МАҚСАТЫМ – ТАМАҚТАНУ СЕРВИСІН ДАМЫТУ

Қоғам
434 Views

Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда,демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ, жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды. Қуатты ұлттың діңгегі – халық. Ең бастысы,азаматтарымыздың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керек. Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы керек.

Мемлекеттік маңызы зор, аса өзекті мәселелердің бірі – көші-қон саясаты. Елімізде тіршілігін түзеу үшін солтүстік аймаққа көшіп барып, отбасылық кәсіптерін ашқан ел тұрғындарының да саны көбейіп келеді. Теріскейді қазақыландыру саясатының қарқынды түрде жүзеге асып жатқаны көңіл қуантады. «Оңтүстіктен – солтүстікке» бағдарламасының басты мақсаты – ұлттық орта қалыптастырып, қазақ тілін дамыту.

Бүгінде Павлодар облысы, Ақсу қаласының тұрғыны Ілияс Сүлеев те орыстанған халықты қазақыландыру мақсатында теріскейге көш түзеді. Дос-жарандары мен туған-туысқандарынан аталған жоба жайлы естіп, уақыт жоғалтпай құжаттарын жинауға кірісіпті. Солтүстіктің менталитетімен жақсы таныс кейіпкеріміз ұзақ ойланбастан, шырайлы Шымқаладан Ақсу қаласына қоныс аударады.

Павлодар облысының Ақсу қаласына жыл басынан бері оңтүстік пен шет мемлекеттен 140 отбасы көшіп келді. Тұрғындар мемлекеттің шексіз мүмкіндіктерін пайдаланып, қазіргі таңда жеке кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Ілиястың айтуынша, әр адам білек сыбана кіріссе, екі қолға бір күрек таба алады.

– Шымкент шаһарында халық саны көп. Еңбек адамдарын жұмыссыздық мәселесі мазалайды. Белгілі бір мекемеге бара қалсаң да кезегіңді ұзақ күтуге тура келеді. Ал солтүстікте жұмыс орындары мен өндіріс ошақтары жетерлік. Талпынып, ізденер болсаң, қалағаныңа жетесің. Өзім көпбалалы әкемін. Отбасымызбен Ақсу қаласына көшіп келгенімізге қуаныштымыз. Ай сайын 14000 теңге көлемінде пәтерақы төлеймін. Көшіп келген уақытта мемлекет әр адам басына 214000 теңге көлемінде жәрдемақы ұсынды. Өңірлік жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері де алтын уақыттарын бөліп, тұрмыстық жағдайымызды біліп тұрады, – дейді Ілияс.

Кейіпкеріміздің солтүстікке көшіп келгеніне ұзақ уақыт өтпесе де, небәрі бірнеше ай ішінде өз кәсібін ашып, жұмысын дөңгелетіп үлгерді. Айтуынша, жергілікті әкімдік оған көлік жүргізушісі болып қызмет етуді ұсынған. Алайда, Ілияс шілде айында жазғы дәмхана жұмысын бастаған. Тіпті, тамақтану орнының сыртын кеңейтіп, табысын еселендіруді жоспарлап отыр.

– Басты мақсатым – мейрамханалардың бірін алып, тамақтану сервисін дамыту. Палау, кәуап, қуырдақ сынды тағамдарды пісіріп, үйге дейін жеткізіп береміз. Жақын арада мемлекеттік грантқа қатысып, бақ сынау ойымызда бар.

Ақсу қаласында 77000 мыңға жуық халық бар. Бір таңқаларлығы, жұмыссыз тұрғынды көрмейсің. Бірі өнеркәсіп орнында, енді бірі мемлекеттік мекемелерде қызмет етіп жүр. Солтүстікте айлық табыс та жақсы. Өсіп-өркендеуге мүмкіндік зор. Жыл сайын қазақ мектептері мен балабақшалар бой көтеруде. Қазақыландыру саясаты да жолға қойылды, – дейді кейіпкеріміз.

Солтүстікте екі қолға бір күрек табу қиынға соқпайды. Жұмыс істеймін деген құлшынысыңыз болса, жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгінуге болады. Бұл жақта маман жетіспегендіктен, айлық та көп, бос орындар да жетерлік.

– Бәрін мемлекетке жүктеп қойып, өздері еш талпыныссыз жүретіндерге наразымын. Егер шын ниеттеніп, ізденер болса, алынбайтын қамал жоқ қой. Бәрі өз қолымызда. Мемлекет шексіз мүмкіндіктер ұсынып жатқанда құр қарап отыруға болмайды. Барша оңтүстік халқын теріскейге көш түзеуге шақырамын.

Жыл өткен сайын бағдарламаның өз нәтижесін беріп,халықтың сұранысы артқанына куә болып келеміз. Тұрғындардың баспана алуына,отбасын асырау үшін шағын кәсіппен айналысуына, жоғары білім алудың қолжетімдіболуына жаңа мүмкіндіктер көкжиегі ашылды. Тек бағдарламаны қолдап, солтүстіктіқазақыландыруға өз үлесін қосу – әрбір азаматтың борышы.

Аружан САМИДИН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *