармағай екіге бөлінісіп, мылтықтары мен қылыштарын алға созып, қазақтарға шапты. Тоқаш пен Омарбек те жігіттеріне айқай салды:

– Патша ұлықтары зорлықтан таймайтындарын тағы танытты. Ал, біз, азаттық үшін күреске кірісеміз! Қане, жігіттер, азаттық жолында жан құрбан, көтеріліңдер! — деді Тоқаш.

– Еш, қорықпаңдар, бауырлар! Солдаттардың мылтықтары болғанымен, сандары азғантай ғана. Иә, Алла қолдасын! — деп ұран салған Омарбек атын тебіндіріп, сарбаздардың алдына шыға бере, Тоқашқа бұрылды: – Сен, Тоқаш, ұрысқа араласпай-ақ қой!

Мылтығын аспанға көтерген Омарбек ылдидағы отрядты беттеп шаба жөнелді. Артынан қалың топ қиқулата ерді. Екі қанатпен шапқан отряд пен қазақтардың арасы жақындап қалғанда, айналаны гүрсілдеген мылтық даусы басты. Алдыңғы сапта шауып келе жатқан қазақтардың біразы оққа ұшып, омақаса құлады. Бірақ арттағылар тоқтамады. Құйындатқан бойы отрядтың тура алдына жетті. Омарбек оларға жете бере-ақ, үш солдатты атып түсірді. Мылтығы бар басқа жігіттер де атқандарын сұлатып жатыр.

Мың атты екпіндетіп жетіп келгенде орыс солдаттары не атуға, не қылыш сілтеуге жарамай, артқа қарай қаша жөнелді. Олардың көбісі солдат аталып, әскерде жүргенімен, бұрын мұндай соғысты көрмеген араққұмарлар ғой. Қазақтардың да дерлігі атыс көрмеген, тіпті, араларында мылтық дауысын алғаш естіген жастар болатын. Бірақ алғашқыда ет қызумен шауып, мылтық дауысы шыққанда ат басын іркуге шақ қалған, алайда, көпшіліктің дүрмегіне ілесіп, артқа қарай жөңки берген казактарды көргенде, делебелері қозып кетті. Ұрандатып жүріп, қашқан солдаттарды шиті мылтықтарымен атты, шоқпар-сойылмен соқты. Бірақ кімге болса да, жан беру оңай ма, аттарына қамшы басқан солдаттар да, қашқан бойы мылтық атып бара жатты. Біраз жігіттер осы жерде оққа ұшты.

Десе де, көптің аты көп. Аз санды солдат мың аттының құрығынан құтылмады. Айналасы жарты сағаттың ішінде тегіс өлім тапты. Омарбек өлген солдаттардың ішінен оязды іздеген. Алайда, бағана көкірегімен көк тірегендей кейіппен сөйлеп, қазақтарды ауызбен қырып жібере жаздаған ояз бастығының мұншалықты жаны жоқ болар ма, соғыс басталғанда-ақ өзін он шақты солдаттарға қоршатып, алды-артына қарамай, қаша жөнелген. Аттары да жүйрік екен. Қалың қазақ арттағы солдаттарымен алысып жатқанда, аттары жүйрік ояз тобы соғыс алаңынан ұзап үлгерген. Содан Верныйдың төбесі көрінгенше, бір тоқтамай қашты. Өркөкірек Базилевский анада Сабылтайдың үйінде де оқтан аман қалған еді. Бұл жолы тағы құтылып кетті.

Аз ғана әскерилерді жеңгендерінің өзіне шаттанған қазақтардың көңілдері көтеріліп, қатты қуанысты. Қуанбағанда қайтсін, бұлардың Омарбек тәрізді батырларынан өзгесінің ешқайсысы ес біліп, етек жапқалы орыс солдатына қол көтермек түгілі, оларға тіктеп көз де сала алмаған. Қайсысы да, өмір бойы бір орыс әскерінің өзі бүкіл бір ауылды жатқызып-тұрғызғанын, бір орыс дөкейінің ақырған дауысы бүкіл қазақтың иманын қашырып, тышқанша жорғалатқанын көріп келген. Мылтық асынған әскерилері түгілі, Жетісудағы рулардың жайлы да шұрайлы қоныстарын иеленіп, селолар орнатқан мұжықтарға дейін қазақты басынып, иттей қорлағанын біледі. Міне, бастарына өмір бойы осындай үстемдік төндірген патшаны жақтаушы жұртты оңдырмай тұқыртқандарына, тұқыртқанда да, шоқпармен сабалап, мылтықпен атып ажал құштырғандарына разы болысып, осы бір титтей жеңістің шаттығының өзі кеуделерін кернеді.

Дегенмен Шиен көтерілісшілеріне жеңістің қуанышымен қатар, қайғының қасіретін тартуға тура келді. Өйткені бұл ұрыста он бес жігіт оқтан мерт болыпты. Араларында отызға жуық ауыр-жеңіл жарақат алғандары бар. Әйтсе де, қазіргі уақыт өлгенге ұзақ қайғырып, жараланғанның көңілін демеп отыратын кез емес. Атқа қонғанның әрбірі өлерін білген, шапқанның бәрі жарақат аларын сезген. Ел басына күн туғанда өлінің иманын, тірінің салауатын тілеп, келесі күннің қамына көшкен жөн. Тоқаш пен Омарбек, Нүке мен Мойнақ осылай шешкен. Өлілерді өз ауылдарында арулап жерлеуге, жаралыларды үйлеріне жеткізіп тастауға арнайы топ бөлдірген.

Омарбек бастаған көтерілісшілер тобы Шиенге жайғасты. Бұрынғы болыс кеңсесінің жанындағы үлкен үйді, Тоқаштың сөзімен айтқанда, штаб қылып алды. Штабқа күніне жан-жақтағы ауылдардан көтерілісті қуаттаған кісілер топ-тобымен келіп жатты. Екі-үш күн өткенде жаныстағы Жайылмыс болыстығының адамдары да арнайы жиын өткізіп, патша жарлығына қарсы көтеріліс бастаймыз деп, шешім шығарыпты. Оларды жетпістен асқан Бекболат деген кісі басқарып жүр екен деген хабар келді.

Ертесіне Қарғалы, Бидалы, Күрті, Ұзынағаш болыстықтарының ел ақсақалдарынан күллі күнгей Жетісудың патша жарлығына қарсы адамдары Үшқоңырда жиналсын деген хабары келді. Тоқаш пен Омарбек жақын ауылдарға тарасып, әп-сәтте жетіп келуге дайын отырған мыңнан аса жігіттерін жинап, келісілген күні сонда келді.

БЕКБОЛАТ БАТЫРДЫ ХАН КӨТЕРДІ

Жайлау үстінде адам қарақұрым. Әдеттегі қазақ жиынында әр шетте қазылған ошақтардан түтін бұрқырап, олардың басында ас дайындаған әйелдер күйбеңдеп, ортада асық ойнаған балалар құжынап жүруші еді. Негізгі жиын өтетін жерден аулағырақ тұста алтыбақан құрылып, жастар жағы ән-күйдің көрігін қыздырып жататын. Қыз-қыз қайнаған басқа да түрлі ойын-сауықтарды тамашалап, ары-бері теңселіскен жұрт та той салтанатына нәр, қызығына сән қосушы еді. Ал бүгінгі жиынның түрі бөлек, қаралы жиынға да, дау шешетін таласты жиынға да ұқсамайтын тұрпаты өзгеше. Мұндай жиын, қазақты қалмақ шапқан, болмаса Қоқан басқан кезден бері Жетісуда болмаған.

Бұл – ілкідегі батыр қазақтың бүгіндері еңсесі басылған, көкірегі тапталған ұрпағының көп жылдан бері зәрезап отаршылдан, қиянатшыл басқыншыдан көрген тауқыметіне шыдамай бір тұяқ серпуге дайындалған, дегеніне жетсе – онымен терезесі тең ел болуды ойлаған, дегеніне жетпесе – басын өлімге тігуге дайындалған жиыны еді. Бұл – қазақ бұрындары жеріне шапқан жауды атамекенінен қуып жіберу үшін бас қосса, бүгін өз жерін түгел жаулаған, өзен-суын лайлаған, тау-тасын иеленген, Алаш баласының құқығын таптап, өз жерінде өзін малай іспетті, құл тұрыпты жұрт жасауға ұмтылған, барлық заң-зәкүні дала халқына қарсы жазылған, кез келген уақытта білгенін істеп, айтқанын орындатуды қалыпты нәрсе санаған, бірақ жерден қуып, елден кетіре алмайтын – отаршыл патша билігімен тайталасқа түсуге бекінген Үш Арыс ұрпақтарының бүгінгі ерлерінің бас қосуы еді. Мұндай жиында тойға лайық сән-салтанат болмайды. Мұндай жиында ақылды қария сөз бастайды, сардар қол бастайды. Батыр – қаһарланады, ер – көсіледі, сарбаз – ақырады, қостаушы топ – лепіреді.

Үлкенсаздың нақ ортасында алқызыл, сары, көк түсті жібек маталары жай ескен майда қоңыр самалмен желбіреген үлкен шатырлы үй тігілген. Жан-жақтағы ауылдардың сөзбастар, қолбастар ақсақалдары мен ел ағалары, батыр-ерлері сол жерге жиналыпты. Жиынды басқарушы жігіттер Тоқаш пен Омарбекті тобынан бөліп, шатырлы үйге ертіп келгенде шақырылғандардың көбісі жиналып қалыпты. Төрде Жайылмыстың қадірменді қариясы Бекболат, би Сәт, Мөңке, Самсыдан келген Айдар, Тайторы Сәке, Екей Мақыш палуан сияқты біраз беделді кісілер отыр екен.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері, «Әділет. Рухани жаңғыру»

газеті редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *